Қазақ мультфильмінің премьерасы өтті
21.12.2022, 17:15
2045
Өткен аптада «Есентай молл» кинотеатрында балаларға тамаша көңіл күй сыйлайтын анимациялық мультфильмнің премьерасы өтті. «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» деп аталатын мультфильм балалар жылы аясында Токиодағы халықаралық фестивальдан «Үздік анимация» номинациясы бойынша алтын медальді жеңіп алды. Отандық мультфильмнің авторлары мультфильмді қоюшы-сценарист әрі суретші Үміт Жұбанышева мен режиссер-аниматор Маржан Жұбаныш.
Бұған дейін «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» анимациялық мультфильмінің алғашқы тұсаукесері Анкарада өткізілген болатын. Биыл алғаш рет өзіміздің елімізде көрерменге жол тартты. Мультфильмнің режиссері Маржан Жұбаныш аталмыш туындыны сәтті шығару үшін 4 жарым жыл ізденіп, еңбектенгендерін айтады. Сондай-ақ туындыдағы оқиғалар анасы әрі мультфильм авторы Үміт Жұбанышеваның басынан өткен балалық шағының шытырманға толы сәттері қазақы салт-дәстүрмен байланыстырыла отырып, дайындалған көрінеді.
Мультфильмде Жұбаныш атты ақсақалдың бес қызы болады. Ол артынан ерер ізбасары болмағанына налып, өмірі көңілі түсіңкі жүреді. Ал әкесінің қиналғанын көрген кенже қыз Тынжы ұлдың орнына ұл болып, әкесіне қолғабыс етіп жүреді. Тіпті атқа жүген салып, бәйгелерге қатысып, үнемі қанжығасы майланып қайтады. Бірақ ұлдың орны әрқашан бөлек болғандықтан, әкесінің көңілі бәрібір тыншымай: «Шаңырақтың иесі керек» деп айта береді. Әкесінің мұңайған жүзін көрген Тынжы бала қиялымен «шаңырақтың иесін» іздеп, алыс сапарларға шығып, шытырман оқиғаларға тап болады. Жалпы оқиға осылай өрбиді.
— Бұл мультфильм анам Үміт Жұбанышеваның өмірінен алынған шынайы оқиғалар желісінде шығарылған. «Тынжы» деп аталатын рөл анамның образы. Ал ішіндегі үлкен бес қыз анамның бес әпкесі. Мультфильмде орындалатын әндердің барлығын анам Үміт Жұбанышеваның үлкен әпкесі Тиыштық апа орындайды. Анам кішкентайынан әкесіне қолғабыс етіп, аттың жүгенін салысып, қолғабыс етіп жүреді. Барлық оқиға өмірден алынғаннан кейін қызықты шықты деп ойлаймын. Осы орайда, тындының сәтті шығуына атсалысқан аниматор Арыстанбек Қасенов пен мультфильмге кеткен шығындарға көмектескен бауырым Мағжанға алғысымды білдіремін, – дейді.
Мультфильм авторы Үміт Жұбанышева туындының сценарийін жазу үшін 15-17 жыл кеткенін айтады.
— Балалық шағымның оқиғаларын тізбектеп, сценарий жазуым үшін 15-17 жылдай уақыт кетті. Сценарий дайын болғаннан кейін 1-2 жерге ұсынып едім, өтпеді. Содан соң шығармамды қысқартып, қайта өңдеп шықтым. Ойымдағыдай сценарий дайын болғанша, қызым Маржан да оқуын біітірді. Ол оқып жүрген уақытта «Сен сұлу» атты проектіні жасап шыққан болатын. Оның жұмысын көріп, қолынан келетінін түсіндім. Содан қызым екеуміз осы фильмді бастан-аяқ ойластырып, жасап шығардық. Жап-жақсы дүние шықты. Түркияның екі қаласында премьерасы болды. Алдағы уақытта тағы да көптеген фестивальдерден орын алып жатсақ, Қазақстанның барлық кинотеатрларынан көрсетіледі деген үміттемін, – дейді Үміт Жұбанышева.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР