Шырықты бұзған шылау

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

19.10.2021, 08:20

639

 Жалғасы...

«Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсығандар(… дың) жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» [1.458].

Міне түпкі мақсат қайда? «Таза білім» деген осы. Ал енді осы «таза білімге» қалай жетуге болады? Оның тура жолы бар ма? Бар. Бірақ «қалың елі – қазағы» оқуға ықылассыз. Қырсық қылғанда, тығырыққа тірелген халқын оқытудың «тура жолын» Абай да таба алмайды. Қисынсыз қыспаққа тірелгеніне қысылғанынан немесе таба алмағанына тарығып-тарынғандығынан, ықтиярсыз, яғни «неғылайынсыз» екі амалға жүгінеді. Абайды тұйыққа тіреген қылапат: оқуға талапсыздық, ұлтының бойындағы енжарлық.

«Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін – ол жол(ға), бірін бұл жолға салу керек. Дүниеде ғылымның (есепсіз) жолдары бар. Әрбір жолда бір медресе бар. Соларға түсіріп беріп: «Сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен», – деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе… Кәтта, қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді» [1.484].

Әрине бұл – ызалы, қапалы, ашынған жанның сөзі. «Қайтсе де таза оқуды зорлап та болса оқыту керек», – дейді. Әлгі бізді нәркүмән етіп отырған «да» шылауының астарындағы Абайдың күдігі қайда қалды? Тіпті бұдан да қатты екпіндеп: «Турасын ойлағанда: балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял (ұят емес – Т.Ж.), балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма. Әйтпесе бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсетер ме, өзі рахат көрер ме, иә, жұртқа рахат көрсетер ме?» [1.458], – дейді Абай.

Ал сол оқығандардан қандай нәтиже шығып жатыр? Абайдың әншейінде «неғылайынсыз» айтатын тура сөзі неге жұмсарып: «Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі ата-анасы, ағайын-туғаны бір жағынан бұзып жатыр. Сөйтсе де, осы оқыған балалар – ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да, сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта кедейдің балаларын орысқа зорлап (қорлап-?) берді. Олар осыдан артық қайда барсын?» [1.458], – деп неге «неғылайыны» ұстап қалды.

Тіпті, «таза оқуды» былай қойып, күфір ілімді де игер дейді. Яғни: «Орысша оқу керек. Хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор» [1.458], – дейді. Тек сол үшін бе, яғни бақ көтеру үшін бе? Жоқ: «Залалынан қашық болу (үшін), пайдасына ортақ болу (үшін), тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің кілтін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбір елдің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» [1.458].

Міне Абайдың діттеген нысанасы осы. Шырықты бұзған «да» шылауының да шиыры осы арадан басталады. Өйткені Абай алғашқы бір сөйлемге өзінің түпкі тұжырымын, ішкі көңіл-күйін астастыра отырып астарлап, түйіп жеткізіп, тосын тұжырым жасайды да, содан кейін барып осынау бір қатал үкімнің, әзірше «да» шылауының мағынасын тарқата түсіндіреді. Тура осы араға дейінгі оқу туралы пікірлер «Жиырма бесінші сөздегі»: «Балаларды оқытқан жақсы», – деген бірінші сөйлемнің мағынасын жеткізіп, тарқатып отыр. Ал: «Балаларды оқытқан да жақсы», – дегеннен кейінгі «да»-ның астарындағы дықты, яғни өкпені: «Ал сол оқығандар не ойлап, не істеп жүр?», – деген сұраққа берілген мына жауаптар ашады: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» [1.458].

Ол рас. «Жиырма бесінші сөздегі» Абайдың айтар ойының ырғағымен қайталай тәфсірлесек: «Иә, «дағуасына кіріп», «ол білгенді біліп», «адал еңбек етуді үйрену» үшін, өзгеге үлгі үшін, «залалынан қашық болу (үшін), пайдасына ортақ болу (үшін)», орыстың тілін, оқуын, ғылымын білу үшін, «ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына көнбеу» үшін, «қазаққа күзетші болып, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жеу үшін ниеттеніп үйрену керек». Әрбір елдің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» [1.458].

Иә, бұл – «мал аяйтын жол емес».

«Турасын ойлағанда: балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял (ұят емес-Т.Ж.), балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң саған рахат көрсетер ме, өзі рахат көрер ме, иә, жұртқа рахат көрсетер ме?» [1.458].

Дұрыс!

«Бірақ, осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар, соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді» [1.458].

Бір.

Ал, енді оларды бұзылуға итермелеп, көтермелеп, қолдап отырған кім?

«Жақсы білгенді жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырыннан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, көті ашылса да, қам жемейді» [1.458].

 Екі.

«Және де кейбір қазақтар ағайынмен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма – шаш, аузыма – мұрт, «сақал» қойып кетпесем бе?» – деуші еді» [1.458].

Үш.

Паһ, шіркіннің қиын қылғандағы – істегені, қиналғандағы – амалы, жауыққандағы – жазасын қара! Бүйткен бөзөкпеден не шығып, не қояды, халыққа не пәтуә әкеледі? Ештеңеде.

«Осындай жаман сөзді: құдайдан қорықпай, пәндеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен, не бола қойсын? Сонда өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қашты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасыменен оқығанға – әрең оқытады, өз малын неғып шығарсын?» [1.458].

Енді не істемек керек? Мынадай мінезсіз тәрбие мен қастаншықпағыр қара пиғылды, қара ниетті үйрететін, «қазақты аңду» үшін «ұяты жоқ», яғни имансыз ғып шығаратын оқудың өзі – арам оқу, бақас білім, күфірлік мектебі емес пе?! Иә, «оқыған жақсы», «оқытқан да» жақсы. Әсіресе «құлшылық» ілімді», «таза түркілік ілімді», «араб-парсыны» оқыған жақсы. Ол – «таза ілім».

 Ал «таза оқу» мен «дағуаға» кіретін оқудың шекарасы – иман мен имансыздықтың шекарасы. Себебі «оның үшін (ол үшін, шәкірт үшін)» бұл ара – «бұл жер дәрілқарап»! Ең қауіпті – сана, білім, иман шекарасы. Бұл шекарадан аттасаң: «Құдайдан қорықпайтын, пендеден ұялмайтын», «адамшылықты жауырынан бір қаққан майорға сататын», «майордың күлгені керек деп, көті ашылса да, қам жемейтін», алған білімімен «саған да рахат көрсетпейтін», «өзі де рахат көрмейтін», «иә, жұртқа рахат көрсетпейтін» «бір ит қазақ боп» шығасың!

«Оқыған да, оқытқан да жақсы-ау! Бірақ...» ар-ожданнан аттату үшін, адамгершіліктен айыру үшін, елін сату үшін, ағайынды аңду үшін «ит қазақтың» оқыған оқуы – «таза оқу» емес,  ол – дәрілқарап (Дәр-ул Харб) оқу! Сана мен рухтың құлдануға бет алған шекарасы, иман мен имансыздықтың «дәрілқарап» майданы!

Міне осы арада Абайдың әлгі «оқыған жақсы» мен «оқыған да жақсы» дегенінің мағыналық аса терең айырмашылығы ашылады. Біз шылауды шыжымдай отырып осы сөздің қаламымызға қалай ілінгенін білмей қалдық. Енді ашығына көшейік: мәселе «да» деген шылауда емес. Түсінігі – анық сөйлемнің астыртын мағынасы ашу үшін шыжымдап әкелгендегі амалымыз, Абайдың: «Балаларды оқытқан… жақсы,… оқыса болады, бірақ...», – деп кібіртіктеп, кіртиіп қалуының себебі мен салдарын, әрі қарай «жалған, қулық сауған, бақас ғылымды үйрететін» оқудың пайдасыздығын, ол оқудың мақсатсыз міндет екендігін, осыдан кейін бұл «жерден» (білім шекарасынан) әрі аттау: «Оның үшін бұл жер дәрілқарап (Дәр-ул Харб)» [1.456], – деп кесіп-пішіп, түйіп айтқан тұжырымына жете назар аударту.

Ғұлама Ақжан Машани өзінің «Әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде: «Өзінің дінін, тілін, елін білгендер ғана орысша оқыса, ол жақсы. Оны білмей орысша оқыса, онан қайыр күту қиын» [10], – деп Абай ұстанған қағиданы мақұлдайды.

Ал енді осы оқу мен білім, ғылым жүйесіне еш қатысы жоқтай көрінетін, ислам дүниесінде «төтенше әскери жағдай» деген мағына беретін «дәрілқарап (Дәр-ул Харб)» деген шетін ұғымды Абай неге оқуға, білімге қатысты қолданып отыр? Әлде бұл ұғымның мағынасына тереңдеп бармай, Абай шығармаларының барлық басылымдарында үстірт берілген «түсініктемелер» мен талдауларға сүйеніп: «орынсыз жаңылыс қолданған», «ауыспалы мағынада айтып отыр», бұл сөз араб тілінде: «қауіпті, бүлінген», «талас, тартыс, айтыс», «дағуасына кіру үшін талас, тартыс, айтыс» деп көлгірсіте жөнелгіңіз келе ме?

Жоқ. Ол – сауатсыздықпен пара-пар жауапсыздық. «Дәрілқарап (Дәр ал-Харб)» – ислам дүниесіндегі ғаззауаттың алғышартының бірі ретінде саналатын, жиһадқа да бастап кетуі мүмкін өте шетін жағдай. Дәуір, заман үғымымен байланыстырсақ – ислам дүниесінің жат жұрттан қысымға ұшыраған кезеңі. Тарих пен тіршілік амалы тұрғысынан түсіндірсек – ислам жамиғатының отарлық, бодандық жағдайында ырықсыз өмір сүруі. Ал оқу, білім, ғылым тұрғысындағы астарын ашсақ, бұл – миссионерлік арандату мен азғырудың бұғауында, діннен аздыруға мәжбүр ететін жауыздық пиғылдағы әскери күштің құрсауында өмір сүріп жатқан мұсылман жамағаттының һал-күйі. Миссионерлік-дәрілқараптық һарам пиғылдың түпкі мақсаты – ислам ілімінің бетіне шіркеу түсіру.

Миссионерлік оқу – миссионерлік уағызды әдет-ғұрыппен, өнер, ғылыммен, тіршілік қарекетімен араластыра аздыруға бағытталған (бұл қастаншықпағыр әрекет қазіргі қазақ қоғамынан барынша бейбастақ күйде орын алып барады, тіпті, заң арқылы да қақпайға түсіп отыр) күфірлік білім жүйесі.

Міне Абай «дәрілқарап» деп – миссионерлік пиғылдағы жымысқы пәндерді оқыту арқылы шәкірт санасына жымси сіңіріп, азат, еркін рух ілімін – исламның «кірлігі» («таза оқыса болады» деген сөздің антонимі ретінде қолданып отырмыз) үшін үйретіп жатқан оқу жүйесін айтып отыр.

«Оқы. Оқыған жақсы. Бірақ рухыңды қорлатпа, таза ар ілімін игер, иманыңды ірітпе». Әйтпесе ит қазақ боп тудың. Ит қазақ боп өлесің» [1.258].

Демек Абай: «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің оқу жүйесі «дәрілқарап», төтенше қауіпті рухани күрес жағдайында өмір сүріп, білім алды», – деп баға берген.

 Әзірше жасайтын тиянақ-тұжырымымыз мынау: «Иә, оқытып, оқып, олардың білгенін біліп, дағуасына кіріп, өзінің қаруын өзіне жұмсап, «дәрілқараптық» мүттәйім бодандықтан құтылып, «дар-ул исламға» – азат, таза қанды қоғам орнатып, «жұрт қатарлы ел» болуға ұмтылу керек. Міне Абайдың «Жиырма бесінші» сөзінде айтайын деген басты идеясы осы, яғни орыс тілін дәрілқараптық құлдықтан, бақылаудан, үстемдіктен құтылу үшін уақытша дағуасына кіріп, соның қаруын соның өзіне қарсы жұмсап, күресіп «дар әл-исламға» – таза азаттыққа жет», – деген ұлы аңсар. Демек орыс тілін құлдану үшін емес, ар-ождан мен рухтың, ұлттың азаттығы жолындағы күрестің амалы үшін меңгер дейді. Абайдың бұл ойын М.Әуезов: «Шығыста да батыстың қысымына қарсы қозғалыс болған. Бұл ескі режимді қайта құру негізінде болды. Дінді қолдарына ту етіп ұстады. Еуропаның өнерінен қашпау керек. Бірақ (оны) алғанда исламды күшейту үшін алу керек дейді» [11.38], – деп түсіндіріп береді.

Ал біз мұны «өркениетке жол ашты», «сауатымызды ашты», яғни рухани тәуелденудің, мәңгүрттенудің жолын көрсетті деп түсіндіріп келдік, әлі де солай түсіндіріп жүрміз. Осынау қастаншықпағыр қатерлі қате қағиданың уағызы сүйегімізден өтіп, тұқымымызға жетті. Тек тұқым қуаламаса екен деп тілеймін!

Ақыры біз қанша өбектесек те ашылуға тиісті «ақиқат пердесі» (Софы Аллаяр) ашылды. Сондықтан да, осы «дәрілқарап» (Дәр-ул Харб) пен «Дағуа» және Абайдың оған көзқарасы деген аса ауқымды әрі шетін мәселені біртіндеп-біртіндеп сатылап түсіндіруге ұмтыламыз. Мұның өзі – абайтанудағы әлі де тиянағын таппаған тақырып.

Сонымен: «да» шылау емес, қазақтың санасына құрылған шырға шекарасы болып шықты.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ 01.12.2021, 09:10
Қазақ философиясындағы дара тұлға
Индира БІРЖАНСАЛ 30.11.2021, 18:08
Жастармен бірге тыныстайтын басылым

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00