Шыңғыс хан рухы бізбен бірге

Оңғар НАҚЫП

04.05.2021, 12:01

3532

фото ашық ақпарат көздерінен алынды

            Тарих ғылымының кандидаты, профессор Әлімғазы Дәулетхан «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Қазақстанды Шыңғыс хан рухы кезіп жүр» атты мақаласында «Енді екі жылдан бері «Қазақ әдебиеті» газетінде Оңғар Нақып деген әуесқой тарихшы 3000 жылдан бергі тарихымызды қопарып, күллі қазақтың түп-тұқиян зәу-затын қоңырат тайпасынан таратады. Қоңыратты Еділ-Жайық бойынан құрғақшылық апатынан құтқару үшін үдере көшіріп, Қиыр Шығысқа апарып, Ұлы Хун қағанатын құрғызады… Қазақ тарихшылары аудандық газеттің қызметкері, ауылдық округтің әкімі қызметін атқарған, есімі ғылыми ортаға белгісіз әуесқой тарихшы Оңғар Нақып ашқан осы «ұлы жаңалықты» тарихшылар әлі танып-білмей, лағып жүрген көрінеді» деген ащы мысқылмен ешбір дәлел-дәйексіз  айыптаулар тағыпты. Шыңғыс ханды моңғол халқының ұлы тұлғасы деп санайтын профессор Зардыхан Қинаятұлы: «Қазақтың тегін тек қазақ топырағынан, моңғолдың тегін моңғол топырағынан іздегенде ғана біз шындыққа біртабан жақындаймыз» дейді екен («ЖА», 12.12.2019 ж.). 

          Алтайдың күнгейі  Шыңғыс хан дүниеге келген кезде және одан мыңдаған жылдар бұрын кімдерге тән еді? Әлімғазы Дәулетхан жақсы білетін  Лувсанданзан жазған дейтін «Алтын шежіресінің» 84-бетіне қарайықшы. Онда: «Қалқа өзенінің Бұйра көліне құятын сағасында көп малды қоңырат деген ел бар», – деп жазылған. Бұрынғы меркіттердің жері болған Шіліңгір өзенін қазір Сэлэнгэ дариясы деп атайды екен. Керейлер мен қоңыраттар мекендеген Толы, Орғын, Тамыр, Керулен, Кентау деген жер-су аттары әлі өз мағынасын жоймапты. Наймандар мекені болған Алтай жоталарын қазіргі күндері де моңғол қазақтары жайлап отыр ғой. Көк түріктер қағанатынан қалған Орхон-Енесей ескерткіштері де қазіргі Моңғолияның қиыр шығысында емес пе?

           Ал Қазақ елі тарихының түп-негізі болып есептелетін Хұн мемлекеттігі де дәл сол Қалқа даласында шаңырақ көтергенін  көріп отырмыз. Ол үшін Л.Гумилевтің «Хунну» (М. 2003 г.) кітабын парақтайық: «По-видимому, хуннское кочевое скотоводство развилось уже настолько, что хунны в поисках пастбищ двинулись на север, причем это же самое скотоводческое хозяйство обеспечило их достаточной тягловой силой»,  «… когда прахунны пересекли песчаные пустыни на равнинах Халхи возникли исторические хунны», «Дегинь, опираясь на Сыма Цяня, считает, что около 1200 г. до н.э. мы должны помещать создание хуннского царства»(21, 35 бб.). Мінеки, қазақ тарихының басында тұрған хұн-ғұндар патшалығы малдарына жайлы мекен іздеген оңтүстік көшпелілерінің осы жерге қоныс аударуынан пайда болғаны анық жазылыпты. Бұл қандай тайпа екенін байсындықтардың «Алпомиш» тарихи эпосынан оқығанда шамаладық. Онда Байсын қоңыраттарынан көп малды 10 мың отбасы бөлектеніп, алыстағы Қалмақ-Қалқа даласына көшіп кеткені айтылады.

        Біздің бұл ойымызды қытай тілін  меңгерген, өзін шыңғыстанушы, аудармашы деп таныстырып жүрген Тілеуберді Әбенай былай деп толықтырады: «Іс жүзінде ғұн дегенді білдіретін пішік (иероглиф) оңтүстік диалектілерінде «Һung», «Һong» деп оқылады, ол құнық, құнғария, қоңғырат, яғни қоңырат этнонимінің ертедегі нұсқасы болып табылады». («Ана тілі» газеті, 06.11.2019 ж). Осындай деректерге сүйеніп, хұндардың қоңырат аталары екенін айтсақ, ол Әлімғазы Дәулетхан ақсақалдың шамына тиіп кетіпті. Ал, Әбеке, хұндардың тарихта пайда болуы туралы басқаша нұсқаңыз болса, оны неге ортаға салмасқа? Сіз, мүмкін, оңтүстіктен келген бұл тайпаны да моңғолға жатқызарсыз? Моңғол дегенді түсініп алайықшы әуелі. Бұл туралы Л.Гумилев былай дейді: «Монголы – условное название для группы монголоязычных племен. Самое слово возникло из политического термина ХІІІ века, означавшего сторонников Чингис-хана». Бұдан моңғол деген халық тарихта болмаған, ол шартты атау деген мағына туып тұрған жоқ па?

        Моңғол атымен тарихқа енген Шыңғыс хан жақтастарының қатарынан этникалық бір моңғолды тауып бере аласыз ба? Оның сан мың әскерінің қатары әуелде Алтай өңірін жайлаған алты тайпадан құралып, «Алты Алаш» атанғанын академик Т.Сайдулдин былай деп түсіндіреді: «Алты Алаш туралы тарихи деректер оған керей, найман, меркіт, қоңырат, жалайыр және моңғол жерінде болған татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар басшысының есімімен «Ноғай» атанған. Алаш ұғымын мағыналық және институциялық тұрғыдан қарастырсақ, ол күрделі этникалық, әлеуметтік-саяси ұғым. Бастапқыда, Алтын Орда дәуірінде оның этникалық мәні басым болып, Алаш қауымын жоғарыда аталған қазақтың бес руы мен ноғайлар құрады. Кейін ноғайлар оқшауланып қалды да, басқа бес ру өз қатарын молайтып, қазақ халқының құрамына енді. Сөйтіп, ұлттық санада арғы тегіміз Алаш деген қастерлі ұғым сақталып қалды» («Дат», 27.08.2014 ж).

        Сайып келгенде, бүгінгі қазақтың құрамындағы бес тайпа мен ноғай татарларының негізінде Алтайда құрылған Алты Алаш елінің бастауында Шыңғыс хан бабамыз тұрғаны анық болды. Шыңғыс ханның жақтастары қатарында да, Алаш елі құрамында да Әлімғазы Дәулетхан қатарлы ғалымдар тықпалап жүрген «моңғол» атанған этникалық топ жоқ болып шықты.  Осы орайда, Шыңғыс ханды моңғолдандыру үшін белгілі тарихшы Қойшығара Салғараұлының мына бір күлкілі пікірі ойға оралады. Ол «Қазақтың қилы тарихы» атты кітабында былай депті: «Рашид ад-Дин мен Әбілғазы хан қоңыраттарды қияттардың ұрпағы, ежелгі моңғол тайпасының құрамында десе, оның да тарихи заңдылығы бар. Оған нақты көз жеткізу үшін моңғолдың «Алтын товчысы» мен «Құпия шежіресінің» мына бір дерегін еске түсіріңіз.  Өзінің тоғыз жасар ұлы Темучинді үйлендірмек болып, құда түсіп қайту үшін баласын алып, Есугей-баһадүр өзі шыққан Олхонут тайпасына баруға жолға шығады. Жолда Хонхират тайпасының белгілі адамы Дай Сеченге жолығады. Дай Сечен Есугей-баһадүрден:

       – Қайда бет алдың, Есугей құда? – деп сұрайды.

      – Мынау ұлыма Олхонут тайпасындағы нағашысының қызына құда түсуге барамын, – дейді Есугей-баһадур.   Міне, осы айтылғандарға қарағанда, «олхонут» пен «хонхираттың» бір қият тайпасына жататынын аңғару онша қиын емес секілді. Осындағы хонхират деп отырғанымыз – кәдімгі қоңыраттар. Бірақ олардың қоңырат атануы кейін, Шыңғыс хан бізді жаулап алғаннан кейін болған. Міне, осы хонхираттар келе-келе, түрік халықтарымен ассимиляцияға түсіп, араласып, олардың тілін, дәстүр-салтын қабылдап, түріктеніп кеткен, ал хонхират айтылу ыңғайына қарай қоңырат атанған. Хонхираттың қалай қоңыратқа айналғанын, меніңше, ғалым Марат Мұқанов өте дұрыс көрсеткен ғой деп ойлаймын. Ғалымның пайымдауынша, бұл атаудың Дешті Қыпшақ тайпалары арасына кеңінен тарауы моңғол қоғамындағы билеушілердің жеке нөкерлерінің хонхираттардан болуынан».

         Тарихшылар санатындағы Қаржаубай Сартқожаұлы да осыған ұқсас пікірде екенін  Шыңғыс ханның тегі туралы журналист қойған сұраққа қағанның нағашы жұрты қоңыраттан екенін біле тұрып, «Шыңғыс хан – таза моңғол» деген сөзінен аңғарып едік. Шыңғыс ханның тегі туралы мәселеде моңғолдардың пайдасына жұмыс істеп  жүрген ғалымдардың қатарында  З.Қинаятұлы, Қ.Сартқожаұлы, Қ.Салғарадан өзге, Т.Зәкен, Н.Мыңжан  деген кісілер де бар екенін Ә.Дәулетхан өз мақаласында мақтанышпен атап өтіпті.  Осылардың арқасында әлемге әйгілі «Алпамыс батыр» эпосын дүниеге әкелген қоңыраттар әлдекімдердің мүддесі үшін «құрбандыққа шалынып», Шыңғыс ханмен бірге моңғолдарға телініпті. 

         Шыңғыс хан империясының өмірге келу жолы да жеңіл болмағаны Л.Гумилевтің мына сөзінен анық байқалады: «Егер біз Хунну мен Түрік қағанаты арасындағы және қағанат пен Шыңғыс хан империясы арасындағы дәстүрлердің екі рет үзілгенін ескермесек, онда Орталық Азия тарихы бізге түсінікті бола алмайды. Бұл үзілістерде ғылымға, ағарту ісіне қарсы тұрушылық кезеңдері жатыр». (Осындағы ғылымға, ағарту ісіне қарсы тұрушылықты  әлі де еңсере алмай келе жатқанымыз, өкінішке қарай, рас қой). Осы саланы зерттеуге бүкіл өмірін арнаған ғалымның бұл ғылыми қорытындысы аталған мемлекеттік құрылымдардың арасы екі рет үзілгенімен түп-негізі бір екенін білдіреді. Мемлекеттік құрылымдардың бастауында тұрған тарихи Хун – Ғұн мемлекетін құрған халықтың салт-дәстүрінде қазақтық белгілердің басымдығы айқын аңғарылады. Тайпаның 24 рудан тұратынын айта келіп, ғалым  былай дейді: «Жен полагалось брать исключительно из чужого рода», «Вдова старшего брата становилась женой младчего, который обязан был о ней заботиться, как о своей любимой жене» (Н.Я.Бичурин).

          Осы тек қазаққа тән тарихи деректерге Әлімғазы Дәулетхан не деп жауап берер екен? Бұларға қосымша тайпаның тілі түрки, жазу-сызуы бар екені де айтылады. Осы жазу-сызудың керемет үлгілерін хұндардың ұрпақтары болған Көк түріктер қағанатынан қалған ескерткіштерден көріп отырмыз ғой. Бір ғажабы, Түрік қағанатының да, оның тікелей ұрпақтары – Көк түріктер қағанатының да ордалары қоңыраттардың екінші атамекені болып табылатын Қалқа даласында шаңырақ көтергені тарихшылар үшін құпия емес.   Шыңғыс ханның тегіне байланысты нақты дәлел бола алатын тағы бір деректі «Алтын шежіреден» оқуға болады. Керейдің Уаң ханы ұлы Сенкімнің ұсынысымен келісіп, «Шақыр бегімді Жошыға беруге ұйғардық, құдаласуға келсін» деп, Шыңғыс ханға қарай кісі жөнелтеді. Құдалыққа шақырылған Шыңғыс хан қасына он серігін ертіп, жол үстіндегі Меңлік әкейдің үйіне келіп қонады. Сонда Меңлік әкей ойланып отырып:

           – Иә, інілерім, естеріңде шығар, жуықта ғана Шақыр бегімді сұрағанымызда өзімізді келеке-мазақ қылып, бермеп еді ғой. Енді несіне «бауыздау жескен құда болайық» деп, аяқастынан шақыра қалды? Өзін өр санап, күнге балап жүргенде, келіп алсын дегені не қылғаны? Бұл қылықтарында «Жөн бе, жоқ, дөң бе?» дегендей мән бар. Балам, осыны ойыңа ал! Көктемнің көктырнақ кезі келді, мінген аттарың да арық екен. «Жылқымыз қоң алған соң барайық» деп сылтау айтыңдар, – дейді. Сәлден  кейін  және былай деп ақыл айтты:

          – Өзің бармай-ақ, Бұқатай мен Қышықұтайды «құйрық-бауыр жесіп, құдаласып кел» деп жіберейік! Ақыры Меңлік әкейдің айтқаны болды. Шыңғыс хан үйіне қайтты».

         Лувсанданзанның бұл дерегін Әбілғазы өзінің «Түрік шежіресінде» былай деп толықтырады: «Сөйтіп, Шыңғыс ханды өлімнен құтқарды. Меңлік ечеке Шыңғыс ханның қызметінде болды. Оның анасын алғанда, Шыңғыс хан он үш жаста еді. Сол уақыттан өзі өлгенше соғыста да, жақсы күндерде де, жаман күндерде де оның қасынан ажырамай, оның қызметінде болды. Отырғанда да ханның оң жағында басқалардан жоғары отырар еді».  Шыңғыс ханның тегіне байланысты Ә.Дәулетхан айтқан  айыптауларға толық дерлік жауап бердім ғой деп ойлаймын. Енді тарихшының: «Шыңғыс дегеніңіз –  моңғолдардың «Ата бейітінде – Бурхан Халдунда емес, Ұлытаудағы Алаша хан екен» дейді (Ә.Дәулетханның өз сөзі).  Иә, ол айтқанымызға толық негіз бар. Шыңғыс ханның жорықтарда жанынан тастамай алып жүрген екінші әйелі Құлан қатунның бейіті де Ұлытауда. Әбекең  ойлағандай, Шыңғыс хан моңғолдың Ата бейітінде жерленген болса, екінші әйелі Ұлытауға келіп, осында өліпті дегенге сенер ме едіңіз? Екіншіден, Шыңғыс хан Бұрхан Халдунда жерленсе, неге осы уақытқа дейін оның бейіті табылмайды? Үшіншіден, мұрагері болуы тиіс Жошы ханның күтпеген жерден қазаға ұшырауы Шыңғыс қаған үшін оңай соққы болмаған, соның салдарынан өзінің де кеселі асқынып, кешікпей қайтыс болды ғой.  Шыңғыс хан ұлының азасы бітпей жатып, Бұрхан Халдунға кетіп қалыпты дегенге сенесіз бе? Жошы ұлысын басқаруға тағайындалған жап-жас немересі Батуға Алтын Ордасын табыстаумен бірге, ақыл-кеңесін де беруі керек емес пе?

          Ә.Дәулетханға қойылар ең соңғы сұрақ: тарихшы ретінде Алаша хан кесенесі кімге арнап салынған деп ойлайсыз? Ал менің бұл сұраққа жауабымды ел де, Әлімғазы Дәулетхан да біледі, қайталап жатпаймын.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06