Қонаевқа неге соқтыға береміз?

  Айтұлының поэмасы: Өлеңмен өсек сапырып...

Сәбетбек ЕРКІНБАЙҰЛЫ

09.04.2021, 08:28

2115

Өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 4 қыркүйектегі №33 санында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлының «Жер – жаннан қымбат» атты поэмасы жарық көрді. Поэманың VIII бөлімінде мынандай жолдар бар.

«Жолыңнан адал жүріп жаңылсаң да,

Халқыңа қызмет ет не қылсаң да.

Түгендеп қайтып алса кеткен жерді,

Кім қақты Қонаевтың қолын сонда?

Бұйырмас ашық айтсақ ел айыпқа,

Сүттен ақ, судан таза болайық та.

Әулие тұтқанменен айналасы,

Халықтың өкпесі көп Қонаевқа».

Айтұлы осылай Қонаевта өші кеткендей ала-құйын желдіртіп шығыпты. Айтуға оңай демекші, оған көзін жұмып-ашып, өлеңдетіп жазу да оңай екен.

Айтұлы поэмасында жазған «Қайратты қалың шаштысы кім?.. Тазы кім?..» Бұл шешуі қиын жұмбақ емес. Қонаев пен Хрущевты меңзеп отырғаны ғой. Ақындық дүмбілездігіне салып, образды түрде кекесінмен, мысқылмен шендестіргенін айтсайшы. Қала берді, Қонаевтай алып тұлғаның Хрущевтың  қасында «көк тиындық құны жоқ» деп аруақты қорлағаны қалай? Қазақ есті адам аруақтың артынан ауыр, жөнсіз сөз айтпайды деуші еді ғой. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді». Қонаев қорғаушыны қажет етпейді. Бірақ артында оны құрметтейтін халқы бар. Айтұлының шындықты айттым деп, тауып айттым деп тапқан теңеуі осы ма? Бәлкім, өзі айтқандай, осы жыры үшін «айналасындағылардан» мақтау да естіген болар.

Ол жырында «Қайтқаны – ұлтарақтай бір пұшпағы» дейді. Дұрысы – үш ауданнан өзбектерде қалғаны жеріміздің бір пұшпағы. Бәлкім, Несіпбек 1956 жылы 13 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының Қазақ КСР және Өзбек КСР аралығындағы шекараларды өзгертулер туралы жарлығына байланысты Өзбекстанға Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы берілгенімен шатастырып отырған болар. 1955 жылы 1 маусымда осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылған. Комиссия төрағалығына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Жұмабек Тәшенов бекітілген еді. Құрамындағылар: М.Бейсебаев, С.Дәуленов, Х.Арыстанбеков, А.Морозов, В.Богасов, В.Шереметьев. Олар жергілікті жағдайды жете зерттей келіп, «Өзбек КСР-ына Мақтаарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісуге болады. Ал Мәскеудің Бостандық ауданын беру туралы нұсқауын негізсіз деп санаймыз» деп шешім шығарды. Өйткені Бостандық ауданының жері мал өсіруге қолайлы, құрылыс материалдарын өндіруге су-энергетикалық қорлары мол. Сондай-ақ қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері демалатын шипажайлар ұйымдастыруға өте ыңғайлы екенін ескертіп, бұл ауданды Өзбекстанға беру біз үшін тиімсіз» деген  шешімді Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Леонид Ильич Брежневке табыс еткен. Обалы не керек, комиссия шешімін Брежнев те қолдап, сол маусым айының соңына таман Мәскеуге Қазақстан Компартиясы ОК Бостандық ауданын Өзбекстанға бермеу жөніндегі арнайы қабылдаған қаулысын жібереді. КОКП бас хатшысы Никита Хрущев оған пысқырған да жоқ. Бұл жолы да белден басты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1956 жылы 21 қаңтарда «Қазақ КСР құрамынан Бостандық ауданы және Мырзашөл жерінің бір бөлігін Өзбек КСР құрамына беру туралы қаулысын» шығартты. Солай 499 мың гектар жерді Өзбекстанға қосты. Аудан құрамындағы 16 колхоз, біраз стансалар, зауыттар мен кәсіпорындар Өзбек республикасына  толығымен өтті. Бұл аз болғандай, біраз уақыттан соң қазақтармен санаспай, өзбектерге 3663 мың гектар жерді тағы алып берді. «Күштінің арты диірмен тартады». Несіпбек, бұл Брежневтің тұсында болған жайт.

