Сегізбаевтың сексені

Амангелді СЕЙІТХАН

13.05.2021, 11:19

1530

Ел тарихындағы ең таңдаулы футболшыны атаңыз десе, көпшілік Тимур Сегізбаевты еске алатыны анық. Шынында да кезінде аяқдопты өндіріп ойнаған спортшының қазақ спортының тарихында алатын орны ерекше. Ол туралы ақиқат та көп. Аңыз да аз айтылмайды. Бала кезімізде еститін едік. «Тимур Сегізбаевтың оң аяғына қызыл шүберек байлап қояды екен, өйткені тепкен добы кісінің ішін жарып жіберуі мүмкін». Мұндай аңыз ауылдан ауылға тарап, қазақ баласы өскенде тура Тимур ағасындай болуды армандады. «Тепкен добының тегеуріні сондай, қақпада тұрған маймылдың ішек-қарнын ақтарып түсіпті», — дегенді екінің бірі айтатын. Аңыз ағаға сәлем берудің өзі бір мәртебе саналатын. Маймылды білмедік. Сонау жылы Мәскеу төрінде ешкімге дес бермеген «Спартактың» «ішек-қарнын» ақтарғаны жылнамада жазулы тұр. Кешегі Кеңестер Одағы маңдайына басқан «Спартакқа» гол соғу ол кезде үлкен ерлікке баланатын. Тимур ағамыз бір емес, екі рет азулы команданың қорғанысын бұзып, жарып футбол мамандарын таң қалдырды. Отыз мың көрерменнің алдында Владимир Лисицын қорғаған қақпаға матчытың қырық жетінші минутында гол соқты. Жетпіс тоғызыншы минутта әлгі жетістігін қайталады. Мәскеу сол минуттарда жындануға сәл қалған шығар. Бұл 1964 жылдың 26-тамызында өткен матч. «Қайрат» сырт алаңда 2:0 есебімен жеңіске жетті!

  Тимур ағамыз сексен жыл бұрын Семей қаласында дүниеге келген. Әкесі Санжар кезінде Қазақ АССР-інің жоғарғы сотының төрағасы болған. Сталиндік репрессия кезінде ұсталып, атылу алдында тұрғанда ғайыптан оқтан аман қалады. 1938 жылы ақталып, соғыс кезінде тылда еңбек етеді. Кейін Есікте, Еңбекші қазақ ауданында сот төрағасы болып тағайындалады. Заман дұрысталған кезде Алматыда жауапты қызмет атқарады. Анасы үйде, балалардың тәрбиесімен айналысады. Санжар ағамыздың сегіз баласы болды. Екі қыздан кейін дүниеге Тимур ағамыз келді. Томаға-тұйыққа таяу кісі еді. Жас кезін білмейміз. Біз көргенде елуден асқан тұсы. Көп сөйлемейтін. Қалжың айтылса арасында езу тартып қояды. Әңгімеге араласа кетпейді. Балалық шағындағы отбасылық ұстаным әсер еткен шығар. Ұстаным дегенде, қысымға ұшыраған жанұяда қалжыңға қайдан орын табылсын. Аға бас бапкер болды. Кейін тіпті Қазақстан футбол қауымдастығын басқарды. Дүниеден өткенше футболға қызмет етті.

  Тимур ағамен бірнеше рет әңгімелестік. Бір қалыпты, байыпты адам ғой. Ойланып барып, сөйлейді. Көбіне үндемейді. Сұрақ қойсаңыз да. Артынан жауап береді. Қадау-қадау ой айтты деуге келмейді. Кейде кейінгі буынды сынайтын. «Осыларды түсінбеймін. Футболды таңдаған екен. Неге жанын салмайды? Күйіп кетесің. Айтайын десең, көңілдеріне қарайсың», — деді бірде. Ашуланғаны да қызық. Басын щайқап алып, күрсінеді. Сезімін іште тежейді. Сыртқа шығармайды. Қуанғаны да қызық. Күлімсірейді. Қарқ-қарқ күлгенін тағы көрмедік. Сабырлы адам сияқты. Солай көрінетін. Бірнеше рет кең отырып, әңгімелескіміз келді. Ұзақ үнісіз қалатыны әңгіме желісін үзіп жібере жаздайды. Сөзге сараңдығы емес. Кең көсілуді ұнатпайтыны шығар. Бірде қаттты қуанғанын көрдік. Ташкенте. Қазақстан Өзбекстан құрамасымен ойнады. Бақтияр Байсейітов бас бапкер еді. Тимур ағамыз футбол басшысы. Ұтып кеттік! Ташкеннің төрінде! Сонда бір шаттанды! Әдеттегіден көбірек сөйледі. Жігіттерге риза болды. «Менің де еңбегім бар негізі!», — деді. Жалт қарадық. Өзін бірінші кезекке шығармайтын адамның жұрт көзінше менің де дегені шынында да назар аударатын жағдай еді. «Менің де! Өйткені Өзбекстан футбол қауымдастығының басшысын матч кезінде қайта-қайта сөзге айналдыра бердім! Яғни, назарын басқа жаққа бұрып!». Ағамыздың жанары нұрланып, көзі күлімдеп, қабағы жазылып бәрімізді одан сайын жадыратып жіберді. Әлгі астарлы сөзін әркім өзінше қабылдады. Бізге кейде әріптес деп қалжыңдайтын. Тимур аға 1971 жылы ҚазМУ журфагын бітірген. Дегенмен мәнсабы аяқдопта жалғасты. Бапкер атанды. Тағы бір дерек еске түсіп отыр. КСРО халықтарының спартакиадасы деген даңқты кешенді сын өтетін. Тимур ағамыз он жеті жасында Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті. Армениямен кездесіп, 0:5 есебімен ұтылып жатқан. Сегізбаев қатарынан бес гол соғып, таразы басын теңестірді. Айтпақшы, Ресей президенті Борис Ельциннен 3000 АҚШ доллар алғаны да бір қызық. 1998 жылы Ресей футболының 100 жылдығы аталып, аты аңызға айналған Тимур ағамызға Орыс басы бір уыс ақша ұстатып, сыйақы берген.

  Ағамыз кеше алпысқа толар еді. 2017 жылы мәңгі мекенені бет алып, ендігі жерде өзі туралы естелік айтылатынын аңғартты. Алла тағала иман байлығын берсін!

 ЕЛ ФУТБОЛЫНДАҒЫ ЭВОЛЮЦИЯ?

Қазақ футболына қарны ашатындар ел аяқдобына бір төңкеріс қажет деп түсінеді. Яғни, ревалюция! ҚФФ басшысы Әділбек Жақсыбеков дамудың жаңа стратегиясын жасауға тапсырма беріпті. Тіпті шет елдік сарапшылар іске кіріскен көрінеді. Негізгі құжатты отандық мамандар жасап шықты. Оның бірнеше бабы бар. Негізгі мақсаты белігілі. Ел футболындағы жағдайды кешенді түрде тексеру. Олқылықтар мен кемшіліктерді анықтау. Оны шешу жолын бір стратегияға бағындыру. Қазір жоба бекіді. Енді оның орындалу картасы дайындалады. Әрі УЕФА –мен қанаттаса жұмыс істеу көзделген. Яғни, құрлықтағы беделді ұйымның белгілі бір іс-жоспарға ұсынылатын бағдарламасына сай. Өткен айда жалпы елдегі футболға қатысы бар ұйымдар мен ұжымдардың ұсыныс жиналды. Жер-жердегі бапкерлер мен мамандардың бағдарламалары жинақталды. Кешенді түрде дамыту бұрын-соңды қаперде болғанымен, жүзеге асқаны шамалы. «Бұл жолы бәрі өзгеше», — деседі жобаны ұсынушылар. Алдағы уақытта ел футболындағы эволюция туралы толық ақпарат береу ойда бар.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сұхбаттасқан Сейсен ҰЛЫҚБЕК 11.06.2021, 15:15
Ширек ғасырлық әзіл-оспақ отауы
Сайт әкімшілігі,Айдар ЖОРАНОВ 11.06.2021, 14:15
Би падишахы
Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП 09.06.2021, 16:06
«Жасымды сүрткен «Жас Алаш» еді...»
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 08.06.2021, 12:00
Түнгі жол (Әңгіме)
Амангелді СЕЙІТХАН 08.06.2021, 10:30
Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
Амангелді СЕЙІТХАН 05.06.2021, 08:46
Қызың – алтын, ұлың – күміс

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02