Шыңғысханды қазақтандыруды доғару керек

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ

24.12.2021, 15:00

10598

«Жас Алаш» газетінің 2021 жылғы 8 шілдедегі санында белгілі журналист Махамбет Сапармұратовтың «Шыңғысханомания дертіне дауа бар ма?» мақаласы хақында ойтолғау.

Сонымен, аталған мақала төңірегіндегі ойтүртпектен туындайтын тұжырымдардың, Шыңғысханды негізсіз «қазақиландырудың» қазақтың бүгінгі болмысымен ертеңгі болашағына қандай әсері мен кесірі бар? Соған жіті тоқталайық.

Біріншіден, Шыңғысханды қоңыраттан, адай, жалайырдан шыққан ретінде растайтын бүкіл жаһан танысып-таныған айғақты дәләлді деректер  ғылыми ақпаратты айналымында мүлдем жоқ. Ал Қазақстан шеңберінде жүз жерден дәйексіз «деректер» келтірілгенмен ешқандай дүниежүзі ғалымдары мен тарихи ғылымы мойындап, оны өркениетті елдер қауымы ақиқат деп ешбір қабылдамайды. Өйткені, Шыңғысхан жәйлі жазылған көне моңғол шежірелерінде, араб-парсы, қытай қолжазбаларында, мыңдаған ғалымдардың ғылыми еңбектердінде – ол моңғол халқын құрайтын тайпалардың бірі «қияттан» шыққандығы, сол тайпалардың басын жантүршгерлік қатыгездікпен, айла-тәсілдермен біріктіріп, Моңғол мемлекетін құрғандығы жәйлі мағлұмат ғылыми жүйеде бірбеткей тоғысып, табжылмайтындай қалыптасқан. Моңғолия мемлекеті жерден жойылып кетпесе, Шыңғысхан басқа халықтың еншісіне тимейді, тиюі мүмкін де емес. Кеудесін соғып, ақиқатқа мойынсұнбайтын «Шыңғысқанды қазақ қылу қолымнан келеді» дейтін бәзбіреулер, топтасып барып, Шыңғысханның Моңғолиядағы 200 тонналық ескерткіш-мүсінін сүйреп әкелсін. Ол далбас қолдан келмейтіні анық. «Монголия», «монгол», «монголоид» деген терминдер халықаралық ғылыми айналымға ондаған ғасырлар бойы еніп, жете айқындалып, нақтыланған түсініктер. Одан ешкім бас тарта алмайды. Әуелі қаһарлы қағанды қазіргі моңғолдар қазақтарға қолжаулық ретінде бере салатынына кімнің көзі жетіп отыр. Моңғолия деген мемлекет бар, одан шыққан моңғол Шыңғыс хан бар және «Моңғолия – Шынғысхан» деген сөз тіркестер халықаралық ақпараттық айналымда ажырамас бірбеткей түсінік болып қалыптасып кеткен. Бұл айдан айқын дүние, анық-қанығы ғасырлар бойы жіктелген ақиқат.  

Екіншіден, Шыңғысханды Қазақстанға қарай етегінен жармаса тарту жаңа бекіп, қалыптасып келе жатқан қазақ халқына, іргесі жаңа бекіген Елге пайдасынан залалы басым. Бұл үрдістің жалаң сөзге, дәйексіз ынтаға сүйеніп етек алып бара жатқандығы халықтың келешегіне қатерлі. Тарихи бекіген фактілер көкпардағы көк серке емес, сондықтан, оларды тақымға қысып алып, басы ауған жаққа алып қашуға болмайды.

Үшіншіден, ең бастысы – Шыңғыс ханды қазақиландыру әрекеттері тарихи әділеттілікке жасалған ғаламат қиямет. Сонымен қоса, Шыңғысхан әділетсіз қол бастап, қандарын көлдей сорғалатқан жүздеген мемлекеттер халықтары оны жақтамайтын, тіпті, жеккөрушілік шырайда қарайтыны анық. Шыңғысхан мен оның қанқұйлы жойқын шапқыншылығы алпауыт Ресей мен Қытай мемлекеттері халықтарының сүйегіне сіңіп, санасына дарыған: оны олар ешқашан ұмытпайды. Егер олардың түсінігінде қазақтар Шыңғысханның ұрпағы деген ұғым қалыптасса (қазіргі оны қазақтандыру келеңсіз үрдісі арқылы), олар кезек келе, орайына қарай Елімізді табандарымен жаншып өтер немесе «ползучая экспансиямен» («жербауырлап сіңу» арқылы басып алу) саясатымен, басқа да адамдарды жою (бұны олардың мемлекеттік саясаты деп қарау міндетті емес – қазір жанкешті шовинистер, ланкестер, фашистер, скинхедтер аз ба?) құрал-жабдықтармен (қатерлі гендік жүйені зақымдайтын сәулелермен, кеселді дәрі-дәрімектермен, тағамға салынған зиянды заттар қосындыларымен, қауіпті вирустармен, есті аудыратын есірткілермен, нанотехнологияның жетістіктерімен, әйтеуір тағысын-тағылармен) мүлдем жойып, құрдымға кетіруі мүмкін. Өйткені халқымыз аз, байлығымыз – мол, жеріміз – кең-байтақ. Осыған орай әзәзіл арандатушылар Жириновский, Никонов, Федоровтардың Ресей халқын қазақ жеріне көз тігіп, қабақ шытып тартып алуға үгіттеуінде де талай қатпарлы құйтұрқы саясат жатыр. Сондықтан, «ұлттық қауіпсіздік» деген мемлекеттік түсінікті баршамыз көңілімізге қондыруымыз міндет. Ең бастысы, басымыздың амандығы. Жалпы сұрапыл сұсты қаған мен оның жауынгер ұрпақтарынан ғасырлар бойы жәбір көрген халықтар бізге түзу көзімен қарамайтыны хақ. Қытай карталарында Жетісу Қытай жері деп бекер көрсетілмеген ғой. Наполеон 19 ғасырда көріпкелдік танытып: – «Қытай әрине алып. Бірақ ол ұйықтап жатыр. Ол оянса жер дүр сілкінері анық» деп айтқан екен. Оның алғашқы белгілері көрініс тауып жатқанын бәріміз куәгер болып отырмыз емес пе? Қытай әбден күшейіп алса, ол «әмірін әртарапқа жүргізер, дірілдер әлі күллі жер...» Ең бастысы Шыңғысханды қолпаштаушылардың келтіретін «деректері» өзінің ғылыми негізсізінде, көпе-көрнеу олқылығымен риясыз күмән тудырады. Оларда жалаң болжам мен айғақсыз тұспалдау басым. Болмаған дүниені – болыпты-мыс, көбіне қисыны жоқ нәрсені – қисынды етіп нандыру орын алған. Басқа да құнды деректерді былай қойғанда, адам санасының логикасына салсақ, Шыңғысхан туған жеріне өшпестей бір белгі неге орнатпаған? Қол астындағы шежіресіне құрығанда жарты парақ қағазға қазақ екендігін жаздырып, өзімен үнемі алып жүретін алтын сандығына неге салып кетпеген? Осы жайлы сырды діңгектей төрт ұлдарының біріне неге ғибрат қылып айтып кетпеген? Туған жерін, шыққан тегін есі бар адам жасырмайды қайта, аспан асты қайда жүрсе де, мақтан тұтып, ұрпаққа – өсиет етеді ең болмаса, қағазға ноқаттай белгі түсіреді, не өлең-күй дастан арнайды. Онымен қоса, Шыңғысхан түркі тілін білген деген болжамдар айтылып жүр. Бірақ академик В.В.Бартольд еңбектерінде Шыңғысханың тіпті, «әліпті таяқ деп білмегендігін», қарапайым жазуды меңгермегендігін, моңғол тілінен басқа тілде сөйлемегендігін жазып кеткен. 

 Грекияның 7 қаласында Гомердің туған мекенін анықтауда әлі күнге дейін талас орын алады екен. Әрине бұл орынды. Өйткені, Гомер өлмес «Илиада» мен «Одиссея» поэмаларын ұрпаққа қалдырып кеткен. Ал Шыңғысхан не қалдырды?

Тарихи айғақты деректерге, кейінгі археологиялық жұмыстардың нәтижесіне сүйенсек, Шынғысхан шапқыншылығы алдындағы дәуірде  Қазақстанда даму деңгейі биік жүзден аса қалалары, жалпы әлемдік өрекениетке қосқан ғылым мен өнер салаларында елеулі үлестері болғандығы белгілі. Қатыгез шапқыншы моңғолдар қазақ елінің қалаларын күйретіп, бейбіт халқын аяусыз қырып, оның өрекениет бағытындағы даму  жолын қан сорғалаған қылыштарымен қиып тастаған. Соның салдарынан VІІ ғасыр бойы, кейінгі жаңа дәуір кезеңдеріне дейін, қазақтар өркениетті игілікті дамудан аласталып, тағылық сипаттағы қарапайым ғана көшпенділік тұрмыс күйін кешуге мәжбүр болған. Осы кезеңде Қазақстан өңірінің басым көпшілік аймағында қалалар салынбаған, ғылым мен мәдениет жетілмеген, кітаптар жазылмаған, жастар оқуға, білімге тартылмаған жалпы қоғамдық даму тоқырап қалған.

Көкірегімізде қайнап жүрген бір сұрақты қояйық: Қазіргі жастарымыздың 99 пайызы неге ана тілін аузына алмады? Неге шынайы қазақ болғысы келмейді? Өйткені, олар ғасырлар бойы Шыңғысханның жерге жаншып тастаған бастарын көтере алмай, сол себепті қарапайым тірлігі салдарынан даму бағытындағы өркениетті елдердің көшінен қалып қойып,  Еліміз тәуелсіздік алса да, пәрменді даму жолына түссе де – сүйекке батып, қанға сіңген бодандық, құлдық санадан құтыла алмай, елінің ғасырлар бойы қарқындап жан-жақты жетілу жолынан ада болғандығын намыс көріп, іштей қысыла-қымтырыла кемшіндік сезімдерінен арыла алмай келе жатыр. Ащы шындық осы. Шыңғысхан тіпті өзінің туған елі Моңғолияның да көсегесін көгерткен адам емес. Ол елі ғасырлар бойы іргесі берік дамыған мемлекеттердің көшінің соңына да ілесе алмай қалған болатын, көрген тірліктері Қазақстаннан да төмен болғандығы айдан айқын.

Қандайда бір күрделі мәселенің машақатты күрмеуін шешуге бет аларда абыз Абайға жүгінген жөн. Ол өзінің «Отыз сегізінші сөзінде»: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің.… Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады», – деп жазған. Енді мына тарихи деректерге зер салыңыз, Шыңғысхан өзі бастаған моңғолдың жойқын қалың нөпірі халқымыздың дәулет-байлығына көзі тұнып, ата мекенімізді аяусыз шапқыншылыққа салып, кінәсіз бейбіт күн кешіп жатқан жұрттың қанын судай ағызып, қалаларды отқа шалып, сәулетті құрылыс кешендерін күйретіп, үйлердің шаңырағын ортаға түсіріп, жұртты зорлық-зомбылыққа салып, «ұлдарын құл, қыздарын күң» еткен. Неткен ғаламат зұлымдық! Бүкіл дүниежүзілік тарихи дүниетанымда Шыңғысхан моңғолдан шыққан аяушылықты білмейтін жауыз қолбасшы ретінде танылған. Парсы тарихшысы Рашид-ад-Дин: – «Ол алдында кездескен елді мекендерді, қалалар мен қасабтарды қиратып, өртеп, қырған» (Шежіре жинақ, 169 бет) деп жазып кеткен. Осыған ұқсас жазбаларды араб тарихшысы Ибн әл Асар да қалдырған. Моңғол тарихын жете зерттеген, орыстың тарихшы-жазушысы В.Г.Ян (шын аты – Янчевецкий) өзінің «Шыңғысхан» атты кітабының алғы сөзінде: «… Хватит ли у меня слов и сил, чтобы правдиво рассказать о беспощадном истрибителе народов Чингисхане и о его свирепом войске?...    (Халықтарды аяусыз қырғынға ұшыратқан Шыңғысхан мен оның қатыгез әскері туралы шындықты жазуға сөз бен күшім жетер ме екен?.. ) деп жаза отыра жүрегі дауа бермей қатты қобалжыған.

         Біздің қазіргі дүниетанымымыздың негізгі бір діңгегі іспеттес қазақтың аса көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» триллогиясының беташары ретінде берілген  мына бірінші суреттемеде сипатталатын көріністі еске алайық: «Ажал – үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе? Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді? Қара бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?» Әбілқайыр ірбіз терісінің үстінде аунап түсті. «Иә, өлім себу – Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жау жүректігін де осы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па?.. Иә, иә, сөйткен еді ғой… Бабамыз салған қанды-жосықты жол бар. Сол жолдың сүреңі емес пе біз келе жатқан? Қара қазақ түгіл, әлем қожасы Шыңғысханның ұрпағы бірін-бірі аяп көрмеген». Бұл көрініс есті адамға жан түршігерлік әсер ететіні сөзсіз. Жер шарының үштен бірін жаулап алып, Моңғол империясын құру жолында басқа айла-тәсіл, әрине жоқ болған. Сонда осы тәсілді ұстанған адамның аты Шыңғысхан, ал жөні қайсы?

         Тағы да мына жайтты айтпай кетуге болмайды, Шыңғысхан өзі жасаған жауыздықтарының шексіз екендігін көзі тірісінде өзі мойындағандығының басты дәләлі, ол туған ноян ұлдарына өзі жерленетін тұсты тірі жан білмеуін тапсырған. Жерлеуге қатысқан жазықсыз екі мың адамның бастары шабылған. Шыңғысхан зират басында лағнет айтар халық аз болмасын білген болып тұр ғой.

         Қандай да болмасын қоғамдық құбылыстарды әділ саралап, ақиқатқа жету үшін оларды философиялық тұрғыдан талдау жасау өркениетті елдерде ертеден қалыптасқан. Сондықтан, адамзат тарихының көне заманынан бері зардапты серігі болып келе жатқан қанқұйлы майданды соқтығыстарды  гуманистік қағидатқа сүйенген философия ілімі, зиялы қауым «әділетті» яки «әділетсіз» соғыс деп екіге бөлген. Елін, туған жерін қараниетті басқыншылардан қорғауға бағытталған соғыс әділетті болып саналады. Ал басқа халықтың байлығына қызығып, отарлыққа айналдыру мақсатындағы басталған шапқыншылық әділетсіз соғыс болып танылады. Анық та айқын түсініктер. Ал Қазақстан зиялы қауымы Шыңғысханға әділ баға беру үшін осы екі түсініктің қайсысын жақтайтындарын анықтап алу міндет.

Өйтпесе, қоғам екі жаққа бөлінеді. Осыларды айта келе, тарихи шындықты сырып тастап, Шыңғысханды жасанды қаһарман ретінде көкке көтеру одан зардап шеккен халықтар алдында қиямет, обалына қалу деген сөз, оны жастарға үлгі ету адамзаттың болашағына қауіпті. Біз Шыңғысханның ұрпағы емес – жүздеген халықтар сияқты, құрбанымыз. Осы шындықты мойындаған жөн.

        

Тегтер: тарих тұлға тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш Әбілдәқызы 10:00
«Қазақстан халқына» қорының жұмысы барынша ашық, жариялы болса ел сеніміне ие болар еді
Төреғали ТӘШЕНОВ 26.01.2022, 18:01
ҚАҢТАР. ҚАРА ҚҰЗҒЫН
Бифат Елтаева 25.01.2022, 14:28
Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»
Думан Рамазан 25.01.2022, 10:36
ТОР (әңгіме)
Ғарифолла ЕСІМ 20.01.2022, 16:06
Ойлан, қазақ!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 18.01.2022, 16:08
Қаза тапқан сарбаздардың ордені ата - анасына табыс етілді.

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48