Бұл мәселе ғалымдар тарапынан да зерттелген. «Qazaq» газеті 2019 жылы 26 сәуірде Мемлекет тарих институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтің «Оңтүстік аудандары үшін күрес» атты зерттеу мақаласы жарық көрді. «… Орталық үкіметтің авторитарлық-волюнтаристік қысымымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1956 жылы  21 қаңтарда «Бостандық ауданы мен Бетпақдала жерінің бір бөлігін Қазақ КСР-ның құрамынан Өзбек КСР құрамына беру туралы» қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясында төралқа төрағасы Ж.Тәшенов Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен басқа қосымша жерлерді Өзбек КСР-на беру туралы мәлімдеме жасады. Онда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал, Қызылқұм аудандарынан алынған 329 га жер, сондай-ақ 1936 жылдан өзбек колхоздары мен совхоздары уақытша пайдаланып келген жерлер Өзбекстанға толық берілсін делінген.

Жұмабек Тәшеновтің баяндамасынан:

«… Территориялық және экономикалық тұрғыдан алғанда Бостандық ауданын Өзбек КСР-ына беру орынды шешім деп ойлаймыз. Бостандық ауданы мен көрсетілген жер аумағын Қазақ КСР-ның құрамынан алып, Өзбек КСР-ның құрамына беру туралы шешім қабылдау тек қазақ және өзбек халықтарының ғана емес, Кеңес Одағының мемлекеттік мүддесіне сай келеді».

Жарыссөзге шыққан депутаттар Н.Оңдасынов, Б.Саркиева және И.Волощук Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Жұмабек Тәшеновтің сөзін қолдайды. Мәжіліске депутат жазушылардан Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және Дмитрий Снегин қатысады. Жоғарғы Кеңестің төрағасы сөзді Сәбит Мұқановқа береді.

Депутат Сәбит Мұқанов:

«...Өзбек делегациясы жарты миллион гектарға жуық жер мен Бостандық ауданын сұрап отыр. Мен олардың бұл өтінішін қанағаттандыруға дауысымды беремін. Өз дауысымды бере отырып, мен өзбек жолдастарға өзімнің бір тілегімді айтпақшымын. Біз сіздерге  Кеңес Одағындағы Бостандық ауданы сияқты ең бай және көркем жерді қиып беріп отырмыз. Бұл жерді, бейнелеп айтқанда, қызымызды ұзатқандай қиналып, қимастықпен әрі қуанышпен беріп отырмыз», – дейді.

Зерттеушілер кезінде Киров ауданының жүзім шаруашылығының директоры Молчановтың Бостандық ауданын Өзбекстанға беруге қарсы шыққанын да назардан тыс қалдырмаған. Ол: «Социалистік құрылыстарды алғашқы болып салғандар кімдер еді, ағайын?! Атап айтқанда, мынау Киров каналы. Құрылысқа қатысқан қаншама қазақтар қырылып қалды. Ойлансаңдаршы! Құлазыған қу даланы суландырды. Егін егіп, жемісін жей бастағанда басқа біреудің қолына өтуі кім-кімнің болса да қабырғасын қайыстырады ғой. Мұндағы еңбек орнында қазақтардың маңдай тері төгілген. Мектеп, аурухана салынды. Қызыл бұрыштар жасалды. Мен орыс адамымын. Былайша айтқанда, маған бәрібір. Ал еңбек адамы әрі басшы ретінде айтарым – қазақтардың бұл мекенге істеген еңбегін көз алдыма елестетсем, оларға жаным ашиды. Жалпы, мен бұл жерді Өзбекстанға беруге қарсымын. Неге десеңіз, бұл жердің иесі де, гүлдендірген де, суландырған да жергілікті қазақтар» («Қазақ әдебиеті» 1998 жыл, 28 тамыз). Бостандық ауданының шындығы осы. Ақын Несіпбек Айтұлы бұған не дер екен?

Иә, ұлтарақтай болса да, жер қымбат. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп, Хрущевтың төбеден төніп, желкелеп тұрғанда қарсыласып көр. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Брежневтің орнында кім болса да, Хрущев дегенін істер еді. Айтып-айтпай не керек, билік өз қолыңда болмаған соң, өзегің өртеніп, қылышыңды тасқа шабасың.

Өзбек ағайындар сол үш ауданға 1949 жылдан бастап-ақ көз тіккен. Сталиннің кезінде де әрекеттеніп бақты. 1953 жылы наурызда ең жоғары билікке келген Хрущевтың бүйрегі соларға бұрып тұрса да, әуелгіде КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгин ыңғай танытпаған соң, жымысқы ойын іске асыра алмады. Оның үстіне сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов Хрущевқа: «Бұл – менің жерім емес, қазақ халқының жері. Мәселені солар шешеді», – деп, алдында кесе-көлденең тұрып алған.  Содан соң олар қолайлы сәтті күтті. Сол сәт Исмаил Юсупов 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесіне бірінші басшы болып тағайындалған  кезде ғана туды.

«Іштен шыққан жау жаман». Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Исмаил Юсупов алдына келген үш облыстың басшылары «Исеке.., Исеке...», – деп құрақ ұшып бастарын иіп тұрса, көкірегіне нан піспей қайтсін. Мансаптан басы айналып, өлкенің алқалы бір жиынында «Жылқы мен есектің еттерін қосып, азық-түлік жоспарын орындаймыз» деп, тыңнан жаңалық ашқандай болғанда қарамағындағы ләпбайлап тұрған басшылардың бірі де «Исеке, мұныңыз қалай?» деп қарсы келе алмай, іштен тынған. Сондай астамшылық бұл қызметін тақиясына тар келтірсе, жаны қалай тыныш тапсын. Неге бұдан да жоғары лауазымға қол жеткізбеске? Оның үстіне қызмет бабымен Мәскеуге тіке шығып жүр. Иә, ол үшін Хрущевпен қалайда тіл табысу керек. Жатса да, тұрса да, ойлағаны сол болды.

Хрущевтың Қазақстанның мақта шаруашылығымен айналысатын үш ауданын Өзбекстанға қосу жөніндегі мәселені ауық-ауық көтеріп жүргенін біледі. Оның үстіне бұл мәселе Өзбекстан Компартиясы ОК-нің бұрынғы бірінші хатшысы Нуридин Мухитдинов пен Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ядгар Насрединованың Хрущевпен жарасып қалғалы бері жиілеп кетті. Хрущев өзіне майда тілімен майдай жаққан Нуридин Мухитдиновті КОКП ОК-нің салалық хатшысына өсірді. Юсуповтың күткені де осы еді. «Жаны ашымастың қасында басы ауырмас». Юсупов: «Кетсе қазақтың жері кетеді. Ал менің нем кетеді?» Ыңғайлы сәті оңынан келіп тұрғанда Мухитдиновпен келісіп, неге Хрущевқа жағынып қалмасқа.

