Терең

Намазәлі ОМАШЕВ

30.09.2021, 12:40

1078

Ол қазақтың даласы іспетті. Бұл далада көл де бар, асқарына көз жетпес шың да бар. «Сирағын Cырға, құлашын Алтай мен Атырауға созған» Сарыарқасы тағы бар. Осы «далаға» теңеген досымыз – Тұрсынмен қырық жылға жуық құрдас болып келе жатсақ та, кейде ол маған бұрын-соңды мен көрмеген тұмса табиғаттай елестейді. Жаңа бір әлем, жаңа бір «ашылмаған арал» сияқты таңғалдырады. Бұған сенбесеңіз, оның шығармашылық жолын барлаңыз. Күнде көріп жүрген Жұртбаев жақын араласқан сайын, шығармашылық табиғатына үңілген сайын күрделі тұлғаға айнала береді.

Ол ұлттың кем-кетігі түгенделмей, жыр­тығы жамалмай жатса болды –  қабағы түксиіп, буырқанып, қолына қаламын алып нөсерлей жөнеледі. Жай нөсерлемейді. Ащы шындығын нақты дерек-дәйекке негіздеп, мәселені тереңнен толғап нөсерлейді. Бұл оның табиға­тына тән қасиеті. Сондықтан да ол кейде туған жерінің тауларындай асқақ, биік, сонымен бірге қатулы көрінеді.

Жайшылықта дос-жаранға жарқын, абайламай сөйлейтін аңғал мінезі кең даланың жон арқасын жібітер жайма-шуақ жазға ұқсайды. Қытай асып (Амери­каға да баратыны бар) елінен жырақ­таса, аңқасы кеуіп, сағынышқа толы жүрекпен туған топырағын иіскемейінше, мауқы басылмайды.

Біз Алатаудың бауырындағы ару қала Алматыда таныстық. Қаламы қарымды, ойы сергек Тұрсынмен қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бірге тәмамдадық. Сол кездің өзінде-ақ ол ұзаққа сілтейтін тарландай көрінетін. Тақырыпты ашу, дерек пен дәйекке негіздеу, қоғамдық пікірге қозғау салу жағында кәнігі публицистей еркін көсілді. Жазған мақаласына тақырыптың өзін таңдап, саралап, жұтындырып қойып, оқырманын өзіне еріксіз тарта түсті. «Жетісу» газетінде жарияланған «Ғасырымыздағы ең жарық комета», «Құрылыс алаңындағы ұя», «Рухы биік құрыш білектер», «Асқар шыңдарды ауыздықтаған» атты мақалаларының тақырыбы көркем сарынға құрылған. Сол арқылы ұрпақты көркем ойлауға жетелеуді көздеген. Өзі айтатындай, мақаласын музыкалық симфонияға құрады.

Бұл ойымызды текке айтып отыр­ғанымыз жоқ. Бала кезден қазақтың жыр-дастандарымен сусындап, далалық салт-дәстүрдің сарқытын қанып ішкен ол шығармашылық әлемінде де өзіндік даралық, көркемдік ірілік көрсетті. Бұған оның «Көркем ойлау жүйесі қалыптаспаған ұлт өспейді. Ол – құруға бет алған ұлт» деген сөзі дәлел болса керек.

ХХ ғасырдың бас шеніндегі Алаш арыстары көріктеген көркем ой сабақтаса жалғасып, ғасыр соңындағы жас­тардың оянуына серпін берді десек, ағат айтқандық болмас. Осылайша жетпісінші жылдардың публицистикасына өзіндік үн ала келген Тұрсын шығармашылығына Алаштан жалғасқан сөз дуалылығы тән. Сөзі дуалы болу – шын талантқа тән қасиет. Кешегі Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтарлардың әрбір сөзі – бүгінге үлгі һәм өзектілігін жоймайтын мәңгіліктің сөзі. Талантты публицист заманның зарлы даусын қырағы көзбен, зерделі құлақпен қабылдаса құба-құп. Тұрсын Жұртбайдың бойындағы басты қасиет те осы. Оған себеп – қуғын мен сүргінді аз көрмеген әке тағдыры, сонымен қатар әке арқылы жадында жатталып қалған Алаш арыстарының қилы өмір жолы. Жалпы алғанда, Тұрсынның алаштанушы ғалым, жазушы, публицист болып қалыптасуына бала жасынан бойына сіңірген Алаш ұранды идея тікелей әсер еткен секілді.

Бала Тұрсынның шығармашылық әлемге жасаған алғашқы қадамы ерте басталыпты. 1966 жылдың өзінде «Абай шыңы – Мұхтар шыңы» атты шығармасы республикалық конкурс­тан жүлдеге ие болып, басылым бетін­де жарияланады. Он бес жастағы боз­баланың алғашқы шығармашылық жолы ұлы Абай мен Мұхтарды танудан бастау алады. Әлі есімде, ертең қабылдау емтиханы деген күні Оралхан Бөкейдің алғау сөзімен жинағы шыққан жас ақындардың өзінің қолы жете бермейтін «Тұсаукесер» айдарымен Тұрсынның суретіне қоса, осы «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») бір топ өлеңдері жариялана қалды. Біз емтихан үшін қиналып жүрсек, өлең қуып жүрген бұл қандай ерке деп таңданысқанымыз бар. Содан бері қарай да «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Жетісу», «Семей таңы», «Қазақстан пионері», «Қазақстан мұғалімі», «Білім және еңбек» («Зерде»), «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» сынды беделді басылымдарда публицистикалық еңбектері үздіксіз жария­ланып келеді.

Т.Жұртбай не жазса да, қолға алған ісінің биігінен көрінеді. Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы істі қалай аяқ­тағанынан емес, бастағанынан білінеді» дегенін рухани өлшем ретінде ұстанатыны байқалып тұрады. Бұл тұрғыдан Тұрсын жастарға үлгі. Белгілі түркітанушы ғалым Қойшығара Салғарин: «Әулие мен данышпан аспаннан түспейді, өзіңнің ортаңда жүреді. Ал біздің ортамызда жүрген бүгінгінің алашшыл арысы, ертеңгі ұрпаққа үлгі болар тұлға, міне, осы, Тұрсын», – деп шынайы ағалық пікір айтқаны бар.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің әлемдік аренадағы беделі жаман емес. Бұл осыдан ғасыр бұрынғы Алаш арыстарының арманы болатын. Олардың Алаш жұртына арнап жазған көсемсөздерінің көбі «бостандыққа қол жеткізу» дегеннен тұратын. Олар осы арманға жету үшін ұрандап қана қоймады. Нақты ісімен бостандықты аңсады, күресті. Соның жолында құрбан болды. Олардың кеңестік билікке жақпаған басты «міні» – ұлтшылдығы еді. Ұлтын сүйген ақ жүрек азаматтардың, халқына адал қызмет еткені қызыл өкіметке жақпады. Бұл күнде сөзі ұлтшыл, ісі басқа азаматтарымыз бар ғой. Бұл ұлтшылдық болмаса керек. Тағы да сол Қойшекеңнің пікіріне жүгінсек: «Ұлтшылдықтың өлшемі – халық алдындағы сылдыр сөз емес, оның бітірген шыншыл жұмысы мен турашыл көзқарасы. Біз ойындағысын айтатын өршіл ұлт болудың орнына қас-қабаққа қарайтын көңілшек ұлтқа айналып бара жатырмыз. Бұл ұлтты жасытады, жалтаңдыққа әкеледі», – дейді. Демек, ұлтшылдық анау айтатындай қорқынышты, нашар ғадет емес екен. Ол адал да ақ жүрек азаматтардың өз халқына нақты ісімен тигізген пайдасы, еңбегімен бағаланады. Тұрсынның алаштануға қосқан үлесін осы биіктен қарастырған жөн.

