Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын

Амангелді СЕЙІТХАН

14.01.2021, 13:01

2194

       Қазақстандық файтер Қуат Хамитов Ресей жерінде өтетін турнирге баратын болды. Жекпе-жек 22 қаңтарға белгіленген. Негізі, Fight Nights Global аясында өтетін бұл бәсеке былтырдан бері жылжып келеді. Себебі түсінікті. Пандемия. Енді ұйымдастыру комитеті келер жұманы көздеп отыр. Қуат «Найман» Алматыда жаттықты. Жол жүруге бекінген спортшыға сәт сапар тілеп, екі ауыз тілдесіп үлгердік.

— Қуатжан, сәтті сапар болсын! Қарсыласың өзгерген секілді ғой.

— Иә, алдымен дағыстан Магомед Магомедовпен шығасың деп еді. Тіпті оған қарсы дайындалдым да. Әскери самбоны шебер меңгерген. Күреске бейім әрі қолмен де жұмыс істейді. Қоян-қолтық ұрысқа да епті екен. Кейін ұйымдастыру комитеті Алексей Ильенкомен шығасың деп айтты.

— Бұл әлгі елордада өткен жарыста тәртіп бұзған Ильенко ма?

— Болса болар. Қай жерде не бүлдіргенін зерттегем жоқ. Төбелесін көрдім. Магомедовке келеді екен. Қолы жақсы. Біз де соның қимыл, әдісіне қарай дайындалдық.

— M-1 Challenge кешінде әлгі Ильенко Куба спортшысы Йоисландри Искьердомен кездесіп, жеңіп жатты да, қазылар кәріне ұшырады. Өйткені Искьердо төрттағанда отырғанда теуіп жіберді. Оған дейін сегіз жекпе-жекті өз пайдасына шешіп, біраз бедел жинаған Алексей октаганнан қуылды да кетті.

— Бәлі! Ол енді оның мәселесі. Біздің мақсат – сол Ильенконың осал тұсын табу.

— Дайындық қалай?

— Дайындық дұрыс өткен секілді. Күніне екі рет жаттықтық. Төрт сағат бойы титықтаймыз. Өзге амал бар ма? Төбелес оңай дейсіз бе? Сырттан бақылаушылар өзінше топшылай береді ғой. Бізге қиын. Әсіресе жарақат алып қалуың мүмкін.

— Жаттығу кезінде ме?

— Иә, жарысқа қарағанда жаттығуда жарақатты көп аласың. Кейде жас балалармен шығасың. Оларды сабап тастауға тағы болмайды. Жүректері шайлығып қалады. Аяғаннан кейін кейбір тәсілді аяғына дейін қолданбайсың. Ал олар сенің босаңсығаныңды мүлт кеткені деп қабылдап, тұмсығыңнан бір переді. Апта бұрын танауды сындырып алдым.

— Содан?

— Кеңсірікті түзеп бергендей болды. Қазір шлеммен жүрмін. Күрессем де киіп аламын. Қимылдағанда біреудің қолы тиіп кете ме деп.

— Мұрынмен тыныс алуың қалай?

— Ауыр, аға. Он жылдан бері солай ғой. Еркін дем алған кезім жоқ. Операция керек. Оған уақыт тапшы. Мүмкін, Магнитогорскіден кейін ойланамын. Егер келесі жекпе-жекке дейін үлгеретін болсам.

— Ол қашанға жоспарланып еді?

— Алла тағала сәтін салса, көкек айында өтеді. Тіпті Қазақстанда төбелесіп алсам деймін.

— Кіммен?

— Жоба көп. Жақын қалғанда айтармын. Негізі, биыл бес жекпе-жек өткізсек дұрыс болар еді. Сізге ана Магомедов жайында айтайын. Хат жазады, «Қуат, неге менімен шықпайсың?» деп. Қашқан мен емес қой. Айттым, әрқашанда дайынмын деп. Өзі Магнитогорскінің жұлдызы болып алыпты. Келсе болды, қарсыласын ұтады. Жергілікті жұрт та жақсы көріп қалыпты. Ұйымдастырушылар екеуара әңгімеге араласып, «Магомед, жекпе-жекке неге шықпайтыныңды өзің жақсы білесің, Қуатқа несіне соқтығып отырсың?» дегеннен кейін қойды. Мен де айттым, «Уақытың болса хабарлас. Шақырсаң барамын. Қаласаң төбелесейік» деп.

— Не деді?

— Не десін… Келіскен сыңай танытты.

— Барасың ба?

— Шақырса ма? Әрине! Қуат төбелестен қайтқан ба? Мынау Магнитогорскіде қазақ көп көрінеді.

— Солай ма?

— Иә, әлеуметтік желі арқылы жазып жатыр. Мені де әбден біліп алыпты. Келгенімді қалап отыр. Қалың қазақ күтіп жүр екен, Қуат қашан келеді деп. Ұйымдастыру комитетіне де шығыпты. «Шақырыңдар» десіп. Енді дұрыстап төбелесу керек. Ағайынның алдында ұятқа қалмастай болып...

— Былтыр маусымды жақсы аяқтадың. Ресейдегі турнирде Ахмад-Хан Боковты ұттың.

— Иә, бірінші раундта буындыра салдым ғой. Содан бері ешқайда шыққан жоқпыз.

— Спарринг-әріптесің Әлішер Абдулхамидов қой?

— Иә, бір жағы, досым. Оны да ертіп аламын. Жарыс көрсін. Көрсін дегенде, өзі де шығады. Жаздырып қойдым. Талантты жігіт. Жақсы күреседі. Ең бастысы, еңбекқор, шыдамды. Алла сәтін салсын дейміз.

— Жортқанда жолың болсын, бауырым! Жеңіспен оралыңдар!

— Рақмет.

Тегтер: спорт чемпион жаттығу бапкер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 09:21
Коронавируспен ауруханаға түскен Мейрамбек Беспаевтың жағдайы туралы айтылды
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 14.01.2021, 16:30
Марио Варгас ЛЛОСА: Олар мәдениет саласындағы жұмысты әуестік деп түсінеді
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ 09.01.2021, 18:46
Жолдасбек жайлы жылы сөз
Мариям МАҚСАТ 08.01.2021, 13:53
Жақсы істерге жарымаған Абай жылы
Әділ АҚЫЛБАЙ 07.01.2021, 12:47
Ұлттық киноны қолдау орталығын тергеу немен тынды?
Жеңісхан КЕНЕСАРИН 07.01.2021, 10:31
Қақбас

Аңдатпа


  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01