Ширек ғасырлық әзіл-оспақ отауы

және «Анекдотпен аяқталатын күнделік»

Сұхбаттасқан Сейсен ҰЛЫҚБЕК

11.06.2021, 15:15

3876

       Қызметін «Лениншіл жас» газетінде корректорлықтан бастаған, бүгіндері тапжылмай 25 жыл «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сөз сойыл» әзіл-оспақ, сын-сықақ отауын жүргізіп келе жатқан сатира сардары Берік Садырмен осы бір ширек ғасырлық атап өтуге тұрарлық кезеңінде сұхбаттасудың реті келіп отыр.

     − «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сөз сойыл» әзіл-оспақ, сын-сықақ отауын шығарып келгеніңізге ширек ғасыр болған екен, құтты болсын! Сол отауды шығара қою ойыңызға қалай келді және оны ұйымдастыруда біраз еңбектенген шығарсыз?

      − Осы маусым айының ортасына таман сын-сықақ отауын «сұрыптаушы-сарапшы – Берік Садыр» деп жарыққа шығарғаныма тура 25 жыл болыпты. 1996 жылдың ақпан айының соңы болатын. Тәуелсіздік алғанымызға бес жылдың жүзі болса да, «Өтпелі кезеңді дұшпаныңның басына берсін» демекші, қай-қайда да қиындық, әркім нәпақа табудың бұралаң жолына түсіп кеткен кезең болатын.  Осындай қиын шақта «неге ғана басылымдардың біріндегі сын-сықақ мүйістерге барып бағымды сынамасқа» деген ой келіп, «құласаң ­нардан құла» деген − «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұрлан Оразалиннің алдынан бір-ақ шықтым. Әрине, дайындықпен барғанмын. Нұрекең газетте бұған дейін «Мүйізтұмсық» атты сын-сықақ бұрышының болғанын, оны «жолың болғыр сатириктің аяқсыз қалдырғанын» айтып, сөздің тоқетері − «Шығара аласың ба?»-ға тіреліп, мен «иә» деп, не керек, көп созбай-ақ, маусым айының ортасында сын-сықақ бұрышы ­– «Мүйізтұмсық» қайта бұрқ ете қалды. Жетісіне шығып, барымды салып бақалшы болып, айналайын сатириктерім аман болсын, қолдап-қорғаштап, барларымен атсалысып кеп берді.

        «Мүйізтұмсық» шыққан сайын атын өзгертуге ақшалай бәйге жариялап, не керек, жүзден аса ұсыныс келіп, бір Тұрсынжан Шапайдың өзі жиырмадан астамын тізімдеп беріп, ақыры Тұрекеңнің ұсынысы өтіп, «Мүйізтұмсық» – «Сөз сойыл» болып өзгертіліп, бекітіліп берілді. Дайындалған сатираларды бұрын тікелей бас редактор – Нұрлан аға тиянақтап оқып беретін. Ал одан кейінгі бастық – Уәлихан Қалижанға материалдарды алып кірсем, алады да, мені отырғызып қойып, сол мезет материалдардың тақырыбы мен авторына көз жүгіртіп қана  бірден бәріне қол қойып бере қояды. Пәлекеттікі – көз алдыңда тез қол қойылған материалдарға жауапкершілікпен қайта шұқшиюға тура келеді.

       Бас редакторға «сатира-юморды жандандыру үшін бәйге жарияласақ» деп ұсыныс айтып едім,  Уәкең қолдап, «Балғабек Қыдырбекұлы атындағы» бәйгені жариялап кеп жібердік. Бәйге жариялағанымызға сатира сынының атасы Темірбек Қожакеев келіп, «Әп, бәрекелді!» деп батасын беріп, маған: «Сен қай баласың-ей?» – деп, филологияны бітіргенімді айтып едім, «Е, бәсе», – деп, өз ұсыныс-пікірін білдірді.

     − Қызметіңізді «Лениншіл жас» газетінде корректорлықтан бастаған екенсіз. Газетке де жүз жылдың жүзі болды. Күнделік жазатыныңызды естіп едік, «Лениншіл жаста» жүрген кезіңіздің соқталыларынан сыр суыртпақтасаңыз.

      − Университеттің филология факультетін бітіріп, Алматыда мұғалім, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беруге қызметке орналасудың қиындығын көрдім. Сөйтіп, қызмет іздестіріп жүріп «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары Сағат Әшімбаевтың алдынан бір-ақ шығып едім, Сәкең суыртпақтап сөзге тарта келіп, бірден:

     –  Еш материал жазып көрмесең, мен сені қайтіп қызметке аламын? –  деген соң, тұнжырап кетуге ыңғайлана беріп едім:

  • Корректор боласың ба? – дегені. Бірден келісе кеттім. Журналистикадан мақұрым басым мұндағы кілең мықтылардың ортасына түсіп көзім ашылып, амалсыз «есеюге» тура келді. Қате тексеретін корректорлығым ел қатарлы болып, одан көп өтпей тиянақтылықтың арқасында газеттің макетін сызып, нөмір жүргізетін секретариатқа ауысқаныма ризамын. Одан әрі газеттің бел баласы болып, нағыз қызметкер, яғни корреспондент болу үшін менің ойым түгіл, түсіме кірмеген мақалалар жазып, белсенділік танытуым керек екен. Мақала жазудан мақұрым басым амалсыз тыраштануыма тура келді. Бірлі-жарым бірдеңелерім шыға қалса марқайып қаламын. Ал «Қазақ әдебиеті» газетіне сықағым жарқ ете қалса, танауым делдиіп қалатынын жасырмаймын.

      Күнделік жазатыным рас. Ол әу баста «Анекдотпен аяқталатын күнделік» деп басталған. Соның «Лениншіл жаста» жүрген кезде жазылғандарының тұшымдылауын ұсынып көрейін.

      11 қараша, 1980 жыл. Бүгін «Лениншіл жас» газетінің 10 000-шы нөмірі жарыққа шыққан күн екен. Бұл мерекені газетпен бірге ұжым атап өтті. Ерағаң – Ержұман Смайыл жоғарғы жақтың грамотасымен наградталды. Ол кісіні дер шағында елмен бірге құттықтай салмай, қателік жіберіп алдым. Елдің әмпей‑жәмпей құттықтауы жағымпаздыққа әсте жатпайды, қайта ол мәдениеттіліктің белгісі десек қателеспейміз. Осындайда өзімнің табиғатымнан бар селқостығыма жыным келеді. Кей жағдайларға бейжай қарайтын осалдығым бар. Әйтеуір, көреалмаушылықтан адамын, бұл қасиет табиғатыма жат құбылыс екеніне тәубе.

      4 желтоқсан, 1980 жыл. Осы күні өзім істейтін «Лениншіл жас» газетінде Жанболат Аупбаевтың «Эрнст Генри» атты тәуір материалы шығып, көппен бірге оны өз басымда оқып шықтым. Ол совет журналисі, баспасөздің бір деген соқталдай өкілі – Семен Николаевич Ростовский туралы екен. Материал тұшымды да танымдық дүние болып шыққан. Жәкеңнің бұл материалы көбімізге үлгі болатыны сөзсіз. Мықты болсаң осы деңгейден асып түс. Әй, қайдам… Хабар‑ошар, бірлі‑жарым интервью сияқтылардан аса алатын түріміз жоқ. 

       Бүгін ойыма келіп отырған жай: неге ғана біржола сықақ жазумен айналыспаcқа? Қазақ сатирасына ден қойып, неге ғана біржола мойын бұрмасқа деп отырған жай бар. Өткендегі қазақ сатирасын зерттеп, майын ішкен Темірбек Қожакеевтің кітабын оқып біраз жайға қанықтым. Шама жетсе орыс сатирасымен де сусындасам, бағыт‑бағдар алсам деймін.

       3 наурыз, 1981 жыл. Жиналыс болып, редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов біраз ойлар айтып, кейде бірді айтып отырып, басқаға түсіп кете ме… аса ыждағаттылықпен тыңдамасаң, кейбір айтқанын түсінбей қаласың. Бұл жолы қыжыл бар сияқты, орағыта айтып отыр. «Кейінгі кезде біздің жігіттер ұсақталып барады, адамның мына өзіне тән ұстамдылық, әр нәрсенің өз орны болуы керек қой… Сыйлағанды жақсы көреміз, өзіміз үлкенді сыйлап өскен адамбыз. Ал көңілге кейбір қылықтар ұнамайды. Сыйлаудың реті осы екен деп, жөні жоқ жалпая бересіңдер. Мына дүниеге не үшін келдің, сонда сол қылығыңмен бәрін түзеп ала қоямын деп ойлайсыңдар  ма? Қойыңдар, жігіттер! Просто, қарап отырып қарның ашады», ­– деді.

