Шындықтың шарболаты

Ербол Азатқали

03.08.2021, 09:31

1273

        Неміс халқы сүйіп, көкке көтеріп, «азаматтығымызды да ал» деп қолқалағанына қарамастан, ондағы жақсы өмірден бас тартып, өз Отанына оралған нар тұлға Болат Атабаев өмірінің соңына дейін шындық үшін талмай күресіп, азаматтық қоғамның айқын өкілі ретінде артындағыларға үлгі болып кетті. Иә, үлгі деген сөзді баса айтқымыз келеді. Себебі ол жалаң сөздің емес, нағыз істің, онда да алдыңғы шептің адамы еді...

        Әлқиссамызды неміс халқынан бастаған соң, Болат аға туралы алғашқы сөзімізді де осы тұстан қозғасақ па дейміз. Өйткені ол кісі соңғы тоғыз жылында Германияда тұрып, Кельнде жұмыс істеді. Қойылымдар қойды, жастарға дәріс оқыды. Ол жаққа көңілі түсіп, барғысы келгеннен барған жоқ, әрине. Қудалау баяғы...

        2011 жылы Жаңаөзенде ереуілге шыққан жұмысшылар алдында сөйлеген сөзі үшін «әлеуметтік өшпенділікті қоздырды» деген айып тағылды. Бірақ режиссер өзін айыптымын демеді, керісінше, сөйлегеннің көкесін көрсетті: Қазақстанда Гете төсбелгісімен марапатталған жалғыз адамның мақаласы Германияның белді басылымында бұрқ ете түсті. Өзі құрған қазақ мюзиклінің тұңғыш театры «Ақсарай» да мына жақта өмірдің көлеңке тұстарын көркем суреттеп, көрермендер арасында кеңінен танымал болып жатты. Алайда көпке ұзамады, театр тарады, нақтысын айтқанда таратылды. Ал Болат Атабаевтың өзі түрмеге түсті. Көп отырмады, бір ай ішінде үйтіп-бүйтіп ол арадан босап шықты. Содан кейін шұғыл аттанды. Онда да «награда алуға барады» деген желеумен Германияға әрең сытылып шықты. Бірақ адуынды жан тізгін тартпады, керісінше, қамшыны баса түсті. Еуропарламентке бір-ақ тартты. Осыдан кейін ол кісіге қарастырылған елдегі барлық жеңілдіктің күші жойылды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанға оралса, ол кісіні темір қапас күтіп тұрды. Ақыры сол жақта қалуға мәжбүр болды.

                                                           «Немісше сөйле!»

       Неміс халқы Болат Атабаевты ерекше жақсы көрді. Барлық сый-сияпатты жерлерге шақырып, керемет қошемет көрсетті. Елінде қудалауға түскені үшін емес, әрине. Өнер иесінің дара таланты мен ерекше қабілетін шетелдіктер көре білді, өз халқынан артық бағалап, ардақтады. Түрлі жұмысқа шақырды, марапаттады, тіпті, ақырында Германия азаматтығын да ұсынды.

        «Германиядағы өмірінің бір сәтін маған баяндап беріп еді», – деген «Эксклюзив» журналының редакторы Қарлығаш Еженова оны былай еске алады:

     – Қандай да бір көркемдік кеңес өтіп жатады, тура қызу талқының қақ ортасында орындықтың дар еткен дыбысы естіледі. Қараса, қазақ режиссері орнынан тұрып, есікке қарай беттеп барады дейді.

    – Қайда барасыз, герр Атабаев? – деп сұрайды бұған таңғалған немістің бірі.

       Сол кезде бүкіл зор денесімен кейінге қайырылған  адам неміс мәдениетінің ығай-сығайына қарап тұрып: «Немісше сөйле!» деп гүр ете түседі. Бір сәтке танадай тыныштық.  «Сендер өмірі неміс тіліне ағылшыншаны қыстырып жүресіңдер, оларыңды түсінбеймін мен! Таза немісше сөйлеуге болмай ма, әлде неміс тілі сонша кедей ме?» – дейді Атабаев зілмен.

        Осыдан кейін бүкіл неміс қазақтың алдында лыпылдап жүгіретін болыпты.  Құрметке құрмет қой, әрине. Жан-жақтан жұмысқа шақырады жарыса. Тіпті азаматтық та ұсынған кездері болыпты. Бірақ Атабаев бас тартқан. Бір сөзбен бәрін тоқтатқан: «Мен мұнда тал отырғызып, ағаш өсірген емеспін, кірпіш қалап, үй салған емеспін, бала-шағам мұнда өспеген. Сондықтан бұл елді өз елім деп айта алмаймын, әрине, төлеп жатқан айлықтарыңызбен бұл арада бақытты өмір сүруге болады. Бірақ мен сондай нәрсені күйттейтін адаммын ба, өзі?..» – депті. Осыдан кейін ол кісіні ешкім қолқаламапты.

