Қуанышқа – сүйініш

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

13.04.2021, 12:28

2588

Қазақ рухы мен намысын дүр сілкіндіріп тебірендірген Тарих институтының директоры Зиябек Қабульдиновтің әлеуметтік желілердегі хабары аса қуанышты сүйініш. Бұрынғы кездердегі мұндай алыпқашты хабарлардан көңілдің қалғаны сондай – басында мұны да соның қатарына жатқызғаным рас. Зиябектің өзінен бұл хабардың рас-жалғандығын ресми  растайтын пікір әзірше жария етілген жоқ. Алайда бұл жігіттің сөзін далаға шашатындай реті жоқтығына сенемін. Осыған орай, әртүрлі жолдармен байланысқа шығып, енді газет арқылы жөн-жоба сұрағандықтан да, өзіме қатысты мына жайды көпшілікке мағлұм етіп отырмын.

2000 жылы мамыр айында сол кездегі мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаевтың, мәдениет министрі А.Сәрсенбаевтың, ғылым министрі Қ.Көшербаевтың жолдамалы хатымен, Қайрат Сатыбалдының қаржылай демеуімен  құрамында тарихшы Ш.Әмірбеков, жазушы Д.Рамазан (жауапты ұйымдастырушы) бар үш адам Кенесарының бас сүйегін іздестіру бағытында ғылыми іссапарға аттандық. Ресей мәдениет министрі Швыдконың, Санкт-Петербург мэрі Яковлевтің рұқсатымен біз Ресейдегі бас сүйектерге қатысты 30-ға тарта мекеменің архивін қарастырдық. Ресейдегі 38 700-ге тарта бас сүйектің 35 мыңға жуығының жеке паспорттарымен танысып шықтық. Кейкінің бас сүйегін таптық. Оны кейін елге алып келгені белгілі. Ғылыми экспедицияның барлық есебі, бас сүйектің қайда болуы мүмкін екені,  біздің түпкілікті нәтижеге жете алмауымыздың басты себебі, біз тірелген тұйықтан енді тек екі ел президенттерінің, қауіпсіздік комитеттерінің, әскери барлау мекемелерінің  арнайы құзыры ғана шығаратынын мәлімдеген едік. Қалған 5300-дей бас сүйек сақталған лабораторияның қорларына тек сондай құзырлы адамдардың рұқсаты ғана мүмкіндік беретін еді. Құпия лабораторияларға екі жақтың министрлері мен мэрлерінің дәргейі жүрмейтін.  Нақты нәтижеге жету үшін іздестірудің Омбыдан басталуы керегін және ісспардың күз бен қыс айларында басталуы керегін, оның себептерін айтып, жоғарыдағы аты алған құзырлы адамдарға және қаржылай демеуші Қайрат Сатыбалдыға толық есебін бергенбіз. Содан кейін бізге бұл бағытта ешқандай қайыра тапсырма берілген жоқ. Алыпқашпа хабарлар көп болды.

Ал бұл жолы ресми мемлекет адамдары араласып, Тарих институтының директоры эксперттікке шақырылғанын хабарланған мына  ақпарат мені шын сүйіндіреді және үміттендіреді. Саралау жұмыстарының сәтті аяқталатынына сенемін. Ал көпшіліктің соншама ықылас аударып, қузай сұрастырып жатқан ғылыми экспедиция есебінің сіздердің сұрақтарыңызға жауап ретінде ұзына мазмұнынан қысқаша ғана үзінді ұсынып отырмын.

           КЕУДЕСІ   ҚУЫС ҚАЛҒАН   ДАЛАМ-АЙ...

(Ақпарат орнына)

Эрмитаждың өзінде 3,5 миллион экспонат бар. Тек сол тізімнің өзін оқып шығуға бір ай уақыт кетеді. Ал архивтің жөні тіптен басқа. Осы орайда, архив пен музей қорларына соңғы 80 жылда жүргізілген үш реткі бөлістің жай-жапсарын білмеген адам бұрынғы сілтемелерге сүйеніп, сандалып қалуы мүмкін екен. Мысалы, Е.Бекмахановтың Кенесары туралы сілтеме жасаған архив деректері арқылы ол құжатты қазір табу өте қиын.

Москвадағы ғылыми мекемелер мен музейлер және архивтер туралы қысқаша мағлұмат береміз.

  1. РҒА-ның Россия тарихы институты.
  2. Экспедицияның іздестіру – зерттеу бағыты жан-жақты, салааралық сипат алғандықтан да архив және музей мұрағаттарымен, әскери архивтермен және олардың жұмыс тәсілімен жақсы таныс тарихшылармен, соның ішінде институттың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы Н.Е.Бекмахановамен әңгімелестік. Пікір алысу барысында экспедицияның іздестіру бағыты, тәсілі талқыланды. Н.Бекмаханова экспедицияның жұмысына тұрақты кеңесші болуға келісті. Білгір архивист-тарихшы және Е.Бекмахановтың қолжазба деректерінің мұрагері ретінде Кенесарыға қатысты Ресей архивтеріндегі барлық құжаттарға түсініктеме берді және институттың атынан Эрмитаждың директоры М.Б.Пиотровскийге, түріктанушы С.Г.Кляшторныйға, тарихшы В.М.Паниахқа жолдама хат жазды.

 2. Россия мемлекеттік тарихи музейі.

Тарихи мұражайға көне дәуірден бастап, 1917 жылға дейінгі тарихи-археологиялық, этнографиялық, мемлекеттік-рәміздік, фольклорлық экспонаттар  мен құжаттар топтастырылған. Ғылыми-методикалық бөлімнің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Л.И.Скрипкинаның көмегімен музейдің көрме қоры, ғылыми қор, археологиялық ескерткіштер, қымбат металдар, қолөнер, картография, қару-жарақ, жазба мұралар, қолжазба бөлімдерінің картотекалары мен библиографиялық көрсеткіштері толықтай қаралды. Музей қызметкерлері дайындаған 100 томдық түсініктемелерде олардың біразына қысқаша сілтеме мен сыпаттама берілген.  Бұл музейде К.Қасымов пен Кейкінің бас сүйегіне қатысты дерек ұшыраспады.

3. Кремльдегі қару-жарақ палатасы. Тікелей президент аппаратына қарайды. Олардан рұқсат алудың ешқандай мүмкіндігі болмады. Алмас қорында Орта Азия мен Қазақ хандықтары жіберген қылыш, семсер, сауыт, дулыға, қанжар т.б. заттар бар. Кенесары Қасымовтың қанжары осында деген деректі және бас сүйектен жасаған түрлі бұйымдардың барлығын растаудың реті келмеді. Ол үшін ҚР мен РФ президент аппараттарының арнайы келісім-рұқсаты қажет екен. Ал мұражайдың ғылыми қызметкерлері бас сүйекке қатысты деректен беймағлұм болып шықты. Анығы – мұнда бас сүйектің сақталмағаны. Алдағы уақытта арнайы рұқсат алып, мұражай қорын мұқият қарап шығудың мәні зор. Кенесарының қанжары табылуы әбден мүмкін.

4. Москва мемлекеттік университетінің Антропология институты мен мұражайы. Антропология мұражайында 15 500 бас сүйек бар екен. Бұл бас сүйектер осында ХVІІІ ғасырдан бастап жинақталған. Соның ішінде 500 бас сүйектің картотекасы қазір жоқ. Университеттің кітапханасы мен архив қызметкерлері жаппай демалыста. Қазан айының басынан бастап ашылады. Институт пен мұражай директорының орынбасары, биология ғылымының докторы, профессор А.Л.Пурунджан Қазақстан антропологиясына қатысты ғылыми-зерттеу жүргізген ғалымдарды – В.А.Бациевичті, С.Г.Ефимованы т.б. шақырып, арнайы жедел кеңес өткізді. Бұл ғалымдар ІІ Николай  патшаның бас сүйегін зерттеп, қорытынды жасауға қатысыпты. Жоғарыда айтылған даулы 17 бас сүйектің біразы осы кісілердің қолынан өтіпті. Алайда қазақ ханының бас сүйегі туралы деректі жолықтырмағандарын айтты. 15 мың бас сүйектің картотекасын да, бас сүйектердің өзін де көрдік. Тек мұнда жоқ 500 бас сүйек қана алаңдата берді. 

