Рухани қазынаны таңдауға халық неге қатыспайды?

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

28.09.2021, 17:27

834

           Төрде отырып тон пішкен Кремль көсемдері  жеті өлшеп, бір кеспей-ақ  интернационализмді ту етіп,  коммунистік моральға  қосақтап, қайдағы бір  қаулы-қарарларды өктемдікпен  төмендегі елдің төбесінен лақтырып жібере салатын. Оны төмендегі тәуелді елдің төрелері жерге түсірмей қағып алып, құлағының тесігіне, кеудесінің есігіне қарамастан, қалың елге еркінен тыс тықпалайтын. Таңдау функциясынан айырылған бұқара халық  не болса соны қаузап, жалмап жұта беретін.  Халықтың өзі таңдамаған,  жанына жақын тұтпаған, санасына сіңбеген, жүрегіне сенім ұялатпаған кез келген рухани дүние ұмытылып,  орта жолда қалып қоятын. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» (Қадыр Мырза Әлі)  деген сөз дәлелдеуді қажет етпейді.  Несін жасырайық, тәуелсіздіктің  «балалық ауруларына»  шалдыққан біздің билік рухани дүниелерді таңдауға халықты қатыстырмай, Кремль көсемдері салған көне сүрлеу, ескі соқпақпен келе жатыр.  Жай жүрсе де бір сәрі-ау, асығып, аптығып, ентігіп келеді.  «Сынықтан басқаның бәрі жұғады»  екен.

      Құдіреті күшті бір ғана адамның әмірімен  немесе пәрмені күшті бір ғана мекеменің талғамы бойынша ойдан шығарылған рухани бағдарламаларды  жұртшылыққа зорлап таңып, қалың бұқараны тұтынушылар «одағына»  біріктіріп, таңдау функциясынан айырып тастайды. «Бұл мақұрым қалмағыма кім жазалы?»  (Абай)  деп сұрақ қойып, іздеу салып жатқан ешкім жоқ.  Басқасын былай қойғанда,  биліктің мақтаншақтық «доктринасы»  дәуірлегені соншалық – өмірге атынан ат  үркетін «Мәңгілік ел» рухани бағдарламасын алып келді. Бұқараның бойына дарымаған, санасына сіңбеген  қиял-ғажайып ертегі  ақыр аяғында  жарқ етіп жанып,  жалп етіп сөнді.  Халық таңдамаған, тұтынушы қолдамаған  рухани қазына  көбік сөзге көміліп, қараң қалғанын көріп жүрміз.  «Орталық Азия барысы боламыз», «Кувейтті қуып озамыз», «Сингапурды шаң қаптырып кетеміз» деген  әләуләйлардың  бәрі әдірем қалды.

      Бір данышпанның «Алдымнан ұятым шығып, көзіме тура қарап, үнсіз сауал тастаса мен оған не деймін?»  деген сөзі бар екен.  Ұятының алдында есеп бермейтін, қазақшылығы кем,  ағылшыншасы  асып-төгілген,  ғасырлар бойы қордаланған қазақтың рухани  қазыналарына  қырын қарап,  көзге ілмейтін шенеуніктер, сөзсіз, ұлт дидарына үлкен дақ түсіреді. Ол дақ кейін метастаза беріп, жазылмайтын жараға айналады.  Біз бүгін сол кеселдерге  профилактикалық ем-дом жасап, күресіп жүрген сияқтымыз.  Ұят болды-ау демейміз.

      Біздің бұлай таусылып сөйлеп,  түңіліп отыруымыздың себебі – қазақ телеарналары  ұлтты ұшпаққа шығаруға құлықсыз,  қауқарсыз, тіпті ондай мақсат та қойып отырмаған секілді.  Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде  халқымыздың өткендегі рухани қазыналарына атүсті  қарап,  рухани өмірдің ең зәру,  ең өзекті қажетін  дәл қазірден қалдырмай  өтеу жолында  айтарлықтай іс тындыра алған жоқ.  Қайта ұлтсыздандыруға қызмет етіп жатқандай көрінеді.  Айталық, аты дардай ұлттық арнамыз түкке тұрмайтын, тәрбиелік мәні жоқ,  қатынталас, байталас, дүниеталас түрік сериалдарын күні-түні көрсетуден бір жалықпайды.  Одан қалса, тәлпіштенген «жұлдыз» әншілеріміз ырду-дырду есер әндерімен естен таңдырады. Осылайша рухани қазынаны таңдау функциясы бұйырмаған қалың бұқараны тұтынушылық орынға ысырып қояды.  Оны аз десеңіз, қазақтың дәстүрлі  ән-күй өнеріне  нақ бір өші бардай,  мақтаныш тұтып, паш етуге келгенде  шық бермес Шығайбайдан өткен  сараңдық танытатынын түсіну қиын.

       «Евразия» бірінші арнасында аптасына бес күн, тұп-тура  төрт сағатқа созылатын «Қосылайық» жобасы махаббат деген ұлы сезімді ашық-шашық күйінде қабылдайтын желөкпе жастарды жарнамалайтын ашық алаңға айналды.  Қараңыз, байсыраған бикештер мен жұбай іздеген жігітсымақтар бір-бірімен таласып-тартысып,  қырғи-қабақ болып, мін тағып, мінез көрсетіп, сөз арасын бөтен тілмен былғап, мәдени-эстетикалық түк мәні жоқ, дәстүрімізге жат қойыртпақ дүниемен қарық қылады.  Босқа өлген төрт сағат уақыт-ай десеңізші. Таңдау құқығы жоқ  тұтынушы халық тұншығып отыра береді. «Әкемізге қалыңдық», «Әкемізге тұзақ» т.б. сорақы бағдарламаларды  ауызға алмай-ақ қояйық. Осылайша телеарналар қазақ рухының әлсіреуіне қызмет етіп жатқандай әсер қалдырады.

      Атақты жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов  «Ара» журналының редакторы болып тұрғанда пединституттың студенттерімен  кездесуге барып, тіл туралы ұзақ әңгімелеп келіп: «Біздің балаларымыз ағылшын иттері секілді – қазақша айтсаң түсінеді, бірақ жауап бере алмайды», – деп айтып салыпты.  Жұрт әзіл деп қабылдап күлгенімен, астарында алапат трагедия жатқанын  аңғару қиын емес еді.  Ұлттың ең осал екі тұсы бар: ұрпақ тәрбиесі  мен білім деңгейі.  Біз ұлттың осы екі ұстынына  ширек ғасырдан бері  аямай соққы беріп,  ретсіз реформалармен  сан-саққа жүгіртіп, білім беделін түсіріп,  дипломды дүмше мұғалімдердің қатарын көбейтіп,  балаларымыздың бойына отаншылдық рухты тереңірек сіңірудің орнына қызметқұмарлық пен дүниеқоңыздық дәнін  молынан сеуіп,  ала-құла күйге түсірдік.

      Жоғарыдағы жеке басшының қолдауымен, әмірі күшті мекеменің талғамы бойынша жасалған,  жасалып жатқан реформаларды халық тек тұтынады.  Мұның өзі жұртшылыққа зорлап таңылуымен  пара-пар тәртіп.  Төмендегі тұтынушы бұқараның дәрменсіздігі пұшайман етеді.  Айталық, биыл алты жасар немереңізді қолынан жетектеп,  мектеп табалдырығын аттатып, апайына аманаттап тапсырып кеттіңіз делік.  Кекілінен жел ескен сол балақай түске таман сөмкесін  сүйретіп, сілікпесі шығып  үйге оралады. Қайтсін-ай, апайы он бір кітап арқалатып жіберсе.  Он бір кітап! Алты жасар баланы кітаппен  көміп тастаған көкелерге рақмет! Кітаптардың физикалық массасы емес, ақыл-ойы  мен санасына түсіретін  ауыр салмағын кім өлшеп отыр десеңізші.  Жас балаға деген жаныашымастық жағаңызды ұстатады.

    Бұл – балаларымыз ақылды һәм білімді болсын деген ата-аналардың таңдауы емес,  миллиондаған халықтың қалауы емес,  бар-жоғы жоғарыдағы бір ғана мекеменің талғамы.  Бірінші сыныпқа барған балаларға  шет тілдерін оқыту  қазаққа жасалынып  жатқан қиянаттай көрінеді.  Өйткені өз туған тілін толық меңгермеген,  әріптердің басын қосып ежіктеп болса да, оқи алмайтын,  оң мен солын танып үлгермеген,  сөйлеу мәнері қалыптаспаған, ойын жатық жеткізуге дағдыланбаған бала санасына білім дәнін емес,  қорғасын құйып жатқандаймыз.  Қалағаң айтқан «ағылшын иттерінің»  шығу тегі мен төркінін осы тұстан іздеуіміз керек.  Мұның бәрі халықтан өзін жоғары қоятын, төлқұжатына қазақ деп жазылғаны болмаса, ұлтқа үрке қарайтын  бөтен кісілердің «шарапаты» десек, шатаспаймыз.

        Сөзіміздің аяғы бошалаған түйедей құм асып  құрдымға кетпесін, пікірімізді түйіндесек:  баяғы өткен заманда өңкей кеще, кеңкелес ғалымдар дауыс беріп, ұлы ғалым Ломоносовты  Рессей ғылым академиясының мүшелігінен шығарыпты.  Осыны естіген Ломоносов: «Мені академиядан шығарғанша,  академияны менен шығармайсыңдар ма?» – деген екен.  Сол айтқандай, халық таңдауымен,  жұртшылық қалауымен, көрермен сұрауымен, көпшілік талғамымен жаңғырып, жаңарған рухани қазыналарымыз өміршең болуымен қатар, оны ешқандай күш жүрек түкпірінен, көңіл төрінен қуып шыға алмайды.  Ленинді күстаналауға белсенділік  танытып жүргендер оның: «Біз халықтың не  ойлап отырғанын  дұрыс пайымдай алған күнде ғана дұрыс басқара аламыз», – деген сөздерімен келісетініне  еш күмән келтірмейміз.

Тегтер: рухани жаңғыру Қазақстан ескерткіштер мүсіндер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14