Сөз өнерінің серті мен дерті

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

28.11.2022, 17:21

1055

    1850 жылы 18 тамызда Парижде атақты Оноре де Бальзак дүние салды. Күні кеше ғана әр шығармасының жарық көруін сағына күтіп, тағдырлы туындылары ең жақын сырласы, нағыз досына айналған оқырмандар үшін қабырғалы қаламгердің қазасы орны толмас ауыр қайғы болды.

     Кез келген ірі суреткердің дара қолтаңбасы, өнерде өзге ешкімге ұқсамайтын мінезі бар дегенімізбен, шығармалары шындықтың шарайнасындай  ғана емес, ар-ұятындай да болған тұлғамен қоштасудың қаншалықты қиын екенін тап сол күні француздардан артық сезінген халық жоқ шығар, сірә.

Қаралы хабарды ести салысымен Бальзакты ақтық сапарға шығарып салуға тайлы-тұяғы қалмай асығып, ойдан-қырдан жиналған елде есеп жоқ. Кеуделері өксікке, жәудіреген жанарлары жасқа толып, жүректері қан жылаған жұрттың көзі тірісінде сүйікті қаламгеріне бір жақсылық жасай алмаған немқұрайлықтарына  қапаланып, ең құрығанда онымен мәңгілікке қоштасарда аруағына құрмет көрсетіп қалғысы келген періште пейілін түсінуге болатын еді. Сұлулық пен бақыт жайлы асыл армандардың мекеніне жетелеп, бойларына құлшыныс бітіріп, алға ұмтылдырған және рухтандырған том-том кітаптары бөлмелерінің сөрелерінде тұрған француздар сол күні мына дүниедегі ең жақын адамынан айырылғандай аза тұтып, жазушыны жоқтады.

Дәм-тұзы ерте таусылған Оноре де Бальзак бар-жоғы 51 жыл өмір сүрді. Әй, бірақ қарыздан көз ашқызбай, алаяқтардың жемі қылған арсыз тіршілікті, күніне он төрт, он бес сағаттан еңбектенуге мұқтаж етіп, маңдайдың тері шүмектеп аққан адал бейнеттің балын жегізудің орнына, кермек дәмін татқызып, басына бақ құсын қонғызбаған талайсыз тағдырды өмір деуге бола ма, айтыңдаршы?

Бейнет пен жоқшылықтың жанын қинаған қамытынан құтыла алмағанына қарамастан, Құдай берген азғантай ғұмырында артына өлмейтұғын сөз қалдырған француз классигі ұлтының әдебиетіне көп жаңалық әкелді. Роман жазудың аясын кеңейтті, натуралистік және реалистік прозаның негізін салып, романтизмнен малтығып шыға алмай батпақтаған әдебиетке сара жолды нұсқап кетті.

Жеке адамдардың мінездерін ғана емес, қоғамның картинасын айнытпай салған жазушы қаламының құдіреті туғызған, бақыт іздеп адасып, материалдық игіліктердің, оңай олжаның, құрмет пен атақтың қыр соңынан қуған аянышты кейіпкерлерді қалай ұмытасың. Уақыт өте келе ұлы суреткер туындыларындағы образдар сөз өнерінің символына айналып (мысалы, Гранде – сараңдықтың, Горио – әкелік махаббаттың), әлем әдебиетінің галереясын байытты.

    Бәрінен бұрын Бальзак сомдаған 30 бен 40 жас аралығындағы бір-біріне ұқсамайтын нәзік жандылардың қайталанбас бейнелері қандай! Әр әйел –ерекше құбылыс, теңіздей терең – тылсым әлем.

    Өмір шындығын асқан шеберлікпен бейнелеп, қоғамның жалған болмысын аяусыз әшкерелеуден қорықпаған, ақиқаттың алдаспанындай жарқылдаған реалист ақынның әйелдер тағдырын суреттеуге келгенде қатқыл қаламының жұмсарып, жүрегіндегі мұзының еріп сала беретінінің біз білмейтін құпиясы неде екен, ә! Неге оның туындыларында еркектердің көбісі оңбаған, ал әйелдер… жо, жоқ, басын кесіп алса да әйелдерге деген махаббаты шексіз болған Бальзак олар жөнінде жаман ой айта алмапты. 

