Шәміл Әбілтай: Күйдің ырғағы мен жан баурар әуенінен көз жазып қалдық

Бифат ЕЛТАЕВА

28.09.2021, 13:29

759

Қазақтың ішкен асын жерге қоятын ең қастерлі өнері – күй. Осындай киелі өнерді халыққа дәріптеп жүрген ерекше жанмен сұқбаттасудың сәті түсті. Ол атақты күйші – Шәміл Әбілтай.

— Шәміл аға, сізді көпшілік күйші-композитор ретінде жақсы таниды. Жалпы домбыра тартуға қызығушылығыңыз қашан, қалай басталды?

— Әкем Әбілтайдың Бисенғалиі 1904 жылы жарық дүние есігін ашып, 1957 жылы бақиға аттанды. Ол бұрынғы Гурьев облысында құрылған «Бақсай қаракөл асылтұқымды қой совхозын» алғаш ұйымдастырған №2 фермасын басқарған. 1930 жылдардың бас кезінде бас көтерген бұл шаруашылық генералдарға сәнді киім тігуге өнім дайындайтын болғандықтан, тікелей Мәскеуге бағынышты еді. Әрі ферма басқарушысын Облыстық партия комитеті бекітетін болған. Әкем басқарған ферма екі дүркін облыс чемпионы атанып, екі мәрте Бүкілодақтық Ауыл шаруашылығы көрмесінің күміс медалін жеңіп алған болатын. Ал күйшілік өнеріме келетін болсам, әкем Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ауыр жарақат алып, елге оралған соң, төсек тартып жатып қалыпты. Сол уақыттарда арқалы Көшәлі, Қамеш, Серкебай үш күйші әкемнің көңілін сұрауға келіп, біздің үйіміздің төрінде отыратын. Өйткені әкем қара бақайына дейін өнерлі жан еді. Бағзы қиссаларды, тағылымды тарихымызды, шынайы шежіремізді, мақал-мәтелдерімізді, дара билерімізден жеткен даналық сөздерді жатқа айтатын. Ағаштан түйін түйетін шебер, өрімші, қайысшы, күміс тиындардан анам Әзірханымға сақина жасап, тарту еткен зергерлігінің де куәгерімін. Жаңағы күй дүлдүлдері де әкемнің осындай жан-жақты талантына, кіршіксіз адами қасиетіне ерекше бас иетін. Олар біздің ақ дастарханымыздан дәм татып, аса құрметті қонағымыз болуы, әсіресе мен үшін зор қуаныш еді. Төрт  жастағы кезім болса керек, Абылдың күйі «Абыл» мен Баламайсамның «Дүние ғапылын» бір тартқандарынан қағып алдым. Арада біраз жыл өткенде сол құймақұлақтығымның пайдасын көрдім десем болады. Олай дейтінім, 1969 жылы Меңдекеш Сатыбалдиев Әбіш Кекілбаевтың үйінде бас қосқанымызда «Дүние ғапылды» мінсіз тартқаныма разы болып:

Аңсаумен өткен ардағымсың,

Атыраудағы бар үйдің,

Әлде сен жастық дәуренімісің,

Жантілеуден қалған Қалидың?

Жалғанда мынау, бабалар,

Бауырын не үшін сыздатқан,

Мен соны қалқам, Шәмілжан,

Сен бебеулеткен, «Баламайсаңнан» танимын!» – деп төгілте жөнеліп, маған өлең арнады. Бұл өлеңнің толық мәтіні кейін ақынның жинағына енді.

— Сіз «Бекет ата» күйін Оғыландыдағы әулие күмбезіне түнегенде шығарған екенсіз. Сол жайында айтып берсеңіз?

