«Шыңғысханомания» дертіне дауа бар ма?

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

08.07.2021, 09:07

7543

«Біз өмір сүріп отырған ғасырдың

                                                          ащы шындығы:  небір қатал сындардан

                                                өтіп барып, ақыр аяғында өтірікшіге

      айналамыз».

                                                                                               Альбер Камю,

                                                                 Нобель сыйлығының                                                                                                 лауреаты

 Ұят болады-ау демейміз, берсе, қолынан,  Бермесе, жолынан  деп көрші момын моңғолдардан Шыңғыс қағанды тартып алуға тыраштанып жатқанымызға талай жылдың жүзі болды. Шалажансар шолақ болжамнан шалқар шындық  шықпайды екен. Біз осылай әрі-сәрі күй кешіп, бас шайқап, бармақ тістеп жүргенде, оңтүстіктің бір қалталы кәсіпкері «Менің ұлы бабам– Шыңғыс қаған»  деп жарқыраған жылтырақ төсбелгіні шығарып та үлгерді. «Шыңғыс хан – қазақ» деп, аузы қисайғандардың кеудесіне әлгі темір–терсекті тағып, арқасынан қағып жібереді. Ол бәтшағарларыңыз нақ бір Нобель сыйлығын алғандай мәз болады. Шыңғыс қағанды қалай да қазақ етуге құлшынысы қатты адамдардың бетін қайтару мүмкін болмай тұр. Нағыз «шыңғысханомания» дерті дерсіз. Бір айтса, классик жазушымыз Мұхтар Мағауин айтар еді. Қаған жайлы қатпар-қатпар тарихты ақтарып, том-том кітап жазған адам ғой. Әл, әзірше, ол кісі үнсіз, Жер шарының арғы жағынан қарап отыр. Кавказ халықтарының көсемі Имам Шамиль: «Мың адам салған нәрсені бір адам бұза алады. Ал егер мың адам бұзып жатса, бір адам не сала алады?» дегендей, қолбала тарих жасаудың астарынан  дарақылық пен даңғазалықтың, салқыны сезіліп тұрады. Жаман аттан құласа, екі бұтын көтеріп құлайды. Ежелгі Рим императоры Константин мен орыс падишалары сияқты, қолыңда билігі мен қалтасында қаржысы барлар аты-жөні белгісіз, болған-болмағаны беймәлім ата-бабаларын атақты етіп көрсетіп, қала, аудан, ауылға атын бергізіп, мұқабасы қатты қалың кітаптар шығарып, оған өз аттарын қосып тіркеп, тарихқа тықпалап жатқандарға қарасаңыз, адамдарға жалақы төлейтін тізімді көргендей боласыз. Өз өтірігімізге өзіміз иланып қана қоймай, имандай сеніп, қақалып-шашалып жүргеніміз бір бұл емес. Айтып көрейік.

      «Қарақыпшақ Қобылаңдыда нең бар еді, құлыным?» демекші, дәйексіз долбар мен босбелбеу болжамдарды қардай боратып, өлгеніне VIII ғасыр өткен, қара жерде қабірі табылмаған Ұлы қаған Шыңғыс ханды жекешелендіріп алу жолында жанталасып жатқандар көп. Олар оңай-оспақ адамдар емес: араларында мемлекеттен сыйлық алған мүйізі қарағайдай, қаламгерлер мен ауылдағы алаөкпе тарихшысымақтар да ат қосып жатыр. Өз қазанымызда өзіміз қайнап жатқанымыз қораш көрінді ме қайдам, Азия форумында 44 мемлекеттен келген 100-ден астам қаламгерлердің де құлақтарына құйып жібердік. Сол жиында классик жазушы, жақында ғана дүние салған дарабоз Қабдеш ағамыздың: «Шыңғыс ханды қазаққа қайтарындар!» деп арқырағанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Форумнан көп бұрын қайтыс болып кеткен әйгілі жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев көзі тірісінде бүй депті: «Бір надан Шыңғыс ханды адай деп, дәлел ұсынады. Екіншісі жалайыр, келесісі қоңырат деп. Сондағы ойлары не? Әлемде ұлы қаһан жайлы 2700-дей көркем туынды, деректі, зерттеу еңбек жарық көрген. Жаңалық ашылып біткен, жанкешті ағайын!

      Бір ұлттың сыйынары мен сүйенерінде шаруаларың қандай? Ол сендердің өз ойларыңмен өлшеп-пішкен кішкентай рулық көрпелеріңе  сыяр тұлға емес!». Сөз-ақ қой, шіркін! Бірақ аталы сөзге тоқтайтын ақылды да атақты адамдарымыздың қатары азайып кеткен сыңайлы. Қайта тыраштанып, өршеленіп, өшігіп, айтыс-тартыстың қою шаңына көміп жатыр. Арда ұлдың айтқанын ұғып, айылын жияр емес.