Мәскеуге барған сайын Мухитдиновпен астыртын байланыс жасап, үш ауданды Өзбекстанға қосу жөнінде ұсынысын білдірген. Мухитдиновке де керегі сол, қуана-қуана келісіп: «Исмаил, Хрущевтың атына хат жазып, өз қолыңмен апарып бер. Арғысы менің жұмысым», – деген.  Ол Хрущевқа оның табанын жерге тигізбей мақтап, Қазақстанды басқаруға өте лайықты, бұдан асқан жанды таппайсыз деп дәріптейді. Хрущев кездесу кезінде табанын жалауға бар адамның үш ауданды Өзбекстанға қосу жөніндегі хатын оқып, салған жерден ұнатқан.

«Қазахстанская правда» газеті 2004 жылы 21 сәуірде тілші Ғалия Шымырбаева мен Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1962-64 жылдардағы бірінші хатшысы Исмаил Юсуповтың сұхбатын жариялады. Сұхбатта «Қазақстан халқының алдында менің арым таза» дейді Юсупов шімірікпей.

Ал мұрағат құжаттары не дейді? 1962 жылы 21-24 желтоқсанда болған Қазақстан Компартиясы ОК бюросы мәжілісінің №30 хаттамасында Исмаил Юсуповтың мына хаты қоса тіркеліпті. «Казправда» соны сұхбат ортасын ойып тұрып жариялаған.

«07. 12. 1962 г.

ЦК КПСС т-шу Хрущеву Н.С.

ЦК Компартии Казахстана т-шу Кунаеву Д.А.

Совета Министров Каз ССР т-шу Бейсебаеву М.Б.

Исходя из общегосударственных интересов дальнейшего углубления специализации и правильного размещения сельскохозяйственного производства, Южно-Казахстанский крайком партии и крайисполком, Чимкентский обком партии и облисполком просят ЦК КПСС, ЦК КП Казахстана и Совета Министров Каз. ССР рассмотреть вопрос о передаче Узбекской ССР хозяйства Пахта-Аральского, Ильичевского и Кировского районов, а также все земли, подлежащие освоению и на центральном массиве в Голодной степи и создать там крупную специализированную на пройзводстве хлопка новую административную область, лучше использовать имеющиеся единые каналы, оростительную воду.

Секретарь Южно-Казахстанского крайкома ЦК Компартии Казахстана И.Юсупов».

Міне, екіжүзділіктің үлгісі. Юсупов бәрін Қонаевқа жауып, өзін қиянаттан ада көрсеткісі келген. Соған дейін таптырмай келген оның бұл хаты «Казправдадан» кейін халықаралық «Түркістан» газеті К.Адырбекұлының 2006 жылы 14-28 қыркүйек аралығындағы «Казахское дело» сериялық зерттеуіндегі «Дінмұхамед Қонаев» бөлімінде жарияланып, бүкіл республикаға тарап кетті.

Ал Дінмұхамед Қонаев: «Хрущевтың кабинетіне кірсем, Микоян отыр екен. Аман-саулық сұрасқан соң, Н.Хрущев: «Бүгін Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов келіп кетті, – деді маған көз қиығын бір секем көңілмен тастап, сөзін сабақтады. – Ол мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға беру туралы мәселе қойып отыр. Меніңше, өте құнды пікір». Маңдайымнан біреу періп жібергендей күй кештім. Ойым он саққа кетті. «Бұ қалай болғаны?» деп ойладым. Осы бүгін ғана Юсуповпен кездесіп, сөйлесіп едім. Ондай ойдың ұшқынын да білгенім жоқ. Сол екі арада есебін тауып, идеясын өткізбек қой. Жоқ, бұлай ел тағдырымен ойнауға болмайды. Әйтсе де ойымдағыны іркіп қала алмадым. «Мен Юсупов ұсынып отырған ұсыныстың пайдалылығын өз халқыма дәлелдеп бере алмаймын.… Оңтүстік Қазақстан республикадағы тұрғылықты халықтың ең тығыз орналасқан жері. Никита Сергеевич, біз отпен ойнап отырмыз. Республикалардың арасында жағдай шиеленісіп кетуі мүмкін». Өкінішті-ақ! Менің айтқан уәждерім Хрущевқа мүлдем ұнамады. Өйткені ол әлдеқашан өз байламын жасап қойған-ды.  Біз қасірет арқалап шықтық». («Ақиқаттан аттауға болмайды»).

