Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе-қайтесің?

Жарас СӘРСЕК

22.10.2021, 10:16

1226

Сабындыкөл

Бір қапталың байқасам – тау болатын,

Бір қапталың байқасам – бау болатын.

Бұлдыратпай көрсетер бұ дүниені,

Біздегі көз ол кезде сау болатын.

Одан бері ай аунап,

Жыл жылжыған

Жастық өтті...

Қазіргім – бірсыдырғы ән.

Сенің жеңіл көбігің секілденіп,

Ырқыменен мезгілдің бір сырғығам.

Жұмсақ шашың жел қағып желбіреген,

Бір жас ақын жағаңда елжіреген.

Не сиқырың бар еді, Сабындыкөл,

Мөлт еткізер көздерді мөлдіреген?!

Бір ай ару бірер жыл көлемінде

Жүзік сыйлап мәз қылған өлеңіме.

Күмістелген сол жүзік қолдан сусып,

Бойлап кеткен болатын тереңіңе.

Сезімімді ешкімге бұрылмаған,

Сабындыкөл

Су түбіне кетті деп ырымдағам.

Соны ойласам, әлі күн су түбіне

Бойлап кеткен жүзік боп діріл қағам.

Асылымды өпкендей біреу тартып,

Ғашығымды кеткендей біреу қарпып,

Қайтқам солай жағаңнан жатағыма,

Жүзік таққан саусағым жүдеу тартып.

Сабындыкөл,

Көлімсің жүзік жүзген,

Иесінен күдерін үзіп жүзген.

«Жүзік жүзген» – бір атың бұдан былай,

Бір сақина қарызсың,

«Жүзік жүзген»!..

«Кемпіртас»

Баянтауда түсімде жүр екенмін,

Жоқ іздеген біреудің бірі екенмін.

Бір бөктерде тас болып қата қалған,

Кемпіртаспен тілдесіп тұр екенмін.

– Есенсіз бе?

– Есенбіз… Өзің бала?

– Жоқ іздеген жоқшымын...

– Сөзін қара.

Есі барлар елсізден жоқ іздей ме?

Көңілің соқыр немесе көзің, бала...

– Жоқ дегенің – тең емес, меңдей болар,

– Мең іздеген бейбағың мендей болар.

Табылмайтын «жоқ» бар ма?

– Құдай білер.

– Іздегенім – Өзіммін.

– Нендей хабар?

– Кім біледі, іздермін өле-өлгенше...

– Мынау дүние дейсің ғой көнергенше.

– Кеудем дәнге толғанша дамылдау жоқ.

– Дұрыс, балам,

сүрме өмір өлерменше.

– Көп бөгеліп қалдым ба?..

– Жүрсең мейлің...

Күн іздеген адамға Күн сөнбейді.

– Тасқа айналған тағдырдың тасасында,

Қандай жайдың жатқанын білсем деймін.

– Е-е-е, қарғам-ай,

Еске сап қайдағымды...

– Мен де айттым ғой қайдағы-жайдағымды.

– Біреу үшін қырағы тас қанамын,

Тұрған мынау күзетіп аймағымды.

– Әңгімем көп дейсіз ғой?

– Жоқ, қарағым.

Мен де өзіңдей тынбадым, жоқ қарадым.

Барым – ғайып,

Ғайыбым кеп қалар деп,

Ғапыл жандай

Өртенем, от боламын.

– Жазмышына Жазғанның амал бар ма,

Жаралғаннан жалғанда жаман бар ма?

– Адамды адам қасқырша қамап жеген,

ғұмыр кештім қанқұмар замандарда.

– Іңгәлаған нәресте жатыр жарып,

Жарақ ұстап туатын замандарда.

Іргедегі шыққан кез жаттан «қылық»,

Алысқанын алатын аттан жұлып,

«Кетсең – түгел боп кел», – деп үш ұлымды

осы тұстан жібергем аттандырып.

– Келеді, апа, келеді түгел болып.

– Оралса екен, оралса бір ел болып.

Оралса екен Отан мен Ошағыма

үшеуі де үш жақтан тіреу болып!..

– Әумин!

P.S.

Қар жауып тұр таулардың тасы аларып,

Тал-теректің қалыпты басы ағарып.

Қара жолға қарайлап тұр-ау, әлі

Кемпіртастың тағы да шашы ағарып...

Шекара

Тағдыр шығар,

Маңайдың

бәрі сызық ойласаң,

Сол сызықтар есіңе

түсер қамсыз тойласаң.

Сызығыңды «бұзығың» бұзып кеткен кез қанша,

Күдік-күмән көп әлі,

Сыммен нықтап қоймасаң.

Шығыс жақта бір сызық,

Батыс жақта бір сызық,

Оңтүстік пен Солтүстік –

Олар да тұр сызылып.

Дөңгелене қаусырған сол сызықтар ішінде ғұмыр кешіп келеміз

бір суынып, бір қызып.

Сырт жағында сызықтың,

Жылмыңы бар,

Мықты бар,

Ұйықтап кетсең болғаны,

Улы инесін сұққылар.

Өзің – кәрі,

Ұлың – жас,

Бірің – мақау,

Бірің – мас,

Ал соларды кімің бар

Ұран салып ықтырар?

Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе – қайтесің?

Қылышпын деп жүргенің сынып кетсе – қайтесің?

Көзге ілмесең көп болып,

Көздегені көк болып,

Көкжал болып кенеттен ұлып кетсе – қайтесің?

Не болмақшы содан соң,

Нөл болмай ма көлемің?

Құрып болып дейсің бе,

Тұрып қайта келемін?

Қайта келіп ғайыптан қайрат бере қоя ма,

Өзіңменен бірге өлген өнерің мен өлеңің?!

Дөңгеленген дүниенің дөң-айбат көп ісінде,

Сені есіркей қоймайды,

Түсін, мейлі түсінбе.

Мақсат,

Мұрат,

Арман боп,

Желбіресең, желбіре дөңгелене сызылған көп сызықтың ішінде.

Біреу,

Екеу,

Үшеуге қызық та көп қиырда,

Шамам бар деп шалқайсаң,

Ал, қиырға шиырла...

Саған байлық, бақ берген,

Қазақшалап ат берген,

Алмағайып күндерде

Елің тұрсын миыңда,

Жерің тұрсын миыңда.

Сызығына екі елдің баған қорған бола ма?

Баған басын күзеткен

балам қорған болады, ә?!

Сол бағанның түбіне

бабаң сенің жерленген.

Ертең мен де...

Ешкімді жолатпаңдар молама.

Жалбарыну

Қайран да қазақ даласы,

Кеңдігің – сірә, кемдігің,

Ендігі жерде езге тән –

Есеппен қылған ерлігің.

Жан-жағың толы аларман,

Аларман көзі аларған,

Не болмақ ертең елдігің,

Не болмақ – сұрақ, ендігің?

Кешегі кеңес кезінде басыңнан бұлтың аунаған,

Бабаңнан қалған дәулетті басқалар келіп даулаған.

Құшақтап құты келгендер ішіңе түсіп жаулаған,

Өксікке толы өмірің, өзегің өрт боп лаулаған.

Есіл мен Ертіс арасын екіге бөліп сұғынған,

Іргеде жатқан көршінің пиғылы жаман бұрыннан.

Бізден де басқа көршілер

көңілі қалған көршіден,

Айырылып жатыр азынан,

Айырылып жатыр Қырымнан...

Көбімнен мен де көз жазғам,

Көзімнен сорам сорғалап,

Қалсақ деп сақтап қалғанын,

Жол қарап жүрміз, жол қарап.

Ойымды онға бөледі,

Санамды санға бөледі,

Кетердей бір күн әлдекім

Жер бесігімді олжалап...

Тілімнен,

Діннен,

Ділімнен,

Біртіндеп бір кез жұтағам,

Тірескенімді кескілеп,

Күрескенімді бұтаған.

Келмеске кетсін сол заман,

Өлмеске жетсін бұл заман,

Сөндірме, Тәңір, отымды,

Ал сөнсе, қалай тұтанам?

Өткеннен алған сабағым –

Ілгері басқан ісім бол,

Тартылмай қалған садағым –

Ақылға қашқан күшім бол!

Төбемде бұлтым бар болсын,

Төменде жұртым нар болсын,

Жақсының бәрі – өңім бол,

Жаманның бәрі – түсім бол!

*****

«Аймауытов Жүсіпбектен қалған сөз,

Жетті бізге тым кешігіп, кешігіп.

Өз алдына мектебі жоқ өршіл ек,

Оңды-солды жаздық-сыздық есіліп.

Өзімізше қалыптадық, қайтерсің,

Ақ қағазға көк сияның таңбасын.

Қазіргі қал болар еді-ау өзгерек,

Солар салған соқпақ тапса жалғасын...»

Бір қаламгер бірде осылай деп еді,

Ілгеріде күз көңілі күркіреп.

Күркіреді,

Күрсінуі жөн еді,

Тыста жауын тұрған еді сіркіреп...

Жұрт алдында келмесе де өзгергің,

Өз ішіңде өзің ылғи өзгергін.

Естіп жүрген сөзің ескі көрінсе,

Кешіккені болар басқа сөздердің...

Баянды

Өзім өскен жердің айтсам дерегін,

Сүмбе дейтін сұлу төрдің ері едім.

Тау құшақтап ұйықтатады ол маңды,

Ал күзетшім: тал, қарағай, терегім.

Жазығымда мал жататын жамырап,

Жусанымның өзі боз да, тамыры – ақ.

Сонау бір көз ағылғанда қалаға ел,

Біздің ауыл қалған емес қаңырап.

Алматыңнан үш сағаттық жол ғана,

Кім көшпесе сол ауылдан сол – дана.

Қимай-қимай кеткем мен де солқылдап,

Арман дейтін асықтырған «олжама».

Бас-аяғы осындай-ақ ұл едім,

Бірде күлдім,

Бірде тоңдым,

Жүдедім.

Мен әйтеуір тұрған жерде тіп-тікпін,

Мен әйтеуір туған елге құл едім!

Аққайыңның мойныма артып білегін,

Алматымда мұңаямын, күлемін.

Ауылыма ұқсас ауылдардың бәрінен,

Мен әйтеуір өзімді іздеп жүремін.

Баянаула, сен де – соның бірі едің!

Баянтауға тұрсың сен де сүйеніп,

Баяндым-ау, баяғыша сүйемін.

Топырағыңнан өніп шыққан кіл дүлдүл,

Өне бермек,

Өніп жатыр, киелім.

Маңдайымды өзіңе әкеп тіредім,

Таулар менен баулар – менің тірегім.

Бірде соғып,

Үнсіз бірде қалатын,

Қарап көрші,

Қағып тұр ма жүрегім?!

Кезбе

Туған жер,

Өңір жоқ сенде,

Өлкемде жүрген адамсың.

Ұғатын енді жоқ пенде,

Үнсізсің...

Бөлек «ғаламсың».

Жылауың мүмкін тығылып,

Жылтылы жастың жүректе.

Жылыну үшін жығылып,

Бүйіріңде қызар бір өкпе,

Бір өкпе емес, мың өкпе...

Өтеді қағып «қасқалар»,

Қала жат саған, далам жат.

Басынсын мейлі басқалар,

Базына айту – саған жат.

Осылай қала, далаңда

өзіңе сыңар ғанасың,

Күнменен келіп ғаламға,

Түнменен кетіп қаласың.

Дейтіндей пері емессің,

Ішесің...

Іште – күресің.

Еліріп кетсең – елессің,

Елес боп ылғи жүресің.

Демейсің «жұртпен бірдеймін»,

Ұрттайсың,

Үнсіз жылайсың.

Жарылып кетпей білмеймін,

Бәріне қалай шыдайсың?

Айтамыз біздер өкініп,

Күйдірген,

Күйген сәттерді

Жазамыз сосын өтірік,

Толтыру үшін дәптерді...

Сен де – бір қағаз адамсың,

Кірлеген,

Тозған,

Құртылған.

Мен де – бір қағаз адаммын,

Жазылмай жатып жыртылған...

Бір үзім нанның бағасын біздерден артық білесің,

Тәуба мен обал арасын таңменен жалғап жүресің.

Сенің де тозған қағазың,

Менің де тозған қағазым.

Сен мені оқып қойыпсың,

Қаңғыбас қайран қазағым,

О, енді неңді жазамын?!.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14