Төлегетай

Поэма 

Несіпбек АЙТҰЛЫ

28.10.2022, 09:19

2878

Қазақтың кең далада көшіп-қонған,

Көңілі дариядай тасып-толған.

Сұлуға жалпақ жұрттың аузындағы,

Құмартып талай жігіт ғашық болған.

Қожалар қараларға ол заманда,

Белгілі қыз бермесі болжағанға.

Төлекке Қылышты да қызын қимас,

Нәсілі Төре Найман болмағанда.

Өрбиді ел аузында небір аңыз,

Барлығын жіпке тізіп не қыламыз.

Ойлаған ұрпағының келешегін,

Атаның бізге мұрат жолы нағыз.

Көп оқып, Төлек бабам дін ұстаған,

Беріпті ақ батасын Қылышты оған.

Өзкентке датқа болып көп жылдары,

Қисықты тезге салып дұрыстаған.

Кісілік келбетімен көпті үйірген,

Даңқына алыс-жақын бек сүйінген.

Ақсопы атаныпты жастайынан,

Жүрген соң ақбоз атпен, ақ киіммен.

Еңбекпен ер жігіттің бағы жанар,

Жақсыны жұрттың көзі танып алар.

Жасында Қылыштының қойын бағып,

Жүріпті деген бір сөз тағы да бар.

Сынығын шын асылдың кім көрмейді,

Сырт көзге оңайлықпен сыр бермейді.

Төлектің тегін адам еместігін,

Қылышты әулие де білген дейді.

Сыр шертіп ертеде өткен небір күннен,

Талайлар тілдің майын төгілдірген.

Бір күні қой өрістен келмей қапты,

Суатқа түсте ауылға келіп жүрген.

«Қойшының келмей қалған мұнысы не?» –

Десіп жұрт іздеп барған құм ішіне.

Таяғын шаншып қойып ұйықтап жатқан,

Отарын мамырлатып өрісіне.

Бұлақ ағып таяғын тіккен жерден,

Қойлар жүр шөлі қанып мейірленген.

Таң қалып Қылыштыға айтып кепті,

Адамдар хикметті көзбен көрген.

Тілекті Құдай берсе кемдік бар ма,

Асылға жарқылдаған шаң жұққан ба!?

Бас иіп қасиетіне кім біледі,

Қожалар қыз бергені сондықтан ба!?

Бабамыз Қылыштыдан бұрын өлген,

Ел-жұрты артындағы күңіренген.

Қылышты көп жылдан соң өтерінде,

Қоштасып былай депті тірілермен:

«Жаратқан жарылқасын көмекке кеп,

Ешкімге ренжімен мен өкпелеп.

Тілек қып басымызға түнегендер,

Алдымен дұға қылсын Төлекке кеп!»

Бұл өзі сан ұрпаққа мәлім аңыз,

Шүбә ғып әулиеге не қыламыз.

Өтсе де қанша ғасыр тәуәп етіп,

Киелі моласына табынамыз.

 

Қытайды сөз басында айтып өттік,

Қиялға тізгін беріп ой түлеттік.

Түнеріп тұңғиықта жатқан сырды,

Басқандай тайға таңба айқын еттік.

Түтіні түзу ұшқан түндігінен,

Төлектің Қытай жалғыз кіндігінен.

Әкеден ерте қалған төрт немере,

Атаның адам болған тірлігімен.

Көмескі көне дүние мәңгі ұзаған,

Сара жол – сайрап жатыр бергі заман.

Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай –

Төртеуі төрт тірек боп ел құраған.

Сөйлейін шыққандарды төртеуінен,

Секілді жылқы ішінде бөрте кілең.

Абыз да, ақын да көп, батыр да көп,

Қасқайып орын алған ел төрінен.

Жасанып келген жаудан қорғап талай,

Матайдан атойлаған ер Қаптағай.

Жақсыны жарқыраған кім көрмейді,

Екі көз ашық тұрса шел қаптамай.

Шыңындай асқар таудың қыран қонған,

Найманға ер Қаптағай ұран болған.

Кер заман көлденеңдеп одан да өтті,

Жонындай жолбарыстың шұбарланған.

Ақырған арыстандай Шоңай батыр,

Қарға адым көрге сыйып қалай жатыр?!

Ұшында найзасының жан ұшырып,

Торғайдай шырылдаған талай кәпір.

Тұқымы Ілияс ақын Қаптағайдың,

Салса да жарып шыққан топқа қай күн.

Бірі еді марғасқаның қазақтағы,

Қалайша оны зарлап жоқтамаймын?..

Жеткізбей құлагері Жансүгірдің,

Үйіріп шабытымды қамшы қылдым.

Сиқырлы сөздерінің астарына,

Тауысып көз майымды қанша үңілдім.

Ұмытсам ақын Сара  өкпелейді,

«Апаңды ауызға алмай кетпе», – дейді.

Бір шыққан жеріне шөп мың шығады,

Тақырға су құйсаң да көктемейді.

Батырдың басы қалған әр қиянда,

Ел үшін ер тумаса жан қияр ма?!

Әз Тәуке арқа сүйеп ту ұстатқан,

Садырда сайыпқыран Алдиярға!

Беретін естігенге жігер бүгін,

Айтайын Алдиярдың бір ерлігін.

Қалмақтың қонтайшысы өзі кепті,

Тең басып таралғысын үзеңгінің.

Тіресер екі жақ та болса мықты,

Елшіні Алдияр да қарсы алыпты.

Бітісіп, жауласуды тоқтатпаққа,

Араға адамшылық жол салыпты.

Ішкі ойын қонтайшының барлап алып,

Білдірген батыр мұны ханға барып.

Әз Тәуке аттай тулап ашуланған,

Қылышын суармаққа қанға малып.

«Керегі өлім, – депті, – жауызға нақ», –

Ұстаса өз қолымен бауыздамақ.

«Қазақпыз, – депті Алдияр, – үйге кірген,

Жыланның басына да тамызған ақ».

Хан Тәуке бұл қылығын жат көріпті,

Батырға азу басып кектеніпті.

Қалмақты өлтірмекке тартып алып,

Бір түнде тұтқиылдан тап беріпті.

Үстіне ауылының қол қаптатқан,

Ханнан ол өз қонағын қорғап баққан.

Інісі Майлан батыр қаза тауып,

Қайғысы көкірегіне шор боп қатқан.

Ала алмай қонтайшыны Тәуке кеткен,

Өзегін өкініші өртеп өткен.

Ханменен қақтығысып ер Алдияр,

Кесіскен ат құйрығын сол себептен.

«Төйкеде Ұзынағаш келді қалмақ,

Хан Тәуке басып барып басын алмақ.

Қалмағы келмегірдің қайдан келді,

Соғысып екі қазақ Майлан өлді».

Деген сөз ел есінде содан қалған,

Ескірмей заман асып замандардан.

Қырсығы тиіп қырғын оқиғаның,

Жігітке қыршын кеткен обал болған.

Қатерді өзі келіп сұрап алған,

Қонтайшы құтылыпты бір ажалдан.

Батырдың мәрттігіне сүйсініпті,

Кеңейіп көз алдында мына жалған.

Көрген соң жақсылықты аса тіпті,

Кеңшілік Тәңірі оған жасатыпты.

Жинатып тұтқындағы қазақтарды,

Табанда бара сала босатыпты.

Алдияр әрі батыр, әрі дана,

Жан екен әділ болған жауына да.

Адамды жеткізеді мұратына,

Айнымас адалдықтың жолы ғана.

Алдияр оқиғасын ұмытпайық,

Намыстың туын сондай нық ұстайық.

Ерлігін бабасының жазып кеткен,

Тарихшы Мұхаметжан Тынышбаев.

Қиылды өмірі де оның кеше,

Ер еді еңіреген елім десе.

Арқасы қара нардай алыптардың,

Халықтың ауыр жүгі жеңілдесе.

Салалы бұтағындай қарағайдың,

Садырды санай берсем саралаймын.

Шоқтығы шоқыдай боп биік тұрған,

Мұқаны мыңнан бөлек Төлебайдың.

Тамырын Қаракерей терең жайған,

Батырда кім асады Қабанбайдан?!

Соның да аруағына тіл тигізген,

Бүгінгі бейшараға қалам қайран.

Заманда дария көшіп, тау құлаған,

Жазыпты ел қорғауды тағдыр оған.

Қабанбай өлерінде Бұқар жырау,

Мойнына бұршақ салып зар жылаған.

Өзгеден Дарабоздың даңқы басқа,

Қоймайды судай тасып шалқымасқа!

Бағасын беріп кеткен Мәшһүр Жүсіп,

Албанда саңлақ жырау Саршуаш та.

Құттыбай, Ақтанберді, би Боранбай,

Аруағын исі қазақ сыйлағандай.

Жақсысын Қаракерей түгендесем,

Сөзімнің аясына сыймағандай.

Өткендер өзін  сөзбен мүсіндеді,

Өлеңнің құсын жерге түсірмеді.

Кезінде он жеті ақын шыққан дейді,

Сыбаннан Қаракерей ішіндегі.

Құн болмас қызыл тілде сайрамаған.,

Ақындар  өлемін  деп  ойламаған.

Өлеңнен оза шауып олжа салып,

Күні жоқ қанжығасын майламаған.

Ақтайлақ, Дулат, Түбек, Сабырбайды,

Сөйлесем тіл мен жағым жаңылмайды.

Құлдилап құйылғаннан Әріпке кеп,

Көк өзен күркіреген дамылдайды.

Аяңдап Төртуылға бері келсем,

Биіктеп көтерілер менің еңсем.

Сүзгендей су түбінен інжу-маржан,

Айтайын асылдарын теріп өңшең.

Бес күндік тіршілікке пенде қонақ,

Жарасар ел қорғаған ерге жарақ.

Тараған төртуылдан үш бәйтерек –

Ақбарақ, Ақболат пен Андабарақ.

Жоқтайсың қай туысты, қай жұратты,

Аяздай қабырғаға қайғы батты.

Кім білмес ту көтеріп, жауға шапқан,

Ұраны Төртуылдың Баймұратты!

Ізіне үңілсек те біз енді кеш,

Рухымен бабалардың түзелді көш.

Жасыбай, Олжабайдай батырлармен,

Атамыз дос болыпты үзеңгілес.

Бұл жайды Мәшһүр Жүсіп баяндайды,

Шаршамай кәрі тарлан аяңдайды.

Бүркеніп ұйықтап жатқан көне заман,

Түртпесең өздігінен оянбайды.

Батырлар үлкен-кіші ертеде өтті,

Көбісі ұмытылған сол себепті.

Елші боп Ежен ханға барып қайтқан,

Атамай қалай кетем ер Төбетті!

Ебелек қызуы жоқ отын болмас,

Еліңе қызмет етпей атың қалмас.

Есімі жарықтықтың Биқара екен,

Баласы Сүйіндіктің батыр Жауғаш.

Батасың еске түссе қалың ойға,

Дариға, сол ерлердің бәрі қайда?

Жауғаштың төрт ұлының ең үлкені –

Ту ұстар батыр екен Сарыбай да.

Сарбаздар сап түзеген Төртуылдан,

Оралып келе жатқан жортуылдан.

Күн бата көл Балқаштың маңайында,

Қопаға кезігіпті жау тығылған.

Дәл түсіп бұққан жаудың төбесінен,

Тіршілік сөгіліпті көбесінен.

Жағасы сауытының ашық қалып,

Сарыбай өлген қалмақ жебесінен.

Жиналып қазасына ойдан-қырдан,

Батырға алыс-жақын ел қайғырған.

Ежелгі ескі кезден түркі халқы,

Жоқтауды ата салтқа айналдырған.

Құдайға даусы жетіп зарлағанда,

Жыл бойы жоқтау айтқан ол заманда.

Момындау адам екен бәйбішесі,

Жылапты үн шығармай сорлағанда.

Төртуыл намыстанып оны көрген,

Күңіреніп іштерінен тебіренген.

Түгелдің әйеліне жоқтатыпты,

Інісі Сарыбайдың соңына ерген.

Қайғыдан Түгел қатты жүдеп-азып,

Орнынан тұра алмапты белін жазып.

Қаратып көпшілікке сөз айтыпты,

Жатқанда ағасының көрін қазып:

«Тыңдаңдар, ағайындар, тілегімді,

Көрмейді күні бітсе кім өлімді?

Түрім бар Сарыбайдан қалмайтұғын,

Өмірден үзіп тұрмын күдерімді.

Жатып ек бір бесіктің жөргегінде,

Салыңдар мені дағы көрге бірге.

Маңдайға жазылғаны осы шығар,

Шыр етіп дүниеге келгенімде.

Қасірет қанатымды қайырғасын,

Ағадан өлгенде де айырмасын.

Қатынға мені қоса жоқтатыңдар,

Бір жайған шашы қайта жайылмасын».

Депті де иек қағып жүре берген,

Ажалға бой ұсынып қуа келген.

Екеуі бір қабірде қалған екен,

Бұйырып сұр топырақ құба белден.

Сүйегі қурап-солып саудыраған,

Кім білсін қай төбеде қалды бабам?

Түрленіп, түзелгенде енді заман,

Тілеймін болғандығын елдің аман!

Сабылып ары көшкен, бері көшкен,

Өткенін шығармайды халық естен.

Наймандар бастан кешкен тауқыметті,

Рудың қазақтағы бәрі кешкен.

Қазақтың қасиетті әр атасы,

Биік тұр не шоқтығы, не жотасы.

Аттарын ауызға алсам кең даланың,

Тебіренер өзге түгіл қара тасы.

Есердің кімге керек ерегесі,

Атасын айтса қозған делебесі.

Еңселі орда болса қалың қазақ,

Керілген Найман да бір керегесі.

Қаншама белшемізден сорға баттық,

Қызыл қан жарамыздан сорғалаттық.

«Мың өліп, мың тірілген» шағымызда,

Әйтеуір бағымызға келді Азаттық!

Қайтадан тірілмейді өлген әсте,

Айналды қаралы күн енді елеске.

Қылыштың қиып түскен жазығы жоқ,

Сілтеген барлық кінә қолда емес пе?!

Сөзімді соза берсем кеңге кетер,

Ұшады көбіктенсе желге бекер.

Тасыған тыным көрмей асау тірлік,

Аунатып түбінде бір дөңгелетер.

Сұрасаң, бабаларым, міне, осындай,

Қайнаған Қаратаудың тұмасындай.

Суаты сарқылмайтын әңгімесі,

Мәңгіге тастап кеткен мұрасындай!..

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16