5. Орталық әскери-тарихи архив (Москва). Бұрын ғылыми зерттеушілерге есігі мүлдем жабық бұл мекемеге рұқсат алудың реті келгеннен кейін қалайда мүмкін болған қорлардың барлығын қарастыру көзделді. Он күннен астам уақыт бойы іздестіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстанды отарлаудың барлық тарихы егжей-тегжейлі қамтылыпты. Әр облыс, әр аудан, болыс, әскери жорықтар мен қоныстандыру жоспары, қытай мен қазақ шекарасының қалыптасуы, әр бекіністің салыну тарихы, әскери карталар, әскери губерниялар, ең аяғы Кенесары Қасымовты өлтірген қырғыз манабы Орманға жер бөліп беру туралы ұсынысқа дейін бар. Ал біздің экспедиция түпкі мақсатына орай: 1. Азия бөлімі бас штабының; 2. Бас штаб департаментінің; 3. Омбы генерал-губернаторы Горчаковтың; 4.  Генерал-губернатор Г.Х.Гасфордтың; 5. Әскери-медицина музейінің; 6. Әскери министр Чернышовтың; 7. Түркістан әскери округінің; 8. Орынбор генерал-губернаторының; 9. Сібір жөніндегі істердің; 10. Географиялық; 11. Антропологиялық қоғамдардың; 12. Әскери тергеу, сот, прокуратураның қорлары тегістей қаралды. Мұндағы К.Қасымов туралы деректердің, Кенесарының өзінің қолы қойылып, мөрі басылған хаттардың көптігі сондай – олардың атау тізімінің өзін бұл ғылыми есепте жазып шығу  мүмкін емес. Бір өкініштісі, Горчаковтың есебі мен хаттары Кенесары қаза тапқанға дейінгі уақытты қамтиды. Ал Гасфордтың хаттары көтеріліс пен оның өлімі туралы мағлұматпен шектелді. Антропология және география қоғамдары мен медицина академиясына жіберілген коллекциялардың ішінде Кенесарының бас сүйегі туралы мәлімет кездеспеді.

6. РФ сыртқы істері министрлігінің архиві. Архивтің тәртібі бойынша қатынас қағазға 15 күннен кейін жауап беріледі екен. Біз Санкт-Петербургтен қайтып келген соң, «Бізге қаратылған арнайы қатынастарыңыз жоқ екен және архив қазір жабық» деген жауап алдық.    

7. Экспедиция мүшелерінің ынта-ықыласына қарамастан және Мәскеудегі ерекше  ережеге байланысты ФСБ мен МВД-ның арнайы криминалдық лабораториясы мен жабық музейлеріне кірудің реті келмеді. Ол үшін екі мемлекеттің деңгейлес, салалас мекемелерінің  өзара келісімі, арнайы рұқсаты да керек. Әртүрлі «қарақшылар мен бунтардың» басы сонда сақтаулы тұрғаны туралы толық және сенімді мағлұматтар алдық. Кенесарының бас сүйегінің болуы мүмкін мекемелердің негізгілері – осы екеуі.

