Арон Атабек 70 жасқа толар еді...
03.02.2023, 10:57
2727
«Соңғы самурай» деген фильм бар. Жауынгер жапон халқының тұяқ серпуін суреттейтін картина. Қазақстандағы қазіргі кейбір саяси оқиғалардың сұлбасы мен қайраткерлердің тұлғасы соған ұқсайтындай. Мәселен, диссидент Арон Атабектің өмір жолы мен саясаттағы ұстанымына қарайтын болсаңыз, құдды «Соңғы самурайдағы» жапон баһадүрлерінің жауынгерлік ерліктерін көргендей боласыз! «Қазақтың самурайы» 31 қаңтар күні 70 жасқа толар еді. Амал қанша, Атабек бір жыл бұрын самурайларша, сатылмай, ешкімнен кешірім сұрамай, көз жұмды.
Самурайлардың ұстанымы мен мінезі тұрақты, сатылмайды, билеушісіне адал қызмет етеді екен. Жауына бас имейді, тұтқынға түскенді намыс көріп, қайқы қылышпен қарнын жарып, жан тәсілім етеді. Арон да тура солай жасады.
Атабектің Ароны қайқы қылышпен қарнын жармаса да, жетпісінші жылдары бастаған саяси күрес жолынан еш тайған жоқ. Қылышынан қан тамған кеңес одағының кезінде қазақ елі тәуелсіздік алуы керек деген ұстаныммен өмір сүрді. 1986 жылы бауыры Рашид екеуі Желтоқсан оқиғасына қатысып, біраз уақыт іздеуде жүрді. Тоқсаныншы жылдары Арон Атабек «Алаш» қозғалысын құрады. Диссиденттің саясаттағы ымырасыз күресі сол жылдардан басталады. Назарбаев құрған саяси жүйеге тіс-тырнағымен қарсы болды, сол жолда күресті.
Аронның жанып кеткен шағы – «Шаңырақ» оқиғасы. 15 жыл тас түрмеге тоғытылып, темір тордан сүйегіне ілініп, әрең шықты. Сонда да келіскен жоқ, беріскен жоқ. Түрмеде өлуді самурайлар сияқты құп көргенімен, билік әртүрлі айла-тәсілдер арқылы оны бостандыққа шығарды. Мұндай бостандықтың қадірі болсын ба? Дәм-тұзы таусылар шақта берілген бостандықтың арыстай азаматқа көк тиынға керегі не еді. Өмірін күреске арнаған қазақтың соңғы самурайының көз жұмғанына 1 жыл. Тірі болғанда биыл – 70 жасқа толар еді. Айтпақшы, саясаткер әлі ақталған жоқ.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР