Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

06.05.2021, 10:52

2456

Сол кездегі Ванновка селосынан шығаберісте Ташкент қаласының «Икарус» автобусы үлкен кернеулі электр бағанасына соғылып, лапылдаған от-жалынның астында қалып, жантүршіктірерлік апат болды. Кейін анықталғандай, ішіне алпыс төрт кісі мінген екен, соның отыз екісі отқа жанып, ауызбен айтып жеткізгісіз өте ауыр жағдайда қаза тапты. Аталарымыз айтатын «төңірек қан сасыды» дейтін өте ауыр жағдай еді, бұл...

Сонда автобуста кімдер болған дейсіз ғой? Олар жай адамдар емес, Ташкенттің әйгілі, Бүкілодақтық мәні бар авиазаводының кісілері. Чкалов атындағы самолет шығаратын «жабық» завод ұжымының өкілдері. Міне, атынан ат үркетін осы кәсіпорынның адамдары мінген автобус Қырғызстанның Ыстықкөлінен шыққан. Сонда демалуға барған кісілерді қайтып әкеле жатқанда, ашық жерде, тамылжыған табиғаттың аясында әлгіндей қасіретті оқиғаға тап болады.

Автобус Өзбекстандыкі болғанымен, автоапат орын алған аймақ біздің жерде. Сонымен, не керек, оның тергеу ісін жүргізуді маған жүктеді.

Сол күні түнде күлге оранған мәйіттерді Шымкенттің мәйітханасына алып келдік.

Жылап-еңіреген, ботадай боздаған ел...

Құдай біледі, мұндай ауыр қаза бұл өңірде бұрын-соңды болмаған шығар. Тіпті болмай-ақ қойсын дейік! Сөйтейік те, әрмен қарай біз көрген оқиға қалай өрбігенін жаймен баяндайық.

Жан-жақтан келген кісілердің қарап, танып алуын жеңілдету үшін мәйітхананың сыртынан арнайы орын жасаттық. Мен соның жанындамын. Әуелгі кезектегі атқаратын жұмысым – кімнің кім екенін анықтау. Кей адамдардың өрттен соң да сау қалған бір белгілері, құжаттары болуы әбден мүмкін ғой. Завод әкімшілігі Ыстықкөлге демалдыруға кімдерді жіберді, сол тізімді қарау. Жүргізушінің аты-жөні… Бұларды анықтап білу соншалықты қиындыққа түскен жоқ. Осы бойынша қайғылы қазаға ұшырағандардың аты-жөндерін нақтылап біліп, қажет мекенжайларға жеделхат жібердік, ағайын-туғандарын шақырдық. Хабар тиісімен олар бірінің соңынан бірі үздіксіз ағылып келіп жатты. Иесі келгеннен кейін, мәйітті кідіртпей беру керек. Берейік десек, кімнің аяғы, кімнің қолы екенін дөп басып айта алмай тығырыққа тірелеміз. Біреуінің басы адам танығысыз боп жанып кеткен, ал екіншісінің қол-аяғының орнында қусырылып күйікке оранған қу сүйек жатыр. Киімнен киім жоқ. Біреулерінің құжаттары бар. Ол шіркіннің от-жалыннан қалай аман қалғанына қайран қаласың. Оған қарап, түстеп таниын десең, суретімен салыстыратын бет-бейненің түрі анадай...

Осындай өте ауыр жағдайда мен мәйітхананың алдында тапжылмай отырып, өліктерді таратумен болдым.

Өз басым дәл сол қасіретті оқиғаға дейін күйіп өлген адамның иісі киімге, денеге бір сіңсе өмірі кетпейтінін білмеппін. Әтірленіп жүр, мейлі, бәрібір, әлгі қолқаны атқан ауыр иіс танауыңа келеді де тұрады. Қанша жу, немен жу, сонда да әлгі иіс көңірсіп тұрады да қояды. Кетпейді-ау, кетпейді...

Кешкілік келемін де, үстімдегі бүкіл киімді шешіп, сыртқа іліп қоямын. Қоңырсық иісін жел алып кетсін деймін. Ертесіне таңертең сол жерде қайта киініп, тағы да мәйітханаға келемін. Көршілерді қайдам, үй ішіндегілердің бәрі әлгі танау тітіркендіретін жаман иістен жиырылып, қашады...

— Өзі, жақсылап жуындың ба? – дейді әйелім.

— Жуынғанда қандай, иіссабынмен, шампуньмен қайта-қайта жуындым.

Жөкенің сабынын әбден көпіртіп, үсті-үстіне ыспаланып жуынамын, бірақ бәрібір, денеме сіңіп қалған сол иіс кептеліп келіп қолқамды атады. Әлде танауыма, өкпемнің қалтарыс-бұлтарыстарының бәріне әбден сіңіп, шығарған деммен бірге кері шыға ма, білмеймін, әйтеуір, айта алмаймын. Содан кейін шыдамай кетіп, қырлы стаканды толтырып ащы арақты құямын да, тамақпен бірге тартып-тартып жіберемін. Өстіп өзімше жаман ойлардың бәрін қуалаған болып ұйқыға жатамын. Келер күні мәйітханаға келгенде ауланың кіреберіс қақпасында жан-жақтан жиналған кісілер күтіп жүреді.

— Сол автобуста менің әкем бар еді, – дейді бірі. Аты-жөнін сұраймын. Өлсе, өлгенін жүрегім ауыра отырып жеткіземін. Ал аман-сау болса, оны айтамын. Кісілердің біразы ауруханада жатыр, солардың арасында болса, оны да айтып қуандырған боламын. Күйсе де, аман болса екен деп, қуанады әлгі кісілер.

Сөйтіп, мен көз жұмғандарды ғана емес, тірі қалғандарды да түгендеумен қоса-қабат айналыстым. Сұрастыра келсем, автобуста ташкенттіктерден бөлек, жолаушылар да мінген екен. Келе-келе оларды да іздеушілер шыға бастады.

***

Ыстықкөлден шыққан автобус Жамбыл қаласына дейін тоқтаусыз жүріп отырған. Ол кезде бүгінгідей қуаласа жүретін автокөліктер көп емес. Жамбыл каласына келген соң, ала кетіп ақша табайық деді ме екен, тоқтап, жолда қол көтеріп тұрған біраз кісілерді мінгізіпті. Одан екі жүргізушінің бірі әдеттегідей демалып отырған. Екіншісі рульде келе жатқанда, Ванновкадан өткен соң, электр бағанасына соғылатын жерде әуелі алдыңғы бір доңғалағы жарылады. Қатты келе жатып, рульге ие бола алмай қалды дейін десем, дәрігерлердің анықтауы бойынша жүрегі жарылып кеткен. Алдыңғы доңғалақ кенеттен жарылған соң, рульді тартқан. Аяқастынан болған бұл жай, бәлкім, қатты әсер етіп, «ойпырмай, не болар екен?» деп, соған жүрегі шыдамады ма, әйтеуір, ол туралы бірдеңе деп кесіп-пішіп айту қиын. Не керек, үлкен жылдамдықпен барып бетон бағананы ұрған. Бағана қатты шайқалып, электр сымы үзіліп үстеріне түседі. Содан кейін жоғары кернеулі ток қойсын ба, автобус бірден лап ете түсіп, отқа оранады.

Кім біледі, бұл апат туралы кезінде әлемдік ақпарат көздері хабарлаған шығар. Ал оның бүкіл Кеңестер Одағы деген алып елді қатты дүрліктіргені айдан ақиқат. КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгиннің өзі тікелей телефонда отырды. Мәскеу әлгіндей күйде болғанда, Өзбекстан үкіметінің басшыларының қаншалықты мән бергені айтпай-ақ түсінікті шығар. Өзі, құпиясы мол «жабық» завод, онда жұмыс істейтін бір қауым ел электр тоғына ұрынып, қырылып жатыр деген ол уақыт үшін қандай жаман нәрсе.

Менің жанымда Өзбекстан көлік министрінің орынбасары бірге болды. Қаза болғандардың қайғысын бөлісіп, әрқайсысына мемлекет тарапынан бөлінген 2000 сомды тапсырып, мәйітті жеткізіп салатын арнайы көлікпен қамтамасыз етті. Жандарына кісі қосып береді. Жердің шалғайлығына қарамайды. Үкіметтің талабы солай. Әрине, қанша қомақты қаржы бөлінсін, таңғажайып тамаша жағдай жасалсын, ол бәрібір өлген кісіні тірілте ала ма?.. Өмір – Алланың сыйы ғой. Оған не жетеді?!

Сол жерде отырып пенделіктің ең бір сорақы көрінісі – берілген ақшаға итше ырылдасып таласқандарды да көрдім. Мәйіт бір уыс күйген ет боп анадай жерде жатыр. Алайда оны саналарынан әп-сәтте сызып тастап, «мен жақындаумын, ақша маған берілуі керек» дейді бірі. Сол кезде екіншісі шығады өрекпіп, оқытқанын айтады, туыстығын тілге тиек етеді. Оған бір жақсылық жасағанын алға тартады. Тіпті ақша үшін бір-бірін өлтіруге бар.

Ақшаға таласқандардың ит мінезін көріп түңілсем, алтындай қызынан қапияда айырылып, жан дүниесі күңірене күйзелген әкенің мәрттігіне, кісілік қасиетінің соншалықты биіктігіне еріксіз тәнті болдым.

Міне, ол – Адам! Үлкен әріппен жазылатын алтын адамның нақ өзі.

Иә, бұл – өмір ғой.

«Өмірде не болмайды?» дейміз тағы да...

***

Апатқа ұшырайтын сол автобусқа Жамбылдан жетісайлық бір жігіт те мініпті. Технологиялық институтты тәмамдап, кішкене чемоданына дипломын, дипломдық жұмысын, киімдерін қаттап салып, жолға шыққан. Өртенген автобустан жартылай жанған құжатын тауып алдық. Ал иесі жоқ. Жер жұтқан жоқ, отқа оранып көз жұмғандардың арасында және көрінбейді. Сонда ол жігіт қайда кетті?

Үш-төрт күн бойы оны ешкім іздеп келмеді. Бесінші күні мен отырған жерге көзіне үрей белгісі ұялаған әдемі бойжеткен қыз келді.

— Ағай, электр бағанасына соғылып, өртенгенде қайтыс болған адамдардың денесі осында ма? – деді даусы дірілдеп.

— Иә, осында, айналайын. Өзің біреуді іздеп келдің бе?

— Өлі-тірісін білмеймін, ағай… Менің тұрмысқа шығамын деп жүрген жігітім осы автобусқа мініп еді. Өзім жанында тұрып мінгізген едім. Соның бір хабарын білейін деп әдейі келдім.

— Өзің студентсің бе?

— Педагогикалық институтты биыл бітірдім.

— Аман-есен болсын жігітің. Оның фамилиясы кім еді? – деймін. Сөйтсем, біздің басымыз қатып, қайда екенін біле алмай дал болып отырған азаматтың аты-жөнін айтады. Дереу үстелдің тартпасының ішінде жатқан жартылай жанған дипломды алып қолына ұстаттым.

- Менің жігітімнің дипломы. Осы жігіт қой іздегенім! – дегенде, көзіндегі үрей қатпары қалыңдай түсті. Енді бір жаманшылықты айтатын шығар деп күткен кісінің түрі...

- Сен мінгізгеннен кейін жолай бір жерде түсіп қалмайтын ба еді?

- Жоқ, ондай ештеңе демеген. Сол мінгеннен ауылына бір-ақ баруы керек болатын. Әке-шеше, туған-туыстарына айтып, араға апта салып мені алып кетпекші болған. Келісіміміз осылай еді, аға.

Содан соң мен де бір мезет үнсіз қалдым. Шынын айтқанда, бір жапырақ-бір жапырақ ет болып жатқан өліктердің арасында ол жігіттің денесі жоқ дегенімізбен, бұл нақты кесіп-пішіп айтылған нәрсе емес қой. Ол азаматтың әбден күйіп, домаланған денесі жатса да, түстеп тану оңай емес. Бірақ біздің бұған дейінгі жүргізген есебіміз, анықтауымыз бойынша олардың арасында жоқ сияқты. Енді не десем екен деп қиналып отырған үстімізге бір топ кісі келді. Сөйтсек, олар әлгі жігіттің ата-анасы мен бірге туған бауырлары болып шықты. «Жаман айтпай – жақсы жоқ» демекші, түрлері түнеріңкі. Өйткені аты жаман жерге келіп тұр ғой.

- Қарағым, оқу бітіріп, енді үйленемін деп отырған баламыз осы автобусқа мінгенін естідік, – деді әкесі ақырын. Өзі де баяу сөйлейтін кісі екен.

Қыз оларды танымайды, ана кісілер бұрын-соңды қалыңдықты көрмеген. Енді бәрі мынадай жағдайда ұшырасып тұр.

Мен әлгінде ғана қызға көрсетіп, қайтадан орнына салып қойған күйелеш-күйелеш дипломды қолыма алып:

– Міне, балаңыздың диплом қағазы. Киімдері де болған екен, олар да жарым-жартылай жаныпты. Ал енді балаңыз туралы әлі де ештеңе дей алмаймыз, – деп едім, бәрі де маған қараған қалпы аңтарылып тұрып қалды.

— Сонда қалай, біздің баламыз аман ба екен, әйтеуір? – деді анасы аз-кем үнсіздіктен соң жұлып алғандай.

— Олай деп те айта алмай тұрмын, апай. Сот сарапшыларының жұмысына сенсек, қайтыс болғандардың арасында балаңыз жоқ. Бір жағы, соған біз де қуанып отырмыз.

— Айналайын, аузына май, аузына май! – деді жанындағы кісілер жамырысып.

Одан бері не заман өтті. Дүние орнынан бір аунап түсті десе де болғандай. Кеңес өкіметі күйреген, азуын Айға білеген компартия жоқ. Бірақ дәл қазір ойға оралтып, қайта тірілтіп айтып отырған әңгімем ақиқат болған жай: жұмысқа келе мәйіттерді төселген кленканың үстіне қатар-қатар қоямыз. Әрқайсысы нөмірленген. Әр нөмірге қарап, ол көз жұмған қай кісінің денесі екенін келген кісілерге көрсетеміз. Әйтеуір, бір белгісіне қарап, өз адамы екенін айтып, көз жастарын судай ағызып әкетіп жатады. Біз бейбақта қайғыларына ортақтасқаннан басқа не амал болсын?!.

 Шыны керек, ана жерде отыру тіпті қиын. Жұмыс болған соң, басшылық міндеттегеннен кейін, амал жоқ, отырамыз. Адам төзгісіз көңірсік иіс төңіректі жайлап тұр. Сондықтан жұмысқа таңертең келісімен ештеңеге қарамай, бір-бір стакан арақты тартып-тартып аламыз. Сөйтпесең, ана жерде отыру… Бірақ апталап амалсыз отырдық қой. Өйтпесе аузы-басымызды ұшық басып, я басқадай ауру тауып, сырқаттанып қалуымыз әбден мүмкін еді.

Оның үстіне Шымкенттің шыжыған күні қандай!..

Міне, біз, жоғалған жігіттің ата-ана, туыстары және үйленемін деген қызы – бәріміз автоапаттың қалай болғанын, оның қасіретін айтып әңгімелесіп тұрғанда ана жақтан бір жігіттің сұлбасы көрінді. Әлгі жігіт жақындаған сайын өзім суретінен көрген азаматқа ұқсай берді, ұқсай берді.

— Әй, көкетайларым-ау… – дегенімше болған жоқ, менің назарым ауған жаққа анасы жалт қарап, баласын танып қойды. Қуанған мен қорыққан бірдей деген, байғұс шеше: «Айналайын ботақаным! Балам! Алтыным!» – деп жылап, баласына қарай тұра ұмтылды. Бауырлары кетті жүгіріп. Қалай дегенде де, әкенің аты – әке ғой, сабырлы қалпы:

— Аман екен ғой балам, аман екен. Айналайын, інішек, саған рақмет, – дей береді.

Бәрінен де сүйген қызы мен екеуінің ұшырасқанын көрсең. Әке-шешем, басқалар көріп тұр-ау демейді, жігіт қызының шашынан аялай сипап, бетінен қайта-қайта сүйеді. Екеуінің де көзінде жас.

— Аға, мына қыз болашақ келіндеріңіз екен. Бұлар бақытты жұп болады. Мынадай сойқаннан аман-сау шыққан ұлыңыздың аялайтын періштесі мықты екен, – деймін мәйітхананың жанында, анадай жерде тізіліп жатқан өлі денелердің алдында тұрғанымызды ұмытып.

Сонда мен аяқастынан қуанышқа кенелген елдің ағыл-тегіл жылағанын да, мәз болып балаша күлгендерін де көрдім. «Өліп-тірілген» жігіттің де абдырап, не істерге білмей, есі шыға жаздап тұрған кезіне куә болдым.

 «Е, Алла! Е, Құдай! Әйтеуір, аман қалдым. Аман қалдырды», – дей береді.

Осыдан біраз бұрын ғана үміт те, күдік те шарпысып, атпал азаматтың не өлі, не тірі екенінен бейхабар, дүдәмал ойдың арпалысында тұрған бір топ кісі мәре-сәре ұшырасудан соң, бірте-бірте сабасына түсе бастады. Енді «не болды, қалай болды?» деп сұрайтын халге келді.

— Иә, інішек, өзің айтшы, қалай тірі қалдың, содан бері қайда болдың? – дедім айналамыз тыншып, бәріміздің назарымыз сөз айтатын жігітке ауғанда.

— Автобус электр бағанасына соғылған кезде ең артқы орындықта ұйықтап отырғанмын, – дейді әлгі жігіт.

Иә, содан кейін не болған деңіз? Лап етіп жана бастағанда әбден есі шыққан ол артқы терезені теуіп сындырған да, қарғып түскен. Өн бойын үрей билеп, жан ұшырып айқайлаған күйі трассаға қарай жүгірген. Артына қарайлауға дәті шыдамаған. Тіпті өз-өзін тоқтататын шама жоқ, әл-дәрмені құрығанша бет алдына қарамай жүгіре берген. Бір шамаға келгенде өкпесі өшіп тоқтайды. Қайда қашып бара жатқанын өзі де білмей, зулап келіп қалған машинаға қолын көтерген. Тоқтаған кезде мініп алған да, кете барған. Сөйтіп, Жамбылдан бір-ақ шыққан. Бір жолдасының үйіне барып, бастан кешкен оқиғасын баяндаған. Қайтадан жолға шығайын десе, өн бойын билеген үрей аяғын алға бастырмай тежей береді. Айта бастаса, көз алдына от-жалынға оранған автобус елестейді, құлағына шыңғырып жылаған, айқайлаған адамдардың үрейлі үндері келеді. Мұндайды ел «шокқа түсті» дей ме?.. Міне, дәл сондай қиын жағдайды бастан өткереді. Одан айыққанша екі-үш күн өтеді. Өз-өзіне келгенде жолдастарының бірі: «Бүйтіп қашанғы жатасың? Бар, біл. Мүмкін, киімдерің, дипломаттағы дипломың мен қағаздарың өрттен аман шығар» – дейді. «Әке-шешең байғұс қандай халде? Аламын деген қызың да жер-көкке сыймай жүрген шығар?» – дейді екіншісі. Содан жинақталып, батылданып Шымкентке келген беті екен. Облыстық, қалалық ішкі істер бөлімдеріне барған. Олар бұл іспен біздің айналысып жатқанымызды, қайда екенімізді айтқан. Мәйітхана деген аты үрейлі жерге ілбіп басып келгенде, өзінің не өлі, не тірі екенін біле алмай, пұшайман күйде тұрған әке-шеше, бауырлары, сүйген қызының ұшырасқан жеріне тап болады.

Міне, өзіміз айта беретін маңдайдағы жазу, тағдыр деген – осы.

— Айналайын, жүзге келеді екенсің! – деді сол ұшырасуға куә болған кісілер.

— «Қорқыныш соңы – қуаныш» деген. Бұл қалай дегенде де, қуанышқа ұласқан ерекше оқиға болды. Енді өмірлік жар еткің келген қызыңды жіберме. Әкет, ауылыңа әкет. Ел-жұртыңа апар. Соңын тойға ұластыр. Өмірлерің той боп өтсін! – деп жөн-жосық білетін үлкен кісілердің бірі ақ батасын берді.

Жігіттің әкесі менің жаныма келіп, көпке дейін мынадай бас айналдырған сәттің қыспағынан, қуаныш пен үрей шарпысқан ұшырасудың жүрек пен жүйкеге түскен мың батпан күрмеулі шиырынан шыға алмай: «Рақмет, інім! Саған рақмет!» – дей берді. Артынша жас келінді орталарына алған қауым мәйітхана ауласынан шығып, көрінбей кетті.

Мен иелерін күткен мәйіттердің жанында жападан-жалғыз қалдым. «Бұл бейшаралардың ата-аналары, туыс-туғандары, жанашыр достары қашан келер екен? Бізді тағы да қандай ұшырасулар күтіп тұр екен?» деймін зілмауыр ойға батып.

Үп етіп ескен ыстық жел тағы да мұрныма адам шыдағысыз сасық иісті құшақ-құшақ етіп әкелді...

Мен амалсыз үстел астындағы қисық мойын бөтелкеге қолымды создым.

***

Міне, құрметті оқырман, ұзақ жылғы тергеушілік өмірімде мен осындай істі де жүргіздім.

Автоапаттың қалай болғанын, ол әкелген қасіретті оқиға қаншама шаңырақты күйзелтіп, күңірентіп кеткенін білгенімше, тілімнің жеткенінше тігісін жатқызып баяндап бердім. Енді осындай жағдайдан кейін кімді жауапкершілікке тартарсың?

Рульде отырған жүргізуші электр бағанасына соғылмай тұрып жүрегі жарылып көз жұмған. Екінші жүргізуші демалып отырған, ол рульде емес. Кейін ол терезелерді қиратып, іштегілердің талайын аман алып қалуға ерекше болысқан. От-жалыннан тірі шыққандардың бәрі осыны растайды.

Сонымен, күллі Кеңестер елін дүрліктірген қылмыстық іс қысқартылды.

«Неге қысқарттың?» дейтін тірі жан болмады. Міне, өмір деген...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сұхбаттасқан Сейсен ҰЛЫҚБЕК 11.06.2021, 15:15
Ширек ғасырлық әзіл-оспақ отауы
Сайт әкімшілігі,Айдар ЖОРАНОВ 11.06.2021, 14:15
Би падишахы
Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП 09.06.2021, 16:06
«Жасымды сүрткен «Жас Алаш» еді...»
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 08.06.2021, 12:00
Түнгі жол (Әңгіме)
Амангелді СЕЙІТХАН 08.06.2021, 10:30
Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
Амангелді СЕЙІТХАН 05.06.2021, 08:46
Қызың – алтын, ұлың – күміс

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02