Тағы да Ләззат туралы

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ

28.09.2022, 09:41

894

Кейде газеттерге елдің ұғымынан аулақ, құлаққа жат бірдемелер де жазылып жатады. Бұған газет кінәлі емес, әлдебір жағдайды өзінше пайымдап, толық зерттемей, шала-пұла мақала жазған автор кінәлі. Әрі біз өмір сүріп жатқан осы бір тұста атақты бір адамды өзінің руына «жапсыра» салу ауруы өршіп те тұр ғой.

Сондай бір әңгіме «Жас Алаш» газетінің №71 санында пайда болыпты. Бұл осы газетке шыққан екінші мақала. Алғашқыда: Айдар Жоранов деген автор қазақтың атақты әншісі Ләззат Сүйіндікова халық ақыны Маясардың қызы деп қайдағыны айтып жазған екен. Е, дедік те қойдық. «Атың шықпаса жер өрте» деген екен. Соның кері ғой дестік.

Екінші мақала… Тура «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегеннің кері. Бұл жолғы жазғыш Серік Хасенов. Ләззат Сүйіндікованың «шежіресін» «Қаракерей» шежіресінің жетінші томынан тауыпты. Атақты әншінің әкесі Алексей деген орыс екен. Ол Рақ руына сіңген екен. Ләззат Сүйіндікова сол орыстың ұрпағы. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деуші еді мұндайда атам қазақ.

Көзіміз көріп, салған әніне сүйсінген Ләззат Сүйіндікова туралы қисынсыз әңгімелер қолымызға еріксіз қалам ұстатты. Ұрпақ білу үшін өнер иелерінің өткені туралы жазған өте дұрыс. Тек қисынсыздыққа жол бермесе игі.

Ләззат Сүйіндікова Халық ақыны Маясар Жапақовтың туған жиені. Жапақбайдан Маясар, Көбей, Оспан, Бәшен, Бөлеген, Көшкінбай ұлдары, Мәкен, Ақан деген екі қызы дүние есігін ашқан. Маясар қарындасы Мәкенді Қуатбек атты (руы Қыпшақ) азаматқа тұрмысқа берген.

Сүйіндіктен тараған бұлар үш ағайынды. Олар Құлыбек, Болатбек, Қуатбек. Жеті атасының шежіресі бойынша арғы жағы Бердалы. Одан Бекбосын, Байболат, Қоңырбай, Жаман, Баймырза, Сүйіндік. Ләззат Сүйіндікова Қуатбекқызы, інісі Сүйіндіков Сүндет Қуатбекұлы. Көріп отырсыздар Алексей деген орыс та жоқ, адасып жүрген басқа да жоқ.

 Бүгінгі күнде Сүйіндік ұрпағы Құлыбектен алты отбасы, Болатбектен екі отбасы, Қуатбектен алты отбасы Киікті стансасында тұрып жатқанын Жаңалық ұлы Мейірбек бізге жеткізді.

Ләззат Сүйіндікованың анасы Мәкен Ләззаттың кішкентай кезінде қайтыс болған. Маясар ақын қапа болып, Қуатбек басқа біреуге үйленсе кішкентай Ләззаттың не боларын ойлап, Қуатбекке өзінің қызы Дәкенді береді. Дәкеннен 1926 жылы Сүндет Сүйіндіков дүниеге келген. 30 жылдардың басында дүниеден өткен Дәкен Айғыржал ауылының жанында жерленген. Баласы Сүндет кейінде анасының жатқан жерін қоршап, көк тас қойған.

Жетім қалған екі бірдей жиенін, Ләззат пен Сүндетті Маясар ақын қолына алып, өсірген. Маясар ақынның 1938 жылы түсірілген отбасылық фотосуреті бар. Екі кемпірдің арасынан көрініп тұрған, мойнына галстук байлаған қыз бала Ләззат. Маясар ақынның жанындағы бәйбішесінің алдында отырған бала Маясардың немересі Бану Маясарова.

Ләззаттың ән өнеріне құмарлығын, дауысының ерекшелігін ерте байқаған Маясар ақын көптің бірі болып қалмасын деп оны оқуға түсірген. Көкшетауда еңбек етіп жүрген Ләззат Нұрмәди деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Көкшетауға келіп кетіп жүрген өнер адамдары, ақын-жазушылар оның аса кең сырлы дауысын естіп, ақыры Алматыға шақырған. Ол филормонияда, қазақ концертте еңбек ете жүріп қазақ ән өнерінің дамуына үлес қосқан халық аса сүйіп тындайтын атақты әнші. 1989 жыл шетелде тұратын қыздарына кетеді. Қайтыс боларының алдында елге келген. Осы шақта інісі Сүндетпен бірге түскен суреті бар.

Мәскеуліктер тоңып қалмасын деп біраз жыл орыстың ормандарынан ағаш кесіп елге оралған едім. 1967 жылы қыс ортасында көшеге «Ләззат Сүйіндікова ән салады» деген афиша ілінген. Жиналған жұрт кейіндеу салынған клубтың кең залына сыймады. Ләззаттың жанында Мәдениет Ешекеев, тағы бір-екі адам бар еді. Ләззат пен Мәдениетті жұрт қайта-қайта шақырып жібермей қойды. Екеуі кезек-кезек қазақтың көне әндерін шырқаған еді. Жұрт, әсіресе үлкендер жағы «өткен өмір-ай» деп күрсінген. Әйелдер көз жасын сыққан. Елдің қуанған да, күрсінген де шағын көзбен көрген едік.

Қыпшақтың осы бір әулетіне өнер ертеден қонған. Кешегі біз көрген үлкендер Арқада шертпе күйді ерекше дамытқан Итаяқ күйші деп отыратын еді. Итаяқ күйші Қыздарбектің де, Тоқа, Тәттімбеттің ұстазы деп есептелген. Ұлы күйшінің мәңгілік тұрағын ұзақ жыл іздеуге тура келді. Шошақтың шөліндегі мазарын Ескермес ақсақал көрсеткен. Мазардың суреті менің «Тасқа тұнған құпия» деген кітабыма енді.

Ләззаттың інісі Сүндеттің балалары: Нұрдана, Мағжан, Бекжан балалы-шағалы, бүгінде Алматыда тұрып жатыр.

Қазақ өнерінде айтулы із қалдырған, ән орындаудағы өзіндік ерекшелігі бар Ләззат Сүйіндікованың жүректің қылын суырғандай сырлы әуенін зерттеп, арнаулы материал жазу ұрпақ үшін керек-ақ. Бұл әрине осы саланы меңгерген, қазақ өнерінің тылсымына бара алған азаматтардың жұмысы.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ 11:24
Жерім деп өткен ер еді...
Темірғали КӨПБАЙ 10:52
Қойшының түсі
Гүлзира СЕРҒАЗЫ 30.11.2022, 08:47
Раушан сарыны, қобыз зары, аққу сазы
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 15:41
Мәскеуде "Қазақстан аруы-2000" байқауының қатысушысы өлі табылды
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 10:09
Дарынды балалар – жарқын болашақтың бастауы
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 22:34
«Orda zhekpe-zhek Championship-1» халықаралық кәсіпқой түрнирі өтті

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43