Құдайым-ау, Лоре де Берни, Сара Гидобони-Висконти, Зюльма Карро, Эвелино Ганскаяларға өлердей ғашық болған сыршыл суреткердің ондай сөздерді айтуы қалайша мүмкін болмақ? Ал біз білмейтін, жазушының жүрегін оттай жандырған арулар қанша? 

Баладай аңғал, сәбидей сенгіш суреткердің гүлдей нәзік сезіміне шоқ тастап, басын шыркөбелек айналдырған сұлулар-ай! Сұлулар! Сендердің арқаларыңда Бальзактың қаламынан Морсоф, герцогиня де Ланже, мадмазел Туш, Беатрис сияқты әйелдер образының галереясы өнерге келді. Бәлкім сондықтан ба екен, қаламгердің қазасына қабырғасы қайысып, оны жоқтап жылағандар, әсіресе әйелдердің арасында көп болыпты. Әйелдердің! 

Ормандай оқырмандары, өнеріне сүйсінген халқы болғанына қарамастан, байғұс Бальзак өлерінде жүрегін соқадай жыртқан жалғыздық дертін емдей алмай, тағдырымен торға түскен арыстандай арпалысты. Дәм-тұзы таусыларын сезгенде сөнуге айналған үміт шоғын үрлеп, «Мына мол мұрамды қайта жазып шығуға бірнеше жыл уақыт берші, Тәңірім!» деп Жаратушыға да жалбарынды.

Ұлы адам өмірден өткенде жасалатын құрметтің бәрі көрсетіліп, Оноре де Бальзактің сүйегі 1850 жылдың 20 тамызында Пер-Лашез зиратына жерленді. Жазушымен қоштасу рәсімі кезінде суреткердің мәйіті салынған табытты сол кездегі Францияның атақты әдебиетшілері бірінен кейін бірі кезектесіп көтеріп, зиратқа қарай беттеді. Марқұмның мүрдесі жер қойнына тапсырылғаннан кейін, аза тұтқан халықтың көкейінде өксіктей тіреліп, сыртқа шыға алмай тұрған азалы сөзді Виктор Гюго айтып, жүректерді  жылатты.

«Мырзалар!» – деп бастады ол, кейін тарихта қалатын атақты сөзін. Жиналған жұртқа бір қарап, жас тұнған жанарлардан халықтың кімнен айырылып қалғандарын енді түсінгендеріне көзі жетіп, дірілдеген дауысымен сөзін сабақтады. «Жаңа ғана жерленген адам, бүкіл халық болып соңғы, азалы сапарға шығарып салғандардың бірі. Біздің уақытымызда алдамшы ұлылық жоқ. Ендігі кезде халықтың назары патшалық құрғандарға емес, ойшылдарға тігіліп, арамыздан сондай ойшылдардың бірі кеткенде оның өлімі бүкіл елді қайғыға батырады. Бүгінгі күні талантты адамның қазасына қоғамның көптеген топтары, ал кемеңгердің өліміне бүкіл ұлт қайғырады. Бальзактың есімі біздің дәуіріміз өзінен кейін қалдыратын сәулелі кезеңнің алтын шуағы болып жарқылдайды. Бальзак ұлылардың – ең алғашқысы, таңдаулылардың – ең үздігі». 

Қабір басында сөйлеген Гюгоның сөзіне толқымаған жан қалмады, мөлтілдеген көздерге мөлдіреген жас келді. Бальзакты мәңгілік мекеніне аттандырып салуға келген қарақұрым халық суреткердің оқыған кезде біресе қуантып, біресе мұңайтып, енді бірде аяушылық сезімін оятып, өмірді тереңірек түсінуге үйреткен таңғажайып туындыларын еске түсіріп жатты. Әлем әдебиетіндегі барлық формалар мен стильдер, бірін-бірі толықтыра түсетін әдемі әуендердей үйлескен ол шығармалардан алған әсеріңді ұмыту мүмкін бе? Шығармашылық құдіреті Светоний, Бомаршелардан асып түсетін, Раблемен терезесі тең талант француз топырағында енді қайта туар ма екен? Өмірді қырағы бақылаудың және қиялдаудың нәтижесінде дүниеге келген оның кітаптарында тіршіліктің терең сыры барлық қырынан жарқырай ашылды.

Қылышымен емес, қаламымен Парижді жаулап алуға серт берген Бальзак өзі өмір сүрген қоғамның дертімен күресіп, адамдық құндылықтарды ұмытқан пенделердің жараланған жанын зерттеп, жүрегінің түбінде жасырынған жұмбағына терең бойлап, ақыл-ойына парасат сәулесін түсірді.

