Қимас жандай болған мысық

Есенгелді СҮЙІНОВ

25.01.2023, 11:31

2058

  Әйелім екеуіміз отау тігіп, шаңырақ көтерсек те үй жануарларын ұстауды қаперімізге алмаппыз. Күнделікті жұмыс, бүлдіршіндерді балабақшаға апару, одан мектепке жіберу, қонақ күту қамымен жүргенде жылдардың зымырап өткенін байқамай қалыппыз. Балаларымыз есейіп, ер жетті. Бірде жұмыстан келсем алтыншы сыныпта оқитын қызым Зәуреш: «Папа, көрші үйдегі Аня деген досымның үйінде жаңа туған төрт айлық мысық бар екен, соны асырап алсақ қайтеді?» дейді. «Қызым, қой ондайды. Сабағың, үйірмең бар. Үсті-басыңды күтіп, үйде анаңа көмектеспейсің бе? Сол мысықты кім қарайды, кім тамағын беріп, күтім жасайды?» деп қарсылық білдірдім. «Алса алсын, өзі күтем деп отыр ғой» деп әйелім қостағасын келіспеске лажым қалмады.

   Ертесіне келсем алдымнан кішкентай мысықты Зәуреш құшақтап алып шықты. Жаңа ғана туған, сүйкімді, көздері көкпеңбек, мөлдіреген. Үсті-басындағы ақшылт мамықтай жүндері үлпілдеген, арасында сұрғылт дақтары бар, денесі нәп-нәзік. Аяғын әзер басады, күші жоқ, тәй-тәй басқан балдырғанға ұқсайды. Осындай жағдайын көргенде мысықты аяп кетесің.  «Қараңдаршы, қандай жақсы мысық!» дейді қызым оның маңдайынан сипап. «Үйімізде үш бала бар еді, мысықпен қосылып төрт бала болды. Бәріне назар аудару керек. Әуелі кенжесіне ерекше зер саламыз» деп күледі әйелім Меруерт жымиып.

  Кішкентай мысық келген соң үйге өзгеріс енді. Зәуреш оған «Мурзик» деп ат қойды. Балаларым Мурзикті жақсы көріп, асты-үстіне түсіп, бәйек болып  жатады. Бәрінен де Зәурештің қуанышында шек жоқ. Жүзі балбұл жанып, мысықты сылап-сипап, иіскеп, еркелетеді. Сабақтан оралысымен Мурзикке тамағын беріп, дәретке отыратын жәшік ішіндегі құмын ауыстырып, тазалап сыртқа шығарады. Қасынан бір елі тастамайды. Кітап оқыса алдына алады, түнде ұйықтаса жанында жатады. Қанша айтқанмен мысық та – тіршілік иесі, адамның досы ғой. Оған сәби секілді аялы алақан, күтім қажет.  Соны үй ішіміз түгел сезгендей болдық. Барлығымыз жабылып, соның қамын ойлаймыз. Меруерт жұмыста отырып, соған алаңдайды. Екеуі таңертең, біреуі түстен кейін оқитын ұл-қыздарымызға «Мурзикке тамақ бердіңдер ме, сүт ішті ме?» деп мазасызданып, ауық-ауық телефон шалады. Мен де түскі ас кезінде үйге соғып, хал-жағдайын білемін.

  Сенбі, жексенбіде Меруерт Зәурешпен бірге Мурзикті хош иісті табиғи сабынды денесіне көпірте жағып, сұйық сабынды құйып, жылы суға шомылдырады. Әуелде, ванна ішіндегі су толы легеннен қорқып, мияулап, ырылдап айғайлап қашатын ол бұған көндігіп кетті. Үсті-басы сабынның шар тәрізді көбігіне малынып, екі көзі ғана жылтырайды. Судан шыққанда терісін түкті орамалмен сүртіп, тарақпен тарағанды ұнатады. Базардан, сауда орындарынан мысыққа арналған тағамдарды сатып алып, алдына қойғанда тосырқай қарағанымен кейіннен қытырлатып сүйсініп жейтін болды.

  Әйелім екеуіміз кешкілік жұмыстан келгенде алдымыздан жүгіріп шығып, пырылдап дыбыс шығарып, аяғымызға оралады. Көтеріп, бетінен иіскесең, ол да сені иіскелеп, дымқыл танауымен бетіңді, тамағыңды жалап, аймалайды, жақсы көреді. Күні ұзақ сені көрмеген соң сағынғандай рай танытады, саған өз тілінде мияулап бірдеңе айтып, ишарат жасағандай болады.

   Үй жануарларының ішінде адамға ең жақыны мысық қой. Үйде жалғыз қалсаң, мияулап, қасыңа серік болады. Науқастанып қалсаң ауырған жерлеріңе сүйкеніп, жып-жылы денесімен жылытып, сырқатыңды жеңілдетіп, жаздырып жіберетін секілді. Медицина мамандары да осыны қостағандай сыңай танытады. Меруерт анда-санда қолы ұйып қалса, арқасы шаншып, сырқыраса Мурзикті қасына алып жатса ауруынан құлан таза айығып кеткендей болады. Бауырына басып, басын сипап, балдырғандай сөйлесіп, еркелетеді, жіпке байланған кішкене ағаш дөңгелекпен ойнатады. Мурзик дөңгелекті ұстаймын деп ұмтылады, секіреді.

  Алғаш асырап алғанда Сиам тұқымынан туған мысық басқа мысықтарға қарағанда кекшіл келеді, оны ашуландырмау, ызаландырмау керек.  Айқайласаң, ұрыссаң байқаусызда бет-аузыңды тырнап алады деп кісілер қорқытып қойған. Содан қаймығып, оған дауыс көтермеуге, зекімеуге тырыстық. Мурзикке адамша кәдімгідей сыйластықпен қарап, қамқорлық жасадық. Соны кішкентай жүрегі сезген шығар, ол ешқандай оғаш қылық көрсеткен жоқ. Бір жылдың ішінде арамызға тастай батып, судай сіңіп, отбасымыздың сүйікті бір мүшесіне айналды.

  Мурзик көбіне Зәурештің қасынан шықпайды. Бір күні үйге келсек қызым Мурзикті құшақтап алып, жылап отыр. «Не болды?» деп сұраймыз. Зәуреш иығына Мурзикті отырғызып, бөлмелерді жинау үшін шаңсорғышты қосқанда мысық зәре-құты қалмай қорқып, айна жапсырылған үстелге, одан киім ілгіштің үстіне қарғып мініп, содан еденге секіріп түскен. Әйел жаны қашаннан нәзік қой, Меруерт Мурзикті сипалап: «Қай жерің ауырып тұр?» деп сәби секілді аяп, өбектеп жатыр. Екеуміз мысықты матамен қымтап орап қолға алып, мал дәрігерлік стансаға апарып көрсеттік. Мурзикті ұқыпты қараған маман сүйегі сынбаған, алдыңғы екі аяғына ауыр соққы тиген деп қос сирағына жақпа май жағып, дәкемен байлап берді. Бізді «Төрт-бес күнде жазылып кетеді» деп жұбатты. Айтқандай-ақ ол аз уақытта сауығып, қатарға қосылды. Мұны естіген дос, жолдастар «Мысықтан басқа шаруаларың жоқ па? Сонша әбігерге түскендерің не?» деп қалжыңдайды.

    Содан былай Мурзикке тағы бірдеңеге ұрынып қалмаса екен деп сақтықпен қарап, шыр-пырымыз шығып, қорғаштап жүретін болдық. Бұрынғыдай емес, мысықтың түгі жылтырап, аздап толып, бойы ширады. Дәретке барғысы келсе дәретхананың есігін аяғымен тырналап белгі береді. Тілімен денесін тарап, жөнге келтіреді. Үйдегілер бұл оның жуынған түрі дейді. Өзін еркін сезінеді. Бірақ бөтен кісілер бас сұқса жоламайды, басқа бөлмеге қашып кетеді, тығылып қалады. Ана жолы келген қонақтардың балдырғандары терісін шымшып, құйрығынан тартқылағанда Мурзик ашулы дыбыс шығарып, айбат шекті. Арашаға түспегенде не болары белгісіз, бүлдіршіндердің қолдарын тырнап алуы да мүмкін еді. Басқа адамдарды жатырқап, ұнатпай тұрады.

  Мурзикке бертін келе анда-санда жас ет беретін болдық. Енді ол арнайы тағамды елемей, соған біржолата көшті. Бір күні жас етті жеген мысық сылқ етіп құлап түсті. Тоя жеп шаршап қалған шығар, демалсын дедік. Мурзик тынығатын бөлмедегі керуеттің астына сүйретіліп кіріп кетті. 10-15 минут өткесін үлкен қызым Сәуле: «Папа, Мурзик құсып жатыр» деп үрейі ұшып залға кірді. Бәріміз солай қарай жүгірдік. Мен кереует астындағы мысықты ақырын алып шықсам, оның денесі әлсіреп, жанары сөніп барады. Орнынан тұра алатын емес, дыбысы да шықпайды. Бір сәтте жарқыраған екі көзі жабылып, мұрнымен демалған дыбысы тоқтап, тұла бойы қозғалмай қалды. Кеше ғана секіріп ойнап жүрген Мурзик әп-сәтте көз жұмды. Бұны аңғарған балалар: «Мурзик қалай бірден өліп қалды? Олай болуы мүмкін емес, бәлкім, мал дәрігерлік стансаға апарсақ қайтеді? Тірі шығар, құтқарып алармыз» деп айқайлап, жылап жатыр. Әйелім ұл-қыздарымен қосыла егіліп, үйдің іші у-шу болып кетті.

— Жас етті бекер бердік білем. Соған үйреніп, арнайы тамақты жемей қойды ғой. Еттің ішінде сіңір, шандыр болып, тісі өтпей, соны дұрыстап шайнай алмай, қақалып өлді-ау байғұс, – деп мен де не істерімді білмей, абдырап, дәрменсіз күйге түстім.

 Мана Мурзик өлетінін сезді ме, «Қиналған түрімді иелерім көрмесін» дегендей керуеттің астына әзер жылжып барып, жасырынды ғой. Ақтық сәтінде шыбын жанын қоярға жер таппай азапқа түссе де үндемей, өткір аяқтарымен еденді тырналамай, мерт болды. Кішкентай тіршілік иесі болса да не деген шыдамды, ақылды еді. Қандай аянышты! Өлер алдындағы мысықтың ауыр халін көрген менің көзімнен де мөлдір жас тамшылары жерге тырс-тырс етіп тамып жатыр.

   Меруерт: «Біздің үйге қуаныш, шаттық әкелген Мурзик қой. Отбасымызда кішкентай сәбидей болып, ойда жоқта жантәсілім еткен мысықты көшеге қалай лақтырып тастаймыз? Далаға аяқ баспайтын жерге дұрыстап көму керек», – деді әлі өксігін баса алмай. Көздері домбыққан ұл-қыздарымыз кешкілік үйде ең бір жақын адамынан айырылғандай Мурзиктің жансыз денесіне қимастықпен қарап, үрпиіп тұр. Түн ішінде Зәуреш екеуміз Мурзиктің өлі денесін жұмсақ шүберекке орап, үйдің іргесіндегі, жол бойындағы жасыл шыршаның түбіне жерді қазып, арулап қойдық. Қызым  «Мурзик, сен бізді кешір! Сені сақтай алмадық. Қош бол, ерке мысығым!» деп жылап қоя берді. «Арнайы тағам беріп, тамақтандыру жайлы тиісті мамандармен ақылдассақ бұлай болмас па еді?» деп өз-өзімді кінәлап жатырмын. Жарық дүниеге келген Мурзиктің аз ғана ғұмыр кешуі жаныма батты.

    Титтей де күнәдан пәк мысықтың бүлдіршіндей тәп-тәтті қылықтары көз алдыма елестеген менің де кеудемді өксік қысып кетті. Біреулерге бұл әрекетім, бәлкім, ерсі көрінер, не әлдекімдер «Мысыққа бола соншама таусылғаны несі?» деп күлер, бірақ бойымды оған деген аяныш сезімі билеп алды.

Қостанайға ара-тұра барғанда Карбышев көшесіндегі сол шыршаның тұсынан өткен кезде денем шымырлап, жүрегім шаншып ауырады. Сол жерде, сол шыршаның түбінде бір қимасым жатқандай.

Тегтер: проза поэзия ақын жазушы қаламтербер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жамал ҚАМАШ 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 26.01.2023, 16:13
Күнәнің бергі беті
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 26.01.2023, 10:23
Құрыш құйма немесе «Жерім үшін жаным ауырады...»

Аңдатпа


  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    07:16
  • Тағдырын «дәретхана дауы» талқандаған...
    07:12
  • «Экстің» пайдасынан зияны асып кеткен жоқ па?!
    01.02.2023, 07:32
  • Бір мандатқа таластырды бұл билік...
    01.02.2023, 07:28