Қос қанатты қаламгер

Елен ӘЛІМЖАН

24.09.2020, 10:13

1793

     Өткен ғасырдың 60-жылдары мерзімінде өзіндік ерекшелік бар әңгімелер жазып жүрген «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш) жас редакторының «баспасөз басшылығынан кетсе, жазушылықтан да кетеді» деген сынға ұшырағанын көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Бірақ Шерхан Мұртаза редакторлықтан да, жазушылықтан да кеткен жоқ. Нағыз «ертеден шапса кешке озған, еңісте шапса төсте озған» жүйріктің өзі болып шықты. Өзі «екі қанатым» деп есептейтін журналистика мен жазушылықтың екеуінде де ол кісі таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізді.

      Кісі таңғалатыны – біздің есімізде. Ол сияқты баспасөзде 40 жылдан астам басшы бола қойған жоқ. Шығармашылығын аудармашылықтан бастап, эпопеялық деңгейде көптомдық роман жазған жазушылар да саусақпен санарлық. Ең кереметі – оны редактор ретінде билік те, халық та бағалады. Тіпті көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып кетті. Ырымшыл қазақ отбасыларында Шерхан атты сәбилер көбейді.

      Бұның сыры неде? Әрине, шағын мақалада оны толық ашып беру мүмкін емес. Дегенмен редактор-жазушыға көп жыл атқосшы болған және шығармаларымен түгелге жуық танысқан адам ретінде оның қайраткерлігі мен шығармашылығының басты ерекшеліктерін терең талдамасақ та, түйіндеп өтуге болады.

   Шерхан Мұртазаның үнемі басшылық қызметте болуы орынтақ құмарлығы емес. Егер Шерағаң орынтақ құмар болса, тоталитарлық жүйе кезінде халқының ұлттық мүддесін қылкөпірдің үстінде жүргендей күй кешіп жүріп қорғамас еді. Орталық комитетке үстінен жазылған арыз бірнеше папка болғанын өз аузынан естігенмін. Демек, «халық жауы» деген жаланың құрбаны болған әке мен жастай жесір қалып, үш баланы өлтірмеу үшін өлермендікпен өмір сүрген анадан туған ұлдың көкірегіне шер тым ерте қатқан. Сол шер Алаш арыстарының көзін көрмесе де, ісін жалғастыруға «мәжбүрлеген».

      Әрине, Шерағаң аттандаған да, ұрандаған да жоқ. Ол коммунист, басқа да редакторлар сияқты партия шешімдерін бұлжытпай орындады. Бірақ өзіндік ерекшелікпен орындады. Кез келген қаулыда халыққа жаман болсын демейді ғой. Міне, сол жақсы болсынды ол ары қарай шығармашылықпен дамыта алды. Алайда қаулыдан бөлек, басшының қабағы деген болады. Ол қаулыдан да бетер. Қабағының қалауын істемесең қағып тастайды. Тек табанының бүрі, жүрегінің түгі бар редактор ғана басшының қабағына құрсы тұрады. Онда да қаулыны шығармашылықпен түсініп, талдай алса ғана. Шерхан Мұртаза сондай редактор болды. Екінші ерекшелігі – ол кейбіреулер сияқты ертең орныма таласады деп үрке қарамай, жанына кіл таланттарды жинап топтастырды. Алпысыншы жылдары «Лениншіл жасқа» Әбіш Кекілбайды, Фариза Оңғарсынованы, Мұхтар Шахановты, Оралхан Бөкейді, Ақселеу Сейдімбекті, Кеңшілік Мырзабековті, Кәрішал Ахметбековті, Қуанышбек Құрманғалиды, Кәдірбек Сегізбаевты, Сейітқазы Досымовты және басқаларын Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиып алды. Олардың көпшілігі кейін атақ-даңқтары Алаштан асып, әлемге танылған тұлғаларға айналды. Бірақ ешқайсысы Шерхан Мұртазаның беделіне нұқсан келтірген жоқ. Қайта «біз Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтанды.

    Сол жылдардағы «Лениншіл жас» маған Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетін (1913-19 жылдар) есіме түсіреді. Ахмет Байтұрсыновтың айналасына топтасқандар «Алаш» партиясының Қазақ автономиясының бағдарламаларын жасауға белсене атсалысты. Сөйтіп, нақтылы тарихи жағдайға байланысты үлкен миссия атқарды. Шерхан Мұртазаның «Лениншіл жасында» топтасқандар тап сондай бағдарлама жасамаса да, ұлт мәдениетінің ірі тұлғаларына айналып, егемендікке ұмтылған елдің өмірінде елеулі із қалдырды. Енді ол кісінің нақты істің адамы екеніне дәлел ретінде өзім көзіммен көрген бірнеше мысал келтірейін.

     Шерағаң республикалық телерадио компаниясының басшысы болғанда ұзақ жыл бойы шешімін таппай жүрген бірнеше мәселе болды. Оның біріншісі – телеарнаның шығармашылық ұжымы мен техникалық орталығы екі дербес мекеме болатын. Көлік немесе камера алу үшін журналистер техорталыққа апта бұрын тапсырыс беріп, алашапқын болып жүретін. Алдын ала тапсырыс болмаса, шұғыл түсірілімдерге «тапсырысың жоқ» деп, камера да, көлік те бермей діңкеңді құртатын. Шерағаң осы мәселені лезде шешіп тастады. Екі жақтың уәжін тыңдап алды да, екі ұжымды қосты да жіберді.   Екінші сағызша созылып келе жатқан мәселе – облыстарда орысша хабарлардың басымдығы болатын. Шерағаң еліміздің солтүстік облыстарына өзі ұшып барып, олардың бірінші басшыларына мәселені батыл қойып, бірнеше аймақтық телерадиокомпанияларының басшылығына жергілікті қазақ қаламгерлерін қойды. Сөйтіп, сонау Сағат Әшімбаевтың кезінен көтерілген мәселе шешімін тапты. Үшіншісі – пәтер мәселесі болатын. Газеттегі журналистер ары кеткенде 3-4 жылда баспаналы болып жатқанда, телерадиодағылар баспананы он жылдап күтуші еді. Шерағаң басшы болып келген соң, ұжымына 55 пәтерлік бір үйді түгел алып берді. Бұл телерадио тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай еді.

    Шерағаң парламент мәжілісі депутаты болған жылдардағы қайраткерлігі көпшіліктің жадында. Дегенмен өзін сайлаған аймақтардың аманатын да тиянақты орындаушы еді. Соның арқасында газ, су жүргізіліп, мектеп, аурухана салынған ауылдарды білемін.

     Енді бірер ауыз сөз ол кісінің шығармашылығы туралы. Шерхан Мұртаза лирикаға толы әңгімелерімен шектеліп қалған жоқ. Ол көп жазушылар бара алмаған тақырыптарды игеріп, тыңға түрен салды. Коммунист редактор тың көтеру және өндіріс тақырыптарына партия шақыруымен ғана бармаған сияқты. Ата-бабасының жерінде осындай өзгеріс болып жатқанына бейжай қарай алмағанына оның сол тақырыпта жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы» хикаяттары мен әңгіме-очерктері, сондай-ақ кеншілер өмірінен жазылған «Қара маржан» романы, «Бұлтсыз найнағай» хикаяты дәлел. Өйткені бұл шығармаларында бүгінгі күннің кейіпкерлерімен бірге, үнемі аруақтар жүреді. Бүгінгі жыртылып жатқан жер, қазылып жатқан кен солардыкі болатын. Автор өз шығармаларын сол аруақтар мен тірілер арасындағы нәзік бір тінді жалғастыра отырып өміршең етіп бере алған.

    Бүкіл әлем халықтарының тағдырына әрқилы әсер еткен Қазан төңкерісі туралы қазақта кең тынысты үш қана көптомдық жазылды. Олар – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Хамза Есенжановтың «Ақ жайығы» және Шерхан Мұртазаның көптомдығы («Қызыл жебе», «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ»). Әрине, Сәбит Мұқановтың «Ботагөзі» және басқа да шығармалар болды. Бірақ осы аталған шығармалардың барлығынан Шерхан Мұртазаның көптомдығы ерекшеленеді. Неге? Өйткені бұл шығармада қарапайым қазақ ауылынан бастап, сол кездегі қоғамның барлық қатпары, Кремль, «Бутырка» түрмесіне дейін қамтылады. Екіншіден, бұл тақырыпқа жазған өзге жазушылардың, оның ішінде орыс жазушыларының  (Шолоховтың «Тынық Доны», А.Толстойдың «Азапты сапары», Пастернактың «Доктор живагосы») романдарының кейіпкерлері қарапайым адамдар болса, Шерхан Мұртаза өз романында қазақтың ғана емес, бүкіл федерацияның, қала берді, халықаралық интернационалдың көрнекті қайраткері Тұрар Рысқұлов пен оның тұстастарының көркем бейнелерін жасайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04