06.06.2023, 12:33
5138
Бірнеше жыл бұрын «Жас Алаштың» спорт бетінде «Қазақтан шыққан әлем чемпиондары» жобасын бастаған едік. Сәл үзілістен кейін осы жобаны қайта қолға алып отырмыз. Бұл жолы даңқты боксшы Серік Сәпиев өзінің 2005 жылғы Миньяңдағы (Қытай) жеңісі туралы әңгімелейді.
— Түрлі сұхбаттарда сіздің бокстағы танылу жолыңыз оңай болмағанын аңғарамыз. Жастар арасында Петропавл қаласында өткен турнирге барып жеңімпаз атанбасаңыз, өміріңіз мүлде басқа арнамен кетуі мүмкін бе еді?
— Өте мүмкін. Бұл турнир 2001 жылы өтті, мен 51 келі салмақта өнер көрсеттім. Төрт кездесу өткізіп, финалда жергілікті боксшыдан басым түстім.
— Алғаш рет сізде әлем чемпионатына бару мүмкіндігі 2003 жылы болды. Ел чемпионатында күміс жүлде алған соң, әлем чемпионатына іріктейтін үш турнирге қатысып, жақсы нәтиже көрсеттіңіз. Бірақ таңдау бәрібір басқа боксшыға түсті. Осы оқиғалар барысында әділетсіз шешімдерге тап болған сияқтысыз. Ол қандай әділетсіздік?
— Осы жерде басын ашып алатын бір мәселе бар. Мен 2002 жылы Қазақстанның жастар арасындағы чемпионатында жеңімпаз атандым. Содан кейін жастардың тағы екі турнирін жеңіп алдым. Бірақ сол жылы жастар арасындағы әлем чемпионатына барғаным жоқ. Біз оған жақсы дайындалған едік. Иә, әділетсіздіктер болды. Соңғы турнирдің финалында мен кейін әлем чемпионатына барған боксшыдан басым түстім. Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы мені финалда жеңіледі деп ойлап, бәрін шешіп қойған сияқты. Бірақ финалда жеңіске жетсем де, әлгі қарсыласым әлем чемпионатына барды. Жеңіліп қайтты. Яғни мұндай әділетсіздікті мен сол жылдары жастар құрамасында көрдім.
— 2004 жылдың қараша айында Алматыдағы цирк кешенінде Қазақстан чемпионы атанғаныңыз көз алдымызда. 60 келі салмақ дәрежесінің финалында Дулат Боранқұловты жеңдіңіз. Бұл кезде әскерилер арасындағы әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып үлгерген едіңіз. Алматыдағы жеңістен соң құрамаға толық қабылдандыңыз ба?
— 2004 жылы Қытайда өткен халықаралық турнирге қатыстым. Одан кейін Армияның орталық спорт клубы құрамасы сапында әскерилер арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсеттім. Осы додадан кейін екі апта өте салысымен Қазақстан чемпионаты жалауын көтерді. Ел чемпионы атанған соң автоматты түрде құрамаға қабылдандым. Менің Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі ретінде ғұмырым дәл осы кезден басталды. Бұған дейін ересектер арасында құрама мүшесі болған емес едім.
— 2005 жылы Миньяң қаласында өткен әлем чемпионаты қарсаңында 64 келіде кандидат таңдау біраз мәселе тудырған сияқты. 64 келіге нақты қашан ауыстыңыз? Сол кезде осы салмақтың құрамадағы көшбасшысы Қанат Орақбаевты Калининградтағы (Ресей) халықаралық турнирдің финалында жеңбесеңіз, әлемдік додаға бара алмас па едіңіз?
— 2005 жылы мен құрамаға 60 келі салмақ дәрежесіне қосылдым. Бойым ұзын болды. Сол жылы Мәскеуде өткен командалық Әлем кубогына қатыстық. Орақбаев – 64 келіде, мен 60 келіде болдым. Осы жарыстан кейін салмағымды өзгертуге тәуекел еттім. Өйткені Мәскеудегі додада 7 келі салмақ қудым. Өзімді қатты қинадым, қатты терледім. Бірақ жас ағза өсіп келе жатты. Әлем кубогынан кейін тауда өткен жалпы физикалық дайындық кезеңінде салмақ қосуға әрекеттендім, жақсы тамақтандым. Бір келі қосып алдым. Жұмыс салмағым 65 келі болды. Ал әлемдік дода алдында бір келі салмақ қуу аса үлкен қиындық тудырған жоқ. Табысты өнер көрсетіп жүргендіктен, бапкерлер мені бірден әлем чемпионатына баруға үміткерлер қатарына қоса бастады. Сөйтіп, «64 келіде әлем чемпионатына кім барады?» деген мәселе туындады. Спарринг мықты боксшыны нақты анықтауға мүмкіндік бермейтінін ескеріп, Қанат екеумізді турнирлерге қосты. Екеумізді Ресей бокс федерациясының турниріне, Калининградқа әдейі жіберді. Біз финалға шықтық. Зал тым-тырыс. Екі қазақ жан аямай жұдырықтасып жатыр. Мен жеңіске жеттім. Өзім де жекпе-жекте басым болғанымды сезіндім. Осы турнирден кейін әлем чемпионатына баратыныма сенімді болып жүрген едім. Бірақ соңғы жиында, әлем чемпионатына екі апта қалғанда Орақбаев екеумізді бапкерлер спаррингке шығарды. Калининградта мәселе шешілген сияқты еді ғой… Бірақ бір адамдар кірісіп, астаналық боксшыны әлемдік додаға қосуға әрекеттенді. Мен жеңдім, бірақ сол спаррингте сол қолымның алақанындағы сүйекті сындырып алдым. Әлем чемпионатына да осы жарақатыммен қатыстым.
— Жарақаттанғаныңызды бапкерлерге айтпағаныңыз рас па?
— Иә. Алақаным қатты ауырды, қолым ісіп кетті. Жаттығу кезінде ауырған қолымда барынша сақтауға тырыстым, оны жекпе-жектерге сақтадым. Сынған қолыммен соққы жасай алмадым, жекпе-жек кезінде ауырған қолыммен барынша нақты соққылар ғана жасауға әрекеттендім. Бірақ оның күшті соққы болып шығуы мүмкін емес еді. Соңғы оқу-жаттығу жиыны Қытайдың Үрімжі қаласында өтті, біз ары қарай Миньяңға жол тарттық. Сол кезде ғана бапкерім Александр Стрельников екеуміз ақылдаса келіп, дәрігерге қолымның жарақаты бар екенін айттық. Дәрігер түрлі емдеу шараларын жасады, майлар жақты, массаж жасады. Жекпе-жек алдында қолым азырақ ауырсын деп қатты тейптеп тастайтынбыз. Бірақ бәрібір сыздап тұратын еді. Чемпионатты толықтай солай өткіздім, финалдың алдында ауру сезінбес үшін қолымды түгелдей қатырып тастады. Жекпе-жек соңында қолымды мүлде сезінбейтінімді байқадым, сөйтіп, бар күшіммен жұдырықтасуға көштім.
— Бапкерлер құрамы әлем чемпионатында кімге, қай салмақ дәрежесіне көбірек сенім артты? Сізге қандай меже қойды?
— Бапкерлер Мәскеудегі Әлем кубогында біраз ой түйіп, фавориттерді анықтап алды. Ол кезде Геннадий Головкин де, Бақтияр Артаев та құрамада еді. Мен де қарқын алып келе жаттым, қатысқан барлық турнирде жеңіске жеттім. Жеңіл салмақтағылар да мықты еді. Ауыр салмақтарда Ердос Жаңабергенов (81 келі), Рүстем Іргебаев (+91) жасындай жарқырап тұрды. Соңғы жарты жылда өзін жақсы көрсеткендер құрамадан тыс қалған жоқ.
— Бұл кезде әлем боксында 64 келіде біраз өзгерістер жүріп жатты. 2004 жылы Афина олимпиадасына қатысқан боксшылардың басым бөлігі Миньяңға барған жоқ. Өзіңіз қандай мақсат қойып бардыңыз? Қол жарақатынан қорықтыңыз ба? Қай боксшыны негізгі қарсылас санадыңыз?
— Мен қашанда жоғары нәтижелерге үміт арттым. 2005 жылы бір рет те жеңілгенім жоқ. Дәл әлем чемпионатының алдында 64 келіге ауысқаным да жолымды ашып берді. Мені бұл салмақта ешкім күтпеген еді. Ешкім білген жоқ. Бейтаныс болып келдім де, бас жүлде иелендім. Өзім де іштей ең жоғары нәтижені көздеп бардым.
— Жеребе бойынша 1/32 финалда бос болдыңыз. Мұның сізге көмегі болды ма?
— Мен жеребеге аса қатты назар аудармайтынмын. Кейде келесі кезеңге жекпе-жексіз өтесің, кейде бірден күшті қарсыласқа тап келуің мүмкін.
— Алғашқы қарсылас словак Павол Хлавачка болды. Бұрын бұл боксшыны білетін бе едіңіз? Жекпе-жекке қандай тактика құрдыңыздар?
— Бұл жақсы кездесу болды. Хлавачканың бойы ұзын екен. Өзі менен де арық. Қолдары ұзын. Жекпе-жекті бірден жақсы бастап кеттім. Еркін жеңдім. Қарсыласымның деңгейі менен төмен екені байқалып тұрды.
— 1/8 финалда америкалық Карл Дарган тап келді. Ол алғашқы қарсыласын ойсырата жеңген болатын. Сіздердің жекпе-жекте есеп 37:26 болды, екеуіңіз көп соққы алмасқан сияқтысыздар.
— Кейін осы Дарганмен кездесуімнің жазбасын таба алмадым. Бірақ жекпе-жектің бірінші раундынан кейін Дарганнан жеңіліп жатқаным есімде. Өзімді қатты қамшыладым. «Не жеңемін, не үйге қайтпаймын!» деп ширықтым. Қолым да қақсай берді. Қолғаптың сыртынан жұдырығымды түзедім. Шаршы алаңға шығар алдында алдымен жұдырығымды түйіп алатынмын, содан кейін ғана қолғапты киетінмін. Дарган жекпе-жек соңына қарай шаршап қалды, мен қарқын қоса түстім. Сөйтіп, жеңу үшін көп соққы жасаған болармын.
— Ширек финалдағы қарсылас Микола Семеняга (Украина) жастар арасында көзге қатты түсіп еді. Миньяңда оны 12 ұпай (27:15) айырмашылығымен жеңдіңіз. Жекпе-жек қалай өтті?
— Бұл кезеңде Украинадан екі боксшы ғана қалған-ды. Исмаил Силлах (75 келі) Головкиннің жолын кесіп кетті. Ал Семеняга барын салғанмен, бәрібір жекпе-жек тізгінін босатпадым. Бір секірсем, жүлденің төбесі көрініп тұрды. Өзімнің алғашқы әлемдік додам, сондықтан бұл қарсыласқа іркілуге болмайтын еді. Жарақат тұрғысынан қарағанда, бұл өте ауыр жекпе-жек болды. Мен Семеняганың шынтағынан бірнеше рет ауырған қолыммен ұрып қалдым. Қарсыласымның бойы менен сәл аласа болғандықтан, жақындатпай ұрыс салуды ойластырдым. Оның денесі мығым екен. Семеняга да, тіпті қарсыластарымның ешқайсысы да жарақатым бар екенін білген жоқ, бұл да сенімімді бекіте түсті. Украиналық боксшы өңмеңдеп, алға ұмтылған жоқ. Мен екі жақтан кезек соққы жұмсауға тырыстым. Есімде қалғаны сол, ауырған қолыммен ұрған сайын жаным көзіме көрініп, көзімнің алдында жұлдыз ойнады.
— Жартылай финалда жолыққан әзербайжан Емил Магеррамов та аса танымал боксшы емес. Оның қандай осал тұсын таптыңыздар? Есепке қарасақ (41:23), екеуіңіз де аянып қалмаған сияқтысыздар.
— Қолым ең аз ауырған жекпе-жек осы болды. Ол солақай, аласа бойлы еді. Дене күші мығым болғанмен, көп алға ұмтыла қоймады. Мен қашықтық сақтап, оны ылғи алыстан күтіп алып отырдым. Ерекше айтқым келетіні, бүкіл чемпионат барысында мен оң қолымды алға созып көбірек жұмыс істедім. Сынған сол қолыммен қалауымша жұдырықтаса алғаным жоқ.
— Финалда Афина олимпиадасының ширек финалына жеткен Ділшад Махмұдов (Өзбекстан) жолықты. Финалға жетуді жетістік санамаған сияқтысыздар. Жалпы, жекпе-жек қалай өтті? 39:21 деген де үлкен есеп қой.
— Финал қарсаңында жаттығу залында дене қыздырып дайындалып жаттым. Қасыма ұлттық құраманың бапкері Александр Апачинский мен өз бапкерім А.Стрельников келді. Олардың қалай толқып тұрғанын көрдім. Ең қызығы, сол кездегі өмірімнің ең басты жекпе-жегі алдында мен өте сабырлы болдым. Бапкерлердің эмоциясын, уайымын сезіндім. Иә, өзім де уайымдап тұрдым, бірақ іштей бәрібір сенім, сабырлылық сезімі болды. Жекпе-жекке қатты ширығып шықтым. Сәл бұрынырақ өзбек боксшысының ерекшеліктерін саралап, өткізген жекпе-жектерін бейнежазбадан тамашалап алғанбыз. Оның Афина олимпиадасында өнер көрсеткенін білетінмін. Сонымен қатар ол дене күші жағынан менен әлсіздеу екенін де білдім. Қарқынымның, айламның арқасында оны жеңдім. «Әп» деп бастағанда Махмұдовтың екпіні қатты болған-ды. Бәрібір ұрыс тізгінін босатқаным жоқ. Жекпе-жек соңына қарай ол қатты шаршап қалды, ештеңе істей алмады. Махмұдов шабуылдарымнан қорғанумен ғана уақыт өткізді. Менің жеңгеніме төрешілердің де еш күмәні қалмаған сияқты.
— Әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісіңізді күтпеген табыс деп бағалапсыз. Жарақатпен барып қатысып, жеңімпаз атанғаныңызды шынында да өзіңіз күтпедіңіз бе?
— Иә, 2005 жыл маған құтты жыл болды. Бірақ «жеңіс тұғырында тұрмын, әлем чемпионымын» деген сезім болған жоқ. Мен жұмыс атмосферасында жүрдім. Барымды салып, жұдырықтасуға тиіс екенімді білдім. Жеңу үшін келдім, соғысу үшін келдім. Қалай атасақ та, түпкі мақсат – жеңіс еді. Жыл бойы мен әлемдегі ең күшті боксшылармен бәсекелесе алатынымды сезіндім. Осы сезім сенімге ұласты.
— Осы табыстан кейін өміріңізде не өзгерді? Үлкен жетістікке жеткеніңізді сезіну үшін біраз уақыт қажет болды ма?
— Иә, әлем чемпионы атанғаннан кейін мені Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де адамдар тани бастады. 64 келіге бірінші нөмірлі боксшы болып орныға түстім. Енді өз елімде ғана емес, әлемде де мені зерттеп, бақылай бастады. Материалдық жағдайым да жақсарды: айлығым өсті, Қарағанды облысының әкімдігі пәтер берді. Қысқасы, мемлекет жақсы қолдады. Өмірімнің жақсы жағына өзгергенін өзім де аңғардым.
— Сұхбатыңызға рақмет! 2007 жылғы жеңісіңізге қатысты сұрақтарды сәл кейінірек қоямын.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР