Сейдағаңның серілері едік

Серік ШАЙМАН

03.03.2021, 10:12

2345

   Менің «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетіне келуім өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасына таман болды. Кезінде Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Жұмекен Нәжімединов, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек сияқты әдебиет алыптары еңбек еткен бұл киелі қарашаңырақта жұмыс істеу кім-кімнің де арманы болатын. Оған мақалаң шықса, аспандағы Айды алғандай болып күпініп, терімізге сыймай жүруші едік. Маған дейін осы газеттің Қостанай–Торғай облыстарындағы меншікті тілшісі болып істеген белгілі ақын Серік Тұрғынбеков Алматыға ауысты да, тілшілік орынға байқау жарияланды. Талапкерлер аз болған жоқ, әйтеуір, сәті түсіп сол орын маған бұйырды.

    Жоғары білімді кәсіби журналиспін, оның үстіне үш жылдай облыстық комсомол комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болып қызмет істеген маған облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы таныс еді. Жазуға құлшынып, жанып тұрған жас шағымыз. «ЛЖ» ұжымы мені жатырқамай жақсы қарсы алды. Меншікті тілшілермен редактордың орынбасары Сағат Әшімбаев айналысады екен. Марқұм Сәкең бір сағаттай менімен ашық сөйлесті, ой-өрісімді, жазу қабілетімді електен өткізді. Бір папкіге толтырып облыстық газетте жазылған мақалаларым мен очерктерімді алып барғам. Солардың кейбіреулерін ерінбей оқып та шықты. Бет әлпетінен, сөз саптасынан байқағанымдай, ол мені ұнатқандай сыңай танытты. «Бірақ соңғы шешімді редактор айтады, екі-үш күн осында боласың, бөлімдермен таныс, тапсырма ал», – деді. Сөйтіп, жауапты хатшы Серік Әбдірайымов пен бөлім меңгерішулері – Ырым Кененбаев, Аян Нысаналин, Жарылғап Бейсенбаев, Сапарбай Парманқұлов, Несіп Жүнісбаев, Жанболат Аупбаев, тағы басқа жігіттермен таныстық басталып кетті.

       «Жас Алаш» – Қазақстан комсомолы орталық комитетінің органы, меншікті тілшілерді сол комитеттің бюросы бекітеді. Ондағы жігіттердің бірқатары мені таниды, бюродан аман-есен өттім. Ең сонында бірінші хатшы Қуаныш Сұлтановтың өзі жеке қабылдап, бірқатар тапсырмалар берді. Сұлтановты бұрыннан танимын, университетте бірге оқығанымыз бар, оның бержағында адами сыйластығымыз да жақсы болатын. Сейдағаң кадрдың іші-сыртын бірдей зерттейтін адам ғой, менің бірінші хатшымен таныстығым барын да біліп алыпты. Маған тілшілік куәлік тапсырып жатып оны да сөз арасында жұқалап жеткізді.

– Ең бастысы – сенің жазуың, егер газеттің талабы деңгейінен шыға алмасаң, Қуанышпен арақатынасыңның барлығы саған араша түсе алмайды, – деді.

— Мақұл, бағымды сынап көрейін, – дедім мен де.

     Сонымен, екі облысқа бірдей жүретін меншікті тілшімін. Астымда су жаңа «УАЗ» машинасы. «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі екеуміз кезек-кезек пайдаланамыз. Машина облыстық партия комитетінің балансында, солардың гаражында тұрады. Кез келген уақытта телефон соқсаң жетіп келеді. Ол кезде журналисттердің беделі зор еді. Халық та басшылар да сыйлайтын. Оның үстіне облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков деген кісі жан-жақты білімді, іскер әрі юморы бар адам болатын. Біздің машинамызға обкомдық сериямен «0013» деген номер бергізді. Тісқаққан директорлар мен партия ұйымының хатшылары астыңдағы көлігіңе, өзіңді ұстау, сөйлесе білу қабілетіне, машинаңның нөміріне қарайды. Соған сәйкес сөйлеседі, қабылдайды. Тағы бір артықшылығымыз – обкомның сериясындағы машинаны МАИ тоқтатпайды. Бұл енді мәселенің пендешілік жағы, ал журналистік жұмыстың шығармашылық жағына келетін болсақ, мұнда да жолым болды.

      «Жас Алаш» газетінің арқасында бас-аяғы бір-екі жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде бүкіл Қазақстанға белгілі тілші болып шыға келдім. Газетте бірінен соң бірі жарияланған «Гегомияның мектебі», «Құдық хикаясы», «Алау ұшқан ақ лайнер», «Құс ұйқылы қойлы ауыл», «Арба емес, алып трактор ғой», «Терісаққан жолы», «Торғай тыңы», «Қияндағы қыстауда», «Есілдің ар жағында, бер жағында» деген очерктерім мен проблемалық мақалаларымды оқырмандар да, Сейдағаңның өзі де жылы қабылдады. Бұлардың өз тарихы, көтерген әлеуметтік мәселесі бар. «Гегомияның мектебінде» өнертапқыштық жайлы, яғни бес метрлік төрт жаткыны бір-бірімен жалғап ауқымы кең қазіргі «Джондир» сияқты алып комбайын жасау жайлы сөз болса, «Алау ұшқан ақ лайнерде» парк ішіне қойып кинотеатр жасаған «ИЛ-18» самолетінің қараусыздық салдарынан өртеңгені туралы айтылады. Ал «Құс ұйқылы қойлы ауылда» ауыл өмірінің үш кезеңі: қыс, көктем, жаз кезіндегі малшы өмірінің  қарбалас тіршілігі суреттеледі. Мұның әрқайсысы айқара подвал болып газеттің үш нөмірінде жарияланды. Сейдағаңның бір керемет қасиеті –  материалды ретсіз жөндемейтін, бірақ тақырыбын өзі қоятын. «Арба емес, алып трактор ғой» деген проблемалық мақала газет бетінде жарты жылға жуық талқыланды. Оған жер-жерден ондаған пікір қосылып, ақыр аяғында Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі мақалада сөз болған проблема жайлы ресми жауап жазды. Талқыланған мәселе «К-700» сияқты алып техниканың мүлде тиімсіз пайдаланып, қолжаулыққа айналуы еді.

      Қазір толық есімде жоқ, жетпіс жетінші жылдың күзінде болуы керек, Арқалыққа Аян Нысаналин командировкаға келді. Оның алдында ғана Алашыбай (фотокор) келіп кеткен болатын. Аякеңді қарсы алдым. Ол маған: «Мені бір ауданға жібер, енді төрт-бес күннен кейін Сейдағаңның өзі келеді, сен дайындал», – деді. Жанына облыстық газеттің бір қызметкерін қосып, Аянды ең қазақы, ең алыстағы Жангелдин ауданына жібердім. Олар екі тілшіні Ақтөбе облысымен шектес «Шилі» деген совхозға апарып, ақ түйенің қарнын жарып күтіп, Аякеңді жас марқа мен қымызға тойдырып, бес күннен кейін әзер қайтарды. Аян аңқылдаған ақкөңіл азамат қой, үстіне киіп келген плащын сол жақта ұмытып қалдырып кетіпті. Оны өзі Алматыға барған соң есіне алады. Қайран жастық десеңші, Аякеңнің плащын сонау ит өлген 450 шақырым жерден алдырып, Алматыға жібергенімнің өзі бір хикая.

   Сейдағаңның келу себебін түсіне алмаймын. Алматының өзінде анау-мынауға қозғала қоймайтын кісінің Арқалықта не шаруасы бола қалғанына аң- таңмын. Дегенмен мәнісін кейін білдім ғой. Арқалықтағы облыстық комсомол комитеті тікесінен тік тұрды. Оңай ма, атағы жер жарған «ЛЖ»-ның бас редакторы, орталық комсомол комитетінің пленум мүшесі, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов келе жатыр. Осы арада айта кететін бір қызық жайт, мына біздің жақта орыстар көп қой. Сейдағаңды таныстырғанда «член ЦК, главный редактор республиканского газета» деп таныстыратынбыз. Қулығымыз сол – қай ЦК екенін айтпаймыз. Аудан хатшылары да, совхоз директорлары да үлкен ЦК ма, кіші ЦК» ма деп сұрауға батылдары жетпейді. Қонақты құрақ ұшып қарсы алады.

    Сонымен, Арқалыққа Сейдағаң келді. Космонавттар мен мәртебелі қонақтар түсетін «Арай» деген ерекше қонақүйіміз бар еді. Содан люкс бөлме алып, қонақтарды орналастырып, шай-суын беріп, кешке үйіме шақырдым. Менің келіншегім Ресейдің қазағы, Челябі облысынан алып келгем-ді. Әйтеуір, қойдың басын әдемілеп пісіріп, құйқасын сап-сары қылып тазартыпты. Бірақ тісін қақпаған, оны мен де байқамаппын. Дастарханға әкеп қойғанда бір-ақ білдім, ұялғаным-ай! Серағаң этикасы жоғары кісі ғой, сыр алдырған жоқ. Басты қазақы дәстүрмен рәсімдеп, батасын берді.

       Келесі күні обком бекіткен бағыт бойынша аудандарды аралауға шықтық. Алдымызда Жаңадала, Қима, Есіл сияқты астықты аудандар. Жол басшылыққа обком комсомолдың салалық хатшысы Нурикамал Сейітжанова қосылды. Бұл кәдімгі «Нурикамал» әнінің кейіпкері Нурикамалдың өзі. Көрікті, қылықты, орысша тәрбие алғанымен, жан дүниесі қазақи, ұлтжанды азаматша. Бар айыбы – қазақшасы аздау. Дегенмен ауызекі әзіл-қалжыңды жақсы түсінеді. Орыстың, украинның халық әндерін нәшіне келтіріп орындайды. Жол бойы Сейдағаң мен Аякең кезек-кезек өлең ұйқастырып, ара-арасына Нурикамалды қыстырып қояды. Аянның бір қызық мінезі – ауыл көрінсе «айран ішейікші» деп әзілдейтіні бар. Сондай бір жолы Қима ауданына қарасты «Терісаққан» савхозының шет жағындағы төрт-бес бие байланған үйге түсе қалдық. Үй иесі қияқ мұрты бар елулердегі кісі екен. Жөн сұрасқан соң, қымыз ішуге шақырды. Сөз арасында Сейдағаң:

– Қай ел боласыздар? – деп сауал тастады.

– Найманбыз, – деді үй иесі.

– Найманның қайсысына жатасыздар? – деп, Сейдағаң аппақ тістерін ақсита бір жымиып алды.

– Е, найманның қайсысын білуші едің? – деп үй иесі көзі күлімдеп шыға келді. Сейдағаң бұл жолы тағы бір лекіте күліп алды, сауал тастаған жоқ.

– Өкірешпіз, – деді үй иесі. – Осы арада Балталы, Бағаналы деген бір қауым ел бар. Мынау қырдың астындағы «Балталы» деген ауыл – атажұртымыз.

— Әп, бәрекелді, іргелі ел екенсіздер, рақмет ас-суларыңызға, – деп Сейдағаң ас қайырды. Біз әрі қарай жүріп кеттік.

      «Өкіреш» сөзінің мәнін біз білмейді екенбіз, былай шыға бере Сейдағаң оны таратып айтып берді. Ерте заманда, барымта-сырымтаның көп кезінде бір әулеттің жалғыз ұлы сойылдасуда шейіт болып кетіпті. Оң жақта жап-жас әйелі мен сексенге келіп қалған әкесі қалыпты. Ең болмаса бала да жоқ. Бір әулет тұқымы мынау шал өлісімен үзілгелі тұр. Әрі-бері ойласқан ақылды жас келіншек тәуекелге барып, бір күні атасын қойнына алады. Шал сол жолы өліп кетсе керек. Құдайдың құдіретіне не шара, келіншек содан жүкті болып, шекесі торсықтай ұл туады. «Ел құлағы – елу» деген емес пе, күндердің бір күні бұл құпия жария болып, баланы жұрт «өкіреш найман» атап кетеді. Бір әйелдің ақылдылығының арқасында осылайша бір әулет одан әрі өсіп-өнеді.

     Оқиға желісінен оза отырып айта кетейін осы жолсапар қорытындысы бойынша Сейдағаң екеуіміз қол қойып, газеттің бір бетіне жуық «Есілдің ар жағында, бер жағында» деген очерк жарияладық. Негізі, оны жазған мен ғой, Сейдағаң Есіл аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Саттар Сапарбаев туралы «Киіктің асығындай шымыр, жеңіл салмақты самбышыдан аумайтын бірінші хатшы Саттар...» деп басталатын бір абзац қосты. Бұл шеберлік дегенді қойсайшы, сол бір тұтам текст табақтай очерктің жазылу мақсаты мен мазмұнын ашып қоя берді. Иә, Сейдағаң тақырып қоюдың королі ғана емес, оқырманды ынталандыра білудің шебері де еді. Араға екі күн салып Арқалыққа қайтып келген бетте белгілі сатирик-этнограф, марқұм Сейіт Кенжеахметов Сейдағаңа мал сойып қонағасы берді. Сол күні кешкісін қонақтарымды бір топ адам болып самолетке шығарып салдық. Аэропорт басында Сейдағаң бір сәт мені оңашалап алып:

– Әжептәуір орнығып, отау құрып қалған екенсің. Дегенмен аппаратқа келіп жұмыс істеуге қалай қарайсың? – деді.

— Егер сіздер лайық көріп жатсаңыздар қарсы емеспін, – дедім. Сейдағаң басын изеп құптағандай сыңай танытты. Сонда барып мен бұл келістің мәнісін ұққандай болдым. Және осының алдында обком комсомолдың сұрауы бойынша «личный листок» толтырып, өмірбаянымды жазғаным есіме түсті. Жігіттерден бұл неге қажет деп сұрағанымда, «сені ЦК комсомол жауапты хатшылық па, бөлім меңгерушісі ме, әйтеуір, бір жұмысқа жоғарылатқалы жатыр» деген-ді. Бірақ тағдыр маған Алматыға баруды жазбады. Аяқастынан өзімнен кейінгі інімнің автомобиль апатынан қаза болуы, үлкен ағамның ауыр халде ауруханаға түсуі, әкем марқұмның «мынадай жағдайда бізді тастап қайда бармақсың» деген бір ауыз сөзі мені бұл ұсыныстан бас тартуға мәжбүр етті.

        Сейдағаңның серілері атанған Жарылғап, Жанболат, Аян, Несіп, тағы басқа жігіттер бүкіл елге белгілі журналист-жазушы болды. Мен баяғы сол провинцияда қалдым. Кейін облыстық газеттің бас редакторы, Торғай–Қостанай облыстық теледидарының басшысы сияқты беделді жұмыстар атқарсам да, өмір бойы «Жас Алаш» жадымнан шықпай қойды. Оның әдемі жазуға, ойлы жазуға машықтайтын мектебінен ерте қол үзіп, шөлім қанбай қалды. Қазір жасым жетпістен асып кетсе де, «Жас Алаштың» әр санын асыға күтіп отырамын. Реті келгенде онымен тығыз байланыс жасауға тырысамын. Обалы не керек, 2018-20 жылдар аралығында «Жас Алашта» «Шәмшінің Торғайға сапары» деген эссем, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайлы естелігім, «Осы балаға сөйлес», «Айқарагөз», «Бегайымның әні», «Сол келіншек» деген әңгімелерім жарияланды.

       Бұрын да, қазір де ұлттың үні болған, тура айтқаны, әділдік жолында күрескені үшін кейде туған үкіметіне де жақпай қалатын жасалаштықтарға 100 жылдық мерекесі қарсаңында зор шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілеймін!

Тегтер: басылым мерейтой пікір пайым лебіз

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:21
Актриса Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:41
Қазақтың аса көрнекті ақыны Есенғали Раушанов өмірден өтті
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 16.04.2021, 09:47
Луиз ГЛЮК: Біз ешкім де емеспіз
Қоранбай ШӘКІРҰЛЫ 16.04.2021, 03:27
Бейқамдық па, бейшаралық па?
Еркежан Арын 14.04.2021, 20:32
«30 еңбек елшісі» – жастар саясатын жетілдіру бастамасы
Айт-МАН 13.04.2021, 15:24
Хан Кененің басы отанына оралмақ

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24