Қоңыр дәптерге қонған ойлар

Смағұл ЕЛУБАЕВ

03.08.2021, 09:38

1157

       Әркімнің өз Абайы бар. Біздің Абайымыз – шығыс шайырларының шекпенінен шығып,  батысқа көз салып  өз көкжиегін кеңейткен Абай. Сөйтіп, жаңа өріс тапқан Абай. Сол жаңа  өріс оны жаңа  шыңдарға шығарыпты. Шығыс пен батыс тоғысында болмысы бөлек Абай шыңы бой көтеріпті. Сол шың биігінен ол халқын   өнер, білімге  шақырыпты. Жаңа өріске шақырыпты. Бірақ абыз қанша биіктеп, жаңа өріс  тапқанымен,  ата жолынан ауытқымапты. Шығыс, батыс уызын арда емген шығыс ғұламасы қалпында  қалыпты. Хақ жолынан айнымапты. Абай жұмбағының кілті осында. Кез келгеннің қолы жете бермейтін кілт. Әсіресе Абай жолымен жүріп көрмеген пендеге таптырмайтын  кілт. Ол кілтсіз Абай әлемін ашу қиын. Абай тереңіне бойлау қиын. Сонда, ол неғылған кілт? Аты не оның?  Оның аты  – Абай жүрегіндегі Алла. Алланың нұры.  Абай әлемі сол  нұрға бөленген. Сөздері сол нұрмен сәулеленген. Абай жұмбағы осында.

        Неге жұмбақ? Өйткені абыз «Алла өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі» дейді. Сондықтан ол жұмбақ  кілті бізге берілмеген. Абайдың өзіне де берілмеген. Өйткені адам – өлшеулі, ал Иесі – өлшеусіз. Бірақ Абай  талбесіктен жербесікке дейін бетін сол «Өлшеусізден»   бұрмаған. Сол  «Өлшеусізге»  құлшылық еткен. Оған шәк келтірмеген. Айналып келгенде,  оған Иесінің назары түскен. Бүгінде біз сол  Иенің  назары түскен құлға араға 175  жыл салып, жаппай бет бұрып келеміз. Оның жан сырына жақындаған сайын болмысы бөлек бір ғайыпты сеземіз. Жанымыз жапырақтай бастайды. Кешегінің    кеселдерінен айыға бастайды. Ендігі жерде елімізге де Алланың назары түскей дейміз. Түсер дейміз! Өйткені біз Хақ жолында болған әулие Абай жолына беттедік. «Сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам» деген әулие ізіне ердік. Ізіне ерген қауымын ол ойшыл рухани биікке бастамақ.  «Толық адам» биігіне бастамақ. Осы жолда бізге тек төзім керек. Талмас талап,  қажымас қайрат керек. Абыз аманатына адалдық керек. Сонда ғана қадамымызға гүл бітпек. Ұлы дала  жерұйыққа айналмақ. Абай әлеміне үңілгеннен осыны ұқтық.

         Ақын тек бас-аяғы жұп-жұмыр, төрт аяғы тең жорға  өлең жазып қана қоймаған. Оның сөздерінен  илаһи нұр тарайды.  Ендеше Алласыз Абай… Абай  бола алар ма еді?! Алласыз Абай түпсіз шыңырау, шешусіз жұмбақ бола алар ма еді?! Бола алмас еді. Абай жолының хикметі осы.  Бұрынғы біз өткен жолдардан  бөлектігі осы. Иман жолы. Бұ жолға түскендер өзінің қызыл көсемдер жетегінде өткен жылдарынан шошымақ. Жасалған  шалыс қадамдарынан шошымақ. Жағасын  ұстап, тәубеге келмек. Осы халді бастан кешпек. Жалғанның бетін  ашпақ.  Тереңірек танымақ. Осы кезге дейін белшесінен батып келген   күйкі тірліктерінен безінбек.   Рухани түлеу бұл. Ғайыпқа бет бұру. Бұл  мыңмен ғана емес, өзімен де өлгенше  алысқан Абай  жолы!  «Толық адам» жолы.   Осы жолда болсақ,   екі дүниеде  біздің де  жүзіміз жарық болары хақ.

                                                           ***

      «Бұ дүниені кім жаратты? Қашан жаратты? Қалай жаратты?» Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан сауал. «Бәрін жаратқан бір Алла» десек те, бұл сауалға  заманауи ғылымның қалай жауап беріп жатқанын қадағалап отыру әдетке айналған. Әсіресе астрофизика, кванттық физика саласындағы  жаңалықтарды қадағалап отыру әдетке айналған еді. Осы салада  ғылым әлемі, ағылшындық әйгілі астрофизик Стивен Хокинг пікіріне құлақ түргені белгілі. «Жаратылыс қалай, қашан жаратылды?» деген сауалға бұл  ғалым «Ұлы қопарылысқа дейін / 14 млрд жыл бұрынғы/ қазіргі ұшы-қиырсыз ғалам  тары қауызынан да кіші  бір атомға сыйып тұрды» деп жауап беріпті. «Не дейді? Не дейді?» «Бүкіл ғалам бір  атом қауызына сыйып тұрды» дей ме?! «Астапыралла!» деп жағамызды ұстадық. Ай мен Жер, Күн, тіптен анау көз жетпес галактикалар әлемі  бір атом қауызына қалай сыймақ?!  Адамды жынды қылатын жауап.  Ақылға сыймас теория.

             Осындай ақылға сыймас теорияны бала кезімізде  ауыл ақсақалдарынан еститінбіз. Ондайда советтік оқушы ретінде: «Соқ,  ертегіні!»  дейтінбіз іштей. Бір күні  Сопы Аллаяр толғауына үңіліп отырсақ, бұл әйгілі әулие:  «Хақ тағала түсірсе егер әмірін,  Екі дүние сыяр еді қауызына тарының» депті. Айна-қатесі жоқ, дәл осылай депті. Сөйтсек, бұл қағида – ғаламның тары қауызына сыйып кету мүмкіндігі туралы қағида дін исламға атам заманнан  аян  қағида екен.

                Енді, міне, сол дін исламдағы қағиданы ХХ ғасыр  астрофизигі  Стивен Хокинг те  қайталапты. «Ұлы қопарылысқа» дейін ғалам небары бір атом қауызына сыярлық сингулярлық күйде болған» депті.  Біз таңғалдық. «Тарихтың өне бойында ит пен мысықтай аңдысып  келген дін мен ғылым қалайша бүгінде басы қосылып, сөзі бір жерден шықты?» деп.

                                                           ***

       Елін сақтап, жерін сақтап, тілін сақтап, ешкімнен кем болмай, мықтыларға жем болмай отырған елдер қандай бақытты! Соларға қызыға да, қызғана да қарайсың. Елі, жері, тілі, дініне зәредей де төніп тұрған қауіп жоқ, ұлт іргесін баяғыда-ақ бекітіп алған ұлы ұлттарға  қызыға да, қызғана да қарайсың. Қандай бақытты деп.Тарихтың тарнау жолдарында ата-бабалары алысқан, жұлысқан, әйтеуір, ұлт мүддесі үшін  қырқысып жүріп жеңіске жеткен. Білектің де, білімнің де күшімен. Жеңіске жетіп, бүгінгі ұрпағына егемен  елін, жерін, тілін, дінін бүтіндеп аманат еткен. Солардың бүгінгі ұрпағы қандай бақытты!

       Бүгінгі  бала ұрпақ ертең  сондай бақытты аға ұрпақ болу үшін бізге, бүгінгі жер басып жүргендерге, елімізді, жерімізді, тілімізді, дінімізді бүтіндеп, түгендеп кетуден өзге жол жоқ екен. Бұл Ұлы даланың әр ұл-қызы атқарар міндет екен. 

                                                       ***

      Бұл неткен ел, неткен ел! Кешегі бір заманда  күнбатысқа көз салмай, күншығысқа көз салмай, додасында дүниенің,  көкпарға түскен серкедей, қанжығада кеткен ел! Егемен ел болғанда, тізгінді қолға алғанда, шырт ұйқыдан бас алмай, қу құлқыннан аса алмай,  асулардан әрең деп, шатқаяқтап өткен ел!  Боларсың қашан бек кемел?

                                                         ***

       Күллі ғұмырын ғылымға бағыштаған  Әбу Насыр әл-Фараби тәлім- тәрбиені білім-ғылымнан жоғары қойған. Яғни «адамзаттың екінші ұстазы»  тәрбиесіз білім-ғылымның адам қауымына әкелер пайдасынан гөрі зияны көп  деп білген. Бүгінде сол  ақылманның айтқаны айдай келіп отыр. Яғни бүгінде адамзаттың өзі  өзі ойлап тапқан биологиялық қару құрбаны болып отыр. Осы орайда, Уинстон Черчилльдің әйгілі «Фултон сөзі»  еске түседі. Әйгілі саясаткер 1946 жылы АҚШ-тың Фултон қаласында  студент, ұстаздар қауымы алдында сөйлеген сөзінде  күллі адамзатқа қаратып мынадай  бір ескерту айтыпты:  «На сверкающих крыльях науки может вернуться каменный век. Будьте бдительны! Быть может времени осталось очень мало...»

                                                           ***

       Статистикалық деректер бүгінде қазақ ішінде  100 мыңдай  атеист бар дейді. Тағы да 100 мыңдай қазақ өзге діндерге,  секталарға өтіп кеткен дейді. Қалған көпшілігіміз мұсылман екенбіз.  Кешегі тоқсаныншы жылдары қалтасын ақшаға толтырып алып,  біздің былқылдақ заңымызды пайдаланып, шетелдік миссионерлер Қазақстанға қызыл көрген құзғындай қаптады. Аш қазақты ақшамен ұрып алды.  «Өзі әрең жүрген байғұсты ит қапқан соң не оңсын» дегеннің кері келді. Бір шаңырақтың астында отырып қазақ бірнеше дінге бөлінді. Айдың күні аманда отбасы ойрандалып,  ата-аналар қан жұтты. Діни бөлшектену  қазақ отбасына қасірет әкелді.  Бара-бара миссионерлер мектебінен өткен қазақтардың өздері миссионерлерге айналды.  Аңғал қазақты аздырды. Діни тұтастығымызды бұзды. Рухани бірлігімізге іріткі салды. Қазаққа деген бұ қастандық қашан тоқтар екен?! Бұларға бүгін тоқтау болмаса,  ертең олар бүкіл ел ішіне іріткі салмай ма?!  Қараңыз! Қазірдің өзінде  өз дінінен безген  қазақтар арасында Қазақстан заңына сәйкес,  әскери міндетін өтеуден  бас тартатындар шыққан. Бұл нені көрсетеді? Бұл бүгінгі бейбіт заманда өз дінінен бас тартқандар ертең әлдеқалай  күн туса Отанын қорғаудан да бас тартатынын көрсетпей ме?!.

                                                           ***

       Адамды сүйген адам күндердің күнінде  адамның пендешілігін көріп опынады. Алланы сүйген адам ешқашан опынбайды. Өйткені Алла мінсіз. Алланы сүйген адам адамды сүйеді, адамға Алланың көзімен қарап, кемшілігін кешіріп отырады. Демек, Алланы сүю арқылы адамды сүйеді екенбіз. Діннің пайдасы осында.

                                                          ***

      Террористер қайдан шығады? Әрине, адам санасына сайтан салған ойдан шығады. Ешбір дін адамды «өлтір» демейді. Сондықтан сайтан адам өлтіруге кең жол  ашу үшін ХІХ ғасырда Еуропада адамның қолымен діннің өзін өлтіруге кірісті.  Құдайды адам санасынан аластап,  орнын өзі  иеленді. Ашкөздікті алға салды. Адамшылықты артқа шегерді. Нәтижесінде империализм басқа шауып, төске өрледі. Отаршылдық  ойраны басталды. Бодан елдерді жойдасыз тонау басталды. Империялар моральдық емес, материалдық салада прогресс жасады. Жойқын қару жасау жарысқа айналды. Адамзатты біржолата жоюға жол ашылды. Сайтанның айдарынан жел есті. Сан шапалақтап адам санасына  бірінен-бірі өткен сорақы идеялар салды. Соның ірісі Маркстің маңдайына жазылды. «Барлық елдердің  пролетарлары, бірігіңдер!» деген  ұран. Бұны естіген Достоевский: «Бұл теория іске асар болса, бір жүз миллионды жұтатын шығар», – деді.

        Айтқаны келді. ХХ ғасырда осынау төңкерісшіл  теорияны ту еткен  Ленин, Сталин, Мао, Ким Ир Сен, Пол Поттар, шынында да,  жүз миллионнан астам жанның күлін көкке ұшырды. Осыған ілесе  Маркстің «дін – апиын» теориясы Құдай дегендерге    қырғидай тиді.  Талай мың  мешіт, шіркеу, пұтханалардың шаңырағы ортасына түсті. Күллі құрлықта Құдай дегендердің сүйегі шашылып қалды. Сол сүйек  үстінде сайтан ойнақ салды. Сөйтіп, ХХ ғасыр сайтан салтанат құрған ғасыр болды. Екінші  дүниежүзілік соғыста қырылған 50 миллион  аз болғандай,  сайтан енді адам баласын миллиардтап  қыруды көздеді. Глобалистер  құлағына сыбырлады.  «Әлемдегі адам санын азайтпасаңдар,  жер бетінде  әне-міне нәубет орнайды» деді. Глобалистердің көкейіне  бұл теория қона кетті. Рим клубы трибунасынан жалпақ әлемге  паш етті. Сөйтіп, жер бетіндегі жұмыр бастыларды жалмауға тиіс жойқын теория өмірге келді. Тәжтажал тарих сахнасына шықты. Оның ойраны көз алдымызда жүріп жатыр. 

         Бұдан біз нені көрдік? Көргеніміз – кез келген тарихи апаттың алдында адам санасына сайтан сойқанды идеялар салады екен. Егер тобыр сол сайтани идеяларға неғұрлым сенсе, жер бетінде соғұрлым  апатты соғыстар  орын алады екен. Сайтан жетегіндегі  көсемді ту еткен талқаншыл  тобыр тау селіндей жойқынға айналып,  жолындағысын жайпап, жайратып кетеді  екен.   Тарихтағы соғыс атаулы осыған мысал. Гитлерді алыңыз. «Өтірікті неғұрлым өсіре соқсаң, тобыр соған соғұрлым құлай сенеді»  деп қақсаған  бұл  кәпір  ізіне ерген тобырды «арийлерден өзге жұрт  адам емес»  дегенге сендірді. Бұл, шынтуайтына келгенде, «арий еместерді өлтіре беріңдер» деген ұран еді. Осылайша басы ашық  террористік теория  өмірге келіпті. Фашизм өмірге келіпті. Фашизм өртінде  50 миллионның күлі көкке ұшқаны белгілі.

       Террористік теория  табуда   советтік большевизм де ешкімнен кем түспепті. Кезінде Сталин «Кулактарды тап ретінде жою керек» деп  ұрандатты. Осы теория арқасында  тыныш отырған ауқатты шаруалар әп заматта «халық жауы» болып шыға келді. Бақытты болашақ – коммунизмге жету үшін ондай жаулардан құтылу керек еді.  Құтылды. Ауқатты шаруалар жойылысымен, жаппай  ашаршылық басталды. Ол нәубет қазақтың жартысын жалмады.  Одақ бойынша  20 миллион жан сталинизм  құрбаны болды.  Байқап отырғанымыздай, түгел бір халық  бір қаныпезердің басына келген бір теория құрбаны болады  екен. Қазақ халқы – соның бірі.  «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем»  демекші, Қазақстанды басқаруға 1925 жылы қандыбалақ   Ф.Голощекин келді. Мәскеуден келе жатып ол пойыз үстінен қазақ даласын  шолды.   Басына сұрапыл ой келді. «Бұл елді  Ұлы Октябрь айналып өткен екен, бұл елде   Кіші Октябрь  жасау керек екен» деген.  Ол ақыры Кіші Октябрьді   жасады. Қарсы келгенді қазық қып жерге  қақты. Қазақ қоңыз теріп кетті. Шыбындай қырылды. Голощекині жоқ  Орта Азияның өзге  елдерінің  бағы бес елі  екен. Бұндай құзғын тырнағынан аман қалды. Кіші Октябрьді бастан кешкен қазақ байғұстың сүйегі шашылып далада қалды.

         Осылайша қаныпезер басшының басына келген бір ойдан түгел бір халық  жер бетінен жойыла жаздады. Шолақ басшылардан Ұлы дала шеккен қасірет  жалғыз бұл емес еді. Ең сорақысы – шолақ басшылар шолақ теориялар шығаруға шебер болып шығатыны. Большевиктік төңкерістен кейін Түркістанды басқаруға келген Иван Тоболин  1919 жылғы, 1921 жылғы қазақ даласындағы  ашаршылықты  көріп, төмендегідей теория шығарады:  «Марксистің теория тұрғысынан келгенде,  қазақ тәрізді экономикалық артта қалған халықтың аштан қырылып жатуы заңды» деген теория жариялайды және бұл теориясын қызыл комиссар жалпақ ел жиылған большевиктік жиында  жария етеді. Яғни Тоболин  теориясы бойынша ақсүйек  ашаршылық апатына   1919-21  жылдары қазақтың малына қырғидай тиген ақтар да, қызылдар да кінәлі емес, халық қолындағы бар астығын  тартып  алған «продразверстка»  кінәлі емес, кінәлі «экономикалық артта қалған қазақтардың өздері» екен. Яғни басшы ретінде  қол астында  қырылып жатқан халықты  құтқарудың орнына оны орға итерген болып шығады.                                                                      Тарихта таңбаланып, жалпы жұртқа белгілі  бұ жайттарды біз неге  келтіріп отырмыз? Ел басына  келген жоғарыдағыдай қаныпезерлер белгілі бір лаңды бастау үшін алдымен террористік  теориялар ойлап табатынын айтқымыз келді. Және соған жалпы жұртты сендіруге жан салатынын айтқымыз келді. Яғни кез келген террористік лаңның  бастау бұлағында  террористік теориялар жататынын  айтқымыз келді. Егер сол  сойқан теориялар ел басқарған   басшылардың  басына келсе, онда ол теориялардың салдары  жалпыұлттық қасіретке айналатынын айтқымыз келді.

                                                        ***              

          Тарихтың өне бойында әлді елдер  әлсіз елдерді отарлапты. Тонапты. Әлді әлсізді  екі бүктеп, бір шайнапты. Джунгли заңы. Адамзат осы заңмен өмір сүріпті. Тек ХХ ғасырда ғана бұл жабайылықтан бас тартыпты. Бірақ бұл жабайылықтан бас тартса да, империялық үстемдіктен бас тарта алмапты. Қараңыз, жаңа ғасырда да дамыған елдер мықты болуға, әлемді билеуге жанталасып жатыр. Джунгли заңы қалғымай жұмыс істеп тұр. Джунгли заңы бұрын қарумен жүзеге асса, бүгінде ақпарат құралдары арқылы,  ақша арқылы қол-аяғыңды шырмайды. Кіріптар етеді. Тәсіл – жаңа, мақсат – ескі. Әлеуетті елдер  жаппай қаруланып жатыр. Сын сағаты соққанда  бұл қарулар әлемнің күлін бір сағатта көкке ұшырып, жер бетінде ақырзаман  орната алады.

                                                   ***

        Батыстан үйренетін де, жиренетін де нәрселер көп.

Үйренетін нәрселер:

1. Ғылымға, өнертапқыштыққа басымдық берді, ортағасырлық мешеуліктен ерте шықты. Инженерлік ой дамыды. Соның арқасында отқару дамыды. Отқару арқасында батыс әлемді биледі.

2. Тілі мен мәдениетінің өрісін кеңейтті. Өркениет көшін бастады.

3. Халқы құлдық сананы бастан кешпеді.

Жиренетін жақтары:

  1.  Ғарыштап дамыған прогреске табынып, Құдайды ұмытты. Адамды Құдайдан жоғары қойып, нәпсі қуып кетті. Енді бүгінде нәпсі дегеннің  аранын толтыра алмай әлек. Нәпсі дүниенің түбіне жетуге беттеді.
  2. Астамшылық, өзімшілдік өктеді.
  3. Өзімшілдер  өзге үшін емес, өзі үшін өмір сүреді. Тіптен бала үшін де өмір сүргісі келмейді. Соның арқасында батыс демографиялық дағдарысқа ұшырады. Бала туу күрт қысқарды.
  4.  Демографиялық апат бұл құрлықтың түбіне жетуге беттеді. Бұл –Құдайсыз прогрестің барар жер, басар тауы.

             Абзалы – алға шыққан елдердің жақсысынан үйрену, жаманынан жирену. Сырты жылтырағанның бәрі алтын емес.

                                                                 ***

           Алланы сүйген опынбас, адамды сүйген опынар. Атеистік қоғам қасіреті. Алласыз адамнан әбден түңілген батыс «адам – адамға қасқыр» деп түйді. Бір мысал. Атеистік қоғамда адам адамға емес, мөр басқан қағазға сенеді. Діні аманда Ұлы дала елі қағазға емес, адамға сенетін. Сөзге сенетін. Сөзінде тұрмағанды адам санатына қоспайтын. Сол ата дәстүр ауылдық жерлерде әлі сақталған. Сәл нәрсеге қағаз алып, қағаз беруді ұят көреді. Ауылдың бұл әдетін бүгінгі бухгалтерия түсінбейді. Бухгалтерия адамға сенбейді, қағазға сенеді. Өйткені бухгалтерия  батыстан келді. Адамға сенбейтін қоғамнан келді. Бізге ХХ ғасыр басында келді. Қағазсыз адамға сенбейтін қоғам тудырған қажеттілік. Адамға сенбейтін зайырлы қоғам тудырған қажеттілік. Зайырлы қоғам – Құдайсыз қоғам. Бір ғасырдай болды, біз де зайырлы қоғам құрып жатырмыз.  Зайырлы қоғам құрып болған батыста, басқасын былай қойғанда, бір отбасы мүшелері бір-біріне сенбейді. Сондықтан батыста неке шартына қол қойған кезде,  тағы бір қосымша  шартқа қол қоясың. Ажырасқан жағдайда үйдегі байлықты қалай бөлісу жөніндегі  шартқа  қол қоясың. Біз де бүгінде зайырлы қоғам құрып жатырмыз батыс үлгісімен.  Ендеше үйленбей жатып ажырасуды ойлайтын ондай шартқа біздің де қол қоятын күніміз алыс болмаса  керек.

                                                          ***

           Ақсақалдарымыздың өздері ел алдына шығып, орыс тілінде көстеңдеп  отырады. Ана тілімізді  аяқасты етудің бұдан өткен сорақы тәсілін табу қиын. Бұ байғұс халықтың «ақсақалдарының» өзі осындай  «өнеге» көрсетіп отырса, онда өзге жұрттан не қайыр?!

                                                          ***       

         Орыстілділер орыс тілі үшін күреседі. Қазақтілділер қазақ тілі үшін күреседі. Күндердің күнінде осылар бір-бірімен күресіп кетпесе неғылсын. Ел бірлігі үшін тіл бірлігі қажет екені содан.

                                                         ***

                     Өзге тіл деп өңмеңдеп жүргенде  ана тіліміз архаизмге айналып кете ме қорқамыз.                

                                                        ***

        Өз тіліңе деген опасыздық өзге тілге табынудан  басталады. Ана тілге деген опасыздық түбінде атажұртқа деген опасыздыққа ұласады. Өйткені өз тілінен безіп,  өзге тіл тобына өткендер өз тілінің ғұмырын қысқартады.  Өзге тілдің ғұмырын ұзартады. Өз елінің ғұмырын қысқартып, өзге елдің ғұмырын ұзартады. Ендеше тіл үшін күрес – ел үшін күрес. Бұл өзге тілді білме деген сөз емес. Бұл – өзге тілді білген сайын, өз тілің мен еліне табына түс деген сөз. Сонда ғана тілің – тіл, елің ел болмақ.                             

                                               ***

                                     Соңғы сот       

 Болары оның айдан анық,

Одан сен құтыларсың қайда барып?

Алданып жалғаншыға жүре бермей,

Алланың ақиретін  ойға алалық!

Ақшаға бәрін сатып аламын деп,

Байлықпен болып әбден толамын деп.

Ойлама қанша толып болсаң-дағы,

О дүниеде жазасыз қаламын деп.

Соңғы сот түбінде бір болары анық.

Ол сотқа адам біткен барары анық.

Алла алдында адамның әрбір ісі,

Таразыда бағасын алары  анық.

Фәниде мына малданып малға,

Бақи жоқ деп алданып қалма!

Әділет мәңгі салтанат құрсын деп,

Соңғы сотты қолға алыпты Алла.

Соңғы сот!

Түбінде бір болары анық.

Қиямет. Мақшар таңы. Олар анық.

Шарапатың жолыңа жарық болса,

Кесапатың жағаңнан алары анық.

Бұл өмір түбі бір тоқталады.

Тіршілік жер бетінен жоқ болады.

Ақ пен қара айырылар соңғы сотқа,

Адамзат ақыр түбі тап болады.

          Бұ кісі, өзі, мына сөз саптасына қарағанда, ана жаққа барып келгенге ұқсайды ғой деп кекетеді  оқырман. Осы арада,  сондықтан өз басымыздан өткен  мына бір оқиғаны еске алдық. 1982 жыл. Көктем. Түс әлеті еді. Қалғып-мүлгіп ішкі бөлмеде жатқанмын. Көзім ілініп кетсе керек. Бір кезде бақсам, құстай ұшып құнтиып  аш ішектей шұбатылған қараңғы үңгірмен зымғап келемін. Тәнім жоқ. Қайда қалғанын білмеймін. Бірақ бір уыс жаным бар. Зымырап  келемін. Ұзын-шұбақ туннельдің арғы басында дөңгелене ағарып шығар ауыз көрінеді. Солай қарай ағып келемін. Ақыры  туннель артта қалды. Зымғап  барып бұрын кезікпеген  беймағлұм  әлемге шықтым. Жан-жағым қырмызы рең жайқын  көк. Сол биікте тұрмын  қалықтап. Жаным жусап, бұрын-соңды болмаған рахат күй кешеді. Тән жоқ,  жан бар. Құлдырап, құйқылжып ләззат кешкен жан. Көз жоқ, көріп тұрмын. Сөз жоқ, біліп тұрмын. Ыстық та жоқ, салқын да жоқ.  Төңірек тек жатқан тыныштық. Байғұс жанды ана құшағындай албыратып  бақытқа  бөлеп тұр. Төрт құбыласы тең   мамыражай кеңістік. Жер бетінде  жаныңды иттей жейтін ащы ойлар  жоқ. Ұшты-күйлі жоғалған. Қайғы-мұңсыз, бір шексіз әлем құшағындамын. Жан байғұс мерекелеп тұр, лекілдеп тұр.  Мәңгілікке  мәз. Өткіншіден құтылғанына мәз.  Ақиқат әлеміне мәз. Бірақ жан түкпірінде бір үрей қылтияды, басқа қонған осы бір бақтан айырылып қалам ба деген үрей. Артта қалған беймаза әлемге қайта айналып барудан қорыққан  үрей.  

       Ой-сана сайрап тұр. Төл мекенін тапқан. Төл мекені осы екеніне имандай сенеді.  Ендігі тілегі – енді осы әлемде  қалу.  Басына қонған көл-көсір бақыттан айырылмау. Осылай деп бебеулейді жан байғұс. Балқиды бақ құшағында. Арманы – ұлы ақиқат аясында қалу. Бірақ болмады. Бір ғайып жанын әкеп, жер бетіндегі  тәніне қуып тықты. Тіріле кетсем,  өз үй – өлең төсегімде жатырмын. Төңірегім толған ақ халаттылар. Бетіме су бүркіп,  шапалақтап жатыр. Уколдап жатыр. Сөйтсем, мен жарты сағат бұрын төсегімде жанұшыра айқайлап, көзім ақиып,   өзіммен-өзім арпалысып, естен таныппын. Үйдегілер үрпиіп, зәресі ұшып кетіпті. Жұмажан дереу жедел жәрдем шақыртыпты. Сол шиыршық атқан арпалыс үстінде арқа етім арша болып жыртылып кетіпті. Ауырып қақсай бастады. Дәрігерлер апарып ауруханаға  салды. Екі ай жаттым неврологиялық госпитальда. Қазіргі Абылай хан бойындағы. Менің сол 1982 жылы көктемде бастан кешкенім медицина тілінде  «клиникалық ажал»  деп аталады екен. Бұны бастан кешкендер о дүниеге «барып келгендер» санатына жатқызылады екен. Әлемде мұндайды бастан кешкендер  жалғыз біз емес екенбіз. Олар жетіп-артылады екен. Ондай оқиғалар  жайлы талай кітаптар жазылып, диссертациялар қорғалыпты. Оны біз соң білдік.

                                           ***

        Күнәсіз адам болмайды. Алғашқы атамыз – Адамның өзі, алғашқы анамыз – Хауаның  өзі жұмақтан күнә жасап қуылған. Жер бетіне күнәһар күйінде  түскен. Мың жылдай күнәсін көз жасымен жуған. Олардың тұңғышы Қабыл Ібіліске еріп, інісін өлтірді. Ібіліс те Жаратқанның бір періштесі еді. Тәкаппарлық оны  Құдайдың қарғысына ұшыратты. Сайтанға айналды. Бұдан біз нені көреміз?  Құдай жаратқан періштенің өзі күнәдан құралақан болмағанын көреміз. Күнәһарлықтан періште де, адам да құралақан болмағанын көреміз. Әсіресе күнәһарлық оттан жаралған періштеге  емес, топырақтан жаралған  адамға тән екенін көреміз. Сұрақ туындамақ. Күнә адамға тумыстан тән  болса, одан арылу мүмкін болмаса, онда сол күнәға белшемізден батып жүре бермейміз бе деген. Жоқ. Олай емес. Жаратушы алғашқы  Адамды  пәктікпен жаратты. Бірақ адам Ібіліске ерді. Күнәға батты. Ол өзінің күнәға батқанын түсінді, қатесін көз жасымен жуды. Алланың жер бетіндегі алғашқы пайғамбарына айналды. Бұл бізге қасиетті кітаптардан жеткен тәмсіл. Күнәһар шын жыласа  Алла кешіретіні туралы тәмсіл. Атамыз қазақ бұ тәмсілді бір ауыз сөзбен «Адасқанның айыбы жоқ, жүрер жөнін тапқан соң» деген.

         Ет пен сүйектен жаратылғаннан кейін пенде байғұстың шалыс қадам баспайтыны, сүрінбейтіні жоқ. Мәселе – сол қателіктен қандай қорытынды шығара білуінде. Адамның адамдығы осы сын өткелде көрінеді. Тіптен қателікке ұрынған пенденің тақуалығы өзгелерден оқ бойы алға шығып кететіні туралы да тәмсілдер жетеді. Орта ғасырда Тибетте тақуалықтан алдына жан салмаған Миларепа әулие өтті. Сөйтсе, оның тақуалық жолға түсуіне де себеп болған ауыр күнә болыпты. Ағайындарын қырып салған қарақшыларды Миларепа да қуып жетіп, қырып салған. Содан «соншама адам қанын мойныма жүктедім» деп тауға қашып, жалғыздан-жалғыз тақуалық жолға түседі. Бүкіл өмірі үңгірде өтіпті. Басына әулиелік қонып, алақаны тиген тас балқитын болған. Адам құдіретінің куәсі – сол тастар Тибетте  әулие үңгірінде  әлі тұр.

       Әулиелер табаны тиіп балқыған  тастар қазақ жерінде де бар.  Маңғыстауда Ұштаған ауылы маңында Масаты әулиенің ізі жатыр, тас бетімен жүгіріп өткен. Өз көзімізбен көрдік. Бірақ біздің әңгімеміз бүгін ол туралы емес. Күнә туралы. Адамға тән осы бір жиіркенішті қасиет туралы. Өмірінде кез келген адам қышқыл дәмін татып көретін осы бір захар туралы. Сайтан сыбырымен сол захар дәмін татқан пенделердің  өзінен-өзі шошып, зар қақсап Хақ жолына түсетіні туралы және олардың Алланың сүйікті құлы – әулиеге  айналатыны туралы. Пайғамбарлар жолына түскен  сол әулиелер  алдымызда алаудай жанып, қара түнді қақ жарып жол ашатыны туралы. Қамалып тұрған халықты Хақ жолына бастайтыны  туралы. Шалыс басудан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырынан сақтайтыны туралы. Сайтанның сыбырына еремін деп, өмірде у ішкендер қатарында ұстаздардың ұстазы Құл Қожа Ахмет, Имам Ғазали, Софы Аллаярлар жүр: «Мен өлгенде артымнан тас атыңдар!» деген сөз солардан қалған. Өткен ісіне өкініп «аһ» ұрғандар қатарында Абай да бар.  Мінім «тау тасындай, аз емес» деп, ол да «аһ» ұрды. Алыптардың алыптығы сол – шалыс қадамдарынан дер кезінде шоши біліпті және сол қателіктеріне қарсы қиян-кескі майдан аша біліпті. Кейінгі ұрпақ сол қателіктерге ұрынбаса екен депті.

                                        

 

                                      

 

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39