        Не екенін ашып айтпаса да, жорамалдап отырмыз. Төтелеп тіке тартпады, жанамалап сипап өтсе де, көзі ашық көпке түсінікті хикаят. Айтқандары біз сияқтыларға сабақ болып, басекеңдердің алдында тіптен «жуас», тіптен сыпайы болмауға ниет қылып отырмын. Басекең одан әрі қазіргі белгілі жазушы, ол кезде газет қызметкеріне шүйлікті: «Саған біз келе қалсаң майлы құйрық болады, құлдық десең болды, асай бересің деген жоқпыз. «Лениншіл жас» біреулердің аттап өтер проходной дворы емес, осыны жадыңа жақсылап түйіп ал. Бір оған айтқаным емес, «Келінім, саған айтам, қызым, сен де тыңда» деген мақалдың орны осы жер. Мен көзіңше әдейі айтып отырмын, өзіміз оңашада жақсылап сөйлескенбіз. Осындайда Кочубей айтады: «Мен жұмыс уақытының қалай бітіп қалғанын білмеймін, кейбіреу қалай алты болды, уһ деп демін алып, үстінен зіл батпан жүк түсіріп тұрса, мен сондай ширақ болып, шаршағаным бір саптыаяқ сыраға тұрмай кетеді» демесі бар ма?! Сол сияқты, жігіттер, кәзір нағыз қимылдайтын шақтарыңыз. Сендерді қимылға, әрекетке қоса алмасақ бізге де сын», – деп барып тоқтады. Сөйтсек, бұл қыжыл әлгі қызметкерді облыстық «Жетісу» газеті қызметке шақырып, ол оған келіскен ыңғай танытқаннан шыққан шыжғыру екен.

      4 сәуір, 1981 жыл.  Суретші Бағдат ақсақал жұмыста  жалғыз отырғанымда жаныма келіп:

    – Байқаймын, сенің әдебиет ауылына мойын бұратының бар сияқты. Айтшы, осы кәзір отар қой түнеген қорадағы құмалақ көп пе, өлең жазып, мен ақынмын де кеуде соққан көкезу көп пе? – деп сынай қарады.

      Әншейінде ақсақалдың айтқанының соңғы сөйлеміне келіскендік білдіріп, сөзді қысқа қайырып құтыла салуға болатын еді, ол кісінің «әдебиет ауылына мойын бұратының бар сияқты» деген сөзі бүйрегімді бүлк еткізіп, сәл‑пәл көсіле жөнеліппін.

       Бәкең «сенің өреңді білдік» дегендей үндемеген қалпы қатар тұрған бөлмесіне кіріп кетті. Ол кісінің кейде қосып айтатыны болмаса, кейде әсерлі естеліктер естігеніңе риза боласың. Көпті көріп, біраз құқайды бастан өткерген емес пе, өмір туралы, кәзіргі хал‑ахуалдар төңірегінде майын тамыза айта біледі, әсіресе оқыс қорытындысы қызық, ойлантады.

       Осы тұста өткендегі Бағдат ақсақал айтқан тапқыр сөз есіме түсіп отыр.

       Қазақтың талантты қаламгерлерінің бірі Қуаныш Жиенбаев ұзақ жылдар «Жас Алаш» газетінде абыроймен қызмет атқарды. Оның қаламынан шыққан шығармалар көркемдігімен, сөз саптауының орамдылығымен және тілінің шұрайлығымен ерекшеленетін. Сондай күндердің бірінде газетте Қуаныштың сүбелі мақаласы жарық көрсе керек. Сол мақала бірден Бағдат ақсақалдың назарына ілініпті. Содан күндегі әдеті бойынша құлағына көзілдірігін іліп, мақаланы асықпай оқып шығады. Әдеттегідей кейбір жерлерінің астын қаламсаппен түртіп те қояды. Мақаланы енді оқып біткен кезде секретариатқа Қуаныш өзі де кіріп келсе керек. Сол кезде: «Қуаныш, айналайын, бері келші», – депті әңгімеге тартып. «Тыңдап тұрмын, Бәке», – депті Қуаныш жанына келіп. Бағдат аға болса газеттегі мақаланың өзі астын қызыл сиямен сызып қойған тұсын көрсетіп: «Мына мақалаңды оқып шықтым. Өте жақсы жазылыпты. Бірақ та мына бір сөз саптауыңды онша түсіне қоймадым», –  депті баяғы байыпты қалпымен. Қуаныш дереу мақаладағы өзінің туған өлкесі – Арал өңіріне тән қолданылатын диалектінің астары мен мазмұнын түсіндіре бастапты. Қаламгер інісінің тұжырымын асықпай тыңдап отырған Бағдат ақсақал бір кезде оның сөзін бөліп: «Қуаныш, тоқтай тұршы! Осы біздің «Лениншіл жастың» (газеттің сол кездегі аты) тиражы қанша?» – депті оқыстан. Қуаныш ағамыздың ойында ештеңе жоқ, «300 мың ғой, Бәке» десе керек. Сол кезде Бәкең ақсақал: «Сонда сен осы 300 мың оқырманның бәріне осылай түсіндіресің бе?» – деген екен түйеден түскендей етіп.

      6 сәуір, 1981 жыл. «Лениншіл жас» газетінде бірге істейтін курстас Әділқазы Қайырбековтің «Сөз бен іс» атты материалын терімге кетер кезінде оқып таныстым. Оның «Қалай екен, жарай ма?» дегеніне: «Цитатадан көз ашпапсың, бір жеріне Абайдың пәленбай сөзін келтірген екенсің… солар артық болып тұрған сияқты ма, қалай… Ортаңқол дүние деп айтуға болады… Анандай тақырыптағы алғашқың ғой, түзеліп кетерсің» деп едім, түсі бұзылып, менен мұндай сөз күтпеген болу керек, «Шын айтшы‑ей, қайтып алайын онда» деп қояды. Ақынжанды адамның беті қайтып қалады‑ау деп ойламағанымды айтсаңшы… Әділқазыға «Сықақ оқысам, қалай, тыңдаймысың?» деп едім, «Менің сендердей иттігім жоқ, турасын айтамын» деген соң, ретін тауып «Елге хабарла» атты әзілімді оқып едім, «дұрыс екен» деп, көңілге демеу жасады. Сонда ғана мұндай кезде басқаша болу керектігін түйсініп, «іштен шыққан шұбар жыланның» қандай болатынын, оған сәл де болса  айтылған сөз шіркіннің қалай әсер ететінін сезінгендей болып, көңіл өсіріп, талабыңды тау ететін де сол екенін сезінгендеймін.

      Мінезі ауырлау, көбіне сынай қарайтын газеттегі бөлім бастығы Жарылқап Бейсенбайұлына «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасқаным ұнады ма, төбеме барлай қарап: «Сықақшы атаулы ерте қартаяды» деген рас екен», – деп бір қайырғанында, үндемей жүзімді төменшіктеткен болдым. Бұнысын аз да болса шығып жүрген сатираларыма өзінше берген бағасы деп ұқтым. Сөзін жалғап: «Шоқан өткен жолмен жүріп келе жатып бір күн аш қалғаным бар. Сондағы қиналғаным әлі көз алдымда. Қалаға келіп, жуынып‑шайынып, шашымды тарай қалып едім, бір тал аппақ тал шаш кездескені. Әлгіні жұлып тастадым, одан кейін ақ қылау шыққан емес. Сонда білгем, шаш ағарудың не екенін», – деп тоқтағаны бар. Сөзін жұмбақтай бұлай баға бергеніне де тәубе.

      Бас редактор өткенде кездесіп қалып маған:

   – Екі рет сықағыңды қайтарып беріп, ұятты болып жүр едім. Одан қорытынды шығардың. «Бланк» атты сатираң тәуір нәрсе. Ал макет жөнінен ылғи да ескерту айтамын, қорытынды көрінбейді, – деп, жанымдағыларға қарата: – Өткенде мынаның (мені айтады) әкесіне сәлем бердім. Танымайды. «Кім боласың?» деген соң, «досы едім» деп едім, «Жаманның досы мынандай‑ей» деп кете барды, соған қарағанда әкесі де сатирик пе деп қалдым, – дегені көңілге ұнады.

