Саған деген сағынышымның жанарына қапты шық тұнып...

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

23.06.2022, 09:32

1411

Балалық шағым, 

                   оралмас сағым,

Алыстап кеткен қыр асып.

Алаңсыз күнім,

                  сағынтып бүгін

Көзіме тұнды бұла шық.

Қызғалдақ үзген,

                  суында жүзген,

Ақ бұлақ жатыр паң күліп.

Қызды алғаш өпкен, 

                 сонау бір көктем

Кетпейді естен жаңғырып.

Келмейді қайтып, 

                       әз әнін айтып,

Ағылған жыл мен ай кейін.

Әжімін салып, 

                    сағынтып алып

Өтуде уақыт қайтейін.

            

Балауса сезім

Кей кезде ойға қалам,

Тоқтатып бар ісімді.

Сағына еске алам

Сонау бір танысымды.

Мөлдіреп көк зеңгірі,

Сол күні ашық еді.

Өзендей көктемдегі

Көңілім тасып еді.

Кенеттен кездестім де,

Жаутаңдап қарай бердім.

Үстіртін сезбедім бе,

Өзіме балай бердім.

Апырау сыйқырлы ма,

Жарқ еткен күн жанарың.

Белгісіз ой тұрды ма,

Қиықпен бір қарадың.

Көрініп жоқ болдың сен,

Жалт еткен найзағайдай.

Балауса сырымды мен,

Қалдым ғой айта алмай.

Сезімдер алдай ма екен,

Шарықтап кеттің жырақ.

Жүрсең де шалғайда сен,

Жүректе қалдың бірақ.

Сырымды жеткіз сал сағым

Әлі есімде жасыл бел атырабы,

Сылдыр-сылдыр қайыңның жапырағы.

Көкжиекте қол бұлғап, сал-сағымдар,

Іңкәр қылып өзіне шақырады.

Аңғартқандай бір сырды сал-сағымдар,

Сал-сағымдар мен келем қарсы алыңдар.

Сол бейнені іздейін табар ма екем,

Жар салыңдар, жаңғыртып, жар салыңдар.

Сал-сағымдар көзді арбап, қыр асырған,

Татыңдаршы мендегі бұла сырдан.

Жеткізіңдер сол жанға көктем болып,

Сезімімді төзусіз алас ұрған.

Қыс та өтіп шуағын жайды көктем,

Қыр самалы япырай жайлы неткен.

Арман қылып жүретін қыз бар-тұғын,

Айтыңдаршы, сал-сағым қайда кеткен?

                         

Жауса екен жаңбыр

Жауса екен жаңбыр, жауса екен дедім,

Көшпелі бұлтқа білдіріп сенім.

Ебіл-дебіл төксе ғой шіркін,

Даланың көне өзгертіп реңін.

Кенеттен бір сәт найзағай ойнап,

Көшпелі бұлттар күркіреп өтті.

Ақ ерке тамшы шаттығын тойлап,

Сарғайған жерге құт болып жетті.

Көңілім елтіп қырларға шыққам,

Теңіздей толқып жаңа бір сезім.

Көргендей болдым мөп-мөлдір шықтан,

Кездеспей кеткен арудың көзін.

Жауса екен дедім, жауса екен жаңбыр,

Осы бір кезге көңілім ғашық.

Шөліркеп жатқан құлпырсын сан қыр,

Бұлақтар ақсын ернеуден асып.

                                      

Сол бір қыз

Желге ұшып сары жапырақ,

Қоңырау қақты қоңыр күз.

Бозарып қыр мен атырап,

Ақ шаңдақ болып жатыр түз.

Шөптерге қырау шық тұнған,

Ызғарлы еді қоңыр күз.

Сезімді алғаш ұқтырған,

Ұмытпен сені, сол бір қыз.

Кездестік қырда сонда біз,

Балауса сырды шертістік.

Көңілден ұшып сонда күз,

Жайдары жаз боп кетістік.

Отырдық жайлап сыр шерте,

Ай туған сонда шалқалап.

Оянған сол сәт тым ерте,

Өзіңде деген махаббат.

Баламыз онда аңғартпыз,

Ештеңе сірә сезбедік.

Кештерде айлы қаңғып біз,

Қырларды қайбір кезбедік...

Мұңға орап менің көзімді,

Оралды тағы қоңыр күз.

… Оятқан алғаш сезімді

Қайда екен, қайда сол бір қыз?

                  

Сол бір тамыз

Сол бір тамыз нұрға бөлеп,     

                          Сол бір таңын атырған,

 Сол бір таңға көкейімде,

                          Айтылмаған жатыр ән.

Әкелді ме әлде бақыт,  

                         әлде мәңгі сағыныш,

  О, қиялым жүрегімді

                        сол күндерге алып ұш.

Арманым ба қол бұлғаған,

                       кездестім ғой бір қызбен,

  Аймен емес, күнмен емес,

                        теңейтінмін жұлдызбен.

Қарақат көз шуақ төккен,

                      жаралған-ау тұнықтан,

Басқа ешкім сезінбейтін

                      сол бір көзден сыр ұққам.

Сол бір қызға арналатын

                      Ән де өзге, жыр да өзге,

Басқа жандар көлеңкесін 

                    түсірді ме сол көзге.

Сәуле шашып тұрды дағы

                    ағып кетті қиырға,

Маған арнап дайындаған

                    бұл өмірдің сыйы ма?

Қайтып енді көрінбеді,

                    көрінбеді сол жұлдыз,

Көктем болған көңіліме

                   ызғар болып қонды күз.

Үміттімін кездесем бе,

                  әйтеуір іздеп келем мен

Боратумен сағынышымды

                      оған деген өлеңмен.

Сол бір тамыз нұрға бөлеп, 

                  сол бір таңын атырған,

Сол бір таңға көкейімде 

                Мұңға ораулы жатыр ән...

                                   

Естен кетпес сол бір кез

Шалғынды қырды ән бөлеп,

Жырақта, тым-тым жырақта.

Шағала көңіл желбіреп,

Жұмыста болдық бір апта.

Ол кезді әсте ұмытпан,

Есімде әлі сол тамыз.

Көңілді әнмен жылытқан

Думанды еді ортамыз.

Үндесіп бірге күш-жігер,

Недәуір еді қарамыз.

Ойпатты қырат жерлерден

Шалғымен шөпті шабамыз.

Бір топ қыз және тағы бар,

Шабылған шөпті жинайтын.

Ажарлы еді балғындар,

Өзгеге сірә қимайтын.

Алаулап жүрген жанымның,

Ынтызар жырын құлатқан.

Желпіген көңіл бағының,

Сонау бір гүлін ұнатқам.

Жаутаңдап маған қос жанар,

Жылылық сеуіп тұратын.

… Есімнен шығып басқалар

… теңеймін гүлге қыз атын.

...Үндесе соғып қос жүрек,

Ұзап біз кеттік достардан.

Қосқандай сәтті бір тілек,

Ән шығып жатты қостардан.

Шалғынды әлі кеппеген,

Жапырып келем жетелеп.

– «Қайтайық» – дейді ол маған,

деймін мен оған ертерек...

Жұлдызды санап аяңмен,

Бозарып жатқан қырды астық.

Көңілдің түбін ақтарып,

Мұңдастық бәлкім, сырластық.

Сол кеште бәрі шешілген,

Көңілді қосқа қайттық біз.

Сал самал алдан есілген,

Бақыттың әнін айттық біз.

Жұмыста бітті. Тыныштық,

Әндетіп қайтып барамыз.

Көрінер көзге тым ыстық,

Шөп шабатын даламыз.

Көңілсіз бүгін балғын жас,

Қимасы қалып бара ма?

Жанардан тамып мөлдір жас,

Қарайлай берді далаға.

Қимады ма екен өткенді,

Қия алмай менде барамын.

Қол бұлғап үнсіз қоштасты

Құралай сынды қарағым.

Қоламта сынды сәулені,

Келіп ем ұзақ сөндірмей.

Бір күнге салып әурені

Тұра ма күндер жөңкілмей.

Қызықпен өтті көп күндер,

Күндер мен жылдар жалғасты.

Сол күндер үнсіз кеттіңдер,

Дүние талай алмасты.

… Біраз жыл өткен арада,

Айменен күнді тауысып.

Сол қыз жоқ басқа қалаға

Кеткен-ді бұрын ауысып.

Ұмытты ма екен ол мені,

Сол күнді ән қып айтамын.

Басқанда сағыныш еңсені,

Сол жерді көріп қайтамын.

Сол кезге әсте айтпай дау,

Жанымда ұзақ сақтадым.

Оралып тағы келмейді-ау,

Шырынды жастық шақтарым...

Қайран жастық

Дүниенің түсінбей алшағында,

Ғашық болып қалатын сал сағымға.

Тосырқамай жүзетін қарсы ағынға,

Зырлауменен барады бал шағымда.

Зырлауық күн зырлаумен өтер ме екен,

Жетер ме екем, биікке жетер ме екем?

Шаң шығарған ізінен қайран жастық,

Бір-ақ күнде қол сілтеп кетер ме екен?

Талай жерде мәз болдық,  жайраңдастық,

(Істеген де шығармыз ойланбастық)

Қолын бұлғап...

Қызығын елес қылып,

Зырлауменен барады қайран жастық.

Сағыныш

Көңілді мынау сүйрелеп саған, алқынды талай ақ арман,

Сәуірдің алғаш тамшысы болып тамып сен кеттің жанардан.

Біздерді бөліп жатқан бір сонау, қырларды жасыл күн өпкен,

Жетер ме саған сағынышым менің, жұлқына шыққан жүректен.

Жолдадым саған көгілдір хаттар, сағыныш толы тізбегін,

Қызғалдақ көрсем құлпырған қырда, сен болар деп үзбедім.

Көктемгі жауын нөсерлеп өтсе, нөсерлеп өтсе төбемнен,

Шықтардың мөлдір жанарынан, бейнеңді сенің көрем мен.

Сағымды көрсем қылымсыған, қырларда сонау ұятты,

Алғаш рет алдымда тұрған, сәттерің сенің сияқты.

Сағындым сені, осы бір сөзді қайталай берем ішімнен,

Тағдырдың қатал сын шағы туса, көтерем өзің үшін мен.

Сағындым сені, сағындым бәрін, сағыныш толы жан-жағым,

Қазір сені бір көрсем деймін, сол ғана менің арманым.

Сағына білген жандар ғана биіктерден аса алған,

Сағыну деген мұраты болған адамдарға қашаннан.

                                  

Көктем

Көгілдір көктем, көгеріп жатыр бар маңай,

Көгілдір көктем, көгеріп атқан таңдар-ай.

Көгілдір мынау үлбірей қалған бұлттардан,

Көгілдір тамшы үзіліп кетті, жалған-ай.

Көгілдір дүние, көгілдір бәрі, көкпенбек,

Көгілдір қырда көгілдір гүлдер неткен көп.

Күйрете бәрін жолында тұрған бөгеттің,

Көгілдір сеңдер ұмтылды алға өктемдеп.

Көгілдір жонын мұнартып жатқан биіктің,

Көгілдір нұрмен аймалап жатыр сүйіп күн.

Көгілдір аспан – көгілдір шатыр төбемде,

Көктемім менің,

Көктемім менің, сүйіктім!

***

Сағынып кетем, сағынып кетем мен сені,

Қайғысыз кез,

О, балалық еңселі.

Көз  алдымда: шыбық мінген жас бала,

Қолындағы анау ағаш семсері.

Әз-көктемде жаңбыр өтсе күркіреп,

Балақ түріп жүгіруші ек, дүркіреп.

Сол күндерде өтіп кетті-ау ақыры,

Қысқа ғана, жанымызға бір түнеп.

                                ***

Қыранның қанаты бар самғай-тұғын,

Тұлпардың тұяғы бар талмай-тұғын.

Ал мен де, 

Бір ғана үміт тек өзіңмен,

Мәңгілік арамызды жалғай-тұғын.

***

Мен сені ешкімнен де кем көрмегем,

Кем көрмегем, ешкімді теңгермегем.

Дариға-ай, қос аққуға ұқсап едік,

Жәйімен  ай астында көл тербеген.

Қорқушы ем,

адамдардан мұңға батқан,

(Сыр түйіп жүретінмін мың қабақтан).

Қалай ша,

Қорға алмай қалдым сені,

Бейуақыт тосын келген мұзбалақтан.

Қоңыр кеш,

Жұлдызды аспан, ғашық түнім,

Дүние-ай, ұстатпайды қашып бүгін.

Өтінем,

Құралай қыз, ренжімеші,

Бәріне кінәлі тек жасықтығым...

                                    

Қыс та өтер

Бұл қыста өтер,

Шыңылтыр аяз құрсаған,

Аңқытып иісін,

Жап-жасыл арша шыршадан.

Ақ көбік қарда біртіндеп еріп жоғалар,

Бәз қалпында табиғат ана тұрса аман.

Көктем де келер,

Жыл құсы болып ән салып,

Тырналар жетер,

Тырауда-тырау жар салып.

Ақ нөсер өтер қарайды сосын биіктен,

Үр жаңа жерге кемпірқосақ тамсанып.

Тал терек біткен қанатын жаяр бүр ашып,

Гүлдерге түнде қонақтап шығар бұла шық.

Жібек жел есіп,

желпініп шалқар дүние

Бір қызыққа – бір қызық жатар ұласып.

Нұр-шуақ сәуле, тірліктің отын үрлеген,

Көгілдір түтін,

Ошақта оттар гүрлеген.

Жайланар көңіл біткендей ісің, бірдемең,

Көктем ғой, шіркін,

Керемет кезең бұл деген!

Бұл қыста өтер,

Шыңылтыр аяз құрсаған,

Аңқытып исін,

Жап-жасыл арша, шыршадан.

Көктем де келер,

Өзгерер әлі барлығы,

Бәз қалпында табиғат ана тұрса аман.

                                                    

Бала шағым

Төскейінде жөңкіліп ала сағым,

Сусылдайды, көшеді алаша құм.

Көшкен құмдай мекенін талақ тастап,

Зымыраумен барады бала шағым.

Мекені боп ойынның ала шалғын,

(Қызығына ол күннің таласар кім?)

Қызық көріп жармасып жүре-тұғын

Қаңсып қапты арбасы қара шалдың.

Құс ұйқы боп күтуші ек таңды асыға,

Ойнақтаушы ек, сонан соң жар басына.

Өтті бәрі,

«Өткеннен із бар ма?» – деп,

Қарай бердім сол шалдың арбасына.

Жаным толы мол арман, егес екпін,

Сөнбес отын береді, берешек күн.

Ерке тайдай ойнақтап, бала қиял

Арнасына бастады келешектің.

Төскейінде жөңкіліп ала сағым,

Сусылдайды, көшеді алаша құм.

… Көлбеңдейді алдымда болашағым,

Жәутеңдейді артымда бала шағым.

                                                 

                            ***

Таныс қыр, таныс шоқы, дала шалғын,

Дариға-ай, көкірекке жара салдың.

Үй тігіп отыратын ақ бастауда,

Қонысы қайда кеткен қара шалдың?

Ақ бастау көкке қарап аңыраған,

Иесіз қоныс қапты қаңыраған.

Өбектер «немерем» – деп әжем қайда?

Атам қайда, қой қайда маңыраған?

Жез шәугім, қазанменен көмкерілген,

Әжемнің ошағы тұр төңкерілген.

Қасқа ит көрінбейді, өлді ме екен?

Біреудің қақ басқа ұрған келтегінен.

Аралап жылға-көлшік қыстақтарын,

Мылтығыңды ап қолыма құста атпадым.

Оу, ата – мұрагерің емес пе едім?

Ең құрғанда қамшыңды ұстатпадың.

… Бұл фәниден қонысын аударыпты,

Кемпір-шал жоқ, қара орман бау қалыпты.

Қара ошағын, қасиетті қара орданың,

Күл көміп, қурай өсіп шаң қауыпты.

Қара орданың сөндірмен қара ошағын,

Қара ошақтан от алған болашағым.

Қара тастай қатайған ей дүние,

Қара ошақтан өмірге жол ашамын.

Тума-туыс жайымды бір күн білер,

Қара шалдан қайыспас ұл туды дер.

Ошақ оты сөнуге тиісті емес,

Тұтатайын, әкелші шырпыңды бер!

Өлген адамның монологы

Қылығым жоқ алдыңда ақталатын,

Жақсы ісім жоқ, мынау деп мақтанатын.

Жарық дүние жіберді елші қылып,

Қарсы ал мені

суық көр, қап-қара түн.

Қап-қара түн. (Болмайтын атар таңы),

Суықсыз ғой денемнің татар дәмі.

Ай мен жұлдыз ол да жоқ жымыңдасқан,

Мұңым шағар дос та жоқ қатардағы.

Өксік-өксік үн шығып бұлақ жақтан,

Кім болды екен төбеме шырақ жаққан.

Су тамады,

Сәулемнің көз жасы ма,

Қабірімді құшақтап жылап жатқан.

(Қиялдаудан о қандай пайда табам),

Енді оралу өмірге қайда маған!..

Жарық дүние сағындым шұғылаңды,

Тірлігімде армансыз аймалаған.

Ажыратпас саралап, ақ-қараңды,

Ауыр салмақ, суық көр, қап-қараңғы.

Хош, аман бол, дүние

шөп боп өнім,

Көктегенше тербетіп жат балаңды.

                                    

Айлы түн еді...

Айлы түн еді,

Айлы түн еді, бір ғажап,

Есіңде ме, қалқам, кездесер біздер жылға жақ.

Жұлдызды санап отырған кездер бүгінде,

Түсіме еніп, көңілімді жиі жүр қажап.

Айлы түн  еді...

Жұлдыздар жауған бір керім,

(Дариға түндер жадымнан өшпей жүр менің).

«Осынау шақтың ғұмыры әттең қысқа» – деп

Есімде, қалқа, жылағаның, әрі күлгенің.

Айлы түн еді...

Айлы түн еді сыр тұнған,

(Бүгінде бәрі жарамсыз хаттай жыртылған)

Алыстап кеттің,

Тоналған бақтай мен қалдым,

Өмірде мынау, тілеуіңді тілеп сыртыңнан.

***

Балауса арман әлдилеп, жыр құраған,

Алыс қалды-ау сол жота бұрқырған.

Жусан исі, бозторғай, жұлдызды түн –

және асау жылқылар шұрқыраған.

Қоламтасын сағыныштың көсеп қалып,

Уақыт өтіп барады десек те ағып.

Сол бір күндер ырза еткен шикі өлеңге,

Көңілімнен өшпейді безек қағып.

Ағымына ілестік тіршіліктің,

Қуанып кім жатады, күрсініп кім?

Қарсы ал муза, енді-енді бүрін жарып,

Күңгейіңе көктеген бір шыбықпын.

                              

***

Зымыран уақыт аударған сайын, жаңа күн –

                                                                     жаңа парағын,

Түсесің еске көк көйлек киген, көгілдір елес қарағым.

Көк сағым болып көк белде қалдың,

                                                     Мен болсам кеттім ілгері

Саған деген сағыныштың шайқап ішіп шарабын.

Көгілдір көктем, көгілдір белес, көгілдір таулар, 

                                                                             көк аспан,

Көгілдір елес көлбеңдеп келіп көк сағымменен ұласқан.

Жалған дүние-ай, жүрегіме менің қалдырып мөрін

                                                                                  сол күннің,

Жылыстап қана бел асқан.

Көк өрім сезім көктей бір өнген, көгілдір неткен

                                                                           көктем ең,

(Сол шақтан алған әсерімді ұмыта алмаспын көпке мен).

Көктемнің барлық шырыны тұнған, 

                                                    қауызы сынды гүлдердің –

Ерніңнен сонда өпкен ем.

Сонысымен махаббаттың не екенін кеткен ұқтырып,

Саған деген сағынышымның жанарына қапты

                                                                           шық тұнып.

Қарсы алар едім.

Белгісіз күшпен оралар болсаң қайтадан,

Анамдай күтем, тік тұрып.

Алғашқы махаббат

                                   

Талай, талай, талай нәрсе алмасты,

Күндер жылжып жылдарменен жалғасты.

Жанарымнан жас боп тамған тым ерте,

Қайда менің махаббатым алғашқы?

Әттең, әттең бәрі қайтып келер ме,

Жаңғырық боп көңіліме енер ме?

Сен тұрасың, сен тұрасың күлімдеп,

Бұ жалғаннан жұлдыз болып сөнерде.

Есіңде ме, күні еді ғой тамыздың,

Тамыз болып сезімге от тамыздың.

Шағыл құмды жалаң аяқ кешіп ек,

Сол бір шақтар ұмтылмайды-ай, жан ізгім.

Өзен. Құм. Қыз. Осынау бір үш есім,

Кей күндері жиі еске түсесің.

Бесігінде махаббаттың тербеткен,

Өзен. Құм. Қыз. Осынау бір үш есім.

Дүниенің маған артқан назы ма?

(Бұл өмірден іздегенім жоқ базына).

Сен де кеттің, менде кеттім оралмай,

Сонау балғын махаббаттың  жазына.

Содан бері талай нәрсе алмасты,

Күндер жылжып, жылдарменен жалғасты.

Сол бір қызда, сол тамызда оралмас

Қош бол, менің, махаббатым алғашқы.

***

Хат жазбадың,

Асыға мен күткен ем,

Қайда сәулем, сөзің мені күт деген.

Жым-жырт бөлме, сағыныштан төсекте,

Сені ойлаймын, сарғаямын, бүктелем.

Далада күз,

Күннің көзі сынық – тым,

Қайтқан құстың дауысынан мұң ұқтым.

Бара сала хат жазамын деген ең,

Неге, неге өз сөзіңді ұмыттың?

Қолға қонған бақыт құсым деп едім,

Белгісіз боп кетті әттең, дерегің.

Құлағымда жаңғырады бірақ та,

Қоштасарда ораламын деген үн.

Бір хабар бер көңілімді етпе алаң,

Мұңайғанда қуаныш боп жет маған.

Ораласың,

Шын сүюдің мәнісі

Сағыну мен күтуде ме деп қалам.

***

Бәйшешектер бүр жарған ерте көктем,

Сұлу сазын сыңсыта шертеді еппен.

Жыл құсы едің оралған сағындырып,

Ерте келіп, жаныма ерте кеткен.

Өрім бұлақ жағасы көркем еді,

Қайран жүрек еске алсам өртенеді.

Суға қарап мұңлылау салған әні

Кәусар сырын сол жанның шертер еді.

Әтір самал. Мұңды әуен. Сыңғыр бұлақ,

(Талай өлең көңілде жүрдің құрап).

Арамызда бүр жарған сәби сезім

Қалатынын кім білген бір күн жылап.

Сағындырып, аңсатып ырықты алған,

Өзің болып жанымды жылытты арман.

...іздеп өтем, бейнеңді, әуеніңді

Жағасына бұлақтың тұнып қалған.

Мұқағали мен Омар Һаямға наз

Рақмет адам,

Істеген қайыр, жасаған жақсылығыңа,

Шөлдеп бір жүрген кездерімде, мейірдің тапшылығына.

Уақыт ағымына ілесе алмай, қайырлап қалған жан едім

Жанымның ащы мұңына.

Күзбенен көктем аралығын қаһарлы аяз қар басқан,

Көңіл деген ауа-рай-тын, сәт санап жиі алмасқан.

Күндері туса түгелімен, толайым жұтып қоятын,

Бітімге келмесе қиын екен ғой, адаммен адам арбасқан.

Көрген қызығым шолақта болса, мен татқан дәмің аз ба мұң,

Тосырқап әлі келеді жаным, тірліктің түрлі саздарын.

Алаңсыз аңғырт, дариға кезім, аптабы молдау балалық,

Сағындым әттең, оралмайды-ау қайтіп, аяулы қайран жаздарым.

Ысырып қойып өмірдің мынау, күндестік, бақ таласын,

Шарап ішіп жуайық бір көңілдің түрлі жарасын.

Ояншы, Мұқа,

Һаямды оят, ар жағыңа көз ілген,

Үшеулеп барып, тауысып қайтайық, Алматының сыраханасын!

***

Орталарда күркіреп тасымадым,

Тасымадым, жер болып жасымадым.

Шешуі жоқ жұмбақтай тағдырыма,

Қараймын да досым-ай ашынамын.

Сыртым бүтін,

Ал ішім толған бүлік,

Тағдырым жүр жанымды толғандырып.

Додадайын қым-қуыт тіршіліктің,

Мазасыздай істерін қолға алдырып.

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ 22.06.2022, 14:05
Үрейлі үш күн
Сырымбек ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ 17.06.2022, 10:09
Ит етінен жек көремін сендерді!
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ 16.06.2022, 15:15
Поэзияның ұлы аспаны
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 15.06.2022, 17:20
Әуезов әлемінің әсерлері
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 15.06.2022, 13:15
«Қайсардың» бағын кім байлап отыр?..
Ғалым ӘРІП 14.06.2022, 14:30
Жаңа Қазақстан: арман мен ақиқат

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33