Шағаладай шарқ ұрған шақ

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,

20.01.2021, 09:32

3549

Сәтін салған сәйкестікке таңым бар. Жілік май толысып келіп университетке түстім. Күш-қайраттың қалам тергеуге де көмегі тиетін шығар деп, классикалық күреске қатысып, тәп-тәуір нәтиже көрсеткенімді дәріптеп, Серік Әбдірайымов «Лениншіл жас» газетінің 1966 жылғы санына (21.VII) «Армандастар» деген бір беттік очерк жариялады. «Үш жігіт»: Ізбасар Оразбақов, Жарас Төлегенов және Орысбай Әбділдаев – үшеуі де тел өскен, тең құрдастар. Үшеуі де бір мектептің түлегі» деп басталатын кең құлашты дүние керемет қанат бітірді. Бірі – ауыр атлет, бірі былғары қолғап шеберлеріне мені де қосып жібергеніне қуанғаным-ай. Сөйтіп, жастар газетінде іс-тәжірибеден өтіп жүрген жас қаламға студент-спортшы туралы жазуға тапсырма берілген екен. Жатақханадағы мені тауып алып, Серік студент-практикант кеңінен көсілген ғой. 

      Міне, сол «Лениншіл жасқа» кейіннен жұмысқа тұрдым. Қызметті корректорлықтан бастап, 1969-80  жылдар ауқымында, яғни аттай он бір жыл ел аралап, су кештік. Дипломды корректор атанған алғашқы алты айдың өзінде-ақ талайлардың қолтаңбасына қанықтым. Фаризаның өр рухты екпіні, Оралханның қарасөзбен жырлайтыны, Ақселеудің тереңнен толғайтыны, Кәдірбектің «Домбауыл дуал құламай» деп шамырқанатыны, Мағираның  сөзді майдай тамызатұғыны – бәрі-бәрі көкейде сайрап жатыр. 

     Жұмыстың әмбесі жоспарға құрылған. «Үйкүшік болмаңдар!» деп, Сейдағаң – Cейдахмет Бердіқұлов редактормын дегенді әспеттемей-ақ жолсапарға шығудың аса қажеттігін қас-қабағымен-ақ сездіретін. Жақсы жазудың редакциялық жарысын жариялайтын. Апта сайын қабырғаға «Чемпион мақала» айғақтап ілінетін. Соның бір ғана мысалы:«Шаруа-жастар бөліміне 

     … Бүгін жігіттер ерекше көңілде, іштей толқып жүрген сияқты. Қолдарында бір-бір «Лениншіл жас», оның екінші бетіне әлсін-әлсін көз жүгіртіп қояды. Сосын шаруа-жастар бөліміндегі Ырысбайға ырза болғандай, көңілдері толғандай «тырсиып» қалады. Жігіттер Орысбайдың атын биыл Қазақстан  1  миллиард пұт астық берген күні құлағына үш мәрте айқайлап, «Ырысбай, Ырысбай, Ырысбай» деп есімін өзгертпек. Оның қолынан шыққан салиқалы да салмақты материалдары дер шағында жаңа піскен таба нанның иісіндей тәбет тартады. 

                                                                 «Лениншіл жас» ұжымы. 10.Х.73 жыл» 

Бұл құттықтауды ұйымдастырған хат бөлімінің меңгерушісі Сейітқазы Досымов екенін де білемін. Марқұм өте ұшқыр, талантты азамат еді. Газеттің тілеуін тілеп, әрдайым ізденісте жүретін.  

   Миллиардтар халықты қуантқан жылдар өтті-кетті. «Лениншіл жас» миллиард пұттарға арналған нөмірлерді қып-қызыл бояумен жалаулататын тұстарда, әсіресе шаруа-жастар бөлімінде Ескермес Жақсымбетов екеуміз жанталасып бағатынбыз. Ескермес бүгінде сонау Теріскей жақтағы Созақ өңірінде өміршең өлеңдерін әлдилеп жүр.  

    Корректор, әдеби қызметкер, бөлім бастығы, редакциялық алқа мүшесі болып тер төккенде не қилы жағдаяттар болды ғой. Шаруа-жастар, спорт және әскери-патриоттық тәрбие, мәдениет-өнер бөлімдерін басқарған жылдары қат-қат қойын дәптерлерде сақтаулы. Тіпті әр апта сайын өткізілетін лездемелердің айы, күні, жылы блокноттарда менмұндалайды. Шағаладай шарқ ұрған шақ көз алдыма елестейді. Қойын дәптерлерді парақтай қалсаң, сағыныш оттары көз шарпиды. Қатар қалам тартқандар лебіздеріне жаның семіреді. Егер өзің жайлы өзгелер айтып жатса қимағаны шығар, сыйлағаны шығар, бағалағаны болар. Кейбірін оқып көрсе, былайша өрбиді: «Құрметті «Лениншіл жас» газетінің редакторы С.Бердіқұлов ағай! 

       Менің сіздерге жазған өтініш хатым барысымен, өздеріңіздің арнаулы тілшілеріңіз Орысбай Әбділдаевты жағдайдың анық-қанығын біл деп, Арал қаласына жіберген едіңіздер. Орысбай Әбділдаев нағыз найзағайдың оғындай әділ азамат екен. Ешкімнен сескенбей, жасқанбай, үй-үйді аралап жүріп бәрімен жүздесті, зәбір көрсеткен бес жігіттің нас қылықтарын өз талғамынан өткізді».  

   1976 жылдың 7 желтоқсанында жастар газетіне жарияланған «Адамгершіліктің ақ жолын аттамасын» деген менің көлемді мақалама ырзашылығын білдірген жапа шегуші ана Айжамал Әбдіхалықова жоғарыдағыдай алғыс хат жолдаған еді. Жұмыс барысындағы ел ризашылығы бізді арқаландыра түсетіні ақиқат нәрсе. Ал мына оқиға мүлде тосын нәрсе. Мұны «Лениншіл жастың» сарбазы болған Өтеген Оралбайұлы «Жолға шықты жүрегім» («Балауса» баспасы, 1993 ж.) атты кітабында бедерлеген. Яғни «Күрес» деген тақырыптағы сөз сарасын  былайша түйіндейді: «Орысбай оңтайлы сәтті қалт жібермей, баяғыдағы күресіп жүргендегідей негізгі әдісіне салып, оң жамбасына қарай жұлқа тартты да, дереу жалт бұрылып, сол жамбасына салып кеп жіберді. Қарсыласы қос жауырынымен кілемге құлап түсті. Жүзін тер басқан мұның құлағына төреші: «Жарқыным, жөніңді айтшы, сен кімсің?» – деп сыбырлады. Іле-шала төреші әрі таңырқай, әрі ризалықпен жекпе-жектің қорытындысын хабарлады: «Орысбай Әбділдаев, «Лениншіл жастың» тілшісі...» 

    Бұл командировкаға барып жүргендегі бір оқиға. Сарысу ауданының (Жамбыл облысы) шөп шабу, көкөніс жинау науқанын қыздырып жатқанда фотограф Съезд Бәсібеков екеуміз топ ете қалдық. Аудандық спорт комитеті адақтап жарыс өткізді.  Съезд қолқалап мені де қосып жіберген. Белдесуге бейімім бар екенін ол білетін. Екеуміз ауданды он күн аралап, жастардың еңбегін паш еттік. «Он жеті мен жиырманың арасы» деп айқара бет бердік. Сол кезде республика Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Закаш Камалиденов жастар газетіне қолпаш сөз айтты. Негізінде, соның тапсырмасы болатын Байқадамдағы шаруашылық барысын көрсету. Қатар қалам тартқандар бірін-бірі қадағалайтын, бағалайтын. Мысалы, Оралхан Бөкеев: «Досым Орысбай! Қазақ «қарапайым адам – қасиетті адам»  дейді екен, ендеше сенен мықты қазақ жоқ!» – деп қолтаңбасын жазып (05.03.1976 жыл), «Мұзтау» деген кітабын сыйлаған-ды. Құрметіне құлдық! Жастар газетін аспандатқан арқалы таланттың бірі еді. Осы шаңырақта бірге биледік, ән салдық.  

    Жастар газетінде жарияланғандарым «Сымбат», «Мұзмоншақ», «Айдынға ай сәулесін төгіп тұрды», «Мөр», «Қуат» болып, тақырыптарымен әлі күнге есімнен кетпейді-ақ. Түртіп оятып әлденені еске түсіретіндей. Сол бір жастық кешуін суытпай, ақ қағазға айшықта дейтіндей.

     Бір ерекшелеп, мақтан тұтып айта кетер нәрсе: мен басқарған бөлімдегі маған қолғанат болған Несіп Жүнісбаев (спорт), Жарылқап Бейсенбаев (мәдениет), Жақыпжан Нұрғожаев, Оңдасын Әмірқұлов, Ертай Айғалиев (шаруа-жастар) кейіннен білікті бас редакторлар атанды, бүгінде бәрі де жұртқа танымал қабырғалы жазушылар. 

       Ой тұндырған, қиял қанатын қақтырған шарапатты қарашаңырақ жүрекке от берді, шығармашылық шыңына жетеледі. 

      «Лениншіл жастағы» мен жұмыс атқарған бөлімдер: спорт, өнер, шаруа-жастар редакцияларынан старт алып, кітап шығаруға ұмтылғаным – мәйекті жылдар жемісі, жастар газетінің күш-қуаты. Жастық жалынмен жазылған «Сымбат», «Өмірсерік», «Қолтаңба», «Жүзжасар», «Палуан», «Уыз шақ», «Туған жер демі» тәрізді  кітаптарым «Лениншіл жастың» жаңғырықтары дер едім. Енді ол бүгінгі заман үніне ұласып, ертеректегі азан шақырып  қойылған атына – «Жас Алаш» тұғырына қайта мінді. Жаңа толқынның дүбірі елді елеңдетеді. Егемендіктің еншісіндей ешкімге жалтақтамайтын әділ сөз мінбеге шықты. Ұлттың намысты ұрпақтары ұрандатып тұр. Бәрі қайран қазақтың қамы үшін болғай!  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 16:25
"Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
Амангелді СЕЙІТХАН 05.03.2021, 12:29
Төрдегі төртеу - Түркістанда Қазақстан суперкубогын сарапқа салуда
Оралхан ДӘУІТ 05.03.2021, 09:32
«Жас Алаштан» шенеуніктер қатты қорқатын
Серік ШАЙМАН 03.03.2021, 10:12
Сейдағаңның серілері едік
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ 02.03.2021, 10:44
Бес тағдыр – бес тал гүл
Әкім ЫСҚАҚ 25.02.2021, 13:12
Буырқанған дауылда сыналған басылым

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44