      Түр өзгергенмен, тек өзгермейді. Шыңғыс хан қоңырат тайпасына жиен әрі күйеубала болғаны үшін  қазақ бола алмайтын тәрізді. Тарихшы–ғалым Маратбек Аханов («Жас Алаш» № 100, 12.12.2019 ж) ұлы қағанның үрім-бұтағын, тамыр-тегін, түп-тұқияның тарқатып Бөрте Чиноның 23- ұрпағы екенін жіпке тізіп, көзге шұқып көрсетіп берді.  Жанкешті ағайын енді тоқтаса жарар еді. Әй, қайдам-ай, біздің пендешілігіміз бен тыраштығымыз, өлермендігіміз бен мақтаншақтығымыз оған әсте жол бере қоймас, сірә. Екі анық: ата-бабаны және туысқанды таңдап ала алмайсың. Жарты әлемді жаулаған ұлы қолбасшыны біздің бабамыз деп таңдап алуға құқығымыз бар ма?

           Бізге Шыңғыс хан қазақ болса, әлем елдері қазақтарды төбесіне көтеріп, төрге оздыратындай көрінеді. Ұлы қағанды қазаққа қайтару керек деп жар салып жатқанымыз – буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей.  Өйткені тарих рецептпен жасалмайды. Тарих – шындықтың шешесі, ақиқаттың анасы. Тарих бұрмаулауға көнбейді: түптің түбінде, ақиқат қалың қатпардан қайта аршылып алынып, өтіріктің бетін шиқандай етеді. Айталық, ақын Мұхтар Шаханов шырылдап, Шыңғыс ханның қателігін көрсетіп «Оян. Қайыр бабатайым, қасиеттім, қамбаттым!» деп, өткен ғасырда «Отырар дастанын» өмірге әкелгенін білеміз. Бүгінгі таңда белгілі болғандай, шыңдыққа сай келетін Қытай деректерінің негізінде түсірілген тарихи  «Шыңғыс хан»  телесериялына көз салсаңыз, сол дүниеқоныз, опасыз Қайыр «бабамыз» Отырар қаласының осыдан тұп-тура 800 жыл бұрын жер бетінен біржолата жойылып кетуіне өлшеусіз «үлес» қосыпты. Қағанның пәрменімен 500 түйеден құралған бейбіт керуенді қарақшылықпен тонап, адамдарын өлтіріп ұлы қағанның қатыгез қаһарына ұшыраған. Енді бұған не дейсіз?  Өз төл тарихымызды түгендей алмай жатып, «Шыңғыс ханның шекпенінен шыққан ұрпақ біз боламыз, моңғолдардың иегі қышымасын» деп, ұрандатып жатқанымыз, шаңнан үй тұрғызып, тұманнан там салғанға ұқсайды.

      Бір замандасы Қалтай Мұхамеджановқа «Әй, қожа, анау, сенің ағаң ба, немене?  Қожалар да обкомға хатшы болады екен-ау?»  депті. Сонда Қалағаң: «Құдай қожаларға пайғамбарлығын қиғанда, қазақ хатшылығын қимай ма?» деген екен. Қазаққа қырын қарамаған Құдай бермеген Шыңғыс ханды тартып алуға тыраштанып жатқан тәріздіміз.  Тарихты өз қалауымызша,  қолдан құрастырып, өз көлеңкемізге өзіміз сүрініп жатырмыз. Тарих адамды емес, қоғамды таңдайды, Тарих-ана күндердің күнінде бәрін өз орына қойған кезде, ұрпақ дидары ұяттан қызарып тұрмасын деңіз.

                                                   

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Гүлзира СЕРҒАЗЫ 15:21
Алаш арыстарына арнау
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ 11:24
Алтынның буы мен уы
Гүлзира СЕРҒАЗЫ 09:31
Ахметтану тағлымдары медицинада
Бифат ЕЛТАЕВА 05.10.2022, 13:57
Қымбат Досжан: Кішкентай көрерменнің талғамын қалыптастыруға мүдделіміз
Зәкір АСАБАЕВ 04.10.2022, 15:52
«Жас Алашқа» рақмет!
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 04.10.2022, 12:08
Етбауыр

Аңдатпа


  • Jusan-ды жусататын күн туа ма?
    06:13
  • «Назарбаевсыздандырумен» қашанғы алысамыз?
    06:12
  • Ұлттық идеологияда неге ұтылып жүрміз?
    06:11
  • «ҚОРАҒА» кірдік. Берешекке құмар үкіметте бедел қалды ма?!
    05.10.2022, 09:29
  • Ресей – өтірікшілер елі. Қазақстанға не жорық?
    05.10.2022, 09:28