Несіпбек, кімнің айтқаны көкейге қонады? Сен қорлаған Қонаевтыкі ме, әлде жанын жалдаған жәдігөй Юсуповтыкі ме? «Өтіріктің арты бір-ақ тұтам» деген осы шығар. Юсуповтың мұрағаттан осы хаты табылмағанда Несіпбек Айтұлы Қонаевтың аруағын қорлайтын сөздің бұдан да зорын айтар ма еді, кім білсін. Шындық ешқашанда өлмейді деген рас екен. 

Үш ауданның мәселесі Қазақстан ОК бюросында төрт күн бойына талқыланғанына қарағанда өте ауыр жағдайда өткені анық. Бюро мүшелері үш ауданды қалайда бермей алып қалудың жолын барынша қарастырған. Қазақстан Компартиясының салалық хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовтың айтуына қарағанда, Қонаев қысылған шақта саяси бюроның мүшесі Анастас Микоянға телефон шалып, мақта өсіруге қазақстандықтардың да тәжірибесі жететінін, тек ауыл шаруашылығын Өзбекстандағыдай өнімділікті арттыратын жаңа техникалармен жабдықтаса, жоспарды өзбек ағайындардан кем бермейтінін айтып, Хрущевқа жеткізуге қолқа салған. Өкінішке қарай, Хрущев Микоянға да құлақ аспаса керек.

Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде жазушы Дмитрий Снегин ғана Хрущевтың шешімінің жөнсіз екенін айта келіп: «Қазақстанның жерін бөлшектеу – елін бөлшектеу», – деп, үш ауданды Өзбекстанға беруге қарсы тұрған.

Көп кешікпей Хрущев Қонаевты қызметінен босатып, орнына Юсуповты тағайындады. Қонаев өз мамандығы бойынша Ғылым академиясының Геология институтына жіберуін өтінеді. Бірақ Хрущев өтінішін қабыл алмай, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевтың орнына тағайындайды.

Юсупов қитұрқы ісін солай жүзеге асырды. «Іс бітті, қу кеттінің» кері.

Поэма авторы Қонаевтың сол үш ауданды Өзбекстанға беруге қарсы болғаны үшін бірінші хатшы қызметінен алынғанын да жақсы біледі. Бірақ ішіңдегі қыжылы істің ақ-қарасын айтқызбай отыр. Әйтеуір, қалың оқырманға сөзін өткізу үшін әлгіндей аққа қара бояуды жаға берген.

Қонаев өзбектерге кеткен жерді Хрущев тұрғанда айқай-шумен ала алмасын біліп, ақылға салып артын күтті. Егер Қонаев КСРО-ның билік басына Брежнев келіп, сол үш аудан жерінің, Айтұлы айтқандай, пұшпағын ғана емес, көп бөлігін қайтармағанда бүгінде өзбектерден соның өзін қайтып алу мүмкін емес еді. Оны мен айтпасам да, әркімнің іші сезеді.

Жырдың «Түгендеп қайтып алса кеткен жерді, Кім қақты Қонаевтың қолын сонда?» деген жолдары былайғы жұртқа тауып айтылғандай көрінер. Айтұлының осы сөзі сол кездегі жағдайдан бейхабар баз біреулерге қамшы болып, «Шынында, Қонаевтың қолын кім қақты?» деп реніштерін тудыруы бек мүмкін. Айтұлының көздеген мақсаты да сол сияқты. Ал жерді түгендеп алу Қонаевқа және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбеков пен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мұстахым Ықсанов басқарған мемлекеттік комиссияға оңай болды ма?

Қазақ «Біреуге қараған күнің құрысын» дейді. Билік кімде – қаржы да соның қолында. Бәрін де Мәскеу шешетін кер заман. Ондағы тізгін ұстаған шовинистер ешкімге өздігінен ештеңе істетпейтінін Айтұлының өзі де жақсы білді. Енді, міне, жоғары биліктегі ахуалды біле тұра білмегенсіп, бәріне Қонаевты жөнсіз кінәлауда.

Айтұлы жырының мына бір тұсында «Әулие тұтқанменен айналасы, Халықтың өкпесі көп Қонаевқа» деп бір қайырыпты. Оның жалпы халықтың атынан сөйлегені қалай? Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев: «1993 жылы 22 тамызда Қонаев дүниеден өткенде онымен қоштасуға келген халықта есеп болмады. Опера театрынан Кеңсай зиратына дейін жолдың екі жағы адамға толып, сүйікті перзентін ақырғы сапарға шығарып салды», – дейді («Егемен Қазақстан», 2012 жыл 12 қаңтар).

Осындай ел таныған тұлғалардың Қонаев туралы ілтипатын тізе берсем, газет, кітап бетіне сыймас. Айтұлы жаққан қара бояуды сол асыл әрі аяулы жандардың кітапқа түскен, ақпарат құралдарындағы естелік-пікірлері ақпен бояп, қайта ағартатынына сенімім мол.

Кейбір зерттеушілер Тәшеновтің қайраткерлік қасиетіне жұрттың көзін жеткізу үшін Юсуповтың пікірін дәлел ретінде пайдаланғанын  қайтерсің. Қазаққа жаудың ісін жасаған жанкештінің жалған айтқаны соншалық маңызды ма еді? Абай айтпақшы, осындайда ар мен намысты былай жинап қойып, қазаққа ниеті жаманмен табыса қалатынымыз қалай? Тәшенов сөзінің тұрлауы жоқ Юсуповқа басын иіп, төрелік сұрап барар ма еді? Жоқ! Намыстан жарылып кетер еді. Ал Айтұлына салсақ, Юсупов өзбектерге үш ауданның жерін бергенде «жаман», Тәшеновке пікір айтқанда «жақсы» болып шыға келгенін қарашы. Біздің әлсіздігіміз де осында – құбылып тұрамыз.

Несіпбек, Абай «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр» деп босқа айтпаған-ау. Тарихи тұлғаның мәніне бармай сапырған жырың содан аспады. Өйткені Дінмұхамед Қонаевтың есімі тек мәрмәр тасқа ғана емес, миллиондардың жүректеріне жазылған. Енді оны өшіру мүмкін емес. Нөпір халықты мойындата алмаған соң тыраштанып қайтесің. Поэмаңды шын жүректен қозғап, әдептен озбай жазғаныңда, бәлкім, басқаша болар ма еді. Ал халық кімге құрмет көрсететінін екеумізден де жақсы біледі. Қонаев та, Тәшенов те халық үшін аянбай қызмет еткен ұлттың тарихи тұлғалары. Оларда жазық жоқ. Жазық екеуін қарама-қарсы қойып, жұртты екіге жарып жүрген сендейлерде. Өйткені сенікі көңіл ауанымен жазылған өсекші өлең. Жырыңда шындықты батыл айтқансып, бірін мұқатып, бірін асыра мақтап арасына сына қаққаныңды, жұрттың арасына жік салғаныңды, өзің айтпақшы, «айналаңдағы» ат төбеліндей жандар болмаса, қалың қазақ жөн дей қоймас.

Жалғасы бар 

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 10:59
Ел сенімін ақтай алмады
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 09:45
Әртістік жүзуден «әртіс» болып кетті
Айнұр ӘЛИ 08:49
Қазақ мифін қайтсек оятамыз?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 14:35
Ағайындылар ондыққа кіре алмады
Смағұл ЕЛУБАЕВ 03.08.2021, 09:38
Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Ербол Азатқали 03.08.2021, 09:31
Шындықтың шарболаты

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58