Шығыс Түркістан әдебиетін тұңғыш зерттеуші

Жексен АЛПАРТЕГІ

25.02.2021, 13:01

4282

Өзіме жақсы таныс Бөпен Жексебаева деген апай бірде телефон соғып, Талғардағы үйіне шақырды. Апайды 1990 жылдардан білуші едім. Алматыдағы газеттер редакциясының есігін қағып, «материал әкеліп едім» деп, «Алматы ақшамына» да келетін. Редакцияға әкелген материалдары  күйеуі Тілеужан Сақаловтыкі еді.

Бірде «ағаның өзі неге келмейді» деп сұрағанымызда, «ағаларыңның қолы тимейді» деген. Сол кездесуден кейін  апайдан көз жазып қалдым. Араға талай жыл салып хабарласқаны осы.   Үйіне барғанымда:

     – Әуелі жаңалығым, 1930 жылдардағы ел басына түскен ашаршылық пен зобалаң саясатқа шыдамаған атақты мерген Мергенбай Жаманкөзов Қытайға елді көшірген. Соның арқасында ел аман қалды. Мергенге арнап Текес ауылы ас беріп, ауылдастары оған жаңа Текестің атын беруді сұрап, жоғары жаққа ұсыныс жасады. Мергенбай бізге жақын туыс болып келеді. Сенің телефоныңды Оразбектен алдым, – деді де, негізгі әңгімесіне көшті.

   – Басымыздан небір ауыртпалық өтті. Сүйікті ұлымыз өмірден өткен соң, ағаң 1996 жылы оны көтере алмады. Ғұмырының  35 жылын Нарынқолдағы білім-ағарту ісіне  арнады. Оның сыртында, әдеби зерттеумен  де айналысты.  Ел ішінде әдеби мұраларды жинады. Шамасы келгендерін аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі»), облыстық «Жетісу», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Жас Алаш» пен «Алматы ақшамы» және халықаралық «Шалқар» басылымдарына беріп тұрды. Ізденіп жазғандарының көбін жарыққа шығара алмады. Тілеужан   көбінесе төте жазумен жазатын. Оны мен кириллицаға түсіріп, дайындарын газет-журналдарға беріп жүрдім. Бір айта кетерлік жайт, 1968 жылы Шығыс Түркістан қазақтарының әдебиеті туралы жазған кандидаттық диссертациясын қорғай алмай қалғаны да жанына батты. Ол еңбек  Қазақстанда бірінші болып Шығыс Түркістанда қазақ әдебиетінің көшін бастаған ақындар: Таңжарық Жолдыұлы, Көдек Маралбайұлы, Шарғын Алғазиев,  айтыскер ақын Қойдым және  басқалары туралы жазылған тұңғыш ғылыми еңбек.  Еңбегінің қорғалмай қалғанына өкінген жоқ. Қайта зерттеген ісін толықтыру үшін  Қытайға барып қайтқан. Ол жақтан қоржыны тоқ болып қайтты. Елден жиған-тергендерін толықтырып, өзі көзі тірісінде реттеді де,  маған тапсырды. Содан бері біраз жыл өтті. Мен болсам  жасым 80-нен асып, ағаңның аманатын сақтаумен келдім. Бірақ оның  қадірін  білетін жастар жоқ. Ары-бері ойланып, Тілеужанның бар материалдарын Алматыдағы орталық архивке өткізсем деп шештім. Соған өзіңді шақырып, көмегіңді берсең деп отырмын. Мені Нылқы ауданында қазақ қыздары ішінде бірінші болып Құлжадағы гимназияға оқытқан Тілеужан еді. Бұдан кейін Үрімжіде де оқытты. Он жеті жасымда екеуміз қосылдық, – деді.

       Бөпен апай үстел үстіне  бес-алты  папканы әкеліп, жеке-жеке таныстырды. Әр папканың  сыртқы беттерінде қандай материалдар бар екені реттеліп жазылыпты. Бірінші папканың топтамасында: кандидаттық диссертация, Таңжарық, Көдек, Бұқара, Әсет, Қажықұмар, Шарғын және әдеби сын резенция деп көрсетілген. Екінші папкадағы топтамада 1940 жылдардағы Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің тарихы туралы жинақталып, Іле, Алтай, Тарбағатай өлкелерінде тұратын қазақтардың тарихы, әдебиеті делінген. Сонымен қатар ондағы қазақ әдебиетінің іргетасын қалағандар туралы зерттеу жұмыстары жинақталыпты. Енді бір папкада Тілеужан ағаның өлеңдері мен қысқа әңгімелері болса, біреуінде өзі шығарған айтыстары.  Ізбасардың айтыстары, «Қырғыз қызы Шолпанмен айтысы»  бір бөлек. Ел аузынан жинаған ақындар мен жыраулар, шешендер мен батырлар, жер мен ел тарихы туралы да бөлек реттеліпті. Өзінің өмір жолы мен ата-бабалары, дос-жолдастары мен ұстаздары, замандастары  туралы естелік жазбалар, түрлі құжаттары да бір папкада.

       Тілеужан Сақаловтың  1968 жылы Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін сырттай  үздік бітіріп, «Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» деген тақырыптағы дипломдық жұмысы да бар екен. Дипломға   жетекшілік еткен   белгілі әдебиетші ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев болыпты. Ғалым диплом жұмысын жоғары бағалап, оны ғылыми-зерттеу ісімен жалғастыруды құп көрген. Бұл жөнінде «Таңжарық ақын және Шығыс Түркістан  қазақтары әдебиетінің тарихы» деген  тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауға жетекші болған ғалым Бейсенбай Кенжебаев екені жөнінде дерек те кездесті. Ғылыми еңбек үлкен үш бөлімде жоспарланыпты. «Тілеужан ғылыми жұмысына зор шабытпен кірісіп аяқтады. Алайда осы жылдары Қытай мен КСРО  арасында  біраз жағдайлар  болды және жетекшісі Б.Кенжебаевтың қайтыс болуына байланысты кандидаттық жұмысы қорғалмай қалды. Ғылыми атаққа біртабан жақын қалғанда ағаң оның соңына түспеді», – дейді апай.

        Енді бір папкада Тілеужанның өмірбаяны, құжаттары да жинақталған. Онда  Тілеужан Сақалов 1930 жылы 15 маусымда Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келіп, заманның ең бір қиын,  ашаршылық жылдарында әке-шешесімен  бірге 1931 жылы шекара асып,  Қытайдың Шыңжаңдағы  Іле облысы Мұңғұлкүре ауданының Ақдаласына  барғаны жазылған. Әке-шешесі көп қиыншылық  көрсе де, Тілеужанды  1939 жылы  екі жыл қазақша оқытып, кейін  бастауыш  орыс мектебіне  ауыстырыпты. Оқуға зерек, білімге деген құштарлығын ол Мұңғұлкүре ауданындағы  емтиханда көрсетіп, 1946 жылы қазан айында Үш аймақтағы Құлжа қаласында қайта ашылған Ұлттар гимназиясына қабылданған екен.  «Ауданның емтиханынан өткен 33 баланың үшеуі ұйғыр, екеуі қырғыз, екеуі мұңғұл, қалғандары қазақ еді. Солардың бірі – Тілеужан, 15 жаста, мен 13 жаста едім», – деген ақын әрі жан досы болған Естеу Нүсіпбековтің естелігін де оқыдық. Естелікте: «Құлжаның гимназиясы сол жылдары ерекше және  мықты оқу орны болды. Әсіресе тәлім-тәрбие жартылай әскери низамен жүргізілетін. Екіншіден, кеңес мектептерінің бағдарлама, оқулықтарының негіз еткен білімдер көп тілде жүретін. Қазақ, ұйғыр сыныптары төрттен, мұңғұл, сібе сыныптары бірден болатын. Гимназияда Ташкент, Қазан, Уфа,  Мәскеу, Петербор, Берлин университеттерінен оқу бітірген, мол тәжірибе  жинаған, сол замандағы сол  өлкенің ең таңдаулы зиялылары дәріс оқитын. Әсіресе география, тарих оқытатын ұстаздарымыз Орта Азияның, Тұранның жағрафиялық орнын, тарихын түріктік түсінікте оқытудан жасқанбайтын. Географ Әсейін Жақсылықұлы, тарихшы Қызай Жұманұлы, химик Шәмей Кенжебекұлы, математиктер Сұлтан Өскенбайұлы, Ысқақ Иманалыұлы, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушылары Байбазар Өстемірұлы, Бұқара Тышқанбаев, педагогика оқытушысы Әнуар Қанбабаев т.б. осындай мұғалімдерден еді», – деп жазылған.

        Сондай-ақ білім ордасындағы  кітапханада  Алматы, Ташкент, Қазан, Бішкек қалаларының мерзімді басылымдары, оқулықтары  және ғалымдар мен әдебиетші, ақын-жазушылардың кітаптары үздіксіз келіп тұрғаны жазылыпты.  Білімге құштар гимназия балалары қазақ, қырғыз, ұйғыр,  өзбек, татар тілдеріндегі  басылымдарды бөтенсімей оқитындарын, солардың алдыңғы қатарында Тілеужан сыныптағы ұйғыр, өзбек, татар, мұңғұл, сібе жастарымен емін-еркін тілдесіп, ол тілдерді жатырқамай оқыған әрі сыйласып, достық қарым-қатынаста болды делінген. Оқу орнын Шыңжаңда ерекше аталып, өзінің үшінші жылында көп мамандық беретін білім жұртына айналған. Аты аймаққа кеткен білім ордасында Алтай, Тарбағатайдан, тіптен Үрімжі мен Қашқар қаласынан жастар да көп келіп оқыпты. Аумағы кеңейген оқу орны оқушы мен оқытушыға көбейіп, мамандықтың әр саласы да ашылып, жастардың көбі оқуға бейімделген. Мал шаруашылығы, агрономия, философия, педагогика, әдебиет үйірмелері де өзінше бөлініп оқытқан. Әдебиет үйірмесі де тұрақты   жұмыс істеп, талантты да білімді жастар,  жас әдебиетші, ақын-жазушылардың басқосулары жиі болып тұрыпты.  Үркердей топтың ішінде Тілеужан Сақалов, Аман Имашұлы, Қиялбек Шайкин, Шөнен Жаңабаев, Сұраубай Қазыбек, Естеу Нүсіпбеков, Мәди Абдрахманов, Құлмұқан Ахметов, Әлімжан Қатбаев, Аймұханбет Әділбековтер ерекше көзге түсіп, Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлестерін сол кезде-ақ қосқан. Бұлармен бірге кейін Қазақстанға келіп, ғылым мен өнер, поэзия мен прозаға аттары мәлім болған Әмина Нұғманова, Уақап Қыдырханов, Оразақын Асқар, Қасенхан Талғар, Толықбай Исабек, Нұрсапа Аманжолов, Абылай Түгелбаев, ұйғыр қаламгерлері Хабиболла Иунус, Фатигүл Сәбитовалар да Құлжаның білім жұртында оқып, қанаттарын қатайтқандар  екен.

       1948-50 жылдары орта дәрежелі мамандар дайындау білім жұртын үздік оқып бітірген Тілеужан алдымен Нылқы ауданында, кейін Мұңғұлкүре  ауданында оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып, ерекше көзге түседі. Ауылда білім-ағарту жұмыстарын жолға қойып, белсенділік көрсетеді. Жас маманның іскерлігі мен білімділігін көре білген  өзі оқыған білім жұрты  оны  оқытушылыққа шақыртыпты. Өлкеден шығатын «Шыңжаң оқу-ағартуы» журналының редакторы болып та қызмет  атқарған. Әдеби шығармашылықпен де айналысып, «Іле газеті» мен «Шыңжаң газетіне» өлеңдері  жарияланып, ақындығымен де көрінген.

         1953 жылы Тілеужан Сақаловты Үрімжідегі оқу министрлігі шақырып, «Шыңжаң оқу-ағартуы» журналына бас редактор етіп тағайындапты. Жаңа басылым бес-алты жылда табанынан тік тұрып, оқу-ағартуда қазақ мектептерінің оқу бағдарламасын жасауға, мұғалімдер білімін жетілдірудің жолын іздеуге, педагогикалық  озық  тәжірибе  таратуға  барынша араласып,  игілікті  істі басылым бетінде жариялап отырған Тілеужан Смағұлұлы іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін оқу министрлігінде көрсеткен. Қолынан іс келетін жас маманды қызмет бабындағы іссапарлармен қазақтар  мекендеген Іле, Тарбағатай, Алтай, Үрімжі, Құмыл аймақтарына жіберіпті.  Бұл сапар барысында ол қазақ мектептерінің, оның мұғалімдерінің,  оқулықтарының, тіл тағдырының, мәдениетінің, әдебиетінің жай-күйімен де танысып, күрделенген мәселелерді  шешуге атсалысады.

        Қазақ мектептерінің жай-күйі, ұлттық тілдің қалай дамып жатқаны жөнінде қазақ автономиялық облыстың орталығы Құлжа қаласында баяндама жасайды.  Баяндамада өлкедегі оқу-ағару жұмыстарын Қазақстан үлгісінде көтеріп, алшақтатпаудың жолдары туралы ой-пікірін айтып, баспасөз беттерінде  көтеруді ұсынады. Пікір  баспасөз бетінде  жарияланады. Бір айта кетерлік жағдай, Тілеужан Сақалов Құлжа мен Үрімжі қаласын өзі қатарлы озық ойлы, ұлтжанды жандармен тығыз байланыспен қарым-қатынас жасап, кеңестік Қазақстаннан барған кеңесші жазушы, журналистер Ыбырайке Тыникин, Жәрдем Тілеков, Жүнісбек Орысбаев және ағартушы Ғұбайдолла  Дауылбаевтардан тағылым алып, көп нәрсе үйренеді. Әсіресе қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен де танысады.

         1956 жылы қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановпен Үрімжіде қалай кездескені туралы естелікте кездеседі. Жазушы Қытайға барған сапарында Бейжіңнен кейін Үрімжіге келген.  Қаламгер қаладағы ұйғыр, татар, өзбек, қытай және қазақтардың  зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Қазақстан туралы бастан-аяқ қазақша сөйлеп, сұрақтарына жауап беріпті. С.Мұқановтың бұл сапарында атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың Қашқарға  және Шығыс Түркістанға  материал жинау үшін келгенін, алдағы уақытта Шоқан жайлы трилогиялық  кітап жазу ойын  айтқан.  Кітаптың алғашқы екеуі Шоқанның  балалық, жастық шағы мен Ыстықкөлге саяхатымен аяқталып, үшіншісі ғалымның Қашқарға жасаған атақты саяхатына арналатынын айтқан.  Кездесуде қаламгер көп сұрақтарға жауап та берген болса, оған қатысушылар өздерінің  жазушының  шығармаларымен   жақсы таныстығы да жазылыпты. Тілеужан   «Ботагөз» романын  1946 жылы араб әрпімен басылып, Шығыс Түркістанға тарағанда оның алғашқы оқырманы болғанын және «Сырдария», «Есею жылдары» атты кітаптарын сол жылдары  оқығанын жазады.  

       Тілеужан Сақаловтың Үрімжіде өткен 10 жылы оның үлкен өзгерістерге толы болғанын өмірбаяннан танып-білу қиын емес.  «Шыңжаң оқу-ағартуы» журналының редакторы бола жүріп, бес-алты жылда басылымға жаңа леп әкелген. Шыңжаңдағы қазақ мектептерінің оқу бағдарламаларын жаңаша жасауда, мұғалімдер білімін жетілдірудің тың жолдарын іздеуде, педагогикалық  озық тәжірибелерді  таратуға тікелей араласып отырған әрі оны ұйымдастырып, зор қабілеттілігін  танытқан. Әсіресе қазақтардың бастауыш, орта, жоғары мектептеріндегі оқулықтарын, мәдениеті мен  ғылымын, әдебиетін, тілін Қазақстан  үлгісінде құрып, дамытудың жолдарындағы күрестің туын ұстауының бірі болған Тілеужан екенін  аңғарамыз.    

       Шыңжаңда түсірілген  Бұқара Тышқанбаев пен хансу жазушысы Уаң-иң-худың   қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Хасен-Жәмилә» киносына сүйінші сұрап, алғашқы болып рецензияны жазған және  насихаттауы, сондай-ақ туындыны өлкелік ғылыми конференцияда баяндама жасауы үлкен жаңалық болыпты. Өлкедегі  әдеби «Шұғыла» журналы редакциясы алқасының белді мүшелерінің бірі болып, сын саласына да араласқан екен. Қазақ тілінің  тазалығы мен баспасөздегі тіл мәселелері жөнінде пікір айтыстарға да қатысып, кеңестерін де беріпті. Сонымен қатар Құлжа қаласында  өтетін  тіл  жайындағы  ғылыми конференцияда жетекші баяндама әзірлеушінің бірі  болып та жұмыстар істеген.

       Шығыс Түркістанға да  Алаш арыстарының еңбектері шекара асып, елге тараған. Оны  ұлтжандылар қолдан-қолға өткізіп,  «Айқап» журналының, «Тәржімән», «Шора» газеттерінің кейбір сандарын, А.Байтұрсынұлының «Қырық  мысал», М.Дулатұлының «Оян, қазақ!», Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман–Мамыр» кітаптары көшірмелерінің қолжазбаларын  оқығандар аз болмаған. Ондай қолжазбалар Құлжа, Қашқар, Үрімжі қалаларында кездескен болса,  Тілеужан Сақалов та оны  құр жібермеген. «Біз Тілеужан, Сұраубай, Шөнен, Әмина – бәріміз Әсейін мұғалім  жасырып келген С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабын қолдан-қолға жүгіртіп жүріп, тығып оқу арқылы латыншаны  танығанымыз соның дәлелі», – деп жазыпты ақын Естеу Нүсіпбеков бір папкадағы  естелігінде.    

       Тілеужан Сақалов  Құлжа мен Үрімжі қалаларында  қызмет істей жүріп, ұлтқа деген жаңашылдығы  қай ісінде болсын көрініс табады және де оны қашанда  ұлт мәселесі етіп көтеріп отырған.  Оның бұл ісі  үкіметтің кейбір өкілдеріне ұнамайды. Қытай саясатшылары «батыс желін шығыс желі  ығыстырады» деген заман туып, Шыңжаң қазақтарын Кеңес қазақтарынан  бөлектейтін саясатты жүргізуге көшеді. Қазақ, ұйғыр, қырғыз және басқа ұлттарды бұдан кейін жаңа саясат  басқаша бағытқа бейімдейді. Бұған дейін  ұлттар мүддесін ойлаған Тілеужан сияқты азаматтар сол саясаттың сын садағына ілігіп,  «ұлтшыл», «оңшыл» деп айып тағылады да, жауапты қызметтен аластай бастайды. Бұл ілікке  Тілеужан да ілініп,   шалғайдағы дүнген ауылының коммунасына қара жұмысқа жіберілген. Бойындағы қайрат-жігерін жасытпаған ол тілі мен ділі бөлек дүнген ауылында тоған қазып,  шөп шауып, орақ ору жұмыстарында мойымай, өзінің еңбекқор жан екенін қай істе болсын танытады. Жақсы жағымен көріне білген оны коммуна  партия ұйымының хатшысы мақтаулы мінездеме беріп, мерзімінен бұрын босатып, өзінің бұрынғы мекемесіне қайтарған.

      Үрімжіге  оралғаннан кейін  оқу құралдар баспасына  редакторлыққа  жіберсе,  кейінгі екі жылында мектеп оқулықтарының редакторы қызметін атқарған.  Әдебиетке жақын болғандықтан, ел ішіндегі айтулы ақын-жазушылармен араласып, шығармашылықпен  де айналысады. Қытай және  орыс тілін жете меңгеріп, өзінің білімін үнемі көтеріп отырады. 1961 жылы ол әке-шешесімен бірге туған елі, атамекені Нарынқолға оралады.  Ол алғашында   мұғалім, Нарынқол аудандық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет атқарып,   кешкі жастар мектебінің директоры,  Нарынқол орта мектебінде  оқу ісінің меңгерушісі, Бердібек Соқпақбаев атындағы гимназияда мұғалім болып та қызмет істепті.   Аудандағы өнерлі жастарды іріктеп, айтыс ақындарының мектебін ашуға белсене атсалысып, талай талантты жастардың жолын ашуға мұрындық болады.

       Жалпы, Тілеужан Сақалов өзін әдеби зерттеуші ғана емес, ақын, проза жанрында жазушы, айтыскер ақын, жырау екенін өз заманында мойындатып кеткен. Бұл жөнінде  белгілі ғалым Рахманқұл Бердібаев  Тілеужанның білімді әдебиетші екенін 1983 жылы ақын-жазушылармен Нарынқол өңірінде болған сапарында бірге болғанын дәлелдейді.  Ғалым сонда Тілеужанның ел мен жер тарихын жақсы білгенін айта келіп:  «Ол Көдек, Таңжарық, Шарғын ақын өлеңдерін жатқа айтып, «Қойдым мен Таңжарық», «Таңжарық пен Нүрила», «Шарғын мен Нәсілхан», «Біржан мен Сара», «Әсет пен Ырысжан», «Жамбыл мен Айкүміс» айтыстарын, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» дастанының көп тарауларын домбыраға қосып орындады.  Тілеужаннан  мен осы жолы Қызай тайпасы және Алтайдағы Абақ Керей еліндегі «Қонақ алу» салттары  жайындағы әңгімелерді  жазып алдым», – депті. Бұл деректердің барлығы оның папкаларынан алынды. 

     Міне, Бөпен апайдың архивке өткізем деген, сүйікті жары Тілеужан Сақаловтың жиған-терген әдеби материалдары осындай. Біз бұл әдеби мұраларды Алматы қаласындағы архивке өткіздік.          

Тегтер: тарих тағылым руханият пайым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:41
Қазақтың аса көрнекті ақыны Есенғали Раушанов өмірден өтті
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 16.04.2021, 09:47
Луиз ГЛЮК: Біз ешкім де емеспіз
Қоранбай ШӘКІРҰЛЫ 16.04.2021, 03:27
Бейқамдық па, бейшаралық па?
Еркежан Арын 14.04.2021, 20:32
«30 еңбек елшісі» – жастар саясатын жетілдіру бастамасы
Айт-МАН 13.04.2021, 15:24
Хан Кененің басы отанына оралмақ
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 13.04.2021, 12:28
Қуанышқа – сүйініш

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24