                                     Театр. Шындық. Саясат

        Болат Атабаев өзінің неге саясатқа түрен салғанын бір сұхбатында былай жеткізеді:

      – Қазақстандағы алғашқы кәсіби театр режиссерлерінің бірі, шындықты жақсы көретін, жүрген жерінде айқайлатып, шулатып жүретін марқұм Асқар Тоқпановты еш түсінбейтінмін.  Ол кісіде оқымадым, сөйлескен адамым да емес. Бірақ, неге екенін, ауруханада ауыр халде төсек тартып жатқанда анам арқылы мені тауып, шақыртып алды. Келсін депті, жоқ, солай бұйырыпты. Анам: «Үлкен ғой, саған айтар сөзі бар шығар. Кіріп шық», – деп, ақыры мені көндірді.

       Сол мәңгі есте қалатын күні Асқар аға бұ дүниеде шындықтың барын және оны айта білетін қабілетті адамдар болатынын айтты. «Өзімді сондайлар қатарына жатқызатын едім, сөйтсем, жоқ, менікі таза дөрекілік екен», – деді. Сөйтсем, мені актерлар арқылы сырттай танитын болып шықты. Олар репетиция кезінде тілмен шағып алатынымды айтып шағымданса керек. Содан: «Өмірдегі позитивті рөлдерді барлығы әлдеқашан талап алып қойған, өйткені кім де болса жақсы болып көрінгісі келеді, ал жаман рөлдер жетіп-артылады, қаласаң болғаны. Тағдырдың өзі екеумізге осы ұнамсыз рөлдерді бұйыртыпты, онда да мына мешел қоғамды емдеп-жазу үшін», – деді. Бұл сөз менің шымбайыма батып кетті. Бірдеңе дейін деп оқталып едім, ағамның жанары тұңғиыққа батып, ойға шомыпты. Содан бастап тек репетицияда ғана емес, барлық жерде барқ ете түсетін болдым. Ал Қазақстанда әр адым жасаған сайын сенің оппозиционер болуыңа түрткі болатын себептер шығады да отырады, шығады да отырады...

                                                             Ұят!..

        Бұл сөзді Болат Атабаев жиі қолданатын. Көбіне өз ұятын айтатын. Бірақ онысы әрбір қазақтың ұят тұсы секілді шығып қалатын. Содан кейін де болар, ол сөздер көпке ұнай бермейтін. «Ауруын жасырған ажалсыз өледі». Басқа – басқа, бұл сөздің мәнісін өнер адамы бүкіл болмысымен жақсы түсініп, тереңнен сезінетін. Содан кейін де ол кісі айтарын жасырмай, тікесінен бетке айтатын.

                                                                   ***

       Әдетте айтуға сөз таппай қалғанда барлығы «Алла жазасын береді, Құдай ұрады» деп жатады. Құдды Алла бір жазалаушы орган секілді. Жоқ, олай болмайды, біз оны өзіміз жасауымыз керек. Жеке өзіме келетін болсам, мысалы, маған 80-жылдары кө… ді көтеруім керек еді. Мен де басқалар сияқты болдым, ұрлықшы биліктің игілігін көрдім, соған қызмет еттім. Зор өкініш сол – біз уақытты жоғалтып алдық, көрдіңіз бе?.. Заманбек Нұрқаділов те шарқ ұрып, бармағын тістеді. Оны мен жақсы түсінемін, ол да уақытын өткізіп алды. Ұят, мен сол үшін ұяламын.

                                                             ***

        Білесіз бе, менің ойымша, біздің буын  Қазақстан үшін біткен буын, өйткені біз кеңестік рухпен өсіп-өндік,  сондықтан біз сахнадан кетпейінше, өмірден озбайынша, жас ұрпаққа теріс әсер бере береміз. Біз қорқақ, тек бүгінін ғана ойлайтын буынбыз. Ал жастар бізге қарап, өкінішке қарай, бұзылып жатыр. Ұят, әрине...

                                                          ***

        Батыстың әсері, ақшаға табынушылық деген. Бұрын бізді ислам фундаментализмімен қорқытып-үркітетін. Ал оныңыз мына ақша түріндегі фундаментализммен салыстырғанда жай нәрсе болып қалды. Қазір батыс демократтары да сатылатын болған. Әрине, ақшаның күші ғой, оның бәрі. Боялған, шытырлаған қағаздар бәрін істеді, миға келмейтін дүниені жасатады. Барлық адами құндылықтар тұңғиыққа батып барады, өйткені бүгіндері тіпті моральдың өзі де сатылатын болған, адамдар өз ар-ұжданына қарап емес, жағдайына сай әрекет ететін болған, құдды бірқалыпты жағдай секілді...

                                                                 ***

         Ұрпағыңа ертең не қалдырасың? Зауыт, фабрика немесе виллаңды ма? Оның керек пе оларға, өзі? Білмейсіз, ал менің бір білетінім, бұ дүниеде әркімге Отан керек. Отанды ұрпағына аман-есен аманаттап тапсыру – әр азаматтың парызы.

                                                  Боямасыз өмір

       Әрине, шеңберге сыймайтын, өр мінезді адам туралы айтқанда бір сөзбен бәрін сипаттау мүмкін емес. Адамдығы бір төбе, күрескерлігі бір төбе тұлғаның шығармашығы да бір төбе. Ол Алматы шет тілдер педагогикалық институтын, кейіннен Мемлекеттік театр-көркемсурет институтын  бітірген. 90-жылдардың басында Мюнхен (Германия) ұлттық театрынан тәлім алған. Елге оралған соң, алғашқы еңбек жолын Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы неміс драма театрынан бастады. 1990 жылы Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына жұмысқа ауысып, мұнда ұзақ жыл қызмет етті. Республикалық неміс драма театрының сахнасында да қойылымдар қойды. Ол кісінің басшылығымен қойылған қойылымдар бірқатар жүлдеге ие болды, көрермендерді де көп жинады. Бірақ  Болат Атабаев оның бәріне қанағаттанбады, ол өз ойындағы тәуелсіз театрды ақырында дүниеге әкелді. Бүкіл Орталық Азиядағы тұңғыш музыкалық  «Ақсарай» театрын. Ғұмыры қысқа болған бұл театрдың әрбір қойылымы аншлагпен өтті. Өйткені ондағы әрбір қойылымда өмірдің боямасыз шындығы шыңғырып жатты. Әлеуметтік-саяси тақырыптар бүгінгі күннің көркем стилімен, қазақы астарлы оймен, жүректен жүрекке жететіндей кәсіби шеберлікпен көрермендерге ұтымды жетіп жатты.

        Режиссердің соңғы туындыларының бірі – «Қар көшкіні» қойылымы. Ұжымдық қорқыныш жайлы. Өз еркімен рухани тоқырауға ұшырау турасында. Ауыл ақсақалдары ауыл тұрғындарына қар көшкінінен қорқып, сыбырлап сөйлеуге ғана рұқсат береді. Бірақ бір күні бұдан мүлде бейхабар сәби шыр етіп дауыс шығарып, іңгәлап дүниеге келеді. Қараса, апат жоқ. Сол кезде ғана адамдар қауіп алдындағы қорқыныш нағыз апат екенін түсінеді. «Бұл үлкен қасірет емей, немене» дейсіз қойылымды көргенде, еріксіз шындық алдында бас иіп, күрсініп. Иә, ағамыз бақилық болса да, құдды қазақ халқының желке тұсынан күрсініп, қарап тұрған секілді көрінеді маған...

       P.S. Бірнеше ай бұрын Болат Манашұлы денсаулығына байланысты Қазақстанға оралды. Германияда ота жасатқан. Қант диабеті мен бүйрегіндегі кінәратына байланысты. Ауырдым демеді, азаматтық қоғамның айқын өкілі ретінде өте белсенді болды, БАҚ-та болсын, әлеуметтік желіде болсын. Алайда 28 шілдеде 69 жастағы Болат Атабаевтың ауруханада қайтыс болғаны белгілі болды. Қаралы қауым 30 шілдеде «Ақсайдағы» шағын пәтерінен арулап, аққа орап шығарған ағамызды ақтық сапарға аттандырып, жер қойнына тапсырды.

АНЫҚТАМА

Болат Манашұлы 1952 жылы 15 мамырда Алматы облысының Тентек ауылында дүниеге келген.

Театр режиссері, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998 жылы), «Астана» төсбелгісімен марапатталған.

2012 жылдың ақпанында «Қазақстан мен Германия театрлары арасындағы қатынастарды дамытудағы қызметі үшін» Гете медалімен марапатталды.

Жезтаңдай әнші, қазақ халқының үкілі қызы Мәдина Ералиевамен отау құрған. Артында ұлы Арсен мен немерелері қалды.

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39