Сары әулие: Мен Сары молданың көшірмесі емеспін

Арай САХАРИЕВА

14.09.2021, 09:30

1497

       Қай қоғамда да азаматтардың белгілі бір мақсатпен бүркеншік атты иеленуге құқы бар. Әсіресе шығармашыл жандардың өзгеше бір псевдонимді өзіне телуі бұрыннан бар дәстүр. Бұны көпшілік әр суреткердің өзіндік ерекшелігін айқындайтын атрибут ретінде қабылдайды. Бірақ бүгінгі әңгіме төркіні ондай тұлғалардың псевдо-аттарына байланысты емес. Біздің сөз еткелі отырғанымыз – өткен ғасырда Атырау өңірінде халық емінің озық үлгісін паш еткен діндар-сопы, ел-жұрттың санасында «Сары молда», «Сары ата» атымен сақталған Есмағамбет Тұлымұлы туралы. Ол жайлы сөз қозғағанда тіліміздің ұшына дәл осы аймақта дүниеге келген, 90-жылдары «Сары әулие» атауымен танылған тағы бір шипагер – Марат Есенбаев есімі  еріксіз еске түседі.  Есті адамды ойға қалдыратыны – бір топырақта кіндік қандары тамған қос тұлғаның есім-сойының «Сары» атауынан басталуы. Есмағамбет бабаның «Сары» есімін бүгінгі күні шипагер Марат қажы жаңғыртып жүр деуге бола ма? Бұл тіркестің астарында не жасырынған және емшілік жолдағы өмір соқпақтарында оларға ортақ не бар? Осы және басқа да сұрақтарды Сары әулиенің өзіне қойдық. 

   – Есмағамбет бабаның кіндік қаны 1863 жылы Атырау топырағында тамса, арада тура бір ғасыр өткенде дәл осы өңірде сіз дүниеге келіпсіз.  Екі мүшелден асқанда  емшілік-уағызшылық жолға түстіңіз. Қазақтың шипагерлік дәстүрінің ішінде неге басқаны емес, Сары молданың дін-шариғат жолымен емдеу мектебін таңдадыңыз?

      – Ата-анам жағынан қасиет ұстап, дін-шариғат жолына түскендер аз болмағандықтан шығар, жасым жиырмадан асқан шақта белгісіз бір тылсым күштің мені жағалай бастағанын сезіне бастадым. Алғашында ол жолды қаламай, қарсылық танытып, өз дегеніммен жүруге талпынғаныммен, ақыр аяғында белгісіз дертке душар болдым. Денем күйіп-жанып,  басым қатты ауыратынды шығарды. Таңданарлығы, жанымды қоярға жер таппай, осылай сан мәрте ауырған шақта дене температурам мен қан қысымым үнемі бірқалыпты болды. Толық тексеруден өткенімде тұла бойымнан еш кінәрат таба алмаған дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады. Өзім сол кездері алдымда отырған адамның ішкі әлемін, ауру-сырқауын айнадан көріп отырғандай танып-біле алатын қабілетке ие бола бастадым. Ішкі ниет-ықыласымды сала отырып, түйсігім арқылы да ем жасай алатыныма сенімді болдым. Қанша жерден ол жолды қаламасам да, құдіреті күшті Аллаһтың бір емес, бірнеше рет ескерткен аян-белгі нышандарынан кейін жоғары оқу орнындағы оқуым мен кәсіби спорттық мансабымнан бас тартып, дін-шариғат жолына саналы түрде бет бұрдым.

       Сынықшылық, емшілік – бұл адам миының қабілеті әрі белгілі бір деңгейдегі бейімділік. Ал таза аруақ Аллаһтың қалауымен миссия ретінде жан иесіне қан арқылы тұқымқуалаушылық заңдылығы бойынша беріледі және бұл заман талабына да байланысты. Менде ешқашан «Сары молданың емдеу мектебін жаңғыртайын немесе оны айна-қатесіз қайталайын» деген ой болған жоқ. Мен бар болғаны өзіме аян арқылы түскен шартты белгілер мен түйсігіме және холестикалық медицина бойынша алған біліміме иек арттым және халық емшілігінің дін-шариғат жүйесімен астасатын тұстарын басшылыққа алдым.   

    – Білуімізше, сіз Есмағамбет Тұлымұлының тікелей өз ұрпағы емессіз. Кезінде Сары атаның көзін көргендер сіздің емдеу-сауықтыру жүйеңіздің көп жақтарын оған ұқсатып жатады. Бұны немен байланыстыруға болады?

    – Менің миссиямның басталған шағы еліміздің бір қоғамдық жүйеден екінші бір жаңа жүйеге ауысар шағымен тұспа-тұс келді. Мен діндар емеспін, уағызшы-шипагермін. Сол себепті де менің әу бастан алға қойған мақсатым  жетпіс жыл бойы ұмыт болған дініміздің имандылық қағидаларын насихаттап, халықтың санасын төл дініміз бен ділімізге аудару болды. Иә, дұрыс айтасыз, мен Сары молданың тікелей өз ұрпағы емеспін. Менің анам Зүлфина Жүсіпқызы осы Сары ата шыққан он екі ата байұлының ішіндегі шеркеш руынан болғандықтан, оның маған рулас ағайын ретінде ғана жақындығы бар. Мен Сары молданың көшірмесі емеспін. Дегенмен дін-шариғат жолымен емдейтіндіктен, халық еміне қатысты бірқатар ортақ жақтарымыз бар екені рас.

   – Көпшілікті ойландыратын сауал – сіздердің лақап аттарыңыздың «Сары» тіркесінен басталуы. Екеулеріңізге ортақ бұл атаудың астарында не сыр бар?

    – Аруақ атаулы адамның бойына тұқымқуалаушылық заңдылығы арқылы Аллаһтың қалауымен қонатынын ескерсек, қандай да бір қасиет иесінің өзінің төл есімімен аталмай, көпшілікке лақап атымен танылуында үлкен мән жатыр. Яғни қасиетті тұлғаларға олар  өмірден өтпей тұрып немесе бақилық болғаннан кейін басқалардың ат қойып, айдар тағуы оның қалауынан тыс болатын құбылыс деп қабылдағанымыз жөн. Себебі ешбір пенде  қасиетті өзі Жаратқаннан алдын ала тілеп-сұрап алмайтыны тәрізді, өзгеше атауды да ол ешқашан өз еркімен таңдай алмайды. Негізі, көп жағдайда қасиет иелеріне берілген өзгеше атауларды олардың жеке басының құпиясы санаймыз және жалпы ұғымымызда «халық берген» деп түсінеміз. Ал, шындығына келгенде, мұндай атаулар қасиетті жандардың жеке бастарының құпиясы емес, бұл оларға Жаратушының тарапынан шартты түрде бекітілген есім. Оған әлемге аттары мәшһүр пайғамбарлар мен әйгілі әулие-әнбиялардың төл есімдерінің басы мен соңында қосыла айтылатын тіркес есімдер айғақ. Мысалы, адамзат тарихының даму сатысында айтарлықтай із қалдырған, пайғамбарлардың азан шақырып қойған аттарының басы мен соңында «Хабиб», «Қалам», «Рух», «Мұстафа» деген қосымша есімдер айтылса, әлемге әйгілі әулиелердің төл есімдеріне қоса, «Бап», «Баба», «Қара», «Шашты», «Шақ-Шақ» немесе «Әзірет Сұлтан» деген тіркес есімдер бірге аталады.

        Есмағамбет бабаның көзі тірісінде-ақ «Сары молда» атануы да өз алдына бір жұмбақ сыр. Оны жергілікті адамдар «Сары молда атауы оған өңіне, молдалық-діндарлығына байланысты берілген» деп әрқалай топшылайды, әркім өзінше кесіп-пішеді. Бірақ оның түпкі ұғымын бір Аллаһ ғана біледі және ондай атауға ие болған қасиет иесінің өзі де оның сырын түбегейлі ашып бере алмайды. Ақиқатында, мұндай ерекше аттардың сыры күллі адамзатқа түсініксіз және ол Жаратушының тарапынан беймәлім бір құпия-сыр болып қала бермек. Ал  «Сары әулие» шартты есіміме келсек, мен бұл атты өзіме өзім қойған жоқпын. 1989 жылы алғаш рет емдеу-сауықтыру сеанстарыммен Ақтөбе, Қандыағаш қалаларына барып, жұрт алдына шыққан кезімде ертеректе Сары молданың көзін көрген аға ұрпақ өкілдері мені қаумалап: «Біз сені Сары атаның ізбасары деп танимыз. Сен біз үшін Марат емес, «Сары әулиесің», – деп, бәрі бірауыздан осылай атап кетті. Мен сонда өзім үшін емес, батыс өңірі халқының Есмағамбет Тұлымұлын әлі де ұмытпағанына қуандым.

    – Сары молда мен Сары әулиенің арасында көзге көрінбейтін, «нәзік әлемге тән» қандай байланыс бар? Атаның түсіңізге кіріп, өзара сөйлескен не болмаса аян берген кездері болды ма?

     – Сары атаны түсімде және ұйқылы-ояу сәтімде екі рет көрдім. 1985 жылы оның қабірінің басына барып зиярат еткеннен кейін сол күні оның Атыраудағы өзі тұрған шаңырағына барып, тымағын киіп түнеген кезде түс көрдім. Түсімде ол бірнеше атты адамдармен бірге келген екен. Маған шаһадатты сөздерін айтып, батасын берді. Екінші рет 1987 жылы өмірлік қосағым Қанағат қатты ауырған кезде «қалай көмектессем екен» деп, оған Аллаһтан жалбарынып, іштей дұға етіп ұйықтап кеткен сәтте «Тұр» деген дауыстан ояндым. Осы бір қас-қағым сәтте жарқыраған нұрдан жаралған бес бейне көз алдыма келді. Ортасындағы ең үлкені – Сары ата тақта отыр, ал қалғандары қасында түрегеп тұр екен. Ол маған: «Қолыңды бер!» – деді. Мен алғашында «Бермеймін!» дедім. Олай дегенім, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік еді. Ол тағы да: «Біз асығыспыз, тезірек қолыңды бер!» – деп қайталады. Дәл сол кезде еріксіз біреуінің қолын алған сәтте  қолым дыз еткендей, алақандарыма өзгеше бір алапат қуат құйылғандай болды. Бірден қолымды қасымда ауырып жатқан Қанағаттың бауырының үстіне қойып, ниет еттім. Иншаллах, Аллаһтың жарылқауымен ертеңінде жан жарым сырқатынан құлан-таза айығып тұрды. Дәрігерлер «ұзаққа бармайды» десе де, мұны мен одан кейін тағы 13 жыл өмір сүрген қосағыма Сары атаның дәнекер болуымен Жаратушының өзі нәсіп еткен аппақ нұр – таза биоқуат арқылы жүргізген ем-дәруі деп білемін. Сары молдамен түсімде сөйлескен емеспін. Негізінен, мен көп жағдайда көз алдыма келген нұрды көремін. 

– Бір сұхбатыңызда сіздің: «Маған дарыған қасиеттің бір ұшы өз топырағымдағы Сары атаның рухани сипаттарымен ұштасады» дегеніңіз есімде. Бұл сонда сіздің оның емдеу әдіс-тәсілдерін қайталайтыныңызды білдіре ме?

  – Дәстүрлі халық емінің түрі мен тәсілі көп. Соған орай, сәйкесінше, алдыма келген науқас түрлеріне қарай менің де шөппен емдеу, үшкіріп-ұшықтау, дұға арқылы дем салу, холестикалық медицинаның бір тармағы – суггестология мен психотерапияның дәстүрлі құралы – сөз-уағыз терапиясы секілді емдеу әдіс-тәсілдерім де әртүрлі. Десек те, менің емдеу әдісім екі жағдайда Сары молданың емдеу тәсілімен ұштасады; біріншісі – арнайы дұға арқылы оның адам бойындағы жынды кетіретіні секілді науқас бойындағы  кесірді Құран дұғасымен кетіру; екіншісі – шай, сабын, су, тұз секілді заттарға тылсым дүниелік – энергетикалық ықпал ету арқылы дем салу. Ал Сары атамен рухани сипатымыздың ұқсастығы – ең алдымен дін-шариғат жолындағы шипагерлік миссиямызға тән ортақ дүниелер.

   – Есмағамбет ақсақалды алыс қашықтықтарды тез арада жүріп өтуіне, адам тәніндегі сырқатты рентгендей көре алуына орай, «Индиго-адам» санатына жатқызуға бола ма?

   – Адам бойында табиғи жеті желі (чакра) бар және жұмыр басты пенденің физикалық тәнінен бөлек, астральдық, эфирлік, ментальді, каузалды, винтальді, атмондық денелер бар. Бірақ осы соңғы атмондық дене қарапайым адамға тән нәпсіден арылған, төбесіндегі сегізінші желі (чакрасы) өте жоғары дамыған жандарға ғана тән. Сары молда сондай атмондық денесінің мүмкіндігі мол, абсолюттік еркіндікке ие болған қасиет иесі. Белгілі бір мақсатпен алыс жерлерді демде жүріп өтуі оның осы табиғи желілерінің аса сезімталдығымен және маңдайындағы «үшінші көзі» мен жауырынындағы «төртінші көзі – ладунидің» толыққанды дамуымен тікелей байланысты. Ол қолында сертификаты болмағанымен, қазіргі ғылым тілімен айтқанда, тылсым дүниенің тілін білген тақуа. Қарым-қабілеті мен тал бойындағы көгілдір түсті биоқуатының сырын ешбір ғылым түсіндіре алмайтын индиго-адам. Оның миссиясы тек халық емін ғана емес, ислам дінінің ішкі иірімдерін, ұлттық ғұрпымызға қатысты озық салт-дәстүр мен екі дүниеге қатысты дүниелерді қамтиды. Оның өзгелерден оқ бойы озық болуының сыры – окульттік ғылымның қыр-сырын жетік меңгергенінде. Мен оны осы қабілетіне  орай: 1. Өз ісінің ғажап шебері; 2. Адамның жан дүниесінің қатпарларына еніп, оны басқара алатын билік иесі; 3. Кәсіби ғалымдар зерттегенде де түсіндіре алмайтын, оқшау құбылыс пен тылсым дүниелік ықпалдың қосындысынан тұратын құбылыс-ғайыптың кілтін тапқан білгір деп сипаттар едім. 

  – Ел аузында «Сары молда пері ұстаған, жындарға айтқанын істеткен» деген сөз бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

   – Есмағамбет Тұлымұлы бірегей қасиеті мен діни білімінің арқасында шипагерліктің шыңына жетіп, сопылықтың даңғыл жолына түскен жан. Басқа әлемдегі тіршілік иелерінің тілін білу үшін қандай да бір қасиет иесі жаратылыс сыры мен дін-шариғат тұрғысындағы терең біліммен қарулануы қажет болса, табиғи қабілетімен қоса, Сары ата да жастайынан Қазан, Уфа қалаларындағы діни медреселерде алған ілімі арқылы фәни мен бақи дүниенің сырына бойлай алатындай білім қорын меңгерген. Өз заманында мұсылман жындарға дегенін істеткен Сүлеймен Ғалейки Уассалам секілді Сары молданың да жындарға әмір ете алғанын жоққа шығара алмаймыз. 

     – Әулиенің басына зиярат етуге болғанмен, түнеуге болмайтынын ескерсек, қазірге дейін оның қабірінен алынған топырақпен адамдардың емделуін қалай түсіндіруге болады?

   – Өмірден өткен қандай да бір қасиет иесінің басына барып зиярат ету тірілердің тарапынан  оның рухына көрсетілген құрмет болып саналады. «Әулие адамдардың қабірі киелі саналады» деген оймен одан топырақ алу адасушылық. Құрамы жағынан топырақ биохимиялық материал болғандықтан, экстрасенстер үшін окульттік ғылым тұрғысында қандай да бір рәсім жасау кезінде сәтті-сәтсіз күндердің болатынын қарапайым адамдар біле бермейді. Негізі, адамды топырақ емдемейді, сырқаттың оған деген сенімі емдейді. Жасыратын несі бар, 1980 жылдардың соңы мен 1990-жылдардың басында мен де Маңғыстаудағы Шопан, Масат аталардың қабірінен топырақ алып, «қорғаныс болады» деп, мойныма іліп жүрдім. Бұл, әрине, ол кезде менің тарапымнан болған білместік.  

    – Адам баласы қандай да бір ниет-тілегін ең алдымен Аллаһтан сұрауы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Ендеше көзінің тірісінде сырқаттарды қабылдаған шипагердің шаңырағына қазірге дейін науқастардың келіп, шырақ жағып, тілек тілеуі қаншалықты дұрыс?  

    – Жұмыр басты пенде әуелден Жаратушының көмегіне зәру. Басына қайғы-қасірет түсіп қиналғанда немесе дәрігерлер сырқатының дауасын таба алмаса, бар мұң-назы мен үмітін Сары молда секілді қасиет иелерінің рухына тәу ету арқылы Аллаһтан сұрап жалбарынады. Дәл осы себеппен күні бүгінге дейін оның шаңырағына келушілер легі толастаған емес. Оның көзі кетсе де, киесі кетпеген бұл шаңыраққа адамдардың барып, түнегенінің еш сөкеттігі жоқ. Өйткені ол үйдің бөлмелерінің аурасы өте таза. Ол шаңыраққа барушылардың шырақ жаққаннан гөрі мүмкіндігінше екі рәкағат сүннет намазын оқығаны абзал.

    – 2011 жылы атыраулық бір уахабистің Сары молданың зиратын қиратқанынан хабардар боларсыз. Егер «Аллаһ әуелден өзінің сүйіп жаратқан құлын қандай жамандықтан да қорғайды» десек, қасиет иесінің қабірінде орын алған бұл оқиғаны немен түсіндіруге болады?

    – Бұл – дін жолында адасушының ісі. Атыраудың іргесіндегі Сары молданың қабірін былай қойғанда, ертеде дүмше молдалар Мекке мен Мединедегі пайғамбардың сахабаларының да молаларын тас-талқан еткенін тарихтан білеміз. Қандай да қасиет иесі көзінің тірісінде белгілі бір миссияны атқарғанымен, оның басқа пенделерден еш айырмашылығы жоқ. Сол себепті де әулиелердің қабірлерін қиратушыларға Аллаһтың тарапынан бұл дүниеде еш кедергі жасалмайды. Ең бастысы, киелі кітапта «Мейлі, зұлымдар зұлымдана берсін, киелілер киелене берсін! Ол сәт келеді. Сұрауы мен жазасы болады» делінген.

   – Соңғы рет оның қабіріне қашан зиярат еттіңіз?

    – Сары атаның қабіріне 1987 жылдың күзінде арнайы барып зиярат еттім. Атырауға барғанда жыл сайын оның басына барып, құран оқып кетемін.  Оны дұғамнан да үнемі тастамаймын.

 – Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39