05.05.2023, 16:34
3319
Иә, қазақ тілі құрып кетудің аз-ақ алдында қалып, бүгінде әзер дегенде қалт- құлт етіп жүріп келе жатқан тәрізді. Шетелдіктерге де өз ана тілінде сөйлемейтін халық ретінде танылып қалғанымыз. Мемлекеттік тіл мәртебесі болса да қазақ тілі әлі босағадан сығалап тұр. Орыс тілді қазақтар мен Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінен «неге қазақ тілін үйренуге талпынбайсыз» деген сауалды бірнеше рет қойып көрдім. Сөздің шыны керек, қазақ тілін үйренгісі келіп жүргендер өте аз. Өзге ұлт өкілдері «өз ана тілін білмейтін қазақтар бар ғой» дегенді айтып, жайбарақат күн кешуде. Мемлекеттік тіл білмейтіндердің басым бөлігі «қазақ тілін білудің қажеттілігі әлі туған жоқ, барлық жерде орыс тілінде қызмет көрсетеді, алдағы уақытта қажет болса үйренеміз» дегенді айтады. Бұлай жүре берсек, мемлекеттік тілге пысқырып та қарамайтын түрлері бар. Өзге ұлтты қойып, отыз жылда кейбір қазақтардың өзі ана тілін меңгеруге талпынар емес. Олар биліктің әзірге ресми тілден бас тартпайтынын білген соң, аса тырыса қоймайды. Қазақ тілі курстарын тегін оқыту аз деген де сылтау айтылып жатады. Алайда сол өзін «шала қазақ» ретінде сезінетіндер балаларын ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға сүйретіп жүр. Ұрпағының тілі жат тілде шығып жатқанымен істері жоқ. Бір кем дүние...
Мемлекеттік қызметке баратындар үшін қазақ тілін білу міндеттелуі мүмкін
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке барғысы келетіндер үшін қазақ тілінен тест тапсыру міндеттелуі мүмкін. Жақында «Ашық НҚА» порталында мемлекеттік тіл туралы құжат жарияланды.
ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің порталында «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» үкімет қаулысының жобасын орналастырды. Бұл тұжырымдама жобасын қоғамдық талқылау 25 сәуірге дейін жалғасады екен. Құжатта қазір мемлекеттік қызметшілерге қызметке кірген кезде мемлекеттік тілді білу тестін тапсырудың қажеті жоқ екені жазылған.
«Мемлекеттік қызметшілерге, қызмет көрсету органдарына және т.б. қызметке кіру кезінде «Қазтест» жүйесі арқылы заңнамалық тестілеуден өту міндеттері енгізілмеген. Бұл мәселені қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу арқылы шешу қажет» делінген құжатта. Яғни шенеуніктер үшін мемлекеттік тіл білуі маңызды болуы мүмкін. Бұл әрине әуел бастан бұлжымай орындалуы тиіс талап болатын. Өйткені қазақ тілін бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің білуі маңызды екені сөзсіз. Осындай талап бола берсе, қазақ тілін білуге талпынғандар қатары бірден көбейетіні ақиқат.
«Мемлекеттік қызметке барғысы келгендер үшін қазақ тілінен тапсыратын тесті міндетті етіп қойса, оны дұрыс деп есептеймін, мен мұны қолдаймын. Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейтеді. Қазір көп дүниеге «Қазтест» тапсыру арқылы қол жетуде. Ол жерде қазақ тілі міндетті түрде есепке алынуы тиіс», – дейді заңгер Болат Сыздық.
Заң тұрғысынан мемлекеттік тілді қолдауға осындай қадамдар жасала берсе, қазақ тілінің еңсесі көтеріліп қалар еді. Сонда қазақ тілінде қараша халық қана емес, билік те сөйлер еді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР