ТОР (әңгіме)

Думан Рамазан

25.01.2022, 10:36

2314

Сейітқазы түс әлетінде азырақ мызғып алмақ болып, жұмыс бөлмесіндегі ескі темір төсекке жантая кеткен. Тор сеткі төмен қарай созылып кеткендіктен, амалсыз шалқалай жатты. Сол сәт қабырғаның төбеге тірелген тұсындағы өрмекшінің торына көзі түсті. Әдемілеп тоқылған. «Осындай өрмек өретіні үшін өрмекші атаған шығар». Өз алдына бір жаңалық ашқандай таңдана қарады.

Төрт-бес шыбын ызылдап ұшып-қонып жүрген. «Мыналар көз шырымын алғызар ма екен?» дегенінше болған жоқ, тура көз алдында біреуі торға барып шырмалып қалды. Басына төнген қауіп-қатерді сезді ме, жанұшыра жұлқынды. Құтыла алмады. «Не құдіреті бар екен? Дәу де болса  желім тәрізді жабысқақ бірдеңе бар-ау! Дүниенің біз білмейтін құпия-сыры көп қой, шіркін» деп ойлады.

Тордың шет жағында тымпиып отырған құртақандай өрмекші жалма-жан шыбынға қарай жорғалай жөнелді. Қимылы шапшаң. Лыпыл қағып, шыбынның үстінен әрлі-берлі жүріп өтті. Жібек жіптерімен орап, байлап-матап жатқан сияқты. «Енді құтыла алмас, жәукемдей берсем болады» дегендей, арт жағына жармаса кетті.  Жан – тәтті ғой, шіркін, шыбын жаны шыға жанталасты. Бірақ еш қайран болмады. Қимылы біртіндеп бәсеңдей берді. «Кейбір өрмекшілер улы болады деуші еді, шырқыратып шақты-ау!»

Өрмекші тас кенеше жабысып алған. Шыбынды тырп еткізер емес. «Қан-сөлін сорып жатыр ма екен? – деді күрсініп, – ой, құдірет-ай, құйтақандай жәндіктің істеп жүргенін қарашы!»

Шыбынның әлі құрыды ма, жоқ әлде кеудесінен жаны шығып кетті ме, әйтеуір, мүлде қимыл-қозғалыссыз қалды. Соны байқаған өрмекші көткеншектей беріп кері бұрылды да, жөніне жөней берді.

Қас қақпай қарап жатқан, көзі талып кетті. Тарс жұмып, сыртынан сұқ саусағымен жаймен уқалап-уқалап жіберіп қайта сұқтанды. Шыбын қыбыр етпестен салбырап тұр, өрмекші үшті-күйлі жоқ. Сол маңайдың бәрін көзбен шолып шықты. Қайда кеткені белгісіз, зым-зия жоғалған. Аңтарыла басын көтеріп, тіктеліп отырды: «Жын ба, шайтан ба?!» Өз көзіне өзі сенбей, телміріп ұзақ қарады. Бірақ өрмекші көріне қоймады.

«Кейбір өрмекшілер секіреді» деген сөзді құлағы шалған. Үстіне қарғып түскендей денесі тітіркеніп кетті. Сол мезет желкесі жыбырлап қоя берді. Жалма-жан сол тұсты оң алақанымен сарт еткізді. «Сеспей қатқан шығар, бәлем!» деп сипалап көріп еді, қолына ештеңе іліне қоймады. Аң-таң.

Тұла бойы тұтас қышынып кетті. Әсіресе басы дуылдатып әкетіп барады. Қос қолымен қасына бастады. Осы бір жайсыздықтан құтылу үшін орнынан атып тұрып, шығар есікке қарай беттеді.

Табалдырықтан аттай бере қос қолын жоғары көтеріп, кеудесін кере керілді. Күн қағып, тотыққан жүзін салқын самал аймалады. Үсті-басын қасынып тұрып, тордағы  хайуанаттарға көз салды. Қасқырлар темір тордың ішінде жандарын қоярға жер таппай, арлы-берлі арпалысып жүр. Бойларын ашу-ыза кернеген. Көздері шоқтай жанып, жалын атады. Қызық көріп, тамашалап жүрген жандарға тістерін ақситып, ырылдап, айбат шегеді. Еркіндікте шалқып-тасып жүргендер тордағы мұңлықтардың жай-күйін қайдан түсінсін?! Келеке қылып, мазақ етеді. Әсіресе балалар мәз-мәйрам. «Біреуге – қайғы, біреуге – күлкі» деген осы шығар».

Терең ойға сүңгіп кетті. Көз алдынан өткен күннің елесі көшіп өтті...

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіре сала осы хайуанаттар бағына ветеринар дәрігер болып орналасқан. Зымыраған уақыт-ай, содан бері де аттай отыз жыл өте шығыпты. Ол кезде тепсе темір үзетін бозбала еді, қазір күш-қайраты қайта бастаған жігіт ағасы.

Әкімшілік ғимаратына көз тікті. Алғаш жұмыс іздеп келген күні ойына оралды. Сол кездегі директор Еркінбай Жұмағұлов ашық-жарқын қабылдап, әңгіме арасында хайуанаттар бағында жұмыс істеудің қиын екенін түсіндіріп баққан:

— Қиындыққа шыдайсың ба? – деді сынай қарап.

— Әр кәсіптің өз қиыншылығы бар ғой, – деген ойланып та жатпастан.

— Жабайы жан-жануарлармен жұмыс істеу оңай емес, – деді жөткірініп, – қорықпайсың ба?

— Қорқатын несі бар? – Сенімді түрде тіл қатты.

— Бізде жұмыс көп, бірақ айлық аз. – Директор бәрін бірден шешіп алғысы келген сыңайлы.

— Ақша маңызды емес, – деп қойып қалған. Мақсаты қалайда жұмысқа тұру болатын. Не десе де, тартынайын деп тұрған жоқ.

— Енді не маңызды?

— Таңдаған мамандығың бойынша жұмыс істеп, сүйікті кәсібіңмен айналысу...

— Бәрекелді, батырым! Бізге дәл өзіңдей қызметкер керек.

Бақ басшысы бұның жауаптарына риза болып, бірден қызметке қабылдаған. Содан бері осы хайуанаттар бағында жемісті еңбек етіп келеді. Дегенмен айлығы шайлығына жетпей қиналып қалатын кездері жалақысы көптеу жұмысқа ауысып кеткісі келетін.  Бірақ жанына жайлы жылы орнын суытқысы келмеген. 

Еркінбай Жұмағұлов қақ-соқпен ісі жоқ, өз ісіне адал, жауапкершілігі мен тәжірибесі мол жан еді. Адам баласын алаламайтын, кіммен болсын сыпайы қарым-қатынас жасап, тіл табыса білетін. Не нәрсені болсын орнымен істейтін. Жұмыста кемшілік бола қалса, кінәлілерді жерден алып, жерге салып қатаң жазалайтын. Бір жақсысы, ашуы тез қайтатын, кек сақтамайтын. Біреудің артына түскенін, қудалағанын, себепсізден-себепсіз жұмыстан қуғанын көрген емес.  

Хайуанаттар бағының тыныс-тіршілігін жіті қадағалап, қатаң бақылауда ұстайтын. Өзі де тыным таппайтын, қарамағындағыларға да тыныштық бермейтін. Ісіне шын берілген қызметкерлерді жақсы көретін, үнемі қолдап-қуаттап, мақтап отыратын. Ал кегежелері кейін тартып тұратындарды жақтырмайтын.

Бақтың тазалығына ерекше көңіл бөлетін. Соны білетін жұмысшылар торлардың іші-сыртын мұнтаздай қып қоятын. Хайуанаттарға да әркез жанашырлық танытып, қамқор болып жүретін.

— Әрқайсысына басыңмен жауап бересің! – дейтін мойнына жауапкершілік жүгін салмақтап салып. Содан кейін жаны қала ма, аяғының ұшымен жүріп қызмет қылатын. Әр хайуанаттың хал-жағдайын көзімен көріп, қатаң бақылап жүретін. Сәл ауыра қалса жанын салып емдеп-домдап алатын. Әбден қартайып, жасы жеткендері болмаса, өлім-жітім көп болмайтын.

Қаланың жаңадан тағайындалған әкімі осындай тәжірибелі басшыны бір-ақ күнде қызметінен алып, орнына өзінің бала кезгі досының Жантөре есімді отыз жасар ұлын қойды. Бұл салада бір күн де істемеген. Мамандығы да мүлде сәйкес келмейді. Онымен қоймай, өзі бір есерсоқ жігіт екен, келе сала жұмысшылардың басына әңгіртаяқ ойнатып, қырғи тигендей қылды.  Істің жөнін, шаруаның жайын айтқандарға көзін бақшитып:

— Көресіні көрсетем, қырам-жоям! – деп қоқан-лоқы жасайды.

Талай тәжірибелі қызметкерді болмашы нәрсеге бола жұмыстан қуып жіберді. Орнына тамыр-танысын алды. Көпшілігінің ататектері де бірдей. Орынбасарлыққа немере інісін тағайындады. Сыр-сымбаты келіскен сұлу бойжеткенді бас есепші қылып қойды. Білетіндер оны нақсүйері десіп жүр. Жаны бар сөз сияқты. Жұмыс уақытында да машинасына отырғызып алып кетіп бара жатады.

Жаңа келгендердің ешқайсысының бұл салада тәжірибелері де, арнаулы білімдері де жоқ. Бақ иесіз қалғандай күй кешіп, жұмысы қожырай бастады. Торлардың іші боқ-сідікке толып, ылығып-былығып, сасып жататын болды. Соның кесірінен жан-жануарлар бірінен кейін бірі жұқпалы ауруға шалдығып, өлім-жітім көбейді.

Бұрынғы директор да, орынбасары да, хатшысы да, есепшісі де мейірімді-қайырымды жандар еді. Ынтымағы жарасқан, айрандай ұйып отырған ұжым болатын. Ал қазір сүттей іріп, кетеуі кете бастаған. «Басшы қандай болса, айналасындағылар да сондай болады екен ғой. Ұры болса – ұры… Зәлім болса – зәлім… Зымиян болса – зымиян… Маңайына өзіне ұқсайтындарды жинайтын көрінеді. Жоқ әлде айналасындағылар басшыға қарап бой түзей ме?! Әйтеуір, түсіну қиын. Қай жердің де дамуы мен кері кетуі бірінші басшыға тікелей байланысты екен ғой. Ақылды басшы алдыға оздырады, ал ақымақ бордай тоздырады екен» деп ойлады.

Кейінгі кездері жұмырбасты әр пендені мінез-құлқы мен іс-әрекетіне қарай хайуанаттармен салыстыратын әдет тапты. Ойлап қараса, бақ қызметкерлері де адам кейпіндегі жан-жануарға айналып бара жатқандай. Директордың кабинетіне кірсе ашулы арыстанмен бетпе-бет қалғандай сезім күйін кешеді. Тіпті бастықтың өзімен бірге ертіп келген хатшысының өзі тап бір төрткіл дүниенің тұтқасын жалғыз өзі ұстап тұрғандай тәмпіш мұрнын шүйіріп, кердең қағады. Оны көрсе көз алдына сумаңдаған сұр жылан елестеп кетеді.

Кеше қалта телефонына қоңырау шалып:

— Қайда жүрсің? Тез жет! – деді дауыс көтеріп.

Әй, бір жыны ұстағаны-ай! Сонда да жаны нәзік қыз бала екенін ескеріп:

— Әкеңдей адаммын, жөндеп сөйлессеңші, айналайын! – деген сабырлы қалпын сақтап.

Қыздың қояр түрі жоқ. Қайта одан сайын өршеленіп:

— Әкемнен садаға кет! Тезірек жет деп тұрмын ғой мен саған! – деді шәңк-шәңк етіп.

Шыдамы сыр берді. Әкесінен сыдыртып сыбап салды.

Көзінің жасын көл қылып, үстінен шағым жасапты. Директор шақырып алып, дүрсе қоя берді. Айтқанды ұғар емес.

— Қыз баланы боқтауға қалай аузың барды? – деп аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. 

— Айтар сөзі мен орнын білсін! – деді өзінікін дәлелдемекші болып.  

«Мен – бастықпын, сен – кімсің?» дегендей, бет қаратар емес.

— Шақыртқан – мен! – деді кеудесін ұрғылап, – неге келмейсің?

— «Сізді бастық шақырып жатыр» десе болды ғой. «Қайда жүрсің? Тез кел!» деп жер-жебіріме жетпей-ақ.

Директор қарындасына ескерту жасағанның орнына бұған кәрін төге зіркілдеді. «Істегің келмесе жолың ашық, кете бер!» деді түкірігі шашырап.

Екеуара әңгіменің дәл осылай өрбитінін сезсе де, қапелімде не айтарын білмей, үнсіз құтылған. Осыдан кейін-ақ басшылық қыр соңына түсіп алды. Директордың орынбасары тіптен шектен шығып кетті. Баласынан да кіші жап-жас жігіт. Үлкенді сыйлау дегенді білмейді. Жер тіреп тұрғандай кеудесін шалқақ ұстап, кесек сөйлейді. Ананы бір, мынаны бір сылтауратып көпе-көрінеу түртпектейтін болды. Шибөрідей шақ-шақ етіп, тыныштық бермейді.

Жан-жағына жіті көз тастап, өткен күнді ойша шолып келеді. «Бүйтіп жеккөрінішті болып жүргенше, өзім-ақ арыз жазып кетіп қалсам ба екен? Бірақ одан не ұтам? Әліптің артын бағып, сәл шыдай тұрайын. Артық кетіп жатса тағы көрермін» деп қояды.

Хайуанаттарға бажайлай көз салып қояды. Арып-ашыған, жүндері түсіп жүнжіген, жүдеп-жадаған. Үлкен қара жылан жатқан торға жақындап келді. Қаннен-қаперсіз иіріліп жатыр екен, бұны көре сала жиырылып, басын қақшитып алды. Ысылдап, айыр тілін сумаң еткізді. Күнде көріп жүрсе де, тұла бойы тітіркеніп кетті. Өткенде дәл өзіндей ұрғашысын жұтып қойғаннан кейін кәдімгідей жүрексінетін болды. Соған әлі таңғалып, таңдай қағады. Неге өйтті екен? Ашыққаннан емес шығар. Өйткені кеше ғана түрмеде отырған кәнігі үш қылмыскердің жазасын өтеуге енді келген жас жігітті ұрып өлтіріп, етін жеп қойғандары туралы хабарды оқып, жаны түршіккен. «Олардың ондай ауыр қылмысты ашыққандарынан жасамағаны анық қой. Жұмырбасты пенделер бір мезетте-ақ жыртқышқа айналып шыға келеді екен-ау!»

Кенет қыңсылай шыққан ащы дауыс естілді. Жалт қарады. Қарсы беттегі қасқырдың торында топырлап жүргендерді көріп, солай қарай жүрді. Бағушылар арланды қолдарындағы темірмен аяусыз ұрып-соғып жатыр. Түз тағысы бүрсең қағып айнала қашып жүр. Жаны ашып кетті.

— Әй, жынданғаннан саумысыңдар?! Бұларың не? Қойсаңдаршы, ол да тірі жан иесі ғой! – деп ара түскен. Еліріп алғандар:

— Бұл директордың бұйрығы. Атаңа нәлет, кеше қаншығын талап тастапты. Сол үшін жазалап жатырмыз, – деп тыңдайтын түрлері жоқ.

Не десін. Ақымақтармен ақымақ бола ма?! Амалсыз кері бұрылған. Жұманбай бағушы қарсы жолықты. Түтігіп кеткен. Салған жерден бұрқылдап қоя берді:

— Мыналар жынды-ей! О заманда бұ заман жан-жануарды жазалағанды кім көрген?! Тіпті бір аптаға дейін тамақ бермей, аштан қатыратын болды.

— Не үшін?

— Ой, «тәртіп бұзды, бұзықтық істеді» дейді. Атаңа нәлет, күлесің бе, жылайсың ба?!

— Директордың өзі бұйырыпты ғой.

— Енді соған білгенін істетіп қоямыз ба? Бағушы – бағушы емес, жазалаушы жендетке айналды ғой. Оларды көргенде арыстанның да үрейі ұшатын болды. Байқайсың ба, тіпті ақыруын, күндей күркіреуін қойып кетті.  Оның үстіне бәрі де аш-арық, бұратылып жүр.

— Неге осындай күйге түсті?

— Ой, шынымен білмейсің бе? – деді таңырқай қарап. – Мәселен, бұрын арыстанға күніне 6-7 келі ет берілетін. Қазір соның тең жартысын қысқартып тастапты. Бірақ құжат бойынша  әлі де күніне сол шамада бөлінеді. Білесің бе, қалғанын басшылық өздері жейді. Атаңа нәлеттер жеміс-жидекті де ұрлап-жырлайды. Көрерсің, уақыты келеді, бәрінің артын ашамын, – деді қызбаланып.  

Осыны айтты да, қабағы қарс жабылған күйі жөніне кете барды. Сейітқазы ойланып қалды. Кенет оң жақ қапталдан шаң-шұң дауыстар естілді. Арттарына алақ-жұлақ қарай қашып келе жатқан адамдарды көріп, жүрегі зу ете түсті. Не болғанын тезірек білгісі келіп, қарсы жүрді. Салманбай бағушы арсалаңдай алдынан шықты. Алқынып кеткен.

— Не боп қалды? – деді тақап келіп.

— Кеше қаншығын талап жеп қойған арыстан жаңа Бақыри бағушыны да жарып тастап, тордан шығып кетіпті, – деді ентігін баса алмай.

— Не дейді? – Көзі бақырайып кетті.

— Неғып тұрсың? Қаш!.. – деді де, жауап та күтпестен шығар қақпаға қарай далбақтап жүгіре жөнелді.

Сейітқазы шошып кетті. Бірақ қорқынышқа бой алдыра қоймады. Арыстанды жақсы біледі. Адамға шабады деп ойламапты. Торына жалғыз кіріп, хал-жағдайын көзімен көріп жүретін. Талай мәрте бетпе-бет келіп оңаша қалған. Оғаш қылығын байқаған емес. «Бұлар адам емес, аңды да ашындырды. Құдай ақырын берсін!»

Кенет сонадайдан балпаң басып келе жатқан арыстанды байқап қалды. Тап бір қыдырыстап жүрген сияқты. Қапелімде не істерін білмеді. Дәл осы сәтте қайдан сап ете қалғаны белгісіз, директор өңмеңдеп жетіп келді.

— Арыстанды бірдеңе қылып торға кіргізші! – деді жәутеңдеп. «Мынау шынымен менің бастығым ба?» дегендей таңдана қарады. Жүзінде қан-сөл жоқ. Судан шыққан саршұнақтай сүмірейіп, сүмпие қалған.

— Қалай?

— Бірдеңе қылшы, енді! – деді директор жалынышты үнмен.

— Ажалыңнан бұрын өл дейсіз бе? – деді батылданып. Бір жағынан, қырсығы ұстап, қитығып та тұр.

— Жо… жоқ! Енді бір амалын табайық та...

— Полицияға хабар беру керек!

— Хабарладық!

— Ендеше күтеміз!

— Олар келгенше тағы біреуді жазым етпесе...

— Оған жол бермеймін! – деді нық сеніммен.

Директордың аузы жабылды. Арыстан қақпа жаққа қарай желе жортып барады. Келушілер де, қызметкерлер де тым-тырақай қашып кеткен. Абырой болғанда, күзетшілер қақпаны жауып үлгеріпті. Бірақ әр тұстан адамдардың қарасы көрінеді. «Қашып үлгере алмады ма, жоқ әлде білмей қалды ма екен?!» Тығылмақ ойнағандай әрнені қалқалай сығалап жүр. Демек, арыстанның тордан шығып кеткенін біледі. Соларды ойлап жүрегіне қорқыныш ұялады. Егер біреуіне қарсы шапса, тура жүгіруге бекінді. Бірақ арыстан ешкімге мойнын бұра қоймады. Бақтан шығудың жолын іздеп жүргендей, қақпа маңында арлы-берлі ойқастады. Қайта-қайта биік дуалға көз салып қояды.

Дәл осы кезде бақ қызметкерлеріне арналған бүйірдегі есіктен қолдарында шошайған мылтықтары бар мергендер кіріп келді. Басшысы болса керек, әскери киім киген капитан жандарына жақындап:

— Қалай ұстаймыз? – деп ентігін әрең басып.

— Қандай жағдай болсын өлтірмеу керек! – директор мұрнынан міңгір етті.

— Мен барайын. Оқыс қимыл жасаса көрерсіздер. Әйтпесе маған тиісе қоймас! – дей беріп еді, директор жүрегі жарылардай қуанып кетті:

— Иә, дұрыс… дұрыс! – Даусы саңғырлай шықты. 

— Олай болмайды! – деп бір-ақ кесті капитан. – Хайуанға сенім жоқ. Талап тастаса қайтесіз? Біз сіздің өміріңізге басымызбен жауап береміз!

Сейітқазы ойланып тұрып қалды. Капитанның сөзі ерекше әсер етті. «Шынында да, талап тастаса не болмақ?! Әй, өзім де алды-артымды ойлай бермейтін ақымақтаумын ғой. Капитанға рақмет! Басымның амандығын ойлап тұр. Ал директорға бәрібір, өз қара басының қамын күйттеп тұр».

Қашып құтыла алмасын сезді ме, арыстан өздеріне қарай тура жүрді. Жота-жонын күдірейтіп, желе жортып келеді. Ештеңеден қаймығар емес, аялдайтын түрі жоқ.

Зәресі ұшқан директор әкімшілік ғимаратына қарай томпаңдап қаша жөнелді. Мұндай қорқақ болар ма, артына жалтақ-жалтақ қарай зытып барады.

Бас зорлықшыны танып қойды ма, арыстан шалт қимылдап, тура соған қарай тұра шапты. Сейітқазы таңғалды: «Шынымен танып қойды-ау!»

Бұлай болар деп ойламаған капитан мылтықтарын оңтайлап тұрған сарбаздарға:

— Атыңдар! – деді бұйырып. – Атыңдар!

Мылтық даусы жамырай шықты. Құйғытып келе жатқан арыстан қара  жердің шаңын бұрқ еткізіп омақаса құлады. Қайтып бас көтере қоймады, бүктетілген күйі қимыл-қозғалыссыз қалды.

— Шипасы бітті-ау деймін! – деді офицер көңілі жайланғандай.

Арыстанның тоңқалаң асқанын көздерімен көріп тұрса да, ешкім де батылы жетіп бара қоймады. Сейітқазы ғана жанына жақындап барып, аң патшасының денесін бастан-аяқ көзімен шолып шықты. Екі бірдей оқ дәл шекеден тиіпті. Тілі салақтап, тырп етпестен сілейіп жатыр.

— Жан тапсырыпты, – деді қолын көтеріп.

Ең алдымен директор жүгіріп жетті. Артынан капитан бастаған мергендер де келді. Аң патшасының сеспей қатқанын өз көздерімен көрді.

— Әзірше өз торына апара тұрыңдар, – деді бақ басшысы маңайына жинала қалған бағушыларға көз тастап. Олар үнсіз бастарын изесті.  

— Сіздің кінәңіз! – деді бұл директорға тіке қарап. Ашуы бойында.  Сыбап салғысы келіп тұр.

Сұсты жүзінен қаймықты ма, тілін жұтып қойғандай тіс жармады.

— О заманда бұ заман хайуандарды жазалағанды қайдан көрдіңіз?!.. – Сейітқазының түрі адам шошырлық еді. Түтігіп кеткен.

Бақ басшысының еңсесі түсіп, басы салбырап кетті. Қарсы сөз айтуға жүрегі дауаламады ма, жоқ әлде шынымен өз кінәсін мойындады ма, әйтеуір, ләм-мим деместен жөніне кете барды. «Мынаған не болған? – деп ойлады, – үйретілген асаудай жуасып қалыпты ғой».

Сейітқазы шаршағанын енді сезінді. Жұмыс бөлмесіне қайтып келіп, темір төсекке құлай кетті. Көз алдынан жаңағы арыстан кетпей қойды: «Аң екеш аң да еркіндікті аңсайды ғой! Қашып кетуге қаракет қылып, тәуекелге бел байлағанын қарашы!»

Бақтан қашқысы келетін хайуандардың қатары күн санап өсіп келеді. Өткенде маймылдар жерде жатқан бөренені көтеріп тұрғызып, баспалдақ қылып, дуалдан секіріп кетіпті. Енді қайтсін, саясында емін-еркін жүретін тұмса табиғатты аңсайтын шығар. Абырой болғанда, алысқа ұзай қоймапты, сақшылар көшеден ұстап әкелді. Құстар да ұшып кеткен. Тіпті жыландар да ұшты-күйлі жоғалған.

Кенет көзі торға түсті. Екі шыбын ілініп тұр. Бағана біреуін өзі көрген, екіншісі қосарланыпты. Көз алдына сан түрлі тор елестеді. «Көзге көрінбейтін торлар да болады екен ғой, – деп қиялға берілді. – Адамдар да торға түсуден қорқады. Әр қадамын аңдап басады. Тіпті ең аяғы ойларын да қамауда ұстайды».

Кенет мектепте бірге оқыған Ердеш досы есіне түсті. Мінезді-ақ жігіт еді. Мансабы өсіп, мәжіліс депутаты атанғаннан бері көкжалдық қасиетінен жұрнақ та қалмаған. Қоқым-соқым лақтырса, тоңқайып қызыл көтін көрсететін маймылға айналған. Адам түсініп болмас жәдігөйлік іс-әрекеттерге көшкен, жағымпаздық жолға түскен. Ол үшін ұялмайды да, қымсынбайды да. «Адамның жамандыққа да еті өліп кетеді-ау! Сүйкімін жоғалтып, елге жеккөрінішті болып өмір сүру де қайбір жақсы дейсің. Ар-ұятын ақша мен қызметке, яғни бас пайдасы үшін айырбастап, қу құлқынның құлы болып жүр. Есесіне көйлегі көк, тамағы тоқ, уайымы жоқ».

Зиялыларды көктей шолып шықты. Тағы да көз алдына маймаңдаған маймылдар мен жылмаң қаққан түлкілер елестеді. Арыстандар мен жолбарыстардың тұқымы тұздай құрыған. Арагідік қасқырлар мен барыстар бой көрсетіп қалады. Шаңқ ете қалатын кәрі бүркіттер мен жас қырандар қылаң береді. Бірақ олар да өздерін еркін сезіне алмайды. Көзге көрінбес тормен шырмап, аяқ-қолдарын жіпсіз байлап-матап тастаған. Үндері де құмыға шығады. «Адамдар да хайуанаттар бағындағы аң-құстардың күйін кешкені ме?! Не пәле?!»

«Біз, осы, кімбіз?» – деді өзіне-өзі іштей күбірлеп. Тістеніп, тісін шықырлатты. Алдымен әйелін ойлады. Оны аққуға теңейді. Ал балалары ше? Әзірше адам қалыптарынан айни қойған жоқ. «Мына қоғам бір күні оларды да күйкентайға айналдырмасына кім кепіл?» Кеудесін кере ауыр күрсінді. Иегі кемсеңдеп, жанарына жас іркілді. Көмейіне өксік тығылды.

— Әй, осы, өзім кіммін? – Даусы ышқына шықты. – Бәрібір арыстан бола алмаймын. Кезенген мылтыққа қарсы шабам деп, ажалымнан бұрын өлер жайым жоқ.

Ойлана жоғары қараған, көзі тағы торға түсті. Шет жағында бұғынып отырған өрмекшіні көріп, жын ұрғандай қарқылдап күліп жіберді.

— Тор… тор… тор… – деді сұқ саусағын шошайтып, – өрмекші!..

Кенет жемтік аңдыған құйтақандай жәндік қусырылған қу дүниені уысында ұстап тұрған құдіретті күш иесіндей көрініп кетті. Сол мезет сұсты жүз өңменінен өтердей өткір көзбен сұқтана қарап, төбесінен төніп тұрғандай сезінді. Денесі дір ете қалды: «Астапыралла!»

Көзін жұма берді.

Торға түскендей тыпырлады да қалды.

Бойын үрей билеп алды...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
М.СӘУЛЕБЕК 13.05.2022, 08:58
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56