Қазақтілді балғындардың қиялы шектеліп тұр

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

16.09.2021, 10:30

921

Бала бойына рухани қажеттілікті сіңіруде театрдың үлесі зор. Дей тұрғанмен Қарағандыда  ана тілді өрендердің қиялына қанат бітіруге ықпал ететін дербес мәдениет ошағы жоқ. Балаларға арналған мәдениет ошағының болмауы қазақтілді ата-аналарды да алаңдатып отыр.

Қарағанды қаласының тұрғыны Арайлым Сатыбалдықызы: «Қаламыздағы балаларға арналған академиялық музыкалық комедия театрына баламды ертіп барып, орысша ертегі тыңдатып, басымды салбыратып қайттым. Жұрттар жаңа ашылған балалар сарайында орысша үйірмелер жоқтығын айтып дүрлігіп жатыр. Ал қазақтілді балалардың неше жылдан бері құқығы бұзылып жатқанын ешкім ойламайды», – дейді. Тегін жасырып көрсетуді өтінген, қаладағы қазақ мектебінің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін Индира есімді мұғалім шәкірттерінің фантастикалық тақырыпқа қызығушылығы жоғары екенін тілге тиек етті. «Оқушылар өмірде жоқ кейіпкерін сахнадан көруге ынтазар. Өкінішке қарай, олардың бұл қалауын орындай алмай отырмыз. Қаладағы академиялық  музыкалық комедия театрының қойылымдары орыс тілінде жүреді. Себебі өнер ордасындағы қойылымдар орыстілді аудиторияға арналған.  С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма  театрының репертуарында  балалар көретін комедиялық қойылымдар аз, фантастика жанрындағы шығармаларды сахналамайды. Кейде шәкірттерім маған қазақша фантастикалық қойылымдар неге жоқ деген сұрақ қояды. Сол кезде қандай жауап қайтарарымды білмей қаламын», – деп ағынан жарылды.

Кезінде аймақтағы мәдениет саласының тізгінін ұстаған басшылар   қазақтілді балалардың мүддесін ескермеген. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, ғұмырын ұзартатын тіл басқармасы мен ұстаздар қауымы тиісті мекемеге талап арыз түсірмеген. Аймақтағы аймаңдай Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театры репертуарының қоржынында балаларға арналған бар-жоғы 10 ертегі бар. Олар отандық және шетелдік жазушылардың шығармаларының желісі бойынша әзірленген көріністер. Театр директоры Құрман Қалымовтың мәлімдеуінше, мәдениет басқармасына балалардың қуыршақ театрын ашу жөнінде ұсыныс хат жолдаған.  Алайда «кәсіби басқарма қандай ұйғарымға келгенін ашып айтпай отыр» дейді.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжатнама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов: «Жеке қазақ қуыршақ театрын құру жөнінде жоспарымыз бар. Бірақ қашан іске асырылатыны белгісіз. Ол үшін жеке вакансия  қарастыру керек. Бюджеттен арнайы қаржы бөлінсе, ойға алған мақсатты жақын арада орындауға болады. Балаларға арналған қазақ музыкалық драма театрын құру мәселесіне келер болсақ, алдымен  сахнаға қойылатын барлық опереттаны қазақша сөйлету керек.  Бұл ұлттық деңгейде еңсерілетін шаруа. Өкінішке қарай, Қазақстанда ешбір жазушы немесе композитор музыкалық қойылымдарға оперетта жазбайды. Аймақтағы өнер өкілдерімен  Жазушылар және Композиторлар одағына  музыкалық комедия жанрындағы оперетталарды қазақша сөйлету жөнінде бірнеше рет хат жаздық. Алайда екі одақ та біздің сұранысымызды әлі күнге дейін елемей келеді. Екіншіден, осы жанрда ойнайтын әртістер облыстық деңгейді айтпағанда, республика көлемінде қат», – деді.

Осыдан 40 жылға жуық бұрын Теміртау қаласында ашылып, кейін  Қарағандыға біржолата ойысқан облыстық академиялық музыкалық комедия театры негізінен орыстілді көрермендерге арналған өнер ордасы. Қазіргі кезде мектеп жасындағы оқушылар үшін театр ішінде қуыршақ студиясы қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, мектеп жасына дейінгі балдырғандарға арналған «Буратино» қуыршақ театры да жұмыс істейді. Мұнда қазақтілді кішкентай көрермендерге ұсынатын туындылардың  саны небары бесеу ғана. Әдебиетшілердің пікірінше, ауыз әдебиеті жанрындағы тәрбиелік тұрқы жоғары жырларды заман үрдісіне сай түрлендіріп, түлетіп сахналауға болады. Оңтайлы ойды театр тарландарының талғамына қалдырайық. Бір анығы, әзірге ұлттық тілдің ғұмырын ұзартатын ұландарға арналған  қойылымдар көбейетін түрі көрінбейді. Әрбірден соң, бұл Арқадағы төл руханияттың уызына қанған мәдениет пен өнер майталмандарына сын болып отыр.

Тегтер: тіл мәдениет театр әдебиет мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ 22.10.2021, 15:44
Ескерусіз қалған ерлік
Жарас СӘРСЕК 22.10.2021, 10:16
Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе-қайтесің?
Жарас ШӨКЕ 22.10.2021, 09:03
Боксшы қыздар нені бөлісе алмай жатыр?
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31