21.12.2022, 07:40
1241
Көсіліп сөйлеуге, көпіріп мақтануға шеберміз. Бәрін жасап тастадық, бәрі жайнап тұр деп тақылдағанда тіліміз таңдайымызға жабысып қала жаздайды. Тақырып футбол ғой, отыз жылда салғанымыз – жалғыз стадион. Оның өзі әлемдік стандарттарға сай келмейді. Соған енсек футбол қарыштап дамып кете қоятындай, ашылған-жабылғанымызға қарамай, УЕФА-ға кіріп кеттік. Отыз жылда Месси, Роналду, Неймар, тіпті Шевченко, Аршавин деп ауыз ашпай-ақ қоялық, ана армян Мхитарян, украин Зинченко дәрежесінде, Еуропа деңгейінде доп тебетін бір ойыншы шықпады-ау… Қайдан шықсын, бұл саланы да жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, ала қолдық, ашкөздік, көз бояушылық жайлап алса?!.
Ұлым маған Қазақстан біріншілігінің, премьер-лигасының ойындарын қарауға, тамашалауға «бейресми» тыйым салған. «Әке, ана Еуропа грандтарынан кейін мына топалаңды қалай көресіз? Уақыт шығындап қайтесіз?» дейді. Бір жақын жолдасымның баласы сол премьер-лигада доп тебеді. Соның арагідік әңгімесінен, басқа да ақпарат көздерінен хабардармыз, бұл саладағы былық-шылық, берекесіздік жан түршіктіреді, еріксіз жаға ұстатады. Егемендік алғалы бері, етек-жеңімізді жинағалы бері елімізде футбол мен хоккейге мемлекеттік бюджеттен қыруар, қыруар дейміз-ау, орасан зор қаржы бөлініп келеді. Соған орай премьер-лигада ойнайтын футболшылардың айлық ақысы да Еуропа футбол қауымдастығы одағына кіретін елдердің көпшілігінен жоғары. Сондықтан да Еуропада бәсекелестікке жарамайтын елдердің футболшылары біздің елімізге келіп доп тебуге құштар. Біз де оларға келгенде керемет «қонақжаймыз». Сол келіп-кетіп жатқан сансыз легионерлердің қатарынан қазірде әлем чемпионатында өнер көрсетіп жатқан біреу бар ма? Сырттай болсын малданайық. Әлем чемпионаты дейміз-ау. Еуропалық турнирлерде бәсекеге жарайтын бір футболшы жоқ қой. Ал оларды біздің футболымызды дамытуға ықпал етеді деп шақырамыз емес пе? Демек бұл жерде де әлгі жемқорлық деген диагноздың құлағы қылтияды.
Сондай-ақ өзіміздің отандық аяқ доп шеберлері де әлемдік, еуропалық футболға соншалықты құлшынбайды. Қайдан құлшынсын, тамағы тоқ, көйлегі көк болса?! Еуропаға барып, жан алып, жан беріп жүріп тапқан қаржыны елімізде, қосалқы құрамда есінеп отырып-ақ табатын болса арам тер боп қайтеді? Еуропаны қойыңыз, көршілес Ресей елінің футбол командаларына шақырылған бірен-саран ойыншымыздың тұрақтамай қайтып келуінің түп-төркіні де осыған келіп тіреледі.
Қайдағы-жайдағы еске түседі. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын, ғасыр басында Қазақстан футбол федерациясына басшылық қызметке келген бір азамат қуаныш үстінде әй-шәй жоқ алдағы уақытта елімізде әлем чемпионатын өткізуге болады деп қойып қалды. Әлі күнге сол шенеуніктің денсаулығын тексерту керек шығар, тәрізі деп ойлаймын. Әйтпесе, мұндай оспадар, мағынасыз мәлімдеме жасау үшін де үлкен жүрек керек қой!
Мәселен, өз басым Катардың әлем чемпионатын өткізіп жатқанын да жөн дей алмаймын. Мұндай ірі турнирді ұйымдастыру үшін елішілік футболдың деңгейі әлемдік футбол державаларымен иық тіресе алмаса да, қарсыласуға жарайтын дәрежеде болуы керек. Ал Катар не істеді? Топтық кезеңдегі үш ойынның үшеуінде де ойсырай жеңіліп, әупірімдеп жүріп бір гол соғып, соған тап бір турнирді жеңгендей мәз болысты. Одан шығатын қорытынды, әлем чемпионатын өткізді екен деп, Катарда күні ертең футбол қарқындап дамып кетеді деуге сену қиын.
Айталық, Еуропаның Италия, Франция, Германия секілді азулы мемлекеттері, Скандинавия елдері тұрмақ, Австрия, Голландия сияқты шағын елдерінде, бар-жоғы 150-200 ғана халық тұратын ықшам қалаларының өзінде олимпиада өткізе беруге болады. Өйткені оларда спорттық инфрақұрылым да, материалдық-техникалық база да әуел бастан дұрыс жолға қойылған. Соған сай қысқы спорт түрлері де кеңінен дамыған. Спортшылары әлемдік деңгейдегі турнирлердің қарын боратып, «мұзын ойып, әспеттеп сурет салып жүр».
Әйгілі Пеленің: «Еліңді әлемге танытқың келсе спортты дамыт!» деген қанатты сөзі бар. Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде төрт жылда бір өтетін спорт мерекесі – олимпия ойындарында еліміздің абыройын негізінен былғары қолғап шеберлері мен палуандарымыз, ауыр атлеттеріміз қорғап келеді, әзірге. Басқа, командалық спорт түрлері мүлде кенжелеп қалған. Нөмірі бірінші спорт түр саналатын футболды дамыту үшін көп нәрсені, әлде бұл саладағы барлық саясатты қайта қарастырған жөн. Жыл сайын мемлекет қоржынынан бөлініп келе жатқан, астрономиялық сандармен өлшенетін қаржыны сүреңсіз ойын көрсетуден жаңылмайтын футболшыларымыздың, федерацияның төңірегінде жүрген шенеуніктердің қалтасын толтыруға есепсіз жұмсауды доғарып, футбол стадиондарын, алаңдар салуға, спорт клубтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағыттау керек. Әлбетте, бұл айтылмай жүрген сөз емес. Бірақ «Баяғы жартас – сол жартас», «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегенмен «үміт ең соңынан өледі». Жаңа Қазақстан деп жатырмыз, бәлкім, бұл салада да үлкен өзгерістер қолға алынар. Сонда біздің балаларымыз ғана емес, өзіміз де Қазақстан әлем чемпионатына қатысатын тарихи күнді көріп қалармыз, мүмкін!..
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР