Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз

Сәбетбек ЕРКІНБАЙҰЛЫ

06.04.2021, 09:16

3795

Дінмұхамед Қонаевтың елге, ұлтқа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол жайында ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ, әлі де жазыла берері анық. Өкінішке қарай, көзден тайса жақынын да жамандап, күстәналайтын қанымызға сіңіп кеткен әлеуметтік аурудан арыла алмай-ақ қойдық. Немесе астары басқаша мән беретін сыпайы сөйлегендей боламыз. Соңғы жылдары тырнақ астынан кір іздеп, Қонаевты қаралайтын мақалалар да баспасөз беттерінен тағы да қылаң беріп, көріне бастады. Енді ұзын сөздің қысқасына қарай ауысып, өткен жылдарда ол туралы жарияланған материалдарға ден қойып көрейік.

Жазушы Сәбит Досанов «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының жалғасы – «Жиырма бірінші ғасыр» атты жаңа роман-эпопеясының бірінші кітабын жазып, оның «Тәшенов пен Хрущев» деп аталған үзіндісін 2020 жылы 9 шілдеде «Жас Алаш» газетіне жариялады. «Теңіздің қасиеті тамшысынан білінеді». Енді романның үзіндісіне көз жүгіртейік.

«… Жұмабектің Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің қонақүйінің люкс бөлмесіне кіргені сол еді, сол қанаттағы қара телефон қақсап қоя берді» деп басталған. Демек, Тәшенов пен Хрущевтің кездесуі Кремльде болғанын меңзейді.

 «– Ақылдасатын мәселе бар, – деді Хрущев жайраңдай сөйлеп. – Қазақстанның бес облысын Ресейге қоссақ деп отырмыз.

– Не үшін?

– Қазақстанның жері кең. Бір республикаға оны игеру ауыр болады. Жұмыстарыңды біраз жеңілдетсек дейміз.

– Жер көлемінің көптігі жұмысқа кедергі келтірмейді.

Хрущев қып-қысқа, жұп-жуан бас бармағымен стол үстіндегі қоңыраудың түймесін басты. Ішке Шевченко кірді.

– Қонаев кірсін.

Қонаев Тәшеновтің жанына отырды.

– Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу жайлы Қонаев жолдаспен келістік. Обком секретарьлары да қолдап отыр. Сіздің пікіріңізді білсек деп едік».

Күйдің ырғағын келтіре алмаған біреу: «Домбырам не дейді, мен не деймін?» деген екен. Сол айтпақшы, Досанов не дейді, тарихи дерек не дейді? Қазақстанда тың игеру 1954 жылы ерте көктемде басталды. Оған бес облыстың жері кірді: Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау және Ақмола. 1960 жылы наурыз айында Никита Хрущев кезекті рет Қазақстанға іссапармен келіп, 13 күн бірнеше облыстарды аралап, халық шаруашылығымен танысты. Ол сол кезде тыңның бес облысын Ресеге қосу жөнінде ұсыныс жасамаған. Тек күзде Қонаев халық шаруашылығын басқаруды тиімді ету үшін Қостанай облысына қарасты жерден жаңадан Торғай облысын құруды ұсынғанда Хрущев оны қабылдамаған. Арада біраз күн өткен соң Хрущев телефон шалып, өзінің тың облыстары жөнінде бюроны таратып, оның орнына Тың өлкесін құруға шешім қабылдағанын жеткізген.

«… Мен одан:

– Ол өлке екіжақты бағыныштылықта бола ма? – деп сұрадым.

Хрущев қоштап жауап берді.

 – Бұл түбірімен қате, Никита Сергеевич, біз жерді не үшін кесіп-пішіп жатырмыз?

– Сіз жете түсінбеген сияқтысыз, – деп сөз артын сиырқұйымшақтатып жіберді. Телефонның үні өшті» (Дінмұхамед Қонаев. «Ақиқаттан аттауға болмайды»).

Хрущев пен Қонаев арасындағы ең басты келіспеушілік осыдан басталған. Қонаевтың қарсылығын Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов те қолдайды. Бірақ «Күштінің арты диірмен тартады» деген бар емес пе?! Хрущев белден басып, Тың өлкесін құрып, өз дегеніне жетті.

КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Хрущевтің өлке құрылған бойда оны Ресейдің құрамына қосу жөнінде сөз айтуы мүмкін емес. Қонаев 1960 жылы 20-23 желтоқсан аралығында өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы кезінде Хрущевтің ықпалымен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Тәшеновті үстінен түскен арыздарға байланысты орнынан алу туралы пәрмен береді. Тәшеновтің тағдыры сол күннен бастап шешілген. Демек, сессия Тың өлкесі құрылғаннан бірнеше күн бұрын болған.

Тың өлкесін құру бар да, Тың өлкесін Ресейге қосу бар. Екеуі екі басқа мәселе. Ал тарихи құжатта тек Тың өлкесін Қазақ КСР құрамында құру жөнінде тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Оны Ресейге қосу жөнінде ештеңе айтылмаған. Өйткені Хрущев Тың өлкесі құрылмай жатып, оны қалай Ресейге қосу туралы мәселе көтереді? Иә, алғашқыда оны екіжақты бағыныштылықта болатыны жөнінде сөз қозғағаны Қонаевтың естелігінде бар. Хрущевтің Тың өлкесі екіжақты бағыныштылықта болатын ұсынысын Қазақстан Компартиясы ОК-нің салалық хатшысы И.Юсупов, Тың облыстары жөніндегі бюро бастығы Т.Соколов, Қарағанды обкомының бірінші хатшысы М.Соломенцев қолдаған. «Хрущев айтты, бітті. Көп кешікпей тың облыстары Ресейге қосылады» деген дақпыртты таратып, әуейіленіп жүрген де солар. Хрущевтің «екіжақты бағыныштылықта болуы керек» деген  ұсынысымен  Қонаев мүлдем келіспеген. Тәшенов оны қолдаған. Егер Хрущев сол кезде құрылатын Тың өлкесін Ресейдің құрамына қосу жөнінде ақи-тақи мәселе қойған болса, Қонаев оны естелігінде жасырып қалмас еді. Демек, қосу жөнінде еш сөз болмаған. Бірақ Хрущев Қонаев пен Тәшеновтің ондай Тың өлкесін құруға келіспейтінін білген соң, екіжақты басшылықты ұстанған райынан қайтқаны анық. Бар шындық осы.

Сонда Сәбит Досанов шығармасында Тәшеновтің бес облысты Ресейге қосу жөніндегі пікірін сұраған Хрущевқа қарсы шыққанын қайдан алды? Тарихшы Кәрішал Асан-Атаның «Шынжырда өткен жолбарыс» кітабынан ба? Ешкімнен беті қайтпаған әпербақан Хрущевті Кәрішал Асан-Атаның жазбасы мен Сәбит Досановтың романында Тәшенов қана тәубесіне түсіріп, қалпағын қайырып жіберген екен. Сіз осыған сенесіз бе? Басқа көзіқарақты жандар ше? Бәрі солай ойлай ма?

«Әсіреқызыл тез оңар». Досанов шығармасында Хрущев пен Тәшеновтің диалог арқылы көркемдік бейне-болмыстарын беруге тырысқаны соншалық – тым ұшқары сезіммен әсірелеп жібергені көзіқарақты жанға байқау аса қиын емес. Бір қараған жанға екеуінің диалогі жатық құрылған секілді. Қарапайым оқырманның еш алғаусыз сенетіні кәміл. Алайда көркем дүние деп, ауа жайылып, шындық аясынан шығандап кетуге мүлде болмайды. Ойлы оқырманның көңіліне бірден күмән келтіретін жерлері көзге ұрып-ақ тұр.

Шығармада Хрущевтің екеуін екі бөлек қабылдағаны біртүрлі көкейге қонымсыз. Неге ол қызметі жағынан төмен Тәшеновті бірінші, ал қызметі одан жоғары Қонаевты екінші етіп қабылдаған? Қонаевты қабылдау бөлмесінде күткізіп қойғаны қалай? Хрущевтің қызметтік этиканы білмегені ме? Білгенде қандай! Бірақ автор әдептен озып, Хрущев басты қарсыласын Қонаев емес, Тәшеновті санайтынын көпе-көрінеу әдейі көрсеткен. Қолында тұрғанда, неге солай қонышынан баспасқа?!

Хрущев айтқандай, егер республиканың бірінші басшысы Қонаев пен обком секретарьлары  келісім берсе, онда мәселенің Тәшеновсіз де шешілгені ғой. Логика қайда? Бұл шындықпен үш қайнаса да, сорпасы қосылмайды. Тіптен құлаққа да, санаға да кірмейді. Қонаев бақандай бес облысты Ресейге беруге келісіп, оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Бұл қоспа-бөспе сөз. Өйткені ондай тарихи дерек ешқандай мұрағатта жоқ. 

Әдебиетке адалдық деген болмаушы ма еді? Оның үстіне кісінің етінен ет кесіп алатындай жер мәселесінде Қонаевтың үндемей қалмасы тағы анық. Автор оны келіскенге келтіріп, екеуінің диалог тартысынан тыс, үнсіз қалдырғаны қалай? Жазушы Қонаевтың образын көпе-көрінеу төмендеткеннен не ұтты? Ештеңе! Тек бірнеше мыңдаған оқырманын алдады. Ал Қонаевқа ұзақ жылдар бойына серік болған әрі сырлас досындай, Одаққа белгілі ақын-жазушы Олжас Сүлейменов Хрущевтің «Қонаев жолдас келісті» дегеніне сене қояр ма екен? 

Диалогта Хрущев: «Саяси бюроның шешіміне қарсы шығатын сен кімсің?» – деп Тәшеновке шүйліккен. Мұның да ақиқатқа қисыны келмейді. Егер саяси бюро белден басып шешім шығарса, бар іс бітті дей беріңіз. Империялық билікке Қонаевтың да, Тәшеновтің де пікірлерінің қажеті бола қоймас.

Енді Қонаев пен Тәшеновтің КСРО Компартиясы ОК бірінші хатшысы Хрущевтің сол қабылдауынан шыққаннан кейінгі өзара диалогына да көңіл қояйық.

« – Өте жақсы айттыңыз, Жұмабек Ахметович. Сіздің аргументті айтқан дәлелді сөзіңізге жауап қайтара алмаған Хрущев беті қызарып, көзі аларып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай берді ғой. Айтудай-ақ айттыңыз ғой.

 – Айтсаң бел кетеді, айтпасаң ел кетеді. Ел кеткенше, бел кетсін дедім.

 –… Мен жоғары дәрежелі қызметіме байланысты қарсы сөйлей алмадым Хрущевқа. Сіз өте жақсы айттыңыз».

Автор қарапайым оқырмандарды «Қонаевты мансапқор», «Тәшеновті батыр» етіп көрсеткен осы жасанды диалогымен сендіріп, тағы да алдай салмақ. Диалогта Қонаев «жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау» деп таңданып, Тәшенов «халқым үшін ажал мен тозаққа да дайынмын» деп ерленіп-ақ тұр екен. Шынымен-ақ солай болғаны ма? Ал қандай да бір жайға талғаммен, сын көзбен қарайтын жандар ше? Досановтың ойдан шығарған диалогына сеніп, таңданып, тамсана қояр ма екен?! Қалай десек те, таразының күмәнді жағы баса береді. Өйткені жоғары дәрежелі үлкен тұлғалардың диалогы тым жеңіл ойға құрылған. Ақыл зерделері әлі орнықпаған екі бозбаланың бірін-бірі қолпаштағаны секілді. Қонаевтың аузына: «Енді не істейсің, стратегиялық мақсат үшін тактикалық шегініс жасайсың ба?» – деген сөз салады. Бірінші басшының өзінен төменгі қызметкерге жалтақтайтын жайы бар ма еді?! Жер мәселесі талқыға түсіп жатқан кезде Қонаев бұғып қалған екен де, Тәшенов жалаң қолымен арыстанға қарсы атылыпты. Қорқақты да, батырды да қолдан жасау Досановқа түкке тұрмағаны ғой.

Арзан сөз мемлекет басшыларының салмағын жеңілдетіп жібереді. Роман үзіндісінен соны байқайсың. Диалогта жасандылық басым, көкейге қонымсыз. Ел басқарған тұлғалардың айтты деуге келмейтін жел сөздермен романның парқын тым төмендетіп жіберген. Роман деп айтуға аузың бармайды. Оның үстіне біреуге көпшік қоятын жеңіл сөз Қонаевтың табиғатына жат. Бұған ол туралы ұзақ жылдар бойына қызметтес болған Бәйкен Әшімов, Сұлтан Жиенбаев, Олжас Сүлейменов және Серікболсын Әбділдин секілді біртуар, ел таныған азаматтардың және бүгінде тәлімін алған көзі бар жандардың жазған естеліктері дәлел.

Халықтық тұлғалар туралы естеліктер көп. Ал романдар аз. Неге? Өйткені жанр тек шығармашылық шеберлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тарихи романның жөні бір басқа. Кешегі көз көрген тұлғалар туралы жазу көркемдігімен қатар, шыншылдығымен де бағаланады. Қай іс те салыстырудан тұрады емес пе?! Жазушы Ілияс Есенберлиннің 1991 жылы «Жұлдыз» журналының қараша айындағы санында «Мұхиттан өткен қайық» атты деректі романы жарық көрді. Роман Дінмұхамед Қонаев туралы. Әсірекөркемдікке бой алдырып кетпей, болған жайды нақты баяндаған. Басты кейіпкердің және басқалардың образдары сенімді шыққан. Диалогтарды да орынды қолдана білгені бірден байқалады. Міне, Қонаевтың табиғи болмысы. Егер Есенберлин оны тым әсірелеп, шындықтың аясынан шығарып жібергенде Қонаев романның шығуына қарсы болар еді. Жазушының жауапкершілігі сол талапты үнемі қаперінде ұстағанынан көрініп тұр. Енді үзілген желіні қайта жалғайық.

Жарайды, Хрущев бес облысты Ресейге беруге алдын ала Қонаевпен келіскен-ақ болсын, ендеше басты қарсыласы санаған Тәшеновті орнынан алған соң, неге сол сорақы ойын жүзеге асырмаған? 1954 жылы Хрущев Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовті қызметінен неге алды? Иә, тың көтеруге қарсы болғаны үшін. Ол тыңның орнына қазақтың кең-байтақ жерінде мыңғырған мал өсіруді, халықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуді жөн көрген.

Қаламгер Сәбит Досанов тарихшы Кәрішал Асан-Атаның деректеріне сүйенгені анық. Сол Кәрішалдың 2006 жылы қай баспадан шыққаны белгісіз, «Шынжырда өткен жолбарыс» кітабында: «...Қазақстан Жұмабек Тәшеновтің көрегендігінің арқасында дүниежүзіндегі жеті астықты елдің біріне айналды… Демек, Тәшеновтің халқының алдындағы еңбегін сол ғаламат тың игеру проектісінің атасы Н.С.Хрущевтің өзі мойындап, сонау 1954 жылы Алматының Абай атындағы опера және балет театрында өткен жас тың игерушілердің тұңғыш слетінде биік мінберде тұрып: «Ж.А.Тәшенов Қазақстанда тың игерудің көшбасшысы, инициаторы», – деп, баршаға мақтанышпен жария еткен», – дейді.

Мұны аз десеңіз, Кәрішал аталмыш кітабының 33-бетінде «Арқа ажары» газетінің 1997 жылы 18 қарашада жарық көрген санынан нақты мысал келтірген. «… Сол сияқты Жұмекең өзі бір әңгімесінде: «Мен еш уақытта тың көтеруге, Қазақстанның байлығын игеруге қарсы болып көргенім жоқ, тек Қазақ елінің дербестігі жөнінде орталықпен қатты айқасқа түсіп жүрдім». Сонда қалай, тың көтеру Тәшеновтің бастамасы болғаны ма деп, бүгінде баз біреулер таңданып жатады. Ал мен құралпылар үшін бұл жаңалық емес. Сол жылы бұл хабарды талай рет естіп, құлағымыз сарсыған.  Тіптен Хрущевтің өзі айтты деп, Тәшеновті мақтан тұттық. Жастықтың әсері болар, тыңның түпкі саяси мәніне көңіл қоймағанымыз да рас.

«Қазақстан–Заман» газеті жылқы жылы 6 қарашада «Тың игеру – адамзат тарихындағы ірі жобалардың бірі» деген атпен Құрманғали Нұрғалиевтің зерттеу-сараптама мақаласын жариялаған. Онда тыңның жетістіктерін айта келіп, қазақ қоғамына тигізген кері әсерлеріне де тоқталған. «… Тың игеру жылдары Қазақстанда 25 млн га жер игерілді. Ал Одақ бойынша 41 млн га жыртылған. Астық өндіру көлемі жағынан Қазақстан КСРО-да 2-орынға шықты.

… Сырттан келушілер көп болып, қазақтар атақонысында азшылыққа айналды: 1954-62 жылдары 2 млн адам келді. Қазақтар республика тұрғындарының үштен бірінен де аз болды. Мысалы, 1897 жылы санақта 85 пайызды құраса, 1962 жылы 29 пайызға әзер жетті. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар азайды. Қазақ тілінің қолдану аясы тарылды. Осының барлығы қазақ халқының бір бөлігінің өз ана тілін ұмытуына әкеп соқты».

 Иә, роман – көркем жанр. Ойдан шығарған әңгіме, повесть болса, еркін көсілуіңе болады. Ал кейіпкерлері өмірде болған соң, нақты деректерді сақтай отырып, ақиқаттан аттамағаны ләзім. Өйткені олардың кім екенін, шын өмірде қандай жан болғанын миллиондар біледі. Жазушының еркіндікке жөнсіз ерік бергені өзгелерге кері әсер етері анық. Бүгінгі оқырманның талғамы басқа, бәріне сын көзімен қарайды. Олар бір жаққа бұра тартпай, нақты шындық жазылғанда ғана сене алады. Ал Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романы халықтық сыннан өте алмасы кәміл.

Қазақта  «Көргені жақсы – көш бастар» деген ұлағатты сөз бар. Бұл Дінмұхамед Қонаевқа арнап айтылғандай әсерде қаласың. Ол әділдікті ту етіп ұстап, биік парасатымен, кемеңгерлігімен ел басқарған ірі тұлға. Асыл ағаның қолында билік тұрғанда алдын көргенім жоқ. Ал зейнеткерлікке шыққан кезінде қазақы жолмен інілік ізетімді жасадым. Дастарханымнан дәм татып, ең сыйлы қонағым болды. Қонаев аз сөйлеп, көп тыңдайды екен. Арамыздан бір кісі: «Димеке, осы үкіметті бір жылдай басқарған Тәшенов қандай адам? Көзін көргендер мінезді жан болған деседі ғой», – деп тосыннан сұрақ қойды. Дінмұхамед Ахметұлы аз-кем үнсіз отырды да: «Тәшенов халық үшін еңбек етті. Құрметке лайық жан. Ал мінез кімде жоқ?» – деді де қойды. Алматыға жүрер кезде: «Бұрынғы бабаларымыз бен біздің қатарымыз империяның зардабын көрді. Бар билік Мәскеудегілердің қолында болды. Ал сендер тәуелсіздіктің қадірін біліңдер», – деді. Ретті жерінде Димекеңе сәлемімді үзбедім. Ол кісінің табиғатын жақсы білемін.

Бұрынғылардың сөзі қандай! «Бетеге кетіп бел қалар, Бектер кетіп, ел қалар». Осы сөзде қаншама ой жатыр? Әрине, түсінген жанға. Бұл пәниден кімдер өтпеді. Бар өмірін, ерік-жігерін елдің өркендеуіне арнаған асылдар мен шыбын жанын күйттеген жасықтар да бақилыққа аттанды. Асылдардың артында өнегесі мен игілікті істері қалды.

1993 жылы 22 тамызда әулиедей болған Димекең де бақилыққа аттанды. Оның «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабын ауық-ауық қайталап оқимын. Кітапта тәлім, ғибрат алар ұлағатты сөздер көп қой. Кітапты ашқан бойда мына бір сөзбен өрнектеген ой жиынтығы көзіме түсті. «… Шүкір, шыққан тауым биік болды. Омырауыма таққаным да бір басыма жетерлік еді. Атақ та алысқа кетті. Ел ішіндегі абыройым да баршылық-тұғын. Соған қарамастан, табыстан бас айналған жоқ. Тұла бойымдағы бар қасиетті сақтап қалуға тырыстым. Күнделікті өмірде де, жұмыста да сол үш қасиетке арқа сүйедім. Олар – қарапайымдылық, адалдық, табандылық. Екі нәрсені, «Ашудан сабыр артық, теңдесі жоқ байлық – қанағат» деген шығыс даналығын жадымда ұстадым. Қандай жағдайда болмасын сабыр сақтап, мейлінше қайырымды болуға ұмтылдым».

 Жалғасы бар... 

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06