Бейнетқор Бальзактың өмірі қысқа болғанымен, артына қалдырған мол мұрасындағы ой байлығы кім-кімді де таңғалдырмай қоймайды. Дәл осындай кемеңгердің, ойшылдың, суреткердің, ақынның замандасы болып, оның көзін көрудің өзі Алланың қарапайым адамға сыйлаған зор бақыты емес пе. Қаралы халықтың ендігі жерде дәтке қуат ететін жалғыз жұбанышы – осы.

Виктор Гюго дұрыс айтады. Нағыз ақындардың өмірі олар өлгеннен кейін басталады. Суреткер өлімі ғайыптықтың емес – мәңгіліктің көрінісі. Ақын басына қойылған құлпытастар жанның мәңгі бақилығын дәлелдейді. Бальзак сияқты ұлылардың басына зиярат етуге келгенде ғана саналы тіршілік иелері  қасірет шегу арқылы тазара түсетін құдайлық тағдырдың бар екенін шын сезеді. Өмірде дүниеқоңыздыққа салынып екі аяқты хайуанға айналудан оңай, Алла адам етіп жаратқан кездегі тазалығыңды сақтап қалудан қиын ештеңе жоқ екенін қаламымен дәлелдеген суреткер жалғыз француздардың емес – адамзаттың ұстазы.

Шығысқа саяхаттап кеткен Флобер ұлы жазушының қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды шетте жүріп естіді. Бальзакты өнердегі ұстазы санағанымен, Флобер ұлы қаламгердің жазу мәнеріндегі автордың позициясын білдіретін ғибраты мен үн қатуы сияқты стилдік ерекшеліктерін қабылдай алмайтын. Флобер «кемелденген өнерде суреткер өзінің нағыз сезімін білдірмеуі, автордың қайда екені шығармашылықта табиғаттағы Құдайдай көрінбеуі тиіс» деп есептейтін.

Реалистік прозаның қандай болуы керек екені туралы көзқарастарында  айтарлықтай айырмашылықтар болғанымен Бальзактың қазасына Флобердің қабырғасы қатты қайысты. Ұлы суреткермен бірге әдебиеттің тұтас бір дәуірінің өтіп бара жатқанын түсінді.

1848 жылғы француз төңкерісінен кейін халыққа қоғамның нағыз бет-бейнесін шынайы сипаттайтын, романтикалық иллюзиядан іргесі сөгілген көркем прозаның ауадай қажет екенін сезген ол сол күні досы Луи Буйлеге хат жазды. Ақын досына жолдаған хатында Бальзактың өнер туралы көптеген ойларымен келіспесе де, оның досы болуды армандағанын тілге тиек етіп «Бізге енді басқа музыка керек» деген сөзді кесіп айтты. Келесі күні кітапта автордың бірде-бір сезімі мен ойы қылаң бермейтін, жазушының емес, кейіпкердің көзқарасы арқылы өмір шындығы ашылатын бұрын-соңды әдебиет тарихында болмаған реалистік романды туғызуға серт беріп «Бовари ханымға» кірісті. Көркем прозаның жаңа кезеңін белгілеп берген туындыны жазуға төрт жыл уақыты кетті. Бірақ,әдебиеттің Бальзак деген күнінің батып, Флобер деген таңының арайлап атып келе жатқанын ол кезде әлем әлі білген жоқ.

                                                             ***

Көлемді екеніне қарамастан, әлемдегі ең көп оқылатын романдардың бірі «Бовари ханымның» алғашқы бетінде ұлы жазушының адвокат Мари-Антуан-Жюл Сенарға арнап ыстық ықыласын білдірген мынандай сөздері мәңгі қонақтап қалған:

«Париж адвокаты, Ұлттық кеңестің бұрынғы президенті мен сыртқы істер министрі Мари-Антуан-Жюл Сенарға.

Қымбатты да ардақты досым!

Кітаптың бірінші бетіне Сіздің есіміңізді жазуға рұқсат етіңіз, өйткені, оның жарық көргені үшін мен өзіңізге қарыздармын. Сіздің шығарманы қорғап сөйлеген сөзіңіз мені тәнті етті. Бұл ілтипат шешендігіңіз бен әділдік үшін басыңызды құрбандыққа шалуға даяр ерлігіңізге көрсеткен – құрметімнің белгісі. Гюстав Флобер. Париж, 12 сәуір 1857 жыл».

Әрине, шығарманың қызығына батып, ұмытылмас әсер алған бүгінгі күннің оқырманы Мари-Антуан-Жюл Сенардың кім екеніне аса мән бере қоймайтын да шығар. Содан бері өткен табаны күректей жүз елу жылдан астам уақыт ішінде мына дүние-дәуренді дүбірлетіп, кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсің. Қаншама тарихи оқиғалардың аласапыран тасқыны жаһанды жалынымен шарпып, түлен түрткендей тулатып, талай-талай марғасқалардың тағдырын жентектеп кетті. 

Жұмырбасты пенде түгіл, тұтас ұлттар жермен жексен етіліп жойыла жаздап, қайран дүние қайта орнына келместей болып көрініп, адамзаттың қалтылдақ қайық мінген қариядай қалтырап күн кешкені кеше ғана емес пе еді, осы? Соған қарамастан, құйқа тамырымызды шымырлатып, жанымызды түршіктірген сол сұрапыл оқиғалардың суреті санамызда көмескілене бастаса да, француз классигінің қаламынан бір жарым ғасыр бұрын туған романы әлі ұмытылмай, шындығы тап кеше ғана айтылған ақиқаттай әлемді толғандырып келе жатуының себебі неде?

Ұлы шығарманы туғызушы таланттың – Тәңірі тектес құбылыс, ал өнердің – Мәңгіліктің хабаршысы екеніне осыдан кейін сенбей көріңіз. Әйткенмен, әлі күнге дейін ақиқатты толық тани алмай, қорқыныш пен үміттің екіұдай аралағында өмір сүріп жүрген біз осы ғажайып шығарманы оқу бақыты пешенемізге бұйырғаны үшін Мари-Антуан-Жюл Сенарға қарыздар екенімізді ұмытпауға тиіспіз. Егер ол болмағанда тағдыры қыл үстінде тұрған туындының оқырман қолына тиюі неғайбіл болып, қаламгердің қатал жазалануы да ықтимал-тұғын. Ойымыз жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін, сәл шегініс жасап, шытырман оқиғалы әңгімемізді басынан баяндап берейік.

1852 жылы Шығысты аралаған саяхатынан көңіл күйі көтеріліп, шабыты тасып оралған Флобер тәуекел етіп, ұзақ жылдан бері қазан-миынында қорғасындай қорытып жүрген жаңа дүниесін жазуға белін бекем буып, іске қызу кірісіп кетті. Ойында пісіп-жетіліп, көкейінде сайрап тұрғандай болып көрінгенімен, өмір шындығын объективті етіп суреттеуді алдына мақсат етіп қойған классикке эстетикасы күрделі, өрнегі өзгеше тоқылған өнер туындысын өмірге әкелу оңай болған жоқ. Романды жазуға құлшына кіріскен ол төрт жылдан астам уақыт күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып шығармашылық шеберханасынан аттап шықпай, ақ тер, көк терге түсіп, тыным таппай еңбек етті. Үміт періштесі мен күдік сайтаны бойында арпалысқан төрт жыл теңдесі жоқ туындыны өмірге әкелуге ұмтылып, оқырманды автордың ойына рухани кіріптар болудан азат етуді аңсаған   Флобер шығармашылығының – ең жемісті кезеңі.

1856 жылдың 31 мамырында тың туындысының соңғы нүктесін қойып, жаны сәл саябыр тапқандай болған суреткер, қаламының сиясы әлі кеппеген «Бовари ханымның» қолжазбасын «Ревю де Париге» жолдап, роман журналдың 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығындағы сандарында  жарық көрді. Қаламгердің жаңа еңбегіне «Нуввелист де Руан» басылымы да қызығушылық танытып, алғашқы бөлімдерін жариялауды бастап жібергенімен, кенеттен кілт тоқтатуға мәжбүр болды. Ұзақ жылдар бойы жүрегінде сәбиіндей мәпелеп, дүние жалғанның қызығын ұмытып, ішкені ірің, жегені желім болып, түн ұйқысын төрт бөліп жазған туындысы халықтың қошеметін емес, қайта керісінше, наразылығын туғызып, олар шығарма авторы мен оны жариялаған журналдың жауапқа тартылып, сот алдында жауап беруін табанды түрде талап етті. 