— Тағы да әкеме тоқталамын. Оның Бекет ата туралы майын тамызып айтқан тартымды әңгімесі сәби санама әбден сіңген. «Әзірханым-ау, Маңғыстауда осындай бір әулие болған. Қолында емшекте емізулі бөпесі бар әйел отырған түйе сүрініп кетіп, құздан төмен қарай құлдилай ұшқанда әйелдің күйеуі Бекбауыл: «Иә, Бекет, аруағыңа жүз құнан қой атадым!» – деп шыңғырған екен. Ғажап! Есін жиып қараса, бәрі де дін аман! Бірақ уәде қаперінен шығып кетеді. Содан бір алқалы жиында Бекет ұшырасып қалып: «Анадағы атаған садақаңды қашан бересің?» – дейді. Құрдасы, қасиетін мойындаңқырамай жүрген Бекбауыл қатты сасып: «Кешіре гөр мені! Берем-берем және бұдан былай тыныш жүрем!» – деп ақ тер, көк тер болған екен жарықтық. Сонда Бекет ата: «Сенің шығарған үнің құлағыма келіп, сәбиіңді аяп, Жаратқаннан жәрдем сұрадым. Нанбасаң көр!» – деп етбетінен жата кеткенде, жауырынында түйенің төрт табанының ізі қалған екен. Жүз құнан қойды Бекет ата Оғыландыда салып жатқан мешіт үйінің құрылыс жұмысына жұмсаған. Қазақтың арқалы ақыны Ғафу Қайырбеков әкеммен кездеспеген. Сәйкестікті қараңыз, Ғафу ақынның денені шымырлататын өлең-балладасын ұйып тыңдағанымда әкем тірілгендей әсер аламын. Сондықтан сол құдіретті жырды «Бекет ата» күйімнің алдында дұғадай күбірлеп айту шығармашылық мызғымас дағдыма айналды.

— Неге қазақ күйшілерінің есімдері қазір көп дәріптеле бермейді. Оның себебі неде?

— Дәріптеліп жүрген күйшілеріміз бар. Олар – Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Мұрат Әбуғазы, Нұркен Әшіровтер. Осы күйшілер бар ынта-жігерімен үлкен сахналарды ортайтпай келе жатыр. Оған да «шүкір!» дейміз. Алайда сахнаның сыртында көрінбей, әрқилы себептермен қолдау таппай қалып жатқан күйшілер қаншама?! Жүйрік баптау оңай шаруа емес. Бізде қазір Құлагерді құлын күнінде танитындай Күреңбай сыншы жоқ. Бар, бірақ олар да назардан тыс. Сосын Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Жексенбек Еркінбековтердей мәдениет министрлері қайта тумай жатыр. Орайы келген соң ескертейін: Мәдениеттен спортты бөлу керек. Мүмкін спорт пен туризм үйлесер. Ал мәдениетпен ойнауға болмайды. Ол – ұлттың айнасы. Шаң тимеу керек. Айталық, көрші Ресейден, алыстағы АҚШ-қа дейінгі өркениетті елдердің бәрінде солай. Мәдениет министрлігі! Таяу арада қазақ газеттерінің бірінен: «Мәдениет министрлігінен қорықпаймын. Министрдің өзінің мәдениетсіздігінен қорқамын!» – деген қанатты сөз оқыдым. Күйімізден де  күй қашқаны дәл осы дерттен. «Ай-күннің амандығында әлі де сауыға алмай тұруымыздан!» – деп пайымдағанымыз жөн.

— Күйдің қадірі қашқан жоқ па, қай деңгейде?

— Өте төмен деңгейде. Ол күйшілердің тікелей өздеріне қатысты жайт. Күйдің дәстүрлі канондық үлгісі, атадан балаға әбден сіңісті болып қалыптасқан сабырлы ырғағы мен жан баурар әлдилі әуенінен көз жазып қалдық. Шектен тыс шапшаңдық, мезі қылатын қайталай беру, қоңыр үннің орнына құлаққа түрпідей тиетін бет тақтайдың тасыры, біреу қуып келе жатқандай зырылдатып, дырылдатып, мағынасыз өте шығу жалықтырып жіберді. Сосын күйдің этнологиялық атауларын бытыстыру тыйылмай келеді. Кезінде Дина орындап, күйтабаққа жаңсақ «Науск» деп жазылып кеткен туындының тарихи дұрыс атауы «Науайы». Маған Қали Жантілеуов айтатын: «Шәміл-ау, осылары ыңғайсыз болды. Себебі ол кәдімгі Әлішер Науаиға қатысты атау ғой. Ғұламаның, өзбектің дутарымен шалған күйі, қазақтың домбырасымен тартылғанда төл күйімізге айналған. Дәулеткерейдің «Көроғлысы» да «Түрікмен мақалының қазақи құлпыруы!» деп. Сондай-ақ Абылдың «Нараду» күйін домбырашылар: «Нарату!» деп орындап жүр. Бұл да теріс түсінік. Шынтуайтқа жүгінсек, нараду сөзі мәмілегерлік деген ұғымды білдіреді. Бұрынғының данышпандары ел мен елді, ер мен ерді бітістіргенде: «Бәрекелді, Нараду тапты!» – деп сүйсінген.

— Сіздің композиторлық шығармаларыңыздың көбі қазақ елінің тәуелсіздігіне арналған. Тәуелсіздігімізге күмән келтіретіндер бар қазір.

— Мен «Пәлен-түген жаздым!» – деп мақтануға жоқпын. Дегенмен Тәуелсіздікке енжар қарамайтыным, ол да аксиома. Бағзы тарих қойнауында ел басқарған ақылы асқан бірегей тұлғалардың кезеңдері тәуелсіз емей немене?! Мәселен, сонау Жошы хан, Алтын орда дәуірі, Керей мен Жәнібек, Әз Тәуке, Есім хан, Қасым хандар, Абылай хан, кешегі Кенесарыға дейін орыс елі «Владимирден Владимирге!» деген атаумен керемет кітап шығарды. Мұқият оқып отырсақ, Князь – Владимирден президент Путин Владимирге дейін орыстың 137 патшасы болған екен. Солардың арасында жағымды-жағымсызы бар, бәрін тәптіштеп тоқталып, әділ бағасын берген. Ал біздің тәуелсіздігіміз ше?! Отыз жыл бойы шындықтың бетіне тура қарай алмай келеміз. Шындықтың шырқау шыңы Әлихан Бөкейхан басқарған Алаш арыстарының қажымас қайраты, алдырмас-шалдырмас, түпсіз терең ақыл-ойлары мен сарқылмас білім-парасаты. Әлихан Бөкейхан 9 тіл, Әлімхан Ермеков 7 тілді еркін меңгерген. Әлімхан 29 жасында Мәскеуде, Кремльде, Лениннің алдында қазақтың шекарасы туралы өткір баяндама жасап, оны бекіттірген. Ленин: «Мұндай данышпан адамдары бар ұлттан жамандық шықпайды!» – деген тоқтамға келіп, Алаш автономиялы республикасын құру туралы Жарлыққа қол қойған. Бұл 1920 жылдың тамыз айының 26-сы еді. Нағыз толыққанды, жыл сайын атап өтетін бүкіл халықтық мереке, түптің түбінде осы болуға тиіс. Сонда ғана Тәуелсіздік деген атау жаттанды сөзге айналмай, жайнаған өмірдің қайнар бастауы болар еді.

— Жалпы еңбегім еленіп жатыр деп айта аласыз ба?

— Бұдан бұрын да айтқанмын: «Пиар қуған жан емеспін, әрі өз орнымды білемін! Бұған қосымша өзім туралы тәптіштеп ағытылуға икемсіз екенімді жасыра алмаймын. «Өзі болған жігіттің түп атасын сұрамайды» демекші, сексеннің сеңгіріне шыққан сыршыл ақын Қонаш Қалдыорауқұлының маған арнаған «Шәміл» деген найзағай!» атты қуатты да шуақты жыр жолдарында көп мағына бар:

Әнің кетті аралап бар әлемнің аспанын,

Мен атыңды даралап, арнау жырын бастадым.

Сұңқар едің, сен ұшқан ақ нарыннан алысқа,

Басыңдағы дара бақ – әнге өрілген асқақ үн, –

 деп келетін өлең жолдарынан менің бар болмысымды, еңбегімнің қалай ақталып жатқандығын аңғара аласыздар.  

— Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: күй жанр өнер руханият

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14