Т.Жұртбай – ең әуелі үлкен жазушы. Бұл туралы оның көптеген қаламдас әріптестері жақсы пікірлер айтып та, жазып та жүр. Ол әдеби әлемге өлеңмен енді, прозамен өрелілік байқатты. Оның «Қоңыр қаз», «Жүрегімде жұмыр жер» атты жыр кітаптары өз уақытында оқырман қауымнан да, әдеби ортадан да өз бағасын алғаны белгілі. Ал проза саласындағы алғашқы «Бесқарагер», «Аэродром» атты хикаят­тары өз уақытында жастарға арналған республикалық конкурста жүлдеге ие болды. «Мөлдір көз», «Көгілдір әлем», «Шилі өзен қамыс-ай», «Қар астындағы көбелек», «Қалампыр» секілді прозалық шығармалары оқырманын сырлы да тұңғиық әлеміне тартады. Өзіне тән жазу мәнері, философиялық ой иірімдерімен ерекшеленеді. Оқырманын жалған мен фәнидің, өмір мен өлімнің тереңіне бойлатып, рухани құндылықтармен суарып, тәтті де сұлу дүниеге мәңгілік аңсарды туғызатын «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі», «Түйешінің қызы» әңгімелерінің өзі бір төбе.

Жиырма бес жасында жазған «Жер – бесік» роман-новелласы арқылы алғаш рет Алаш идеясы мен ашаршылық зардабы тақырыбына түрен тартты. Осы тұрғыдан қарағанда автордың Алаш арыстарының ой-аңсарымен астасқан ұлы арманы аталған романнан көрініс табады. Алаш арыстары көре алмаған қазіргі бостандық, тәуелсіздік идеясын дәріптейді.

Т.Жұртбайдың шығармашылы­ғындағы ерекше тоқталып өтетін шоқтығы биік тұсы – алаштанушылығы. Оның шығармашылығындағы зерде қуатын сарқа жұмсаған, қажыр-қайратына салмақ салған дара ізденісінің жемісі – «Ұраным – Алаш!..» үш томдығы. Оның алтын арқауы – Абай мен Мұхтардың өмірі мен шы­ғармашылығы. Әсіресе М.Әуезов­тің өмірі мен шығармаларының жазылу тарихын салыстыра талдай отырып, жазушының қилы-қилы тағдыры мен туындыларының жазылу тарихына қатысты бұрын әдеби ортаға белгісіз 200-ге тарта тың деректерді ғылыми айналымға енгізді. Бұл бағытта ол «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді ұмытпа!..», «Бұзылған бесік…», «Бейуақ», «Талқы» атты туындылары арқылы көркем саралаудың жаңа бағытын ұстанды. «М.О.Әуезовтің шығармашылық өмірі мен көркемдік әлемі», «Мұхтар Омарханұлы Әуезов», «Абай және рухани тәуелсіздік мәселесі» атты монографиялар жазды. Жазушы-ғалымның ғылыми жетекшілігімен «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығар­машылық шежіресі» (1997), «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» (1997), «Әуезов әлемі» (1997), «Абай жолы» роман-эпопеясының ғылыми-текстологиялық салыстырудан өткен басылымы (1997), М.О.Әуезов шығар­маларының 50 томдық толық жинағының 1-7 томы (1997-98), М.Әуезовтің «Ескермедім, қабылдамадым…» (1998) атты ашық хаттар жинағы, «Құнанбай» (2004) монографиясы жарық көрді және оның қатысуымен «Атамұра» баспасында «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы дайындалды.

Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың ша­қыруымен ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының М.Әуезов мұраларын зерттеу бөліміне аға ғылыми қыз­меткерлікке барғаннан кейін М.Әуезов мұражай-үйін «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы ретінде қайта құруға жетекшілік етті. М.Әуезов шығармаларының 50 томдық толық жинағының жарық көруін ұйым­дастырып, осы саладағы ғылыми жобаның жүзеге асуына бастамашы болды. Сөйтіп, тәуелсіздік кезеңіндегі мұхтартануға тың тыныс қосты.

Сонымен қатар оның тарихи тақы­рыпта жазылған «Дулыға» (1-2 кітап, 1994, 1007), «Кетбұға» (1996), «Бұзылған бесік!..» (2010), «Жегі», «Тез», «Талқы» атты үш томдықтан тұратын «Ұраным – Алаш!..» (2007-11) деректі трилогиясы қазақ ұлтының ғасырлар қойнауындағы рухани тарихын қамтыған көркем ойтолғамдары болып табылады.

Тұрсын Жұртбай – жазушы, ғалым ғана емес, тағылымы терең, жастарға берері мол ұстаз. Ол 1990 жылдан бас­тап Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет ака­демиясында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде абайтану, әуезовтану, жазушының шығар­машылық психологиясы, халық ауыз әдебиеті – тарихи дерек көзі ретінде, әдебиеттанудың өзекті мәселелері, туындыны ғылыми талдау, сөз мәдениеті, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы, ХХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ әдебиеті, қазіргі әдеби процесс, әдебиет және Алаш идея­сы бойынша арнайы курстардан дәріс оқыды. Сонымен қоса, Қытай Халық Республикасы Орталық мемлекеттік ұлттар университетінде профессор ретін­де қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы, бүгінгі қазақ әдебиеті, абайтану, әуезовтану пәндері бойынша да дәріс берді.

Тұрсын Құдакелдіұлы – қаламгер, ғалым, ұстаз, қайраткер ғана емес, сөзі дуалы, қоғамдық өткір мәселелерді дер кезінде сын тезіне алып, сарабдал сын айта білетін публицист. Ғасыр қойнауына еніп кеткен тарихи деректерді танып-білу, еліне елеулі тұлғаларды ұлықтау, қоғамдық-саяси мәселелерге өзіндік пікір білдіру жағындағы көсемсөзінің өзі бір төбе. Оның «Замандасым, сырласым», «Сүре сөз» атты публицистикалық кітаптары оқырман қауымға таныстыруды қажет етпесе керек. Өйткені көзіқарақты оқырман әр жылдары шыққан кітабымен де, әртүрлі басылымдарда жарық көріп жатқан публицистикалық мақалаларымен де таныс болса керек.

Кезінде оның «Сүре сөз» атты кітабына кеңірек тоқталып, баспасөз бетінде пікірімізді білдіргенбіз. Ол – талай майталмандардың сыни сүзгісінен өтіп, оқырманға жол тартқан құнды еңбек. Кітапқа жазушының әр жылдары жазған парасат-пайымдары, ой толғамдары, ұсыныс-пікірлері топтастырылып берілген. Құйылып түскен көркем сөз, дәлелдеуді қажет етпейтін дерек пен дәйекті осы кітаптан табуға болады.

Иә, соңғы уақытта еліміз талай өзгерісті басынан кешірді. Осы уақытта қазақ қоғамы мен ұлт руханиятында да түбірлі толқыныстар, түбегейлі қопарылыстар орын алды. Осы шиеленістер мен тебіреністер санаға сілкініс жасағаны анық. Ал мұндай жағдайлардың публицист назарынан тыс қалуы тіптен мүмкін емес. Содан болар, тәуелсіздік деп алға ұмтылған кездерде өркендеуі кешеуілдеп қалған руханият, дініміздің, діліміздің, тіліміздің жағдайына алаңдап шырылдаған, ең алдымен, журналист-жазушылар екені де рас. Тұрсын Жұртбайдың бұл кітабы да сол толғандырған ойлардың тізбегінен тұрды.

Хош делік. Енді осы кітаптағы өзімізге ерекше әсер еткен, ойға батырған оралымды пікірлерге, қомақты ұсыныстарға тоқталып өтелік. Өз заманының жырын жырлап, мұңын мұңдап отырған пуб­лицист қаламынан бүгінгі күннің бас­ты тақырыбы – ұрпақ тәрбиесі де тыс қалмайды. «Сайтаннан сақтанайық!» деген ойтолғағында ол: «Рухани тәуелсіздікке жетпеген ұлт – мәңгілік басыбайлы ұлт болып қала береді. Абайдың «Өз­деріңді түзелер дей алмаймын, өз қолың­нан кеткен соң енді өз ырқың» деген тұспалының, Ахметтің «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл боп өседі, құлша тәрбиелесең – құл боп өседі» деген ойы­ның астары да осында жатыр. Қазіргі отыздан асқандар – ұлыорыстық пен православтық миссияның, ал бір жастан бастап отызға дейінгілер – америкалық және «ұлы әлемдік» идеологияның торына ілінгендер деп есептеймін. Ал соңғысының қарқыны мен тәбетінде шек жоқ. Өйткені бұ саясаттың түпкі негізі инквизиция дәуірінде қалыптасқан. Тек оның әдіс-тәсілі ғана өзгеріп отыр», – деп ой толғайды. Қаламының желі барын былай қойғанда, сөзінің де жаны бар. Шынында да, қазіргі жастардың тәрбиесі кімді де болса алаңдатары дау­сыз. Шетелге еліктеп, солардың идео­логиясының ығымен кетіп жатқан кейбір жастарды тез арада қалыпқа салмасақ, арты өкінішке ұласуы әбден мүмкін. Сол себепті автордың: «Мен еш­қан­дай елдің саясатына көз сұғымды қадамаймын, бірақ менің елімнің де ішкі саясатына тырнағын «сұғып», өзімнің ғана емес, баламның, баламның ғана емес, ұлтымның ішкі өміріне, әсіресе ұлттық санасына араласқанын қаламаймын», – дегенін әркім мақұлдары сөзсіз. Бұл оның ұлт болашағына алаңдайтынын дәлелдей түседі.

Осы бір орамды ойлар «Несіне жетісеміз» деген келесі мақаласымен астасып жатқандай. Ол Тұрсынның 1991 жылғы түйген түйіндері. Мысалы: «Менің ұсынысым: барлық патшалық, коммунистік отарлаудың белгісін білдіретін жер аттарын – жергілікті халықты қорлау, басыну екенін әшкерелеп, тәуелсіздіктің белгісі ретінде осыдан үш жүз жыл бұрынғы тарихи аттарын қайтарып беру туралы мемлекеттік дәрежедегі жарлық шығару керек» деген қаламгер ұсынысы қазір де күн тәртібінен түскен жоқ. Осындай тақырыпты батыл көтеру қазіргі кезде де сұранып тұр.

Таразысы өзінің ар-абыройы болған публицистің мына бір мақаласында да үлкен салмақ бар. «Рас сөздің кім білер қасиетін...» деп аталатын шығармасында тәуелсіз сана, көркем ойдың қандай бағытпен дамитынына болжам жасалады. «Шындығын айтсам, біздің ұлттық санамыз шексіз ғаламды бағыт-бағдарсыз кезіп жүрген қаңғыбас құйрықты жұл­дыз сияқты», – деген автор әрі қарай ойын «Жан бостандығы мен рухани тәуелсіздік мәселесін көтергеніме жиырма жылдан асты. Тіпті оқу орындарында арнайы курс ретінде дәріс те оқимын. Дәріс оқып отырып өзімнің рухани нәумездігім есіме түскенде, сабақты доғарып шығып кеткім келеді. Өйткені сол сәтте студенттердің бетіне тура қарай алмаймын. Олар маған күдікпен қарап, мысқылдап күліп тұрған сияқты. Сананың тәуелсіздігі қоғамның тәуелсіздігімен есептелмейді. Ол сол қоғамның әр мүше­сінің рухани бостандығынан басталады. Ал бұл өте терең де киелі ұғым», – деп ашына аяқтайды. Тәуелсіздікті баян­ды ету үшін, әрине, аузы дуалы, сөзі жете­тін қаламгерлердің ой тастауы керек. Соны мақсат еткен ол да тәуелсіз сана қалыптастыруға баршаның назарын аударып, мақаласына тақырып етеді.

Иә, ұлт зиялыларының біразы осы мәселеден аттап кетпейтіні белгілі. Бі­рақ сол топтың ішінде Тұрсынның қол­таңбасы ерекше. Жазу машығы, талдау тереңдігі бөлек. Әр мәселені өзінше бе­д­ер­лейді. Қозғалған тақырып тек талда­нып қана қоймай, соны түзеудің, осы кем­шіліктерді жоюдың жолы көрсетіледі. Бұл үлкен ізденістің жемісі.

Тұрсынның тағы бір қыры – зерттеушілігі. Оның «Мәңгілік аңсар», «Ойсоқты аңсар» деген шығармаларынан оқырман өзіне керекті талай тағылымды мәліметтерді таба алады. Мұның әрбір бөлімі тарихи дерекке, жаңа мәліметтерге тұнып тұр. Оқып отырып автордың жазу стилі мен тіліне бір көңілің толса, ондағы мәліметтердің құндылығына риза болып, танымың кеңейіп, тағы да бір марқайып қаласың. «Өлімші халықты тірілткен» деп, сонау Күлтегін, Білге қағандардың тасқа қашаған өсиеттерін үлгі ете отырып, атажұртын «мәңгілік елдікке» шақырса, «Ел ұстап, төрелік еткен… қағанды халық» деген екінші бөлімінде биліктің беделі мен биіктігінің сыры неде екеніне ізденіс жасайды. Осы топтамалардың ішінен, әсіресе, «Ұлт көсемі Көшім ханды» бөле-жара айту керек. Онда тарихи тұлғаның еліне қызметін жеткізе отырып, бүгінгі күннің әттеген-айын алға тартады. Міне, қараңыз: «Әйтеуір, Ақсудағы Жармақтың ескерткішінің көзін құрттық. Ал Көшім ханның жазығы не? Астана, Көкшетау, Кереку, Есіл, Ертіс өңірінде осынау күрескер, азат Қазақ хандығын – мемлекетін сақтап қалу үшін жанын пида еткен Көшім ханды құрметтеп еске алатындай бір белгі бар ма? Тым құрыса Жармақтың ескерткішінің орнына Көшім ханға бір белгі қойса, көше атын берсе қайтеді? Сонда ғана тарихи әділет орнамай ма? Енді кімнен сескенеміз? Әлде әлі де басымызды жағамыздың ішіне тығып, мұрнымыздан міңгірлей береміз бе? Сонда қашанғы міңгірлейміз?» Осы шағын үзіндінің өзі-ақ автордың кім екенін, оны қандай ой қатты мазалайтынын аңғартады.

Автордың өзі айтпақшы, «Шынайы таланттың бойындағы ең басты қасиет – табиғилық. Егер де тумысынан туа біткен осынау мінезден сәл ауытқып бұра тартса, сол бір құдіретті үйлесім мен нәзік үндестіктің арасына сызат түсіп, жамалмайтын жарықшаққа айналады». «Телқоңырда» айтқан осы сөз­дерінен авторымыз айнымай келе жат­қан сияқты. Табиғилығынан жаңыл­маған оның әрбір еңбегінде дара­лық сезіліп тұрады. Тіпті әрбір мақа­ласы­нан қаламгердің асау мінезі мен терең танымы аңғарылады.

Жалпы алғанда, Тұрсын әлемі – бір мақаланың көлеміне сыймайтын, терең таныммен, эстетикалық талғаммен танитын күрделі әлем. Бұл – Тұрсын Жұрт­бай еңбегінен сусындап, оның көркем дүние­сіне аңсары ауып жүрген жастардың ал­дағы ғылыми сапарына азық болар әлем.

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14