Токиодан не көрдік, не түйдік?

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан

27.07.2021, 09:02

1168

Фото - Сали Сабиров

Осы жолы төртжылдықтың басты додасының талабы мен тәртібі, сәні мен салтанаты басқа Олимпия ойындарынан өзгеше. Оның себебі түсінікті. Дегенмен ашылу салтанатынан алған алғашқы әсеріміз – ұйымдастырушылар бұрын-соңды болмаған ең инновациялық олимпиада жасаймыз деген уәденің үдесінен шықпағандай. Себебі «технологиялық алпауытқа» айналған Жапония сияқты мемлекеттің басқасын былай қойғанның өзінде, коронавирустан зардап шеккен көпшілікке бір сәтке болса да, қиын күндерді ұмыттырып, спорттың сиқырлы әлеміне бойлатуға мүмкіндігі бар еді. Әрі олар мұны не нәрседе де аста-төкке жол бермейтін жапондық минимализммен шебер ұштастырар деп сенгенбіз. Бірақ Токио-2020-ның ашылу салтанаты сиқырға толы спорт әлемін емес, сәт сайын вирустың қаупін еске сала берді.

Үйінде той болып жатқанда...

«XXXII жазғы Олимпия ойындарын ашық деп жариялаймын!» Бұрынғы олимпиадаларда қабылдаушы елдің мемлекет басшысы, императоры немесе королі осылай айтқанда жанкүйерге толы стадион ду қол шапалақтап, қуанып қошемет көрсететін еді. Ал Токио олимпиадасында Жапония императоры Нарухито ойындарды ашық деп жариялағанда мұндай көрініс болмады. Оған себеп – пандемия. Трибуналар бос, жанкүйерлер жоқ. Соған қарамастан, олимпиада алауы бәрібір де тұтанды. Мыңға жуық делегат пен 3000-нан аса тілші мен фототілшілер тіркелген Токиодағы ауқымды іс-шара көрерменсіз өткен алғашқы олимпиада ретінде тарихқа тіркелді.   

Олимпиаданың ашылу салтанаты күні Токиода ауа райы 33-35 градус ыстық болды. Қала билігі сол күні тұрғындардан жеке көлігімен жүрмеуді болмаса қаладан кетулерін сұраған. Демалыс күндері тіпті үйден шықпауға кеңес берді. Шыны керек, үйінде той болып жатқанда далаға қуылған баланың күйін кешіп, әртүрлі шектеулерді басынан өткізіп жатқан токиолықтарға, бір жағынан, жаның да ашиды.

Олимпиаданың ашылу салтанатына журналистер мінген арнайы автобус стадион маңайына келіп тоқтады. Алғашында кішкентай балалар қол бұлғап, бізге түсініксіз жазулары, суреттері бар плакаттармен бізді қарсы алып тұрғандай көрінді. Араларында егделеу кісілер қолына газет ұстап, бізге бірдеңе айтқысы келетіндей. Алғашында біз оған аса қатты мән бермедік. Бар ойымыз – стадионға ертерек кіріп, өз орнымызға жайғасу. Оның үстіне қазіргідей жағдайда шетелден келген бізді ешкімге жақындатпайтыны түсінікті. Сол жиналған он мыңдаған адамды көріп, ашылу салтанатын тамашалауға көрермендерді кіргізетін болыпты-ау деп ойлап үлгердік. Сөйтсек, стадионның маңайына жиналған халық ашылу салтанатына 30 минуттай уақыт қалғанда олимпиаданың өтуіне қарсы акцияны бастап кетті. Наразылық білдірген халықтың даусы стадионның төртінші қабатына жайғасқан журналистерге нық естіліп тұрды. Тіпті ашылу салтанаты біткеннен кейін де қарсылық акциясы біразға дейін жалғасты. Көз алдымызда, яғни стадион ішінде ашылу салтанаты болып жатса, ал стадион сыртында қарсы болғандардың айқай-шуы естіліп тұрды.

Волонтерлардың айтуы бойынша, олимпиаданың өтуіне халықтың 70-80 пайызы қарсы. «Олимпиада өтпесін!», «Олимпиадаға жұмсаған қаржыны коронавируспен ауырғандарға берсін!», тіпті «Бах елден кетсін!» деп, олимпиаданың ашылу салтанатына келген Халықаралық олимпиада комитеті төрағасының атына да біраз сөз айтылып жатты.

Ашылу салтанаты қалай өтті?

Олимпиаданың ашылу салтанаты бұрынғылардай емес, коронавирус пандемиясына байланысты жеңілдетілген форматта өтті. Алдымен LED экраннан Токионың олимпиаданы өткізуде Мадрид пен Ыстамбұл қалаларынан қалай жеңіп алғанын, халқының қуанған сәтін көрсетті. Спорт адамды, халықты және елді біріктіретін құрал екенін көрсететін қойылым болды. Жапонияның белді адамдары өз елінің туын алып ілгеннен кейін, тағы бірнеше қойылым, шоулар орындалды. Одан кейін спортшыларға кезек берілді.

Парадты алдымен Грекия спортшылары бастап шықты. Бұл – тұңғыш олимпиада өткен ел ретінде көрсетілген құрмет. Одан кейін жан-жақта тентіреп жүргеніне қарамастан, спортпен кәсіби түрде шұғылданып жүрген босқындар құрамасы шықты. Ары қарай жапон алфавитімен жүре берді. 206 мемлекеттің 6000 атлеті қатысқан парадта Қазақстан 41-ші болып алаңға бет алды. Қазақстан Туын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шықты. Биылғы олимпиаданың бір ерекшелігі – әрбір мемлекеттің туын ұстап шығу мәртебесі екі спортшыға жүктелді.

Ашылу салтанатынан байқағанымыз, бір туды екі спортшыға ұстатқандары онша дұрыс шешім болмаған. Құдды бір туға екі спортшы таласып келе жатқандай. Әрі екі адамға бір туды әрлі-берлі желбірету де қиын. Қазақстанның Туын ұстаған Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова алғашында бірге ұстап шыққанымен, кейіннен Қамшыбек көк туымызды өзі алып, желбіретіп жүріп өтті. Біздіңше, бұл жерде ұйымдастырушылар екі спортшыға екі туды ұстатып, олар екі жақтан желбіретіп шығуы керек еді.

(Фото: Тұрар Қазанғапов)

Олимпиада ойындарының ашылуынан соң, «Ханшайым» деп атаған Ольга Рыпаковаға жапон фанаттары бірнеше аниме жасап та үлгерді. Қоржынында олимпиаданың барлық жүлдесі бар жерлесіміз төртінші олимпиадада көйлегімен де ерекше көзге түсті. Ақпарат құралдарында қазақтың ұлттық нақыштағы киімі тек жапон ғана емес, Шығыс Азия елдерінің жүрегін жаулағаны айтылуда.

Ұлттық олимпиадалық стадиондағы өткен іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Жапония императоры Нарухито, Франция президенті Эммануэль Макрон, Монако князі Альбер II, АҚШ бірінші ханымы Джилл Байден т.б. мәртебелі қонақтар, ХОК және Ұлттық олимпиада комитеттерінің 1000-ға жуық делегациясы отырды.

Екінші бөлімде кішкене көңіл күй өзгере бастады: алдымен 50 спорт түрінің пиктограммалары ұсынылды. Керемет орындап шыққан бірнеше адам өздерін бүктеп, иіліп, әр спорттың түрін көрсете алды. Айтпақшы, рәсімнің басында аренада олимпиадаға қатысушы спортшылардың өздері отырғызған мыңдаған ағаштан олимпиаданың бес сақинасын жасап шығарды. Бұл да сәтті жасалған қойылымдардың бірі болды.

Дрондар шоуы барлығының назарын аударды десек болады. Стадионның сыртында ұшып жүрген 2000 дрон алдымен олимпиаданың эмблемасын, одан кейін Жер шарының кескінін жасағанда сол жерде отырған азаматтар қол соғып тамсанды. Әр елдің әншілері орындаған тамаша әндер де өз тыңдармандарына жол тартты. Халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы мен олимпиаданы ұйымдастыру комитеті төрайымының сөзінен соң, олимпиада туы көкке көтерілді. Жапонның тарихы, ұлттық билерін тамашалап болғаннан кейін спорт нысандарының қалай салынғанын, онда қандай спорт түрлерінен жарыс өтетінін LED экраннан көрсетті.

Көптен күткен алауды алаңға алып келді. Бірнеше адамнан эстафета арқылы өткен алау ең соңында «Үлкен Дулыға» турнирінің төрт дүркін жеңімпазы, теннисші Наоми Осаканың қолына тиіп, ол олимпиада алауын жақты және өзі  бұл оның өміріндегі ең үлкен спорттық жетістік екенін айтты.

Олимпиаданың бірінші күні. 24.07.2021 ж.

Жарыстың алғашқы күні Елдос Сметов олимпиаданың биік тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінді. Жартылай финалда Елдостан басым түскен жапондық Наохиса Такато финалда Тайвань спортшысы Юн-Вэй Янды аса қиналмай жеңіп,  олимпиада чемпионы атанды. Жарыс барысында Елдос Сметов алғашқы екі қарсыласы – түркиялық Михрач Аккуш пен оңтүстіккореялық спортшы Ким Вон Джинді «иппон» әдісімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Ал жартылай финалда татами иесі, жапондық Наохиса Такатодан жеңіліп қалғанын айттық.

Елдостың карьерасындағы өте ауыр белдесуге қарамастан, 12 минуттай күрескен жерлесіміз жарады. Golden Score кезеңінде Елдос әлемнің үш дүркін чемпионымен тең дәрежеде күресті. Әйткенмен оның қарсыласы «ваззари» ұпайын еншілеп қана финалға өтті. Жұрт Елдостың белдесуіне тәнті болып, 2 минуттай шапалақ ұрып тұрды. Ал кіші финалда Нидерланд өкілі Торние Цакаджоеге қарсы шыққан жерлесіміз қосымша уақытта «ваззари» ұпайымен басым түсіп, қола медальға ие болды.

(Фото Жеңіс Ысқақбай) 

Спорттық гимнастикадан жалғыз өзі жеті жолдама жеңіп алған Милад Карими іріктеу сынында үш жаттығу бойынша финалға өтті. Ол гимнастикалық кермедегі жаттығу бойынша іріктеуде 14,766 ұпай жинап, екінші нәтиже көрсетті. Алдағы уақытта да дәл осы спорт түрінен Миладтан нәтиже күтеміз. Жерлесіміз еркін жаттығуда сегізінші орын иеленсе, көпсайыс бойынша 20-орынға тұрақтап, финалға жолдама алды. 

Сонымен қатар осы күні медальға үмітті деген бірнеше спортшымыз жарыс жолына шығып еді. Соның бірі – дзюдодан Рио олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг алғашқы айналымда ұтылып қалды. 48 келі салмақ дәрежесінде белдескен ол бірінші кезеңде қытайлық Ли Янаньнан жеңіліс тапты. Ал Алексей Луценко бастаған Қазақстан велошабандоздары  үмітті ақтамады. Қазақстандықтар сапынан ең жоғары нәтижені Алексей Луценко тіркеді. Ол жеңімпаздан 6 минут 21 секундқа артта қалып, 21-орынды иеленді. Дмитрий Груздев пен Вадим Пронский тіпті жарыс жолынан шығып қалды.

Есесіне боксшы Серік Теміржанов алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз венгриялық Роланд Галошты 5:0 есебімен жеңді.

100 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түскен Дмитрий Баландин жартылай финалға өте алған жоқ. Бесінші топта жарысқан Дмитрий 59,75 секундты көрсетіп, алтыншы орын алды. Ал қорытынды хаттамада Баландин 17-ші сатыға тұрақтады. Тағы бір қазақстандық спортшы олимпиаданы ерте аяқтады. Анастасия Лаврова үстел теннисінен бірінші кездесуде-ақ испаниялық Мария Сяодан (4:1) жеңіліп қалды. 

Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда австралиялық Саманта Стосурмен кездесіп, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетсе, ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликке жеребе жолдас болмады. Бірден әлемнің екінші ракеткасы – ресейлік Даниил Медведевке қарсы шыққан Бублик 4:6, 6:7 есебімен қарсыласына жол берді. Енді Александр Бублик Токио ойындарын жұптық сында жалғастырады.  Сондай-ақ көп қазақтың үміті – Зарина Диас та олимпиаданы ерте аяқтады. Швейцариядағы турнирде жүрген жерінен аттай қалап алдырған Зарина сенімді ақтай алмады. Чехиялық Барбора Крейчиковамен кездескен қазақстандық теннисші екінші сетте жарақатына байланысты кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. 

Олимпиаданың екінші күні. 25.07.2021 ж.

Токио олимпиадасының екінші күнінде Қазақстан қоржыны медальмен толықты. Зілтемірші Игорь Сонолимпиаданың қола жүлдегері атанды. Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. 

100 метрге шалқалай жүзуден сайысқа түскен Диана Назарова өз тобында ең соңында қалып қойды. Сондай-ақ бокстан 63 келі салмақта жұдырықтастан Зәкір Сафиуллин алғашқы айналымда Перу өкілі Леодан Пезо Сабояны 5:0 есебімен ұтып, Токио олимпиадасының 1/8 айналымына жолдама алды. Су добынан Қазақстан құрамасы Хорватия құрамасына 7:23 есебімен жеңілді.

Нысана көздеуден Юрий Юрковолимпиаданың іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. 10 метрге винтовкамен нысана көздеуден сынға түскен Юрков 36-орыннан көрінді. Слаломды есуден іріктеу кезеңі аяқталып, қазақстандық Александр Куликов жартылай финалға жолдама алды. Іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша 108,12 көрсеткішімен 15-орынға тұрақтаған Куликов жартылай финалға өткен 15 спортшының қатарына енді. Үстел теннисінен ерлер арасындағы бәсеке түскен Кирилл Герасименко екінші айналымнан сәтті өтті. Қазақстан командасының үздігі чехиялық Любомир Янчаржикпен кездесіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Теннистен сынға түсіп жатқан Михаил Кукушкинбірінші кезеңде аргентиналық Федерико Кориямен кездесіп, 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ал медаль алады-ау деген тағы бір үмітіміз – Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова, неге екені белгісіз, жарысты жалғастырудан бас тартты. Бірінші айналымда аргентиналық Надия Подороскамен кортқа шыққан Путинцева алғашқы сетте қарсыласына 6:7 есебімен жол берді. Ал екінші сетте 3:1 есебімен алда келе жатып, жарысты жалғастырудан бас тартты. Ал Шведова болса хорват Айла Томляновичтен оза алмады. Бірінші партияда 5:7 есебімен жеңілген жерлесіміз екінші сетте 2:3 есебімен жеңіліп жатып, жарысты ары қарай жалғастырудан бас тартты.

Парадокс. Жарысты соңына дейін жалғастырмайтын болса, Диас, Путинцева және Шведовалар соншама мемлекет қаржысын жұмсап, олимпиадаға не үшін келген?

Бұл күні 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен дзюдошымызЕрлан Серікжанов әзірбайжандық Орхан Сафаровтан басым түсіп, жарысты сәтті бастады. Алайда отандасымыз екінші айналымда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Мануэль Ломбардодан айласын асыра алмады.

Шпагамен семсерлесуден Руслан Құрбанов алғашқы айналымда италиялық Марко Фихерадан (15-7) басым түскенімен, келесі айналымда ол  жапониялық Ямада Масарудан 8:15 есебімен жеңіліс тапты. 

Тегтер: Токио-2020 Олимпиада спорт ұйымдастыру Жапония Қазақстан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлімғазы Дәулетхан 14:00
Шыңғысхан кім?
Жарлы БАЙҒАНИН 11:00
«Желтоқсанға» араша немесе солтүстікке сапар
Сайт әкімшілігі 10:00
Бақұл бол, Бақытгүл...
Қуаныш ТҰНҒАТАР 16.09.2021, 11:30
Көсемсөздің көкжалы
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16.09.2021, 10:30
Қазақтілді балғындардың қиялы шектеліп тұр
Әділбек ЖАҚЫП 16.09.2021, 09:30
Абылай мен Кенесары

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39