 Санкт-Петербургтағы музейлер мен архив мекемелері, ғылыми-зерттеу институттары:

8. РҒА-ның Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера). Ғылыми экспедицияның басты нысанаға алған және қатты үміттенген мұражайының бірі. Кунсткамераның директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Чунер Михайлович Таксами экспедиция     мүшелерін өзінің шаңырағының астына алды. Бір ай бойы Санкт-Петербургта тұруға кепілдік берді. Кунсткамера Эрмитаждан 50-жылдары жеке бөлініп, «енші» алыпты. Барлық бас сүйектер (63 мың) Кунсткамераға беріліпті. Мұндағы бас сүйектер XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырдың басынан бастап жиналыпты. Негізінен, ет пен терісінен ажыратылған қаңқа сүйектер.

9. МАҒ кітапханасы.  Мұнда Кунсткамера ашылғаннан бергі оның коллекциясы мен экспедициялары туралы жинақтар, журналдар, монографиялар, альбомдар, антропология, этнография туралы дүниежүзінде жарияланған мақалалар жинақталған.  Кенесарының бас сүйегі жөнінде мағлұмат беретін нақты дерек, арнайы мәлімет көзге түспеді және кітапхананың картотекасынан кезікпеді.

10. Антропология бөлімі.  Кенесары мен Кейкінің бас сүйегі табылуы мүмкін ең басты мекеменің біреуі және бірегейі осы еді. Бөлім меңгерушісі И.О.Гохман орыс антропология ғылымының патриархы және бұрынғы  СССР кеңістігіндегі осы саладағы бас маман. Антропология бөлімінде 63 мың адамның бас сүйегі сақталған. Олар XVІІІ ғасырдан бастап әлемнің түкпір-түкпірінен жинақталған. Жер бетін басып жүрген барлық нәсілдің, ұлттың, ұлыстың, аборигендердің бас сүйегі «бас қосқан». Одан қазақтар да шет қалмаған. И.О.Гохман  Кенесарының бас сүйегі Эрмитаж бен Кунсткамерада жоқ екенін бірден кесіп айтты. Оның себебі: өзі 1988-90 жылдары Қазақстан үкіметінің тапсырмасымен Кенесарының бас сүйегін іздестіріп таба алмағанына, Москвадағы антропология лабораториясында да жоқ екеніне сендірді. Сонда да  картотеканы тарих ғылымының докторы Юрий Чистовпен бірге қарап шығуға мұрсат берді.

Компьютерге түсірілген картотекадағы 1849-1917 жылдарға дейінгі қазақ, қырғызға қатысты бас сүйектердің барлығы сүзгіден өтті. Сондай-ақ Батыс Сібір мен Орынбор генерал-губернаторлары Антропология қоғамына  жолдаған бас сүйектер мен Горчаков, Гасфорд,  Воронцов, Кауфман өткізген коллекциялардың да тізімі назарға ұсынылды. Ақыры 29  шілде күні  Кейкі Нұрмағамбетұлының бас сүйегі табылды. Реттік саны – 3383.  Тау-кен инженері, этнографиялық материалдар жинаушы, ондаған мақаланың авторы, өлкетанушы Д.Д.Букинич Кейкінің басын 1926 жылы тамыздың 8-і күні Эрмитажға тапсырыпты. Кейкінің бас сүйегіне қатысты мағлұматта: «22 немесе 23-жылы далада кесіліп алынған Торғай уезі Қайдауыл болысының атақты қазақ (түпнұсқада – киргиз) бандиті Кейкінің (45 жаста) бас сүйегі. Өзінің қатыгез жорықтары арқылы жергілікті тұрғындар мен Ақтөбеден Атбасарға қоныс аударған қара шекпендердің төбе шашын шымырлатқан. Өте құдайшыл болған, өзінің істеген әрекеттеріне намаз кезінде үнемі Алладан кешу сұрап отырған. Алайда қызылдардың қатарында да, ақтардың  қатарында да жүріп қарақшылыққа қатысқан. Торғай қаласын қоршауға алған қазақтардың 1916 жылғы ереуіліне қатысқан. Өзінің сұрықсыз тұрқына қарамастан (аласа бойлы, арық), қазақтар оны ержүректігі үшін құрметтейді, «батыр» деп атайды. Бірнеше рет тұтқынға түскен. Бірақ та үнемі қашып құтылып кетіп отырған. Соңғы жолы қолға түскенде басын кетпенмен шапқан, басын Торғай қаласына әкеліп, алаңдағы ағашқа іліп қойған», – деп жазылыпты.

12. М.Ломоносов атындағы Антропологиялық және этнографиялық мұражай.  Екінші қабатта әлем халықтарының бас сүйектерінің үлгілері тұр. Оның ішінде қазақ та бар. Жұрттың назарын ерекше аударатын – 5022-7 бас сүйек. Бас сүйектің қапағын шершеулете сым темір өткізіп шеңберлеп тастапты. Әр сымның басы балауыз шамын орнататын шырақтың түбі сияқты. Біздің де назарымыз оған ерекше ауды. Музейдің қолжазба қорының меңгерушісі И.В.Жуковская сол бас сүйектер қорын жасақтаған ғалым Анна Борисовна Радзюнмен, Илья Осипович Гохманмен хабарласып, түсініктеме алды. Бас сүйекті шершеу шаншылған бұл сым темірлер өткен ғасырдағы антропологтардың бас сүйекті өлшейтін құралдары болып шықты және күні бүгінге дейін бұдан асқан дәл өлшеуіш жоқ көрінеді. Ал бұл бас сүйектің Кенесарыға еш қатысы жоқ. Тек сол бастың желке тұсындағы қаңқадағы «Қазақтың басы» деген жазу көрермендердің санасында түрленіп, Кенесарының бас сүйегі туралы аңызбен жалғасып, бізге шындық ретінде жеткен сияқты. Сөйтіп, елді дүрліктірген бас сүйектегі сым шершеудің ақиқат болмысы жоғарыдағыдай болып шықты.

13. Мемлекеттік Эрмитаж. Экспедиция мүшелерінің ғана емес, бүкіл ғалымдар мен зиялы қауымның, қоғамдық өкілдердің назарын ерекше аударған бұл мекемедегі іздестіру және қорға рұқсат алу өте қиынға соқты. Оның басты себептері: Эрмитаж мәдениет министрлігіне де, Санкт-Петербургтің мэріне де бағынбайды, тікелей премьер-министр мен президент аппаратына есеп береді. Директоры – министр, орынбасары – Ресей Федерациясының бас мүлік иесі (Герольдмейстері) болып саналады.

 Біз оның бұл талабымен келісуге мәжбүр болдық. Енді тек Кенесарының бас сүйегі Эрмитажға пәлен күні пәлен деген адам өткізді деген архив құжатын қолға ұстап барып қана Виллинбахов мырзамен батыл сөйлесуге тура келетінін түсіндік.

14. Эрмитаждың шығыс бөлімінің меңгерушісі А.А.Ивановпен ашық сөйлестік. Мұнда шығу тегі шығысқа қатысты антропологиялық, этнографиялық заттар жинақталады екен. Перғауындардың мумияланған мүрдесінен бастап, Пазырық қорғанынан табылған ата-бабамыздың мәйітіне (№26 залда) дейін көрме сөрелерінде самсап тұр.   Кенесарының бас сүйегі алтын тостаған, күлдік, шырағдан күйінде ұшырасып қала ма деген үміт ақталмады.

15. Ерекше қазыналар қоймасына да бас сұқтық. Сонда ұстазымыз Әлкей Марғұлан  ғұлама жиі айтып, суретін бізге сыйлаған Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың мазарынан өткен ғасырдың бірінші жартысында ұрланып, жасырын әкетілген, жырдың мазмұнын баяндайтын алтын түйме мүсінді көрдік. Мәңгілік түнектен шықпайтын «запасниктегі запастар» қаншама десеңізші?!

16. РҒА Шығыстану институты мен заттық мәдениет тарихы институты. Қазақстанның тарихына қатысты қордалы қордың бірі болып табылады. Қазақстан тарихы ғылымына тікелей қатысы бар және  сол мекемеде істейтін Сергей Григориевич Кляшторныйдан артық кеңесшіні табудың өзі қиынға соғар еді. Бұйымтайымызды айтқан соң, ол кісі де бірден іске кірісіп кетті:

– Эрмитаж бен Кунсткамерадан Кенесарының бас сүйегін іздеп әуреге түсудің енді қажеттігі жоқ. Ғылыми іздестіру жұмысын негіздеу үшін және Виллинбахов айтқан талапты орындау үшін Этнография музейіне барыңыздар. Онда қазақ тарихына қатысты 10 заттың 9-ы сақталған.

17. Этнография (бұрынғы СССР халықтары) музейі. Біздің үлкен үмітпен барған мұражайымыздың бірі осы еді. Әрине, бас сүйектің өзін емес, соның ізіне түсетіндей тосын деректен дәметкеміз.   Орта Азия мен Қазақстан бөлімінің меңгерушісі Т.Г.Емеляненко: «Бізде қазақтарға қатысты 4000 коллекция бар. Картотеканы оқыңыздар, арнайы қоймадағы мұраларды  көріп шығыңыздар. Еш құпиямыз жоқ», – деді. Іздестіру  нәтиже бермеді.

18. Әскери-медицина академиясының музейі мен (26) анатомия музейіне кіруге мәдениет және қорғаныс министрлігінен арнайы қатынас пен рұқсат керек екен. Бұл арада бізге И.О.Гохман мен Чистовтың көмегіне сүйенуімізге тура келді. Анатомия және антропология бөлімінің меңгерушісі М.В.Твардовская біріншісінің шәкірті, екіншісінің сабақтасы екен. Солардың септесуімен музейді көріп қана шығуға рұқсат алдық, ал картотекамен танысу туралы сөз қозғаудың өзі буынсыз жерге пышақ ұрумен бірдей еді. Сәтін салғанда Санкт-Петербургта тұратын қазақтардың көмегімен академияда оқитын майор Қайырбек Дәкеновпен таныстық. Бар жүкті соның мойнына артып, Қазақстандағы әскери-медицина тарихын зерттеу үшін ғылыми байланыс орнатқымыз келеді, адъюнктураға қабылдап, жетекшілік етуге қалай қарайсыз деген пікір білдірдік (бұл мәселе кейін шешіліп, Қ.Дәкеновтің ғылыми жұмыспен айналысуына рұқсат берілді). Марина Владимировна Твардовская батыл, ашық пікірлі адам болып шықты. Музейді еркін аралатты, өзі түсінік беріп отырды. Мұнда 6000 бас пен бас сүйек жинақталып, сөреге қойылыпты. Біз 6000 бас сүйекті тітіркене отырып көріп шықтық. Бас сүйектер сөреге қатар-қатар тізіліп қойылған. Ал арнайы шыны құтының ішіндегі спирттелген бастардың ішінен азиялық текке жататын бет-пішінді көре алмадық. Сол сәттегі шымырлаған  жүректің шарасыздығы әлі де ұмытылар емес. Бар жұбанышымыз Марина Владимировнамен ортақ тіл табысып, алдағы уақытта іздестіру жұмысын бірге жүргізуге келісімін алуымыз еді. Біле білген адам ғылыми экспедицияның қол жеткізген басты табысы осы таныстық деп бағалары анық. «Түбінде бір қайырылып соғудың сәтін сала гөр, Алла!» деген тілеумен сыртқа шықтық. Мынау ғимараттың ішінен Кенекемнің «Мені тағы да далаға тастап барасыңдар ма?» деген ащы даусы жеткендей болды. О, тәуба! Тура сол кезде Санкт-Петербургтің байырғы тұрғындарының өзі сирек көрген дауылды найзағай ойнап, дүние астан-кестенң болды да кетті. Бұл ненің ырымы, аруақтың ашынуы ма, кім білсін?!.. Осы мекемеге міндетті түрде қайта оралу керек.

19. Россия мемлекеттік тарихи (Санкт-Петербург) архиві дүниежүзіндегі ең қордалы құжатхананың бірі. Ақпарат және құжаттарды ғылыми пайдалану бөлімінің бастығы Лариса Ивановна Синицина бізге жетекші етіп Ирина Вольдемаровна Мулинаны қосып берді. Үш адам табан аудармай 13 күн отырып: 1. Патша сарайы бас басқармасының дүние-мүлік қорын; 2. Эрмитажға өткізген асыл заттар мен жиһаздар қорын; 3. Ішкі істер министрлігінің  Земство бөлімі қорын; 4. Императордың кеңсесі қорын; 5. Аудиторлық департамент қорын; 6. Ішкі істер министрлігінің азаматтық кеңсе және полиция қорын; 7. Сібір комитеті қорын; 8. ІІ Сібір комитеті қорын; 9. Князь Горчаковтың; 11. Князь М.С.Воронцовтың; 12. Воронцов-Дашковтардың жеке қорларын; 13. Сыртқы істер министрлігі қорын; 14. Әскери департамент қорын сүзіп шықтық. Мұнда Қазақстан тарихына қатысты не жоқ дейсіз, бәрі бар. Оның барлығын тізіп шығу үшін бір жылдың өзі аздық етеді.

20. Архив кітапханасы да бай. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтарға қатысты жарық көрген басылымдар мен мақалаларды, библиографиялық көрсеткіштерді (Мәскеуден Б.Пиотровский құрастырып, 1927 жылы жариялаған) тиянақтап-ақ қарадық. Амал қанша, Кенесарының бас сүйегі жөнінде еш дерек кездеспеді.

21. Ресейдің ұлттық көпшілік (бұрынғы Салтыков-Щедрин атындағы) кітапханасы. Мұндағы шығыс бөлімінің қорымен бұрыннан да таныстығымыз болатын. Ондағы қазыналар туралы кезінде арнайы мақала да жариялағанбыз. Сондықтан да бірден Кенесары Қасымов жөнінде деректерді іздестіруге көштік. Назар аударатын жалғыз дерек «Исторический вестник» журналының 1904 жылғы тамыз айындағы санында жарияланғандай келіп: «Впоследствии голова Кенесары попала в руки одного русского вельможи, если не ошибаюсь, Воронцова» (105-бет), – деп жазылыпты. Әрине, архивтегі Воронцовтың  қоры қайта тексерілді. Бірақ еш нәтиже шықпады. Ал бұл дерекке сүйеніп Эрмитажға барудың қисыны жоқ еді.

Өкінішке қарай, еш нәтиже шықпады (әрине, тек К.Қасымовтың бас сүйегіне қатысты).

Республика мүддесіне тікелей қатысты бір рухани-мәдени, ғылыми мәселе ретінде мынадай қорытынды ұсыныс жасаймыз.

Екінші кезеңді бас сүйектің тағдырына қатысты архив деректері мен оны растайтын құжаттарды табу үшін ғылыми жұмысты  Омбы облыстық антропология бөлімінен де үміт үзуге болмайды. Одан нәтиже шықпаса, тарихи дәлелдерді табу үшін РҒА-ның Ленинградтағы архивіне, МГУ-дің Антропология институты мен музейіне, РФ Федералдық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер министрлігінің криминалдық лабораториясының мұражайына арнайы рұқсат алу керек.

 Иә, даламыздың қуыс қалған кеудесінің бір жыртығына жамау таппай, іштей күңіреніп Бішкек арқылы Отанымызға оралдық. Жолда Қордай асуынан асқанда ханының басын жоқтаған уақыт желі азынап қоя берді.  

Шілде – тамыз, 2000 жыл

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06