        25 қазан, 1981 жыл. Бағдат ақсақал Жұмабай Шаштайұлының жарық көрген әңгімесіне сын айтты. «Әңгімең алма ағашы туралы екен, өскен алмаң да бар, бірақ қаулатып өсіремін деп, керексіз бұтақтарды да өсіріп алғансың… аршып тазарту керек еді» деді. «Халықтың арасына бару керек, бала, олардың нағыз сөзін сонда естіп білер едің, ал мұндағылар жарасып тұрған жоқ. Қанша шешен, ділмар болғанмен, кәзіргі шындықтан асып кетсең құрығаның». Біздің Бәкең өзінше тұлға: «Известия», «Правда» газеттерін оқиды, естір құлақ болса айтар әңгімесі біраз. Объективті дүниенің түп қазығын алақанында ойнатады. Көпті көрген, талайды басынан өткерген кісі ғой, көп нәрсеге қытымыр, өте сақ. Сенбіде де келіп кетеді. Ақындардан Тоқаш Бердияровты ғана мойындайды. «Ақын көп пе, қой қорадағы құмалақ көп пе?» деген мәтел осы кісінікі. Кім кезіксе де, бірінші сұрағы «Сен ақынбысың?» болады.

      3 ақпан, 1982 жыл. «Қазақ әдебиеті» газетіне «Жауап» атты сатирам шығып еді, ел дүрлігіп, Жарылғап Бейсенбаев біздегі әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қамбар Керейқұловқа: «Берік сені масқаралапты ғой», – деп әзілдегенде, ол: «Жалпы әдебиет бөліміне қатысты мәселені жазған», – деп сызданғаны бар. Жәкең одан әрі қоздырып: «Республикалық газеттердегі әдебиет бөлімін басқарып отырғандардың ішінде Қ.Қ.‑дан басталатын жалғыз сен емес пе?» – дегені одан асып түсті. Сын садағын асынып жүрген Құлбек Ергөбеков маған телефон соғып: «Ей, шайтан, мынау мен бе, әлде Қамбар ма?» – деп әзілдей зіл тастаған соң, қапелімде аузыма сөз түспей, одан «осының гонорары сенікі болсын» деп жатып әрең құтылдым. Құттықтаушылар көп. Бір білгенім – кім‑кімді де жақсы дүниесі шыққанда дер кезінде құттықтап, қуанышына шын ниетпен ортақ бола білген жөн екен.

       Секретариатқа келіп, Жарылғап аға жанашыр сөз айтты: «Сен бүгінгі әңгімеңмен сатираның қандай болу керектігін көрсеттің, сатира төңірегіндегі тісқаққан сарбаздар «бұл кім‑ей» деп бір селт ете қалғаны белгілі, ана «Қазақ әдебиетіндегі» 16‑шы бетті иемденуің керек қой». «Орналастырсаңыз» деп келте қайырып едім, «айтып көрейін» деп қалды. Бөлмедегі Қасым мен Ертай: «Газет Жазушылар одағыныкі, оларда үй алу жағы жақсы», – деп, бір үміттің шетін шығарып қоштап қойды. Бөлмемізге келген редактордың орынбасары Ержұман Смайылов: «Өз газетіңді өзің сынап пародия жазғаның не!?» – деп састырды.

     … Есіме бір‑бірін толықтыратын екі әзіл оқиға түсіп тұрғаны. Бір топ жігіт «Лениншіл жас» газетінің вестибюлінде тұрғанбыз. Құлбек Ергөбектің осы газеттің әдебиет бөліміне келген кезі. Көпен Әмірбеков вестибюлден өте шыққан Құлбекті сұқ саусағымен нұқи Қамбар Керейқұловқа: «Мінә біреу қайдан келген?!.. Өзі музейден келген дей ме!? Көп ешкім біле бермейді екен өзін. Шіп‑шикілі піскен қауындай жер сипалаған біреу екен» – дегені. Одан әрі Қамбар Құлбекті айда, әңгімелеп ала жөнеледі. Мұнда килігіп біреулердің күшімен тосын келгенін, әдебиетте ешкім білмейтін біреу… деген сыңайда шерін тарқата біраз жерге апарады. 

     Күндер өтеді. Бір күні Қамбар Көпенге кезіккенде: «Көпеке, өткендегі вестибюлдегі сөзіме кешір… Құлбек сенің інің екен ғой», – депті.

     Тура осы кеп тағы бір қайталанғаны бар. Сыраханада әңгіме соғып отыр едік, бір жас жігіт жанымызға келіп жайғасты. Есімі Базарбек Түкібаев екен. Ол да аздап әзіл‑сықақ жазады екен, әңгіме сатира төңірегінде өрбіді. Қыза‑қыза келіп, реті келгенде мен сатира тізгінін ұстап отырған Көпен Әмірбектің бұрыс қылығын, жалпы, сатираға дұрыстап көңіл бөлмейтінін, мені шығарғысы келмейтінін, жастардың аяғынан тартатынын, әр адымы есеппен атталатынын айтып көсіліппін… Базарбек те мені қоштап әңгімеге от беріпті… Не керек, Көпекеңді біраз төпелеп тарағанбыз. Кейін сондағы әңгімені Көпеннің аузынан естіп… Сөйтсек, ана жас пері – Базарбек Түкібаев Көпекеңнің інісі екен.

      − «Анекдотпен аяқталатын күнделігіңіздің» бір парасына рақмет. Сатирик болғандықтан, сол қимас газетіңіздегі тағы да әзілдер болса...

      − Корректор болып жүргендегі бір қате жіберіп алғаным есімнен кетпейді. Газетте бір қария жөнінде тәуір очерк жарияланып, сол ақсақал жөніндегі «Көпті көрген қария алдынан шелек көтерген әйел шыққанда аттан түсіп жол береді» деген сөйлемдегі «көпті» деген сөздегі «п»‑ның орнына тағы бір «т» әрпі кіріп кетіп масқара болғанымыз бар.

                                                            ***

      Осы газетте істеген бір аңқылдақ та әңгүр‑гүңгір ағам үйінен асығыс шығып, костюмінің ішінен жейдесін кимей, майкісіне галстугін тағып шығып, қызметке келгенін бір-ақ біліпті дегенді естідім.

                                                           ***

        Осы газеттегі бөлім бастығы, тағы бір ағам бөлмесінде отырғанда телефоны шыр ете қалады. Ар жақтан бір салиқалы жуан дауыс:

   – Мен ЛКСМ хатшысымын (газеттің тікелей бағынатын мықтысының фамилиясын айтады). Сіздің фамилияңыз..? – дегенде, ағамның сасқаны соншалық – қолымен телефонның сөйлер тұсын көлегейлеп, жанында отырған қызметкеріне:

  • Менің фа‑фа‑милиям кім еді? – депті дегенді естідік.

                                                   ***

       Бөлім бастығы Жарылғап Бейсенбаев редактор Сейдахмет Бердіқұловқа отпускіге өтініш жазып кірмей ме. Сонда Секең: «Мен сені отпускіден келген екен деп тұрсам...» – деп, айтқыштығына басып Жәкеңді бір қатырыпты.

     − Әзілмен өрілген сұхбатыңызға рақмет. Бүгіндері шыққанына 25 жыл болған «Сөз сойыл» отауы әлі де қарқынынан таймасын.

    −  Әй, қайдам… Қоржын жетеді, сатириктер сайдың тасындай… Бір айтарым, ақысыз қызмет жасау қиын екен.

     – Не дейді? Түсінбедік...

     − Соңғы бір жарым жылдан аса, зейнеткер болғандықтан, бастық «жүгенді сыпырып» қоя берген соң, амалсыз «Сөз сойылға» ширек ғасыр болсын деп ақысыз жұмыс істедім.

     − Ойпыр-ай, естімеген елде көп. Бақандай бір жарым жылдан аса ақысыз қызмет жасау деген… Сіздікі ерлік екен. Лайым, алдыдан жарылқасын дейміз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 10:59
Ел сенімін ақтай алмады
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 09:45
Әртістік жүзуден «әртіс» болып кетті
Айнұр ӘЛИ 08:49
Қазақ мифін қайтсек оятамыз?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 14:35
Ағайындылар ондыққа кіре алмады
Смағұл ЕЛУБАЕВ 03.08.2021, 09:38
Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Ербол Азатқали 03.08.2021, 09:31
Шындықтың шарболаты

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58