Раушан сарыны, қобыз зары, аққу сазы

Қорқыт киесі қонған заманауи қобыз күйінің шебері

 Раушан Оразбаева туралы бір үзік толғау

Гүлзира СЕРҒАЗЫ

30.11.2022, 08:47

3490

        «Бүгінгі күннің ең дарынды қобызшыларының бірі – Раушан Оразбаева. Оның өнері қобыздың байырғы бабалардың қолынан дарыған сиқырлы күшін сақтай білген. Раушанның қолындағы қобыз – тірі жан секілді, ол жай дыбыс шығарып қана қоймайды, «сөйлейді», адамның жан дүниесінің байлығы мен әлемнің барша бояуының қатпар-қыртысын ашып көрсетеді», – деп жазады өнертану ғылымының докторы, музыкатанушы, профессор Әсия Мұхамбет.

        90-жылдар басындағы өліара кезең… «Алматы ақшамы» газетінен «Қазақстан мұражайларына саяхат» сериясы бойынша Ықылас атындағы Қазақ халық саз аспаптары мұражайына келіп, көнекөз шежіреші Омар Қаймолдинмен сұхбаттастым. Омар қарттың жанына көгершіндей болып сүйкімді жас қыз бала келіп жайғасты. Атай алдымен қыздың қолындағы қобызды алып, аударып-төңкеріп, аспап құрылымын түсіндіріп, тарихына шегініс жасады. Сосын, «Өте талантты қобызшы. Келешекте қазақтың атын шығаратын қыз» деп иесін таныстырды. «Қарағым, Қорқыт бабаңнан бір аңыратып жіберші» деп өтінді. Өзі қобыз күйін тыңдағанда қалың қабағы салбырап, көзі жұмылып, отырған орнында ырғалып, жан-тәнімен беріліп, толқып, тебіреніп кетеді екен.  

        Сәуегей атамыздың айтқаны айдай келді. Көп өтпей жатып Раушан Оразбаева тартқан қобыз үні ғасырлар қойнауынан заманауи үлкен сахналар төріне төте жол тартты. Орталық концерт залында өткен Оразбаевтардың отбасылық концертінде бір үйде өскен бүлдіршін қыз балалар қобыз ысқышты аспабында, гобой, флейта сияқты үрмелі аспаптарда бірі-бірімен талант тайталастырып, тылсым саз төгіп, тыңдарманын тамсандырды. Домбырада термелетіп, күй күмбірлеткен Жұмабек Оразбаевтың озық өнегелі тәрбиесінің бүр жарған жемістері еді. Қорқыт дәруіш демі дамыл тапқан жерұйық – Қызылорда топырағының тумасы Жұмабек әкей ұзақ жылдар Алматы облысы Талғар ауданы Қызыл ту 4 ауылында дене шынықтыру пәнінің қарапайым мұғалімі бола жүріп, аудандық, өңірлік айтыстарда суырып салма шешендігімен танылып, республикалық айтыстарда да айтарын асқақ айта алған ақын болды. Шыншыл турашылдығы, ымырасыз мінезімен жақпай, жүлделі орындардан үнемі ысырылып қалса да, айтыста тілге тиек еткен өткір сындарының соңы елге қайырлы болып жататын. Әкімқаралар ожданы оянып, қияндағы ауылға ауыз су келетін, зәулім мектеп салынатын, Ұзынағаш төскейінен Қарасай ескерткіші бой көтеретін. «Жетісу», «Талғар шыңы», «Алматы ақшамы» газеттерінің штаттан тыс тілшісі қызметтерін атқарып, қаламгерлігін де шыңдауға мүмкіндік тапты. Еркін күрестен спорт шебері әрі қолөнер ұсталығы да болды. Сыр мақамдарының сүлейі Жұмабек әкесі Қамбарбайдан үйренген көп көне күйді бүгінгі буынға аманаттаушы. Сүгір мұраларын түгелдеуге қатысып, Төлеген Момбековтің бүкіл күйлерін қыздарына, ерікті шәкірттеріне үйретуден талмады. Қадыр Мырза Әли ағамыздың жоғары бағасына ие болып, Манап Көкеновтей көкесінің батасын алды. Жетпіс өнерінің жеті қырын ғана жария етіп үлгеріп, иығына айтыстарға киіп тоздырған қазақи шапанынан басқа бүтін бешпент ілмей, небәрі 57 жасында дүниеден озды. Перзенттерінің өнерден бір елі ажырамауы үшін қу тірлік диірменінде шыбын жаны шырқырап, анасы 65 жасында жалғанмен қош айтысты. Көпбалалы отбасын асырап-бағып, жеткізу қанша тіршілік көздерін тауып, нәпақа теріп жүрсе де әке-шешеге оңай түспеді. Сонда да әкесінің ынталандыратын мақтауына, шешесінің мешіт пен базар ортасында табанынан тозып әкелетін азығынан жасаған быламығына тойып алып, үш қыз және ұлдар бір-бір аспапты құшақтап жаттығумен үй ішін күнде кешке шу-дуға толтыратын. Тұңғыш қыз Раушан тұмса таланты тас жаратын заманы туарына сене тұра, күндердің бір күнінде атақтануды емес, ата-ананың қолын жылы суға малып, әйтеуір не ішсем, не кисем демейтін уайымсыз күндерге жеткізуді арман ететін… Қайран әке-шеше бітпес берекеге ақыры жете алмады, есесіне қызының көшесіне келген мерекеге, қобызын көк дөнендей ерттегеніне, дүйім жұрттың ду қол соққанына, бәйгелерден жүлде өңгеріп оралған алғашқы қадамдарына куә болып, разылықпен ақ батасын беруге үлгеріп кетті. Әйгілі Әлшекей мұраларын жеткізуші Қамбарбай күйшінің туған немерелері болып, бір шаңырақ астында атасының күй тартысына құлақ құрыштарын қандырып, бауырына тығылып, тізесіне отырып, сақалымен ойнап, еркелеп өспесе, бір ғана отбасынан бір емес, бірнеше өнер тұлғасы өсіп шығар ма еді?!

       Раушан Оразбаеваның өзі оқыған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория аспирантурасын тәмамдауына арналған шығармашылық есеп беру концертінің әсері әлі есімде. Баяғыда күрделі аспаптарды еркін меңгеруімен таңғалдырған сүйрік саусақты, талдырмаш бітімді сіңлілері сымдай тартылған әсем бойжеткендерге айналып, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу музыкалық консерваториясында маманданып, көкжиек кеңейтіпті. Осы кештегі Раушанның келбеті қазақ саз өнерінің көгінде еркін самғауға бет алған қыран қомданысын, күй-теңізінде жүзген аққудың сұлу сынын берді. Жанында жан жары – «Үкілі үміт» республикалық сазгерлер байқауында әйгілі «Қарындасыма» әнімен бас жүлде алған Қайрат Жүнісов. Отбасында қыз бала дүниеге келіп, Абай сүйген ару Тоғжан есімін еншілеген. Соңынан Әзиз және Расул есімді қос ұл ілескен. Алма сабағынан алыс түспей, Тоғжан анасы сияқты қобызбен қауышқан. Ұлдың екеуі де гитара сымдарынан сыр аулап, соңында информатика мамандығынан нәсіп тауып, момақан тірлікке ден қойған. Осылай төрт құбыласы түгелденген Раушан әлеуметтік-тұрмыстық қиналысты аз кешпеді, бірақ үнемі аялы алақандарға тап болды.  Әбдіманап Жұмабекұлындай майталман ұстазды Жұбанов мектебінен «Раушанды әрі қарай тәрбиелеңіз!» деп, қобыз өнерін дамыту мақсатымен консерваторияға шақырған – сол тұстағы ректор, музыкант, экс-министр Дүйсен Қасейінов еді. Әйгілі композитор Кенжебек Күмісбеков нағыз жолашар ағасы болды, хас талант бағалаушысы қос қолтығынан демеп жүргенде Раушанның маңдайына шаң тимейтін. Алматыдағы бір кештен кейін қобыз құдіретіне тәнті болған өнерге жанашыр азамат – сол тұстағы Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің арқасында отбасы үйлі-жайлы болды.

       Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде еңбек жолын бастаған Раушан Оразбаева «Отырар сазы» оркестрінде де дәулескер күйші, «симфор-дирижер» Нұрғиса Тілендиевтің сиқырлы саз таяқшасына орындаушылық ұшқырлықпен ілесті. Отбасы, балалары көңіл кетіктеріне кірпіштей қаланып тұрса да, қызмет ететін орталарындағы өзгелерге дағдылы болып кеткен бәсекелестік пен күншілдік, жалғандық пен кертартпалық сияқты сұрықсыз әрекеттер түңілдірген жан азабын бастан кешті. Бәрінде де қобызы өзін жұбатып, қайырып алып, үйірге қосып отырды, ешқашан тастамады, қобызымен ортасын, айналасын тазарту миссиясын жауынгердей жалғастыра берді.

       Қазақ даласындағы бозінгендей боздаған, оғыздай оқыранған қобыз үніне құрлықтар мен мұхиттардың арғы жағындағы алыс шет мекендердің түрі, тілі, ділі, діні басқа жұртшылығын құштар ету қолынан келді. Қобыз күйшілік өнерінің бірден-бір насихаттаушысына айналды. Түркия, Иран, Малайзия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Испания, Голландия, Жапония, Австрия, Америка, Бельгия, Дания, Швейцария, Германия, Үндістан және т. б. елдерде музыкалық сауатты көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бірқатар мемлекеттерде шеберлік сыныптарын ашып, шәкірттер шоғырын тәрбиеледі. Қобыз үнінен о дүниенің сарынын аңдағандар соңғы жылдарда шіркеулер сияқты діни ошақтарда қобыз күйлерін шарықтататын үрдіс жиіледі. «Агахан» халықаралық өнерді дамыту қорының ұйымдастыруымен «Қырық қыз» қарақалпақ эпосы негізінде «Қырық қыз» халықаралық мультимедиалық жобасының музыкалық жетекшілігіне басқа емес, Раушан Оразбаева таңдалды. Түркі тектес халықтық өнер өкілдері – қырыққа жуық өңкей қыз орындаушылар арасында Раушан өзінің қызы Тоғжанмен және Арайлым, Салтанат сияқты қобызшы шәкірттерімен Американың түкпіріндегі штаттарда, Германияның Франкфурт қаласында, Ташкент пен Бішкектегі көршілес ағайындарға сынау өнердің қазақ топырағындағы жаңа тынысын паш етті.

        Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы өткізген «Әлемсаз» халықаралық музыкалық фестивалінің ашылуында «Қорқыт» зарымен, «Қасқыр» ырылы-ұлуымен қазіргі заманның талғампаз тыңдарманының, шетелдік меймандардың тұла бойын шымырлатқан қобыздың тірі дауысы алдымыздан шықты. Қорқыт, Ықылас, Сүгір мұраларын жеткізуші, қобызшылық күй дәстүрлерін жалғастырушы Раушанның репертуары жаңарып кеткен, виртуоздық орындаушылық өнердің теңдессіз шеберіне айналған. Фестиваль қарсаңындағы «Күй қайнары» кешінде тұңғыш шығармасы – «Раушанның сарыны» ойналды. Төлтумалары осымен шектелмейді. «Дала рухы», «Гөй-гөй толғау»…  

        Ахмет Жұбанов мектебіне домбырашы болып түскен Раушанды 1983 жылы тоғыз жасында қолынан жетектеп, қобыз сыныбына қосқан ұстазы Асқар Шынарбекұлы. Дәулет Мықтыбаевтай, Жаппас Қаламбаевтай қобыз мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші тұлғаларымыз бола тұра, дәл сол кезге дейін қобыз ескіліктің сарқыны, сұранысы аз, тыңдалуы күрделі де қиын өнер саналып келді. Қобыз сыныбын ашқан ұстаздар осы көне аспапты жандандыруды көздеді. Сазы адамның алпыс екі тамырын сырқырататын аспапты қолына ұстаған сәтте-ақ Раушан қобыздың маңдайына жазылған аманат-тағдыры екенін, өзінің мұрагерлік рөлін бірден түсінді. Мектепте де, консерваторияда да, аспирантурада да бағбандай баптаушысы, тарлан тәлімгері ұстаздардың ұстазы – Әбдіманап Жұмабекұлы болды. Ұлағатты ұстаз шәкірттерін импровизация иірімдеріне кәнігі баулыды.                 

         Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Қобыз» кафедрасының аға оқытушысы болған Раушан Оразбаева отбасылық ахуалмен Астанаға қоныс аударып, «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық жолын жалғастырды. Музыкант-педагог ретіндегі еңбегі жанып, шәкірттер қатарын тәрбиелеп, «Тәуелсіз Қазақстанның үздік ұстазы» атанды. Қобыз музыкалық ілімін зерттеуге көңіл бөліп, доцент болды. Аспандағы аққуға әнін қосқан қазақ бабамыз қасиеттеген құс төресі – аққуға арналған 26 күйдің басын біріктіріп, олардың шығу тарихының қысқаша мазмұнымен, нотасымен бірге орындау тәсілдерін тәптіштеп үйрететін «Аққулар сазы» оқу-әдістемелік құралын жарыққа шығарды. Бала кезден атасының қағыс-қайырымдарымен көкейінде қалған Әлшекейдің «Аққу кеткен» күйіне де кітаптан құрметті орын берілді.

         Раушан Оразбаеваны белгілі композитор Ақтоты Райымқұлова өзі Мәдениет министрі лауазымын иеленген бірінші күннен қырағы қамқор шебіне алды. 2019 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағының иегері болды. «Қазақконцерт» ұйымына жетекшілікке келгенде де «Халық қазынасы» тобының тұтқасы боларлық тұлғаларды топтастырғанда Раушанды аттай қалап шақырып, солистер сапына қосты. «Біздің жәрмеңке» концертінің базарлығы Раушанның өзі құрған «Қобыз-Рух» музыкалық тобымен бірге тартқан қобыз күйлері болды. Жалпы 2020-2022 жылдар шығармашылық өрлеу кезеңі. Астана қаласындағы «Наз» мемлекеттік би театрында әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Қобыз сарындары» атты дәрістік күй кешін, тәжтажал тұсында Фейсбук парақшасында онлайн режимде жеке концертін, Австрияның Вена қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткен «Қазақ мәдениеті» апталығында Ы.Дүкенұлы шығармашылығына арналған жеке концертін, Елордадағы Музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрында «Бір мүмкіндік» атты байқау-фестиваль аясында «Ықыластың қобызы» атты жеке концертін берді. Раушан Оразбаева Халықаралық Beyond music әр ұлттың коллаборациясы жобасына шақырумен қатысып, 26 мемлекет арасында жарияланған байқауда жеңіске жеткен музыканттармен Beyond music vol 2 Same planet әлемдік альбомына енгізілді. «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасымен жаңа ашылған – Жетісу, Абай, Ұлытау облыстарында, Қызылорда, Түркістан, Тараз қалаларында өнерден шашу шашқандар легіне қосылды. Бұл шара КСРО және Қазақстан халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған сазды сапармен жалғасып, Қызылорда, Қазалы, Қармақшы, Арал аудандарында, Байқоңыр алабында, одан әрі Түркістан мен Кентауда халықты қобыз күйлерімен сусындатты. Қобыздың жанды дауысын ешқашан естіп көрмеген Алтай шаһарын күймен сілкіндіріп қайтты. «Балалар филармониясы» жобасында талапкер жас жеткіншектерге дәрістік концерт және шеберлік сағатын өткізді.

      Музыка даңғылында серіктесе қимылдап, ұзақ сапарға бірге шыққан қос қанаты – екі сіңлісімен өнер көгінде қатар самғап келеді. Балжан – «Астана-опера» Қазақ мемлекеттік опера және балет театры оркестрінің солисі. Ал Маржан – Ресей Федерациясының «Новая Россия» мемлекеттік симфониялық оркестрінің солисі. Екеуі де халықаралық музыкалық қорлардың стипендиаттары, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары.

       «Ұлтымды өзіммен бірге рухани биіктікке көтерсем, жоғарыдан төменге көз салып, жер бетінде адам қолымен жасалып жатқан қылмыстар, қиянаттар, әділетсіздіктер үшін ұялатын халге жеткізсем...» дейді Раушан. Біз сенімен рух биігіне көтерілмес бұрын жерден бас көтеруді, жоғарыға қарауды, сені тыңдауды, шын өнерді түсінуді меңгеріп алайықшы.

        Қобызың – өсиетің мен қасиетің болып, бағың мен бабың, сарының мен арының қатар шауып, шабыт шалқарында жүзген аққу-ғұмырың ұзақ болсын, қазақтың бағына біткен күйші-бақсы Раушан!

Тегтер: өнер руханият тылсым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16