Зады талантты суреткердің жауапқа тартылып, туындысын жариялауға тыйым салынуы ХІХ ғасырға дейін де тарихта талай орын алған оқиға. Әлем әдебиетінің классиктері Даниэл Дефо немесе Лопе де Вегалар қоғамның  ашу-ызасын туғызған еңбектері үшін түрмеге қамалды, Мольердің пьесаларын театр сахналарында қоюға бірнеше рет тыйым салынды. Есімдері аталған ұлыларды сергелдеңге салған жағдайдың Флобердің басына да туып, тағдырын тәлкек етпесіне кім кепілдік бере алады? Кім? Баспагер досы Максим дю Кан да бір пәлені іші сезіп, қоғамдық моральды қорғаушылардың сырт қалмайтынын жазушыға ескертудей-ақ ескертті. Ауызша айтып қана қоймай «жалдамалы жеңіл арбадағы көрініс (онда Эмма бар жан-тәнімен көңілдесіне беріледі) әдептің шеңберіне сыймайды» деп, осындай сюжеттердің кесірінен істің насырға шабуы мүмкін екенін түсіндіріп, досына хат та жазды.

Цензура дәстүрі Францияда бұрыннан бар үрдіс еді. Кітап бизнесі қарқын алғаннан бері ресми билік тарапынан оны ретке келтіру ісіне қатты көңіл бөлінді. Қандай да бір қаламгердің туындысын басып шығару үшін  анау-мынау емес, корольдің рұқсаты керек-тұғын. Тіпті кітап шыққан күннің өзінде егер де одан дін өкілдері өрескел кемшілік тапса, тарих үшін 20 данасы ғана корольдің мұрағатында қалдырылып, қалғаны түгел отқа тасталатын.

Кітап пайда әкелетін бизнеске айналғаннан кейін, жолын тапқан айлакер кәсіпкерлер тыйым салынған әдебиетті (саяси, эротикалық немесе тағы да басқа) көрші елдер – Англия, Голландия, Швейцарияда басып шығарып, елге тасыды. Франция мемлекеті цензураны айналып өтіп жатқан бұл жолға да тосқауыл қойғанда, баспагерлер ондай еңбектерді жасырып шығарудың айла- әрекетіне көшті. Әрине, ол өз кезегінде қара тізімге енген әдебиетке деген оқырман сұранысын арттырып жібергені айтпаса да түсінікті. Қайтпек керек?

Кітапты өртеу саясатының тыйым салынған әдебиеттің басылып шығуына тосқауыл қоя алмай, қайта керісінше, даңқын асырып, оны оқуға құмартқан елдің қызығушылығын арттыра беретініне биліктің көзі енді әбден жетті. Амалсыздан ХІХ ғасырда Франция мемлекеті кітаптарға қолданылатын ең қатал үкімді, яғни, оларды өртеу жазасын алып тастап, оның орнына екі рет тиым салынған туындылардың таратылу мүмкіндігін шектейтін заң қабылдады. Француз классигі дүниеге келіп, шығармашылықтың қызығына берілген 1819-1871 жылдары «қоғамдық немесе діни моральға, адамгершілік қағидаттарына зиянын тигізетін» әдебиет пен бейнелерді насихаттауға және таратуға тиым салу ісі жеке құжаттармен бекітілді.

Тырнақ астынан кір іздейтіндердің пиғылын жақсы білетін Максим дю Кан  бекер алаңдамапты. Романды соңына дейін басып үлгермеген «Нувелист де Руан» жауапкершіліктің құрығынан құтылып кетті де, ал оны толық жариялап, оқырман назарына ұсынған «Ревю де Паридің» басына қауіптің қара бұлты үйірілді. Либералдық бағытты ұстанатын «Ревю де Париге» биліктегі атқамінерлер онсыз да қырын қарайтын. Істің насырға шауып, биліктің емес, бұқараның талабымен тым еркінсіп кеткен журналды жаптыру, оларға репрессия жасау үшін табыла кеткен «керемет» сылтау болды.

