Таланты мен тағылымы бөлек еді...

12.10.2017, 19:22

155

Тегінде тегін бе екен Ақан сері,Бұл да бір емес пе екен ердің ері?Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді?..Ілияс ЖАНСҮГІРОВ, «Құлагер»

Ебе ағаның көзін көріп, тәрбиелі сөздерін естіген мыңдаған шәкірттерінің бірі ретінде уақыт өткен сайын ұстазбен болған бірнеше кездесуді есіме жиі аламын. Кеудемде нәрі қалған сол кездесулер мен үшін мәнін жоғалтпайтын мағыналы сәттер еді.

Қарағанды мемлекеттік университеті ректорының қазақ студенттерімен кездесуі оған дейін «Мамандыққа кіріспе» деп аталған екен. Ал қабылдау сынақтары барысында қазақ жастарының үлес салмағы артуына байланысты «Мамандыққа кіріспе» сабағын жоғары оқу орны басшысының өзі, яғни Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің өзі жүргізуі кездесудің мәні мен мағынасын тереңдете түсті. Жиналыс залында шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық. Биязы қоңыр дауысы жұртты толық баурап алған Ебе ағаң толқындаған қою қара шашын оң қолымен артқа қарай сипап қойып, ақжарма ойын шәкірттерімен бөлісті, ағалық ақылын айтты. Біз болсақ, Ебе ағаңның әрбір қимылын қалт жібермей, жүйелі әңгімесін аса бір ыждағаттылықпен тыңдай бердік. Күлімдеуге бейім тұратын қой көзі бет-әлпетіне жылылық беріп, ажарын асқақтатып тұрғандай еді. Кең маңдайды көмкерген, би қабақпен жалғасқан берекелі қыр мұрын кеңдік пен кемеңгерлікті айқындағандай. Жаратушы да келбет пен кемеңгерлікті кімге беруді білетін сияқты.

Жиналыс ашылғанына небәрі екі жылдай ғана болған Қарағанды мемлекеттік университетінің елімізге мамандар даярлаудағы орны туралы болғанымен, әңгіме ауаны сапалы ұлттық мамандар тәрбиелеу және оның ел болашағына қосар үлесіне ауысып, аясын кеңіте берді. Бүгінгі жарқын өміріміздің кемел болашағы еселеніп өскен байлығында ғана емес, адам капиталын қалыптастырудағы жеткен жетістігінде. Өткен тарихымызды саралап, келешекке нық қадам жасауға бүгінгі жастардың білімімен қатар, қажырлы еңбегі ауадай қажет. Оны ел алдындағы парыз, ұрпақ алдындағы қарыз деп ұғуымыз керек. Әлемге үстемдік ете бастаған жаһандану үрдісіне елді дайындайтын ұлттық мамандардың рухы биік, сапасы жоғары болуы мен озық тілдерді меңгерудің артықшылығы да айтылды. Уақытпен шектелмеген сол танымдық сабақ қанша уақытқа созылғаны есімізде сақталмапты.

Сөзінен ісі алшақтамаған ұстаздың университет қабырғасында оқып жүрген жылдарда атқарып жатқан көптеген игі істерінің куәсі болып қана қоймай, кішкентай де болса эпизодтарына қатысқан болатынбыз.

Қарағанды өндіріс орны көп шоғырландырылған, кеншілер қаласы болғандықтан, қала тұрғындарының басым бөлігі орыс ұлтының өкілі болатын. Сондықтан болар, қаладағы мекемелерде, өндіріс, оқу орындарында, тіпті билік орындары да орыс тілінде сөйлейтін.

1977 жылдың көктемінде ғалым-жазушы Е.Бөкетов Станиславский атындағы орыс театрында В.Шекспирдің «Макбет» спектаклін қазақша сөйлетіп, қала тұрғындарына үлкен сый жасады. Қойылым соңы Орталық Қазақстан жоғары оқу орындарының ұлттық хор байқауына жалғасты.

«Студенттік шақта тек білім алумен ғана шектелмеу керек, ол ізденіске толы, бар мүмкіндігіңді ашатын жылдар болуы керек» деген аға ақылы мен қамқорлығы талай жастың мамандығынан бөлек, талантына да жол ашты. Студенттік үйірмелерде талантын шыңдаған Жақсыгелді Кемелов елімізге танымал әнші, С.Нұрқазов, А.Айенов былғары қолғап шеберлері, Ж.Сапаров, С.Ақылбай балуан болса, И.Байгисеев – композиторлық, Г.Оразалиева жазушылық қырын осында шыңдағандар. Небәрі екі-үш жылда еліміздің екінші оқу орнын аяғынан тік тұрғызып, байырғы оқу орындарының деңгейіне көтерген Ебе ағаның көп қырының бірі – саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлтына қызмет ету еді.

Сол кездің өзінде талантты ғалымды академик Герой Жолтаев: «Иә, ХХ ғасырдың кереметі көп. Ғалымдықтың жүгін көтеріп, ғылымның жолын қуып, артында өз сөзі мен ісін қалдырған құрметті азаматтар біздің халқымызда аз емес. Шоқ жұлдыздар – Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Шапық Шөкин, Ермұхан Бекмаханов, Ебіней Бөкетов», – деп бағалаған екен.

Өзі шыққан биігінен шәкірттерінің биігі зор болатынына сенген ұстаз: «Менен кейін не болатынын білмеймін, бірақ мен еккен дәннің біреуі ғана өз жемісін берсе, өзімді бақытты адаммын деп санар едім», – деп отыратын.

Ебе ағаң 1980 жылдың ақпанынан бастап соған дейін өзі басқарған Химия металлургиялық институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан болатын. Академик атағы бар кіші ғылыми қызметкер ол кезде көмірлі Қарағандыны мұнайлы Қарағандыға айналдырудың теориялық және лабораториялық шешімімен айналысып жүрді. Өңірдегі үш академиктің бірі Ебіней Бөкетовті билік осылай мұқатқанымен, таланты мен тағылымына тұсау сала алмады...

Сайлаубай АҒЫБАЕВАлматы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 22:38
Сүзге ханым
Сайт әкімшілігі 10:57
Диего Марадона неден көз жұмғаны айтылды
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 24.11.2020, 11:00
"Жабық тақырып жөніндегі ашық әңгіме"
Бифат ЕЛТАЕВА 23.11.2020, 14:38
Алтын адамның алтынын сақтап, бас сүйегін қайда жібердік?
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.11.2020, 03:30
Гиннесс рекордтарын жүзіммен жаулаған бағбанды мемлекет неге қолдамайды?
Сайт әкімшілігі 18.11.2020, 16:15
Серік Сәпиевтің әкесі қайтыс болды

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42