06.06.2023, 11:34
4089
Қожекедей күйші өткен өзі батыр,
Ол жайында әңгіме толып жатыр.
Әділдік табамын деп әлем шарлап,
Тас көмірге қарылды соңында ақыр.
Қапез Байғабылұлы
1977 жылы шілде айында Шибұт ауылынан келген үлкен жеңгемнің бауыры Мышан бір әңгіме айтты.
— Нарынқолда халық арасындағы талантты өнерпаздардың байқауы өтіпті. Солардың ішінде сенің апаңмен аттас, ХІХ Партсъезд ауылында тұратын Зейнехан деген әйел домбыра тартудан ешкімге дес бермей, бірінші орын алғанын естідім. Біздің Мамытқан әкеміз барғанда құры қалмас еді, – деді.
– Ол кісі домбыра тарта ма?
– Тартқанда қандай, ана әйел қандай күй тартқанын білмеймін, әкеміз Қожеке мен Рақыштың және басқаның күйін тартады. Оның үстіне Мүптібек ағамыздың әйелі атақты күйші Қожекенің немересі, Рақыштың қызы, аты Зияхан, – деді.
Мышанның бұл әңгімесі мені елең еткізді. Ауданда домбыра тартып, күй шертетіндерді бұдан бұрын естімегендіктен, Мамытқан мен Зейнехан қандай күй тартады екен деп, әкемнің әкесінің ағасы Шалтабай домбырашы, күй шығарған, ақын болған деген сөзі ойыма қамшы болып тиді. Мүмкін олар Қожекеден басқа Шалтабайдың күйін білетін болар деген сұрақ тұрды.
Тамыз айында кезекті еңбек демалысымды алып, Алматыдан Шалкөденің Ақбұлағындағы әкемнің отыратын жайлауына келдім. Шалкөде өзенінің қабағындағы ағамның үйінде дем алып жатқаныма бір-екі күн өткен. Түске жақын иттің абалағанынан сыртқа шыққанымда басында тақиясы бар, қызыл шырайлы, сақалы кеудесіне түскен қария жетектегі атымен есік алдына тоқтады.
– Ассалаумағалайкум!
– Уағисалам, балам біздің келін жоқ па? – деген де үйден жеңгем шығып,
– Ата амансыз ба? Жеңгем жоғарғы ауылда болуы керек, – деп, менен бұрын жауабын берді. Келген кісі кідірместен атының басын кері бұрып, кете берді. Жетектегі аты бар бұл кісінің қайталанбайтын бейнесі көз алдымнан кетпеді. Желе жортып, алыстай берді. Мен артынан ұзақ қарап, ол адамды әлдекімге ұқсатқым келді. Бірақ кімге деген ойымды жеңгем бұзды.
– Бұл кісі біздің үлкен әкеміз. Аты Мамытқан, домбыраны қиын тартады. Ана Ақбұлақтың суының арғы жағындағы қарағайдың етегінде отырады, – дегенде Мышанның айтқан Мамытқан әкесі болды ғой. Алматыдан шыққанда ол адамға бір жолықсам деген үмітім болған. Енді, міне, құдайдың өзі алдыма әкелгені деп, ұзап бара Мамытқан қарияға қарадым да тұрдым.
— Онда мен ол кісімен кешке жолығайын.
–Барып қайт, – деді жеңгем.
Кеш батып, қой қораланғаннан кейін атқа мініп, қарияның үйіне беттедім. Ойым сан-саққа жүгірді. Кімнің күйін тартады екен? Қожеке күйші деген кім? Осы сияқты сұрақтың жетегімен Ақбұлақтың етегіндегі Мамытқан қарияның үйіне келгенімде, үлкен астың үстінен түсіппін. Төрдегі жозыға дөңгелектене отырған үйелмелі-сүйелмелі үш-төрт бала мені көріп орындарынан тұрды.
– Кел балам төрлет, жоғары шық, мақтап жүреді екенсің, деді жанына шақырды.
– Жол болсын?
– Мен Дүйсенбайдың інісімін ғой.
– А онда құда бала екенсің, бағана көрдім ғой. Кел дастарқанға, – деп, жылышырай танытты. Шай қойып отырған отыздан асқан келіншек пен қызыл шырайлы күйеуі менің бөтен емес екенімді біліп, жік-жапар болып, қал сұрасты. Біраз әңгіме айтылғаннан кейін мен келген шаруаммен;
– Ата, сіз домбыра тартады деген соң келіп едім.
– Е балам жөн, домбыра ұстамағаныма не заман. Кезінде домбыраны тартуындай тарттық. Көп атақты домбырашылармен дәмдес те болдық, көзін көрдік. Қазіргі жағдай мынау – домбыра жайында қалды. Мына кішкентайлар қолына домбыра ұстаса қуанып, білгенімді үйретіп қоямын. Қабілеті болса ұстап қал деймін.
–Сонда кімнің күйін тартасыз?
– Мына шай құйып отырған келінім, аты – Зияхан. Атақты күйші Қожекенің немересі, Рақыштың қызы. Рақышпен құда болып, балам Мүптібекке алып бердім. Қожеке заманында мықты домбырашы, күйші болған кісі екен. Есепсіз күй тартқан дейді. Күйлері де алуан түрлі болып келеді. Шертпе күйдің шебері болса, төкпе күйі де төгіліп тұрады. Әкесі Назар, атасы Қасабай да домбыра тартыпты. Қожеке атасы Қасабайға жақын өсіп, алты-жеті жасында-ақ домбыраға әуес болып, қосарланып, домбыра тартқан дейді үлкендер. Балаға әкеден, одан кейін атадан дарыған өнер ұрпаққа жалғасқан. Қожекенің балаларының көбі домбыра тартудан құралақан болмапты. Әсілі арғы аталарынан бар. Олардың ішінде Рақышқа жетер ешкімі жоқ. Әкесі Қожекенің көп күйін Рақыш тартатын. Сол кісіден және басқалардан елге тарап, бізге жетті. Қожеке ілгер заманда қазіргі Іле қазақ облысында өмірінің ақырғы күндерін өткізіпті. Ал біздің әкелеріміз ол жаққа кейін барған. Рақышпен Шолақтерек, Қапсалаң, Үшқұштай деген жерлерде бірге жүріп, той-думанды бірге өткізген. Сондағы қызайларда Қожекенің күйін тартатын. Екі-үш кісі бас қосқан жерде «Қожекенің күйін тартыңдар» деп отыратын. Мен де тартамын.
– Сіз Қожекенің Іле өңіріне ерте барған дедіңіз. Оған дейін қай жерде жүрген екен?
– Қожекенің және біздің ата-бабамыздың жері Нарынқол мен Кеген өңірі. Өзі Қарқарада дүниеге келіпті. Жасынан өжет, тік мінезді, сөзге шешен, батыр тұлғалы болып өсіпті Қожеке. Ол заманда ол өңірді патшалық Ресей түгел отарлап, саясатын жүргізген. Жаңа заңмен ауыл-ауылға би, болыс, сайлапты. Қожеке сайлауға түсіп, болыс та болған көрінеді. Келесі сайлауда мәнсабына іліге алмайды. Себебі оның мінезі, айтқанынан қайтпайтын батылдығы мен батырлығы ақ патшаның адамдарына және билікке ұнамайды. «Егер Қожеке осы жолы болыс болып кетсе, бізге түбі бой бермейді» деген оймен болыстыққа өткізбеген. Заманның бұл әділетсіздігіне, ақ патшаның үстемдік пиғылы мен озбырлығына күйініп, Қожеке 25 үймен Іле өңіріне өтеді. Содан бері елдің есінде «25 үй Қожеке» деген сөз қалған. 25 үйдің бір мұншасы өзінің жақын туыстары, екі үйі қырғыз және басқа атаның бес-алты үйі бірге көшкен.
Қырғыздың бір үйі өзінің айнымас досы Қасымбек болыпты. Ол темірден түйме түйген өте шебер, қолынан келмейтіні жоқ ұста болған көрінеді. Ел-жұртқа өкпелеген Қожеке қасына Қасымбекті ертіп, 25 үйге жайлы қоныс іздейді. Талай жерді аралап көрді. Ақыры елге жайлы әрі туған-туысқанға жақындау қазіргі Өр Текеске тұрақтайды. Ол уақытта Қытайды Ежен хан деген патша билеп тұрса керек. 25 үй барған жерге тез сіңіп, айналасына жекжат-жұраттарын, басқа да атаның балаларын жинайды. Бірер жылда өзі қоныстанған өңірге 400-дей түтінге жеткенде Қожекені ақалақшы сайлапты. Қожеке ақалақшы болғаннан кейін ел ішінде беделі өседі. Атақ-абыройы да асқақтайды. Оның үстіне мықты күйші болғандықтан, көпшілік өнерін жоғары бағалап, құрметтейді. Көршілес отырған басқа ақалақшылар оның ел ішінде үлкен бедел алып бара жатқанын көре алмайды. Қалайда бір ілік іздеп, абырой беделін түсіруге тырысады. Дәл осы кезде Қашқардан Құлжаға келе жатқан сауда керуені тоналады. Бұл хабар елге тарап, оны Қожекеге жабады. Содан үстінен іс қозғалып, тергеуге шақырады. Бірақ Қожеке бұған өзінің қатысы жоқ екенін мойындамайды. Еш кінәсі жоқ болған соң бармай да жүреді. Жала жапқандар қалайда оны қаматудың амалын іздеп, Құлжада оқитын Нұрқа деген баласына өтірік хат жазғызып, «әке келіп кет, шашым өсіп, үстім кірлеп жүр» деп хабар бергізеді. Хабар Қожекеге оңай тимейді. Баласының қиналып жүрмін дегенін естігенде: «Мына қытай маған не істейді, керуенді тонаған мен емес, әділдік жеңеді» деген ниетпен атына мініп, Құлжаға жалғыз аттанады. Оның ел-жұрты «жалғыз бармаңыз, қасыңызға біреуді ертіп алыңыз» деп айтқанына көнбейді, өзі кетеді. Баласы оқиды деген жерді тауып, атынан түспей, дарбаза сыртынан: «Мен осында оқитын баламды іздеп келдім» деп күзетшіден сұрайды. «Сіз кім боласыз?» деп сұрайды күзетші. «Мен Қожекемін» дейді. Ол ішке кіріп: «Қожеке деген адам келіп тұр» деп хабар береді. Оның бұл сөзіне іштегілер сенбей, «онда дарбазаны ашып, атынан түсіріңдер. Ол сезіктенбесін. Секем алса атты адам қашып кетуі мүмкін. Еш күдік тудырмай, амал жасаңдар» деп бұйырады. Ішке кірген қайта шығып, «балаңыз бір жаққа жұмысқа кетіпті, кеш келетін көрінеді. Атыңыздан түсіп демалыңыз» деп бәйек болыпты. Бірақ Қожеке аттан түспейді. «Балаңыз кеш келеді екен, оның үстіне алыстан жеткен сияқтысыз» деген жылы сөздер айтып, Қожекені атынан түсіріп, дарбазаны ашады. Атын бір жаққа, өзін бір бөлмеге кіргізгенде қолына кісен салады. Сонда Қожеке алданғанын біліпті. Көп кешікпей баласы Нұрқанын да қасына әкеліп, бірге қамайды. «Керуенді тонағаныңды мойында. Мойындамасаң аман шықпайсың» деп тергеуге алады. Жалаға жан күйген Қожеке бұған қатысы жоқтығын білдіреді. Керуенді тонамағанын айтып, ақталса да, түрмедегілер оған сенбей, мойындату үшін азаптап, неше түрлі әдістер де қолданады. Қожеке болса, кінәсіз екенін айтудан жалықпайды. Ақыры тергеуден еш нәтиже шықпаған соң, Қожекеге тағы бір айып тағылады. Оны Дадай деген ақалақшы «Қожеке өкіметке қарсы жасақ жинап, төңкеріс жасамақ ойы бар. Ауылында бес қарулы адамдар басқарып жатыр» деп, олардың аттарына дейін айтып, арызданады. Бұл арыздан кейін жергілікті жерден жасақ шығып, Қожекенің ауылын бір түнде басып қалып, үй-үйді тінтіп, қару-жарақ табады. Қожеке ауылдан аттанарда «қамсыз болмаңдар, ауылға күзет қойып жүріңдер. Жаман айтпай жақсы жоқ. Сақ отырыңдар. Мына жаланың сұры жаман» деп аттанған екен. Сол түні күзеттегі адам ұйықтап қалып, өкіметтің жіберген жасағы ауылды тырп еткізбей, шырт ұйқыда басып кірген. Осыдан кейін Қожеке қайта тергеліп, сұраққа алынады. Қару-жарақтың неге керектігін сұрағанда, аң аулау үшін деп жауап береді. Сондай-ақ «өкіметке қарсы адамдарың бар екен. Ақбура, Шалбар, Қырбас, Шал, Ыбырайыммолда дегендер кімдер?» деп тергейді. «Ол қазақтың жалпақ тілі – ақбура деп түйені айтамыз, шалбар деп бұтқа киетін шалбарды, қырбас деп қырқаның дөңесін, ал шал деп қартайған ер кісіні, ал молда деп Құран оқитын молданы айтамыз» дейді. Түрмедегілер Қожекеден еш дәлел таппағаннан кейін азаптаудың ауыр тәсілімен қинайды. Жаңадан сойған малдың терісіне орап, отқа қыздырып қақтайды. Арқасына шоқ басады. Қожекенің жаламен түрмеге түскенін досы, қызай Тойымбай естіп, өкімет адамдарынан араша сұрағанмен іс бітпейді.
Ақыры түрмедегі Қожекені үш күнге бар малын кепілдікке қойып, өз ауылына әкеліп, сый көрсетіп, қонақ етеді. Бала-шағасымен қауыштырады. Тойымбайдың үйіндегі межелі уақыт тез өте шығады. Үш күн бойы Қожеке домбыра тартып, ойындағы бар арманы мен жан дүниесіндегі тебіреністі күй арқылы жеткізеді. Досы да оның жан сырын ұғып, «Қожеке сен мына азаптан құтылуың қиын, өзің келген орыс жеріне кет. Мен сені осылай құтқарамын, басқа амал жоқ. Мына қытай маған не істей алады. Бар болса, малымды алады. Сен қаш», деп достық пейілін білдіреді. Бұған Қожеке көнбейді.
Тойымбайдың бұлай айтудың бір сыры бар еді. Бір жылдары Қожеке досы Қасымбек екеуі жер көру үшін ел аралап, Тойымбайдың үйіне түсіп қонақ болды. Үй иесі қонақтарының ішкі жақтың адамдары екенін байқап, сый-құрмет көрсетеді. Қолдарындағы «Көксауыр» мылтықтарын көріп, қатты қызығады. Әңгімеден әңгіме туып, екі жақта бір-бірін жақсы таниды. Сөз арасында Қожекенің қолындағы мылтығына қызығып, «құда түседі». Осыдан кейін Қожеке мен Тойымбай дос болып, жақсы араласып кетеді. Достық пен сыйластықтары жиі араласумен жалғасады. Тойымбайдың үйінде болған Қожекенің үш күні үш сағаттай сырғып өте шығады. Үш күн домбыра тартылып, небір адам жанын тебіретелік шертпе күйлер шертіліп, мұң мен зардың күй төгіледі. Көңілдің жан сарайын ашатын қағыстардан күмбірлеген алуан күйлердің толқындары талай жұмбақ әлемінің есігін ашып, жабады. Күйшінің еліне, жеріне арналып тартылған күйі үлкен толғаныстың сырын ашады. «Мұңлық пен Зарлық», «Қызының жылауы», «Айнабала», «Тойымбайға», «Сәлемдеме» деп қазаққа, қырғызға, орысқа арнап, үш күй тартады. Үш күй бір-біріне ұқсамайтын ырғақтарымен әркімнің көкейіне сыр болып құйылады. «Тоғызатар», «Жайқоңыр» сияқты күйлер де дүниеге келеді. Күйдің құдіретін түсінгендер көздеріне жас алып, тебіреніспен тыңдайды. Домбыра шанағынан шыққан неше бір ащы, әрі тұщы, мұңлы да зарлы, көңіл көтерлік ырғақты саздар кейде теңіздің толқынындай тербелсе, енді бірде күңіретіп кетеді. Тыңдаған жұрттың көңіл күйлері де домбыра шанағынан шыққан үнмен тербеледі. Тойымбай мұны тыңдап, ойы да сан-саққа жүгіріп, Қожекедей досының ішкі сезімі мен толқудағы тебіренісіне күйзеліп тыңдайды, әрі тар қапасқа жібергісі келмей, іштей қиналады. Оны қалайда түрме азабынан құртқарып алуға шамасы жетпейтінін ұғынып, іштей мүжіледі. Ақыр аяғында қоштасатын мезгіл де жетеді, сонда Тойымбай: «Қожеке, сен қаш, орыс жеріне кет, азар болса мына қытай менің бар байлығымды алар, басқа не істер» деп жүректегі сөзін тағы да қайталайды. Бұған Қожеке көнбей, «уәде құдай сөзі» деп келісімін бермейді. Жиылған қауым күйшіні қимай қоштасады. Олардың жүректері күймен бірге жылап, еңселерін басып, күйдің үні күңіретіп жібереді. Қалың жұрт жаламен кетіп бара жатқан батыр күйшінің тағдырын аянышпен қарап, тұла бойлары мұздап қала берді. Қолдарынан келер шара болмағандықтан, айдалып бара жатқан мұңлыққа ұзақ қарап, жылап қоштасады.
Түрмеге түскен Қожекені тағы да тергеу жалғасып, неше түрлі азаптаудың астына алып қинайды. Жалаң арқасына тас көмірдің қызып тұрған шоғын басып, қолына домбырасын береді. Жан дәрмені құрыған ол домбырасын алып, «Шоққа қару» шертпесін тартады. Шертпеде қайсарлық пен бойындағы табандылықты күй тілімен жеткізеді. Бойынан әлі кетіп, соңғы демі біткенше домбырасын шертеді. Азаптың ақыры Қожекенің өлімңмен тынса, домбырасы қызыл шоқта отқа жағылады. Өзімен бірге отырған 14 жастағы Нұрқа да түрмеде қайтыс болады. Көп кешікпей, сауда керуенін тонағандар ұсталып, Қожекеге нақақтан-нақақ жала жапқан Дадайды қырғыздың Апы деген адамы баласымен бірге өлтіреді – деп қария терең тебіреніспен әңгімеледі. Біраздан соң керегеде ілулі тұрған домбыраға қарап, «Ей Нұрбай, домбыраны бер» деді.
–Домбыраны қолға алмағаныма көп болды. Қойдың соңында жүріп, домбыра қайда, күй қайда, – деп домбырасының құлағын бұрап, бір-екі рет шертті де:
– Мына күй Қожекенің түрмеде азаптағанда тартқан шертпесі, – деп домбыраның шанағынан күйді төгілдіре жөнелді. Шертпе күй шерлі үннің ащы дауысымен күңіреніп шертілді. Домбыра да адам бойындағы бар әлемнің сыры мұңы «Беу дүние жалған-ай, көкейдегі терең арман-ай. Азапқа мені салғанай, мыналардың қинағаны жанға тиіп батады-ай, жалған дүние жалған-ай, азаппен мені қинадай-ай» деген тәрізді зармен тартылды.
– Қожекенің Қаніке, Нұрқа, Кенжеақын, Ақмолда, Рахметолла, Рақыш, Батқалғазы, Рабиға, Айнабала, Қалиша деген ұл-қыздары болған. Осылардың ішінде Рақышқа жетер домбырашы, әрі күйші жоқ. Рақыш бала жастан әкесінің домбырасын қызықтап өсіпті. Інісі Батқалғазы жыраулық өнерімен аты шыққан. Шешелері Торғын Мәке деген қажының қарындасы болыпты.
– Атамыз кінәсіз екенін мойындамай, азаптағанда Торғын шешемізді де түрмеге емшектегі баласымен қамап, қатты қинапты. Ол кісі етжеңді болған екен. Бір емшегінен тесіп, бас бармағынан байлап, дарға асқандай іліп, сұраққа алыпты. Бұл азапқа да шешеміз шыдайды. Кінәларының жоқ екенін айтып, мойындамайды. Азапқа шыдап, өзін тергеген қытайға: «Құдай бар болса, құлғана болып, шіріп өлгін» депті. Үш күннен кейін керуен тонағандар ұсталып, шешеміз түрмеден шыққан. Жыл өткенде Торғынды тергеген қытай сырқаттанып, денесінің бәрі шіріп, құлғана ауруына ұшырапты. Жаны қиналғанда шешемізді шақыртып, кешірім сұрағысы келген. Бірақ шешеміз бармапты, – деп, біздің әңгімемізге келіні Зияханда араласты.
— Қожеке түрмеде жатқанда мына келіннің әкесі Рақыш алты-жеті жаста болған көрінеді. Әкесінің өмірден өткенін естіп, шешесі Торғынды жұбатып, күй тартыпты. Рақыш кейін есейе келе мықты домбырашы, атақты күйші атанған. Әкесінің күйін бізге жеткізген. Кейін Рақыш та көп күй шығарғанын көзіміз көрді. Соның бірі – «Нұрғазар» деген күйі деп, қария екінші күйін орындады. Домбырадан бұлбұлдың сайраған әуені күмбірлей жөнелді. Бұлбұлдың көмейінен төгілген дауыс домбырада құсша сайрап кете берді. Құдды бір бұлбұл сайрағандай әсер қалдырды.
– Елдің ішіне кең тараған Рақыштың «Қамбархан» деген күйі бар. «Мынау сол» деп көсіліп тартып, бұдан кейін «Аймақ», «Көкейкөк», Бексейіттің «Баласының жоқтауы», әкесі Сағымбектің «Шұбар киік», Рақыштың «Көктебел шоқырақ», халық күйі «Ақ көбік, қара көбік», Әшімнің күйі деп, бірінен соң, бірін шабытпен, малдас құрып тартқанда, қария біраз жерге сырғығаны байқалды. Біздер түннің бір уағына дейін күй мен әңгіменің сырын ақтардық. Әңгімеміз жарасты. Мен бірінші рет Қожекенің және оның баласы Рақышты, басқа күйшілердің аттарын Мамытқан қариядан естідім. Ел ішінде осындай керемет домбырашының барына қуанып, түн жарымында атыма міндім.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР