14.12.2022, 16:55
1677
Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының төрт үздік командасы анықталды. Өткен аптаның соңында біз шиеленіске толы ширек финалдық сайыстарды тамашаладық. Бұл межеде Бразилия мен Хорватия, Португалия мен Марокко, Аргентина мен Нидерланд және Франция мен Англия құрамалары күш сынасты.
Өткенген зер салсақ, осыған дейін Африканың тек үш командасына ғана әлем чемпионатының ширек финалында өнер көрсету бақыты бұйырған екен. Олар – Камерун, Сенегал және Гана. 1990 жылы Италияда өткен додада камерундықтар қосымша уақытта Англияға (2:3) жол берді. 2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған жарыста Сенегалдың Түркияға (0:1) шамасы жетпеді. 2010 жылы ОАР-дағы мундиальда Гана пенальти соғу барысында Уругвайдан (1:1, 2:4) ұтылды. Биылғы жарыста солардың қатарына Марокко қосылды. Осыған дейін әлем чемпионатына бес рет қатысқан олар төртеуінде топтық турнирде сүрінді. Тек 1986 жылы Мексикада плей-оффқа шығып, 1/8 финалда Германиядан (0:1) жеңілді. Ал бұл жолы Валид Реграги баптаған команда керемет ойын өрнегін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Ширек финалда Марокко Португалиямен шеберлік байқасты. Пирней түбегінің түлектеріне қарсы олар бәсекеде дұрыс тактика құра білді. Фернанду Сантуштың шәкірттері қанша жанталасқанымен қарсылас команданың қорғаныс шебін бұзып өте алмады. Керісінше, бірінші болып есепті марокколықтар ашты. 42 минутта Эсефф Эн-Насери мергендік танытты. Одан кейін де португалиялықтар қарқынын еш бәсеңдеткен жоқ. Бірақ нәтиже болмады. Жас жүлдыздардан қайыр болмағаннан кейін екінші таймда Фернанду Сантуш атағы жер жарған Криштиану Роналдуны шығаруға мәжбүр болды. Оның да қолынан түк келмеді. Ақыры 1:0 есебімен жеңіске жеткен Марокко құрамасы Африка құрлығы өкілдері арасынан жартылай финалға шыққан тұңғыш команда ретінде тарихта қалды.
Эр-Райянда тағы бір сенсация тіркелді. Бразилия құрамасы Хорватияға есе жіберді. 90 минут бойы қос команда бір-бірінің осал тұсын таба алмағаннан кейін қосымша уақыт белгіленді. Овертаймда Неймар есеп ашса, көп ұзамай Бруно Петкович таразы басын теңестірді. Есеп – 1:1. Пенальти соғу барысында Хорватия құрамасы сапындағы Никола Влашич, Ловро Майер, Лука Модрич және Мислав Оршич мүлт кеткен жоқ. Ал бразилиялықтар сапынан Родриго мен Маркиньос қателесті. Есеп – 2:4. Осы орайда хорваттардың қақпашысы Доминик Ливаковичтің аталған матч кезінде 11 сейв жасағанын атап өткен абзал.
Нидерланд пен Аргентина құрамалары арасындағы кездесудің 35 минутта Лионель Месси ұйымдастырған тамаша комбинациядан кейін Науэль Молина гол соқты. Бірақ бұл ойын қызық өтті деп айта алмаймыз. Бір сағаттан аса уақыт бойы көрермендерді әбден мезі еткен көріністің куәсі болдық. 73 минутта Мессидің өзі 11 метрлік нүктен екінші голды соқты. Тек содан кейін барып қана нидерландықтар «тіріле» бастады. 83 минутта Ваут Вегхорст есеп айырмашылығын қысқартса, төреші қосқан қосымша 10 минутта дәл сол ойыншы таразы басын теңестірді – 2:2. Овертаймда гол соғылмады. Пенальти кезіндегі Эмилиано Мартинестің керемет реакциясы дүйім жұртты тәнті етті. Ол Вирджил ван Дейк пен Стивен Бергейстің соққыларын кері қайтарды. Ал аргентиналықтардың сапынан тек бір ғана ойыншы қателесті. Нәтижесін 4:3 есебімен Лионель Скалонидің шәкірттері жеңіске жетті.
Франция мен Англия құрамалары арасындағы кездесуде алғашқылардың басымдығы байқалды. 17 минутта Орельен Тчуаменидің тепкен добына қақпашы секіргенімен, оны кері қайтарып үлгермеді. 54 минутта Харри Кейн 11 метрлік нүктеден таразы басын теңестірді. 78 минутта француздар қайта алға шықты. Бұл голды Оливье Жиру соқты. Бәсекенің соңында Уго Льористің қақпасына қайта пенальти белгіленді. Бұл жолы Кейн тепкен доп айдалаға кетті. Франция – жартылай финалда.
Сөйтіп, жартылай финалға жолдама алған командалар анықталды. Алдағы күндері біз Лусаилдағы Аргентина мен Хорватия және Әл-Хаурдағы Марокко мен Франция құрамалары арасындағы кездесулерді тамашалаймыз. Осы бәсекеде бағы жанғандар бас жүлде үшін таласса, жеңілгендері қола медальді өзара сарапқа салады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР