Сағыныш

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

01.10.2021, 11:15

825

Топ бала ала допты алаөкпе қылып, дамыл таптырмай қуалап жүр. Шағын ауланың іші бейкүнә балалықтың у-дуына уыздай ұйыған.

– Сәкен… Сәкен деймін. Көрдің бе мен саған не әкелдім? – Ат жақты ұзын бойлы кісі қолындағы күн сәулесімен шағылысып жалт-жұлт еткен қолқапшықты жоғары көтеріп, ақсия күліп тұр.

– Әке!.. – Допты тастай сала ұзын кісінің кішкентай көшірмесіндей кішкентай бала топтан бөлініп, құйындай ұшты. Құйындай ұшып барып құшағына құлады. Дереу қолқапшыққа үңілді де, әдемі кроссовкиді суырып алды. Естай әкелі-балалы екеудің шаттыққа толы  сәтіне жалт етіп бір қарады да, бір-ақ сәтте көңілі құлазып, жанарымен жер шұқыды. Әлдеқашан тозығы жеткен, тұмсығы тесік өз кроссовкиі бұртиып қарайтындай бұған. «Бар болғыр айлығым қолыма тисінші, жаңа кроссовки сатып әперемін саған», – деген анасының сөзі есіне түсті. Сол-ақ екен жанарында мұң шөкті. Анасы кроссовки әпере ала ма, ол да беймәлім. Естайдың көңілін аулау үшін айтты ма екен? «Қант бітіп қалыпты ғой», «күріш таусылыпты...». «Бітіпті», «таусылыпты» деген сөздерді анасының аузынан жиі естиді бұл. Естіген сайын еңсесі түсіп, жүдеу ой жүндей түте бастайды. Әкесі болса ғой мұндай сөздерді естімес пе еді?.. Осылайша қас-қағым сәтте мұңды ойға малтыға бастаған кезде, «оо-о-о» деген Сәкеннің шаттыққа толы дауысы Естайды селк еткізді. Селк еткізген жоқ, дір еткізді. Осы қуанышты дауыстың өзі: «Көрдің бе менің әкем не сыйлады маған, ал сенің әкең ше?!» – деп тұрғандай.

Естай шыдай алмай жалт қарады. Қуаныштан жүрегі жарылардай болып тұр екен Сәкеннің. Екі беті алаулап, тістері ақсиып, есі кетіп тұр. Естайдың кеуде тұсы шым-м ете түсті. «Не керемет әкелді екен, Сәкеннің дауысының қатты шығуына қарағанда, адам күтпеген сыйлық болды-ау». Өңешін созды. Өкшесінің қалай көтеріліп кеткенін де аңдамай қалды. Өңешін қанша созса да көре алар емес. «Сәкеннің есін ала қуантқан бұл не керемет?!» Естайдың құмарлығы шыдатар емес. Сәкен жылтыраған бірнәрсені суыра алмай әлекке түсіп жатыр. Сәкеннің әр қимылын қалт жібермей бағып тұр. «Ноутбук пе екен?»

– Сәкенім!.. Сәкентайым!.. Құлыным!.. – Әкесі Сәкенін маңдайынан иіскеп, бауырына басты.

Естайдың жүрегі тарсылдап қоя берді. «Естайым!.. Естайжаным!.. Құлыным!..» деуші еді мұны да әкесі. «Көкем… Көкем менің… Қайда жүр, менің көкем?.. Өзегін тесе бұрқ етіп атқып шыққан қос тамшы жанарында дір-дір етіп сәл тұрды да, иегіне қарай домалай жөнелді. Екі иығы дірілдеп сәл тұрды да, булығып үйге қарай ұша жөнелді. Бесінші қабатқа бес-ақ секіріп жетті білем. Алқын-жұлқын кіріп келді.

– Көкем… Көкем келді ме?..

– Естайжан, құлыным, кім тиді саған?

– Көкем келді ме деймін?

– ...

Зәуреш терең күрсініп, белге соққан жыландай сылқ етіп отыра кетті. Сорлы бала сорлап қалғанын қайдан білсін. Үнемі күтеді де жүреді әкесін. «Көкем келді ме?» деген осы жалғыз сұрақ Зәуреш жүрегін тілгілейді де жатады, тілгілейді де жатады. «Іссапарда жүр» деп о баста айтқан да өзі еді. Естайының жүрегін алмайын дегені.

– Сәкенге әкесі ке-ре-ме-е-ет кроссовки сатып әперді. Тағы бір керемет бірдеңе… оны көре алмадым. Әкем қашан келеді, а? – Жалынышты жанарында мұң тұнып, танауы қусырыла екі иығы қушиып отырған анасына қарады Естай. Анасы болса меңіреу жандай, терезе жақтауынан көз алмай үнсіз қалды.

«Қой айтпасам болмас». Жүрегіне қанжар болып қадалатын жалғыз сұрақтың емі – естірту. Бірақ… Әкесінің атын естіген сәтте жүрегі ерекше нұрланып, жанары шаттықтан шұғыла шаша жөнелетін бейкүнә сәби жүрегін қалайша жараламақ?! Айтуға оқтала бергені сол, екінші бір оқыс ой кимеледі. Естайының есі шыға шыңғыра далаға қашқаны көз алдына елестеген сәтте, ол ойынан күрт айныды. «Әкесін ессіз сүйетін бала бір нәрсеге ұрынар, не бір кеселге ұшырар. Қой болмас, әзірше айтпай тұра тұрайын. Оның да уақыты келер».

Құшақтасқан қос мұңлық босағада ұзақ отырып қалыпты. Міне, екеуінің жүрегі де бір мезгілде соғатындай. Дүк-дүк, дүк-дүк...

– Тыңдашы, тыңдашы деймін, – дейді Естай бір сәтте. – Екеуміздің жүрегіміз де «көке!.. көке!..» деп тұр ғой. – Жүзі шаттықтан алаулап қоя берді. – Мен түс көрдім, жақында көкем келеді.

Әлден уақытта ұшып тұрған Естай төргі бөлмеге жүгіріп кетті. Лезде-ақ қайта оралды. Қолында қаламсап пен тор көз дәптердің бір беті.

– Жүрші, тұршы тез.

– Естайжан, не боп қалды?

– Хат жазшы. Хат жазайықшы.

– Хат деймісің, Естайжан?! Кімге жазамыз?

– Көкеме!.. Көкеме!..

– Көкеме дейсің бе?.. – Зәуреш шалық шалғандай бір сәт ажырая қарады Естайға. – А-а-а, көкеме дейсің бе? – Есін енді жиды. – Не деп жазамыз, сонда?

– Естайжаның сені сағынды де. Жо-жо-о-оқ, керемет сағынды де. Құдай қаласа Естайжан мектепке барады ғой де. Сен келмесең Естайжанға әдемі кроссовкиді кім әпереді, қолынан жетектеп мектепке кім апарады де… Сосын...

Сәлден кейін Естай әкесі екеуі қай жерде қыдырғандарын еске түсіре бастады. Жаңа ғана мұңға батқан қос жанары жалт-жұлт  етіп: «Көкем мені циркке апарғанда бар ғой», «Көкем екеуміз қыдырғанда бар ғой», «Көкем маған машина сатып әпергенде», – деп, мең-зең отырған мұны жұлқып-жұлқып өзіне қаратып алады.

… Шуаққа толы күндер-ай… Отбасы болып жиі қыдырушы еді. Шындығында, Естайды қыдырту үшін шығатын. Бір жолы бұлар саябақтағы ашық алаңқайға келген. Қыдырыстап жүргендердің кейбіреулері отыра қалып, суретшілерге өз суреттерін салдыруда. Жылдам, әрі айнытпай салады екен.

– Естайжан, суретіңді салдырсақ қайтеді – деді әкесі мұны бауырына басып. – Әдемілеп іліп қоямыз.

Бұл келісе кетті. Көп ұзамай сурет те дайын болды. Алақандай қатырма қағаздағы бала мойнын сәл қисайтып, бұларға қадала қарап отыр.

– Көке, суретші менің басымды үлкен етіп салып қойыпты. Қарашы… Қарашы деймін, көке!..

– Қані? – дейді көкесі езу тарта суретке үңіліп. – Ой, басың үлкен болса, суретші сені ақылды болсын деген шығар. Ақылды адамдардың басы үлкен болады.

– Көке, көке, – дейді Естай әлден уақытта.

– Жай ма, Естайжан?

– Көке, құлағымды ұсташы менің. Менің құлағым кішкентай ғой. Мына суреттегі дәу құлақ менікі емес.

– Енді кімдікі дейді бұлар мәз болып.

– Білмеймін, – дейді өз құлағын сипалаған қалпы.

– Мына суреттегі сен бе? Ұқсай ма?  

– Иә, мен.

– Онда қалай құлақ басқанікі болады? – дйді баласының балдай тілін қызықтап.

– Бәрібір ана дәу құлақ менікі емес, – деп сәл бұртия қалды Естай.

– Құлағы үлкен адам құйма құлақ болады, – деп, көкесі Естайдың көңілін көтеруге асықты. – Естіген сөз тұрмақ, ұшып бара жатқан масаның ызыңын, бұтақ басындағы торғайдың әдемі дауысын да қағып аласың. Естіген үнді айнытпай салатын композитор, әлде әнші болуың да мүмкін. Құйма құлақ адам бір естігенін әсте ұмытпайды. Ертең мектепке барғанда, мұғалімнің айтқан бар сөзін қағып алып отырасың.

Естайдың қабағы жазылайын деді… «Шықылықтап отырған торғай дауысын қалай айнытпай салады екен, әншілер?», – дегендей аңырып, ойлана қалды.

… Сол күндердің бәрі қазір тәтті бір сағынышқа айналды. Сөйткен көкесі бір-ақ күнде төсек тартып жатып қалды. Сыр білдірмей жүре беріпті, сырқаты асқынып кеткен екен. Көкесі түні бойы дөңбекшіп, таңды ұйқысыз қарсы алатын күндердің бірінде Естайын нағашыларына жіберуді ұйғарды. Ауруханадан үйге шыққаннан-ақ оңалмаған. Күннен-күнге төмендей берді. Өзінің қиналғанын Естай сезбесе екен дейді. Сол оймен мұның көңілін сұрауға келген Зәурештің әкесіне ілестірді де жіберді.

– Естайжан, нағашы атаңа еріп ауылға барып қайт. Атаң атқа мінгізеді.

– Асау ат болса қайтемін? Кинолардағыдай құйрығын көтере тулап, жығып кетеді ғой.

– Атаң бар емес пе жаныңда. Атаң асау атқа мінгізбейді.

– Сенімен бірге барайын да.

– Мен… Сырқаттанып қалдым ғой. Әзірше нағашы атаңмен бара тұр. Кейін мен тәуір болған соң екеуміз тағы барармыз.

– Көке, сен ауырмашы. Дәрі ішсейші, дәрі ішсең жазылып кетесің. Әйтпесе сүт іш. Суық тигенде маған сүт ішкізеді ғой.

– Қарашығым, Естайым… – Жан дүниесі алай-түлей қалпы баласын бауырына қысты...

Естай нағашы атасына еріп ауылға кетті. Көкесі оңалмады. «Бауырымдаған» күндердің қара бұлты сейілгенде ғана, Естайды алып келген еді. Содан бері Естай үшін көкесі алыс қалада «іссапармен жүр».

Мүлгіген қала. Күндізгі қым-қуыт, алашапқын тіршіліктен қажығандай дел-сал. Бөлмедегі тіршілік белгісін білдіріп тұрған ұйқыдағы Естайдың дем алысы ғана. Кішкене қоңыр қонжығын құшақтап алыпты. Бұрын көкесін осылай мойнынан тас қылып құшақтап жатып ұйықтап қалушы еді.

Зәуреш тас мүсіндей қатып қалған. Қап-қара түн қара жамылған жас аруды қаралы қазыққа тас қылып қара арқанмен байлап тастағандай. Найза кірпіктері қою қараңғылыққа бойлай шаншылған. Төсекке беттегісі жоқ. Кеше ғана бауырында лап-лап етіп жалын түнеген қос кісілік өрнекті төсек, дәл қазір шоғы өшіп, күлі қалған пештей қарауытып, үрей шашып тұрғандай. Төсек те суық, көңіл де суық. Бәрі суық...

Кеңірдектеген қалың ой. Ойпырай, «көкеме хат жазайық» деді-ау. Әкесін іздеген балапан жүрек киіктің қара жаңбыр астында қалған бейкүнә лағындай, күн өткен сайын іздеуін үдетіп барады. «Бұған не ем бар?!»

Зәуреш құлазыған көңілмен өткен-кеткенді екшеп, ой сорабына түсті… Көкіректе шер болған запыран аласұра бас көтерді. Ақан дүниден өткеннен бергі оқиғалар көз алдынан қаралы көштей тізбектеліп өтіп жатыр. Отырып алып мұңын шаға бастады.

«Әй, Ақаным-ай! Ақыным-ай! Ақылым-ай! Неге ғана о дүниеге сонша асықтың екен. Бұл дүниенің тауқыметін, тақсыретін маған артып… Опындырып, өкіндіріп… Жалын атқан от шағыңда, шоқ шағыңда. Ауыр кесел кескен теректей сұлатты.

Өзіңді жер қойнына бергеннен кейін, дастарқан басында талай жалынды сөздер шалқыды. «Жылына жеткізбей жыр жинағын шығарамыз». «Ақын Ақан туралы естелік кітабын дереу қолға аламыз». «Туған ауылындағы бір көшеге атын бергіземіз». «Өзі оқыған мектеп Ақан Айбарұлы атындағы білім шаңырағы болады». Қаралы жанымды, жаралы жүрегімді бұл сөздердің сол сәтте сәл де болса жылытқаны рас. Тәуба дегенмін. «Бәсе, Ақан ақын іздеусіз, елеусіз қалатын жан емес қой».

Сен барда телефонға да тыным болмаушы еді. Той-думаннан да қалдырмайтын. Қазір соның бәрі сап тиылды. «Жесір әйел» дегенді қылықтарымен аңдатуда. Төңірегіңде ұршықтай үйіріліп жүретіндердің қазір бірі жоқ, тырс еткен дыбысын естіртпейді, інге тығылған суырдай. Солардың талайының қызметке орналасуына қол ұшыңды бердің. Бөтеннің босағасын жағалаған кейбіреуін отбасымен үйге де паналаттың.

Бәрін қойшы… Жүрегімді қан-жоса еткен басқа оқиға. Керең болғыр құлағым бәрін естіді сол жолы. Мен естісін дегендей, інің Мақан өршелене сөйледі сол күні. Тасыр, тоңмойын екенін білсем де, дәл осыны күтпеп едім.

– Үйді алған марқұм ағам, – деген Мақанның дауысы өзеурей шыққан сол күні. – Машинаның иесі де сол. Саяжайы тағы бар. Бұл әйел әлі жас. Ертең тәйт деп біреуге тиіп кетсе, бар байлық қоса кетеді.

– Әй, қысқарт! – Бұл – үлкен әпкең Сәлиманың дауысы. – Ағаңның әруағын сыйласаң, бұлай демес едің. Жамбасы жерге тигені күні кеше. Жылы да өткен жоқ. Артында қалған дүниесіне көз тігіп… Сұмдық қой мынауың.

 – Несі сұмдық?! – Мақанның дауысынан ызғырық еседі. – Бар байлықты жиған-терген ағам. Енді жесір әйел басып қалып отыр. Бұл әділетсіз. Мен жүрмін, не үйім, не күйім жоқ. Машина, саяжай деген арман болды.

– Сорлы!.. – Әпкең қиып түсті. – Ұры иттей өзгенің несібесіне көз тікпе. Сен байысаң, қолыңды кім қақты? Артында қалған тұяқ бар. Әкесінен қалған дүние-мүліктің ендігі иесі – Естайжан.

– Бәрібір аламын, не машинаны, не саяжайды...

– Аларсың, атаңның қақ басын!

– Алам… тартып алам, – деп талағы тарс айырылып шықты да кетті.

– Сорлы! – деді Сәлима ізінен. Сылп еткен дыбыс шықты өкшелей. Ернін шығарғаны болар. – Күшенуін мұның, артына қарамай.

Есік сыртында тұрып осы сөздерді естігенде, есеңгіреп құлап қала жаздадым. Естиін деп естідім бе?! Сырттан енген бетте сол бөлменің есік тұтқасына қол созғаным сол еді… Оқыс дауыстан не есікті аша алмай, не кері кете алмай қатып қалдым емес пе!..

Адамды ар-ұяттан айыратын – дүние-боқ. Құлқын – құрт ауруы. Мен соны ұқтым сол күні...

Қайсыбірін айтайын. Жақында елге жол түсті. Ауыл әкімінің жолыға қалғаны. Үй-ішінің амандығын сұрап, қаңбақтай қалбалақтады да қалды. Ықыласына риза болып, сәлден кейін азалы дәм үстіндегі уәдесін жайлап есіне салдым. Жалаң аяғымен жылан басқандай ыршып түсті.

– Ойбай, қарағым… көше деген… Бұл ауылдан Ақанның атын беретін көше іздегенше, бір тонна алтын тапқан оңай. Көше деген… күйіп тұр… Әлдеқашан бөліп алған.

– Бөліп алғаныңыз қалай?

– Сен, қарағым, ауылдың жайынан бейхабар екенсің. Мәселен, бұрын Ақан ақын тұрған көшеде қазір қызыл кірпіштен қаланған өрнекті, қоршаулы зәулім үй тұр ма? Тұр. Ол үйдегі Оспан шалдың ұлы со-но-оу Алматыда мойны бұрылмайтын бизнесмен. Ысқырып тұр, ысқырып. Кеңірдегінде май кілкіген бай. Оспан шал жалп ете түссе, сол көшеге атын бергізеді. Бермесең, тартып алады. Ал оның желкесіндегі көшеде аудан әкімінің құдағиы тұрады. Бүгін өлейін деп тұрған ол жоқ. Он саусағына жиырма сақина салып алып той қуалап жүргені. Ірк-ірк етеді. Бөксесінен итермесең, «Джипке» аяқ арту жоқ. Сол бөксе сол көшені меншіктеп алған. Солай, келін шырақ. Келесі көшеге облыстық МАИ басқармасының бастығы ен тағып кетті. «Менің арғы атам Қойлыбай батыр болған екен, өзім де жақында естідім» – дейді. Сол аяқ астынан пайда болған батыр атасының атына көше сұрап алды. Кейінгі жылдары батыр қаптап кетті осы. Бұрын қайда жүрген солар осы, а? Гу-гу қаладағы қалың мәшинені «тәйт» деп тұрғызып, «шәйт» деп жүргізіп тұрған дөкейге қарсы келер дәрмен қайда?!

– Сонда...

– Сонда дейсің, келін шырақ… Ақан марқұмды өз басым қатты сыйлаймын. Кітаптары үйде тізіліп тұр. Балалар оқиды. Менің кітап оқуға уақытым жоқ. Көріп тұрсың, үкімет адамымыз. Шатымыз айырылғанша шапқылаймыз да жүреміз, шапқылаймыз да жүреміз. Бірақ осы деймін-ау, қазір елді ақын басып кетті. Бір дем алайыншы осы деп теледидарды қосып қалсаң, домбырасын сабалап, айтысады да жатады, айтысады да жатады бір-бірінің терісін сыпырып. Не жетпейді, ойбай-ау соларға! Әрине, Ақан ақынның жөні бөлек. «Қой, құрысын, дем алдырмады ғой мына ақындар», –  деп, екінші арнаны қосып қалсаң, ет табақтай қағазына қарап алып, қолын олай да сермеп, былай да сермеп, тақпақ оқып тұрғаны. Қазір тақпақ оқитын заман ба?! Тақпақ оқып тұрып адам қолын сермей ме?! Осы деймін-ау, қолдарын олай да бір, бұлай да бір сермемесе, ел тыңдамай қояды дей ме екен?! Өзіміз үйде үн-түнсіз, тып-тыныш отырып оқимыз ғой. Осы ақын дегендердің бойында бір пәле бар ма деймін. Тыныш жүре алмайды ғой, тыныш. Сүйкеніп, соқтығып, ызыңдап жүргені, миды ашытып. Әрине, Ақан ақынның жөні бөлек...

– Ал енді… – Көмейге лықсып келген сөзімді кері жұтқызып, тағы іліп әкетті.

– Осы деймін-ау, ақын дегендерің ұмытшақ па деймін. Жәп-жақсы бастап, сәлден кейін інге аяғын тығып алған жылқыдай сүрініп, қағазына үңіледі. Бір шумағын оқып алып, ет табақтай қағазына тағы шұқшияды. Ұмытшақ болмаса, өз тақпағын өзі жатқа оқымай ма?! Мен өзім мектепте жүргенде бет-жүзін көрмеген ақындардың тақпақтарын жатқа оқитынмын. Кей-кейде ұмытып қалатыным болмаса. Құрығанда семіз үштік алатынмын.

– Ақын деген ерекше, жаратылысы бөлек жандар ғой, – деді Зәуре шыдай алмай. – Оларды түсіне білу керек. Қолдарын сермейтіні – шабыт буып, өлең қуаты бойды кернеп тасығаны.

– Болса болар, әйтеуір солардың бойын бірнәрсе буып жүретіні анық. Әрине, Ақан ақынның жөні бөлек. Атақты ақындардың да орны бөлек, Алатаудай асқақ тұр. Бірақ осы біздің шағын ауылды соңғы кезде ақын басып кетті. «Аға, түнде бір өлең жаздым, тыңдаңызшы, махаббат туралы», – деп, жабыса кетті бір жас жігіт. Қалар емес. «Ойбай, кейін, кейін...», – деп, әрең құтылдым. Тақпақ тыңдайтын уақыт қайда?! «Мен роман жазып бітірдім, қызмет істеген жылдарым, өз өмірім жайлы, пікіріңді айт, әкімсің ғой», – деп, қыр соңымнан қалмады бір шал. «Тамаша екен, кейін, ке-е-й-і-ін оқисыз», – деп, одан да қашып құтылдым. Соларды көрсем үй айнала қашатын болдым қазір.

– Енді...

– Енді дейсің, келін, қарағым!.. Әй, осы қазақтың да жүрмейтін жері жоқ… Қытай дейсің бе, Моңғолия дейсің бе, сол елдерден қазақтар қаптап келіп жатыр емес пе?! Солар қолшатыр астында тұрмас. Ә дегенше төрт-бес үйдің қабырғасы көтеріледі. Көше дегенің сол, қарағым. Ақын Ақан Айбарұлының атын береміз де жібереміз. Әрине, Ақан ақынның жөні бөлек...

Көк сақал жасқа жетсе де диірменнің тасындай зырылдап жүретін Сәлмен әкім сәлден кейін мұңын шаға бастады. Көнек бас, бұзау мұрын қарасұр әкім жүзі жауар күндей қарауытып барады.

– Келін шырақ, мен жетісіп жүр дейсің бе?! Ел деп, елге болсын деп өліп-өшіп жүгіремін де жүремін. Сонда да жақпайсың-ау бұл елге, жақпайсың. Ағаш атқа мінгізіп қоя береді. Гу-гу сөз. Құлақ бар, соның бәрін естисің. «Боранбайдың үштен артық баға алып көрмеген жаман Сәлмені әкім болды-ау». «Сүйеулі сатыға шығып атқа әзер мінетін Боранбайдың қамыт аяқ ұлы әкім болған соң не дерсің?!» Осы сөздер сүйегіме жетеді. Үшке оқысам оқыған шығармын. Аяғым сәл қисықтау болса, онда тұрған не бар?! Қызға қырындайын деп жүрген мен жоқ. Бізде де бар бір әйел. Білдей бір ауылдың әкімімін. Әй, бұл жұрт тыныш жүрмейді ғой, тыныш. Жүрмей ме қойын құрттап, айранын ұрттап. Осы сөздер өлтіреді бір күні.

Әкім осылайша мұңын шағумен болды. Уәдесі болса далада қалды… Қай-қайдағыны қоздаттым-ау… Қайтейін… Соқыр жолда қалғандай түрім мынау. Сорлының зары арлыға кездеспей тұр, Ақаным. Батар күннің атар таңы бар деуші еді бұрынғылар...»

Жалпылдап амандасқан Сәлмен біраздан кейін сырғақтап кетуге асыққан еді сол күні. Қибыжықтап, кінәлі адамдай салқындау қоштасты. Сөзі сұйылып, уәдесі құмға құйған судай болды ақыры. Көңілдерге сызат түсті. Екеуінің кеудесінде аласұрған екі түрлі ой. «Ұят болды-ау, аузымнан қағынып, уәде беріп нем бар еді», – деп күйінді Сәлмен. «Бұл байқұста не кінә бар, бұқа мойын, жуан жұдырықтар айтқандарын істетеді де», – деген жүрегін ызғарлы мұң басқан Зәуреш. – Қалбалақтап, қаңғалақтап жүрген бір жан. Ал Ақанымның абыройы сол көшеге атын беруге қарап қалған жоқ. Өлеңдері жұрт аузында, жатқа оқиды. Одан артық қандай атақ керек, шын ақынға!..

Таң құланиектеніп келеді. Еңкейіп Естайының маңдайынан иіскеді. Бауырында қонжығы, мыжылыңқырап қалған алақандай қағазға көзі түсті. Бағана кешкісін: «Мен көкемнің суретін салдым, сағынғанда қарап жүремін», – деп, осы қағазды көрсеткені есіне түсті. «Бұл менің көкем, аумайды ғой, иә», – деген мұның құптауын күтіп. «Аумаған көкең, дәл өзі», – деген бұл бейкүнә балапанының жамаулы көңілін жұбатып.

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14