Төрдегі төртеу - Түркістанда Қазақстан суперкубогын сарапқа салуда

Амангелді СЕЙІТХАН

05.03.2021, 12:29

1367

Киелі жердегі кең стадионда алдымен доп тебу бақытына «Шахтер» мен «Астана» ие болды. Жалпы, турнирге былтырғы маусымда үздік нәтиже көрсеткен төрт команда шақырту алды. Жыл бұрын Қазақстан кубогы сарапқа салынған жоқ. Сол себепті ел чемпионы мен жүлде алғандар қатарына Қарағандының «Шахтері» қосылды. Турнир жаңа нұсқада өтуде дедік қой, демек, жартылай финалға тағы бір команда қажет еді.

    Олқылықтың орнын осы кеншілер толтырды. Қарағанды командасы ай жарым бұрын бапкер ауыстырғаны елге мәлім. Константин Горовенко кеткен соң, тізгінді Әли Әлиев ұстады. Ол өзіне қажет ойыншыларды жиып алды. Түркиядағы оқу-жаттығу кезінде бірнеше жолдастық кездесу өткізгенін де білесіздер. Мысалы, елге қайтар  кезде «Казанканы» ірі есеппен ұтты. Соны малданып қалдық па, Түркістандағы су жаңа стадиондағы тұсаукесер матчта «Астанаға» лайықты қарсылас табылды деп ойладық.  Алайда Андрей Тихоновтың атақ-дәрежесі әсер етті ме, «Шахтер» жүйелі ойын өрнегін көрсете алмады.  Білгенінен жаңылды. Тап бір футбол матчына тіке түсе салғандай жүрді.  Турнир туралы енді білгендей алғашқы минуттан абдырады. Бұл енді бірінші жартылай финалдық бәсеке еді.

       Команда құрамымен танысқанда таңғалдық. Әли Әлиев оң қанатты Геворг Наджарянға сеніп тапсырыпты. Шабуыл ұйымдастыруға епсіз ойыншының қорғанысты қатырмайтыны да түсінікті. Қай бапкер келсе де, негізгі құрамнан орын алатыны да таңғалдырады. Әлидің не ойлағанын тап басу қиын. Бірақ Наджарянның «Астана» қорғаушыларын сан соқтыруы неғайбіл еді. Солай болды да. Бір ғана Геворг емес, өзге ойыншылар да іске шабан кірісті. Сонау Ресейден аттай қалап әкелген Арсен Хубуловтың бабына қашан енетіні белгісіз. Былтыр да сол маусым соңына таман шираған. Қазіргі ойын өрнегі өзіне де ұнамаған шығар. Тістенді де жүрді. