Рыспай Саян: Адамдардың көбінде жауапкершілік қасиеті азайып барады

Бифат ЕЛТАЕВА

21.10.2022, 16:39

3422

Адамның өмірдегі ең басты құндылығын, жеке-дара қасиетін анықтайтын психология деген жақсы ғылым бар. Бірақ осындай саланың бар екенін ескермей, қанша күйзеліске түссе де психологтардың көмегіне жүгінетіндер бірен-саран. Сол себептен де, қазір қоғамда қатыгез, жасы біразға келсе де отбасын құруға асықпайтын, шаңырақ құрса да көп ұзамай ажырасып кететіндердің саны едәуір ұлғайды десек, жалған емес. Ал бұның барлығы психологиядағы дерт саналады ма? деген сұрақ төңірегінде психолог-психосоматолог Рыспай Саянмен әңгімелескен едік.

— Кейінгі кездері көпшіліктен «күйзелісте жүрмін», «стресс»  деген сөздерді жиі естиміз. Не себепті мұндай жағдайлар көбейіп кетті?

— Қазіргі таңдағы стрестердің көбеюінің бірден-бір себебі – өзін-өзі түсінбеуі. Яғни, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, тереңінен мән бермеуі. Сондай-ақ қазір ақпараттың дамыған заманы болғандықтан,  адам өзінің бір фокусын орнықтыра алмайды. Әрі әлеуметтік желілердің көбеюінен де, мәселен, инстаграм, тикток, фейсбук секілді желілерден әртүрлі ақпараттарды көреді де, өзінің нақты көзқарасын орнықтыра алмайды. Сол себептен, ойлары да шашыраңқы жүреді. Бос уақыттың барлығы әлеуметтік желіде өткендіктен, адамдардың бір-бірімен араласуы да азайып кеткен. Cоның салдарынан өз алдына мақсат қоя алмай, үнемі стресте жүреді. Оның үстіне бос уақыты ғаламторда өткендіктен, оның алға қойған мақсаты да болмайды, әрі кез келген нәрсеге аса жауапкершілікпен қарауы да екіталай. Күннің батысы, таңның атысы әлеуметтік желілерде отырмай, адамдар өзін-өзі тануы дұрыс болар еді. Күнделікті өз өміріне есеп беріп, не үшін жүргенін, не істеу керектігіне есеп беріп отырса, күйзеліс деген нәрсе болмас еді.

— Шыны керек, қазір сананы тұрмыс билейтін заман болып кетті. Соның салдарынан адамдар арасындағы байланыс, отбасындағы құндылықтар жойылып бара жатыр. Сіз психолог ретінде қандай кеңес бере аласыз?

— Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда көп адамның ой-санасы ақшаға қарай ойысып кетті. Сондықтан көбінесе жақындармен қарым-қатынас, отбасындағы құндылықтардың барлығы біртіндеп жойылып бара жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, құндылықтардың жоғалуы, адамның өзін-өзі дұрыс білмегенінен туындайды. Кейбір отбасыларды мысалға алатын болсақ, отбасындағы ер адам әлі өміріне жауапкершілік алмаған кішкентай бала позициясында қалып кетіп, толыққанды өзін ересек адам ретінде сезіне алмайды. Сол себептен, әйелі бар жауапкершілікті алып, ерінің орнына жұмыс жасайды. Ал отбасындағы бар жауапкершілікті әйел мойнына алған соң, арадағы қарым-қатынастар бұзылады. Оның үстіне, екі ортада балаларға толық көңіл аударылмай, махаббатқа мұқтаж болып өседі. Міне, осының барлығы айналып келгенде, біріншіден әркім отбасындағы өзінің орнын білмегендіктен туындауда. Сол үшін, ер адам отбасындағы үлкен жауапкершілікті өз мойнына алып, әйел адам өзінің құндылығы мен өзіне қатысты қызметтерін білсе деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, әр адам күнделікті уақыттарын дұрыс бөле білу керек. Яғни, жұмыс уақытында тек жұмыс істеп, үйге келгенде жұмысты ұмытып, 100 пайыз көңілдерін бала-шағасы мен жарына арнаса, отбасындағы құндылықтар сақталады.

— Соңғы жылдары адамдардың психологиялық жағынан білімдері артып келеді. Осы орайда, қазір адамдар психологтарға қаншалықты жүгінді, әрі көбі қандай мәселелермен келеді?

— Әртүрлі адамдар психологтың көмегіне жүгінеді. Оның ішінде кішкентай баладан бастап, үлкен кісілерге дейін бар. Бірақ көбіне 16 мен 40 жас аралығындағы адамдар келеді. Әрқайсының мәселесі әртүрлі. Кейбірі ренішпен, жақындарымен дұрыс қарым-қатынастың болмауына реніштерін білдіріп, көмек сұрап жатады. Осылардың ішіндегі ең ауыр мәселе – қатты күйзеліске түсуінің салдарынан бауыр, бүйрек, іштері ауыратындар жиіледі. Әйелдер көбіне қарым-қатынастың бұзылуына шағымданса, ер адамдар қаржылық жағдайға қатысты қалай қарыз болып қалмауға қатысты ақыл-кеңестер сұрайды.

— Сондай-ақ қазір бесіктен белі шығып үлгермеген баладан бастап, жасөспірім, тіпті ересектердің өзі смартфонға тәуелді. Смартфонды көп пайдалану адам психологиясына әсер етеді ме?

— Смартфонды көп пайдалану – кішкентай бала түгілі ересек адамға үлкен зиянын тигізеді. Телефонның салдарынан адамның ойы шашыраңқы келеді, әрі бір-бірімен сөйлесіп, араласуы аз болады. Қажеттіліктерінің барлығын тек телефоннан алып, өзгелерден ақыл-кеңес сұрамайды. Адам негізі алдына мақсат қойып, соны орындау барысында ләззат алады. Ал қолда смартфон болғаннан кейін, барлық рахатын әлеуметтік желілердегі болмашы нәрселерді көру арқылы, уақыттарын кетіріп жатады. Барлық ақпаратты телефонмен алмасып, ғаламтор арқылы сөйлесе жүріп, шынайы өмірден тыс қалып жатады. Сондықтан шынайы өмірде проблемалар көбейіп, күйзеліске түседі. Бұл өте зиян. Сол үшін де жасы-кәрінің барлығына телефонды көп пайдаланбауға кеңес берер едім. Егер балаға телефон ұстатқан жағдайда, 1 сағаттан артық пайдаландырмау керек.

— Енді тағы бір мәселе, елімізде жасы 30-дан асса да шаңырақ құрмай жүрген бойдақ қыз-жігіттерді көп кездестіреміз. Соған қарағанда,  психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, адамдардың бір-бірімен тіл табысып, жарасуы қиындап кеткен секілді ме, қалай?

— Психосомастикада, жалпы психологияда мынадай қызықты зерттеу бар. Яғни, адам кішкентай кезінде анасына, жақын бауырына деген реніші болса, не болмаса әке-шешесінің арасындағы жанжал сияқты жаман қарым-қатынасты көрген бала өскен кезінде сол көріністер миында қалып қалады. Кейін жасы 25-тен аса бастағанда, отбасы құруға деген қорқынышы пайда болады. Мәселен, ертең отбасын құрғанымда, менде де осы жаман жайттар қайталана ма, не болмаса қаржылық жағдайым жетеді ме, үйге ақша әкелмесем, әйелім анам сияқты реніш білдіреді ме, не күйеуім арақ ішіп келіп жанжал шығарады ма деген секілді қорқынышпен жүреді. Осындай қорқыныштардан шығу үшін психологтардың көмегіне жүгінгені жөн. Психологтың кеңесін тыңдап, өткен шақтың барлық есігін жауып тастап, болашаққа жаңа көзқараспен қарап үйренсе, бәрі ойлағанындай жақсы болады. Сондай-ақ психологияда сепарация деген ұғым бар, бұл ата-анадан бөліну деген мағынаны білдіреді. Егер адам психоэмоционалды жағдайда ата-анадан бөлінсе, олардың жасаған қателіктерін қайталамайды. Ал оларға деген өкпе-ренішін ұмытпаса, бейсаналы түрде әке-шешесінің қателіктерін жасайды. Сол үшін психологтың көмегіне жүгініп, өткен шақта қалған жаман естеліктерді ұмытып, жаңа өмірді бастауға тәуекел етуден қорықпағаны жөн.

— Ал шаңырағы шайқалып, ажырасып жатқандарға және «отбасымды қалай сақтап қаламын деп» ажырасудың алдында тұрған ерлі-зайыптыларға қандай кеңес бересіз?

— «Отбасымды қалай сақтап қаламын», «күйеуім көзіме шөп салды», «ішкілікті қойдыра алмадым», немесе «әйелім үйден жиі кетіп қалады» деген мәселемен көмек сұрап келетіндердің саны кейінгі кезде көбейді. Осы орайда, адамдардың ішіндегі керексіз ақпараттарды шығарып тастайтын тежеуіш соққылары болады. Көмек сұрап келген адаммен сөйлесіп, ішіндегі тежеуіш соққыларынан арылту мақсатында кеңес беру арқылы ішіндегі жаман ойлардан арылтуға жұмыс жасаймыз.

Осындай жағдайға түсетіндердің көбісі әу баста, не үшін отбасын құратынын білмегендіктен. Яғни, біреуі жасы 30-ға таяп, уақытым келді деп, бірі ата-анасының, туыстарының «қашан отбасын құрасың» деген сұрақтарынан мезі болып, үйлене салады. Міне, адам қандай мақсатпен үйленсе, нәтижесі де солай болады. Сондықтан отбасы құрардағы мақсат дұрыс болу қажет. Нақты айтқанда, отбасын құру – бірін-бірі жақсы танып, бірге өмір сүре білу үшін деп мақсат қойған дұрысырақ болады. «Сен менің таңдауымсың, сен арқылы мен, мен арқылы сен бақытты боласың» деген ұстаныммен үйленсе, адам ересек позициясында болып, отбасына деген жауапкершілікті мойнына ала алады, әрі бақытты отбасын құрады.

— Қазақта «бірінші бала – ата-әженің баласы» деген жарасымды ұстаным бар. Осы ұстаным арқылы қазақы құндылықты білетін отбасылар тұңғыштарын ата-әжесіне беріп жатады. Бірақ ата-әженің қолында өскен кейбір жандардан «Әке-шешемді, өз бауырларымды жатырқаймын» дегенді естіп жатамыз. Жалпы баланы әке-шешесінен бөлектеген дұрыс па?

— Мен бұны үлкен қателік деп санаймын. Себебі, бала өзінің әке-шешесімен бірге тұрып, бірге өсуі қажет. Егер бала ата-анасынан бөлек өссе, баланың санасына үлкен соққы болады. Кішкентай кезінде білінбеуі мүмкін. Бірақ өскен кезінде бауырлары жатсынып, оларға деген үлкен ренішпен өмір сүреді. Яғни, өзін оларға керексіз санайды. Бұл адамды ішкі күйзеліске әкелетін сезімдердің бірі. Одан кейін ата-анасымен ашылып сөйлесе алмайды. Мұндай адамдар да қабылдауыма жиі келеді. Олардың сөздерін тыңдасам «неге мені әке-шешем жіберді, неге басқа бауырларыма жылуларын беріп, неге мен шет қалдым» деген секілді шағымдарын айтып жатады. Сондықтан мұндай қателік жасалынбағаны жөн. Әр отбасы баланы дүниеге әкелді ме, өздерінің жауапкершілігіне алуы керек. Ал егер ерлі-зайыптылар ажырасып, немесе әке-шешесінің біреуі дүниеден өткен жағдайда ата-әжесінің қамқорлығына беруге болады. Бірақ ол бала өскен соң, міндетті түрде психологтың қабылдауына баруы қажет.

— Пайдалы сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16