Француз жазушысы Гюстав Флобер, шығарманы жариялаған басылым мен баспахананың үстінен қозғалған сот ісі 1857 жылдың 31 қаңтарында басталып, бір айдан астам уақытқа созылды. Істі сотқа дейін құлағынан сүйреп жеткізгендер романның адамгершіліктен адалығын, идеал тұтатын бірде-бір кейіпкердің жоқтығын, ондағы сипатталатын жалаңаш шындықтың қоғамдық моральға зиянын тигізетінін сөз қылып, авторды айыптады. Сот процесін бақылаған сарапшылар оның нағыз себебі туралы түрлі жорамалдар жасайды. Атақты Андре Моруа мемуарында бұл жөнінде былай деп жазыпты: «Шын мәнісінде үкімет жазушыға қарсы іс қозғай отырып, журналды ауыздықтағысы келгендіктен, бұл істің әдебиден гөрі, саяси сипаты басым болды. Әдебиетшілердің бәрі Флобердің жағында болып, оны қорғады. Өйткені олар даулы істің жалғыз Флоберге ғана емес, жазушылықтың тағдырына қатысы бар екенін жақсы білді». Мүмкін, сондықтан ба екен, дүниені дүрліктірген іс жазушыны жауапқа тартуды көздеген халықтың пайдасына шешілген жоқ, сот шығарманы жазған авторды да, оны  жариялаған баспагерді де ақтап алды. Француз классигінің мүддесін қорғаған білікті де, білімді адвокат Мари-Антуан-Жюл Сенар суреткерге тағылған айыптаулардың негізсіз екенін бұлтартпас деректермен сотта дәлелдеп шықты. Екі айдан кейін роман екі том болып жарық көріп, оқырман қолына тиді.

«Қалауын тапса қар жанады», дегенді дана халқымыз қызыл сөзге қызыққандықтан ғана айтпаған-ау, шамасы. Бүкіл Францияны шулатқан оқиғадан кейін қатардағы жазушының даңқы дүркіреп, елдің «Бовари ханымды» оқуға деген ынтызарлығы бұрынғыдан бетер арта түсті. Романды басып шығаратын жүзіктің көзінен өтетін пысық кәсіпкер де аяқ астынан табыла кетті. Мишель Леви есімді іскер баспагер кітапты бес жыл қатарынан басу құқығын автордан сатып алып, жазушымен келісімшартқа отырды. Ақшаның иісін алыстан сезетін, түлкі заманды тазы болып шалудың амалын білетін айлакер есебінен қателескен жоқ. Романның алғашқы тиражы құмға сіңген судай көзді ашып-жұмғанша жоқ болып, баспа бір жыл ішінде бірнеше рет кітаптың қосымша тиражын шығарып, мол табысқа кенелді де қалды. Азаюдың орнына, керісінше, кітапқа деген сұраныстың ұлғая түскені соншама, баспагер 1862, 1866, 1868 жылдары «Бовари ханымды» қайта-қайта жарыққа шығарды.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Ал Мишель Леви періште емес, бас пайдасынан басқа ештеңені ойламайтын, шық бермес Шығайбайдың тап өзі. Кітаптың арқасында ақшаның астына көміліп қалғанына қарамастан шығарма авторына қайыршының қолына ұстататын садақадай болмашы тиын-тебен ғана берді. Елдің құлағын шулатқан оқиғадан кейін де Флобердің көзі тірі кезінде «Бовари ханым» Францияда үш рет қайта басылды. Бірақ бірнеше мәрте қайта басылып, қалың оқырмандардың сұранысын молынан қанағаттандырғанына қарамастан, әдебиетшілер шығарманың шын мәнісіндегі шедевр екенін мойындағысы келмей біраз бұлтақтады.

1857 жылғы 4 мамырда «Монитор» газетінде жарық көрген белгілі француз сыншысы Ш.О. Сент-Бевтің мақаласынан кейін ғана жылымықтың желі есіп, сең қозғалды. Өз мақаласында ол романға жақсы баға берді. Соған қарамастан, ашу-ызасы тарқамай қойып, райынан қайтқысы келмеген халық  соттағы айтылған айыптауларды тотықұстай қайталаудан жалықпады.

Бәрінің де төрешісі – ұлы мәртебелі уақыт. Жылдар өткен сайын  сынаушылардан гөрі, романның ерекшелігіне назар аударып, жазушыны қолдаушылардың қатары қалыңдай түсті. Бәрінен бұрын Флоберге шығарманың тереңдігін жақсы түсініп, өз ойын білдірген Шарль Бодлердің мақаласы қатты ұнады. Тағы бірнеше жылдан кейін атақты Эмиль Золя «Гюстав Флобердің «Бовари ханымының» дүниеге келуімен әдебиеттің жаңа дәуірі басталды» деп романның өз заманының ең кемел туындысы екенін мойындап, айдай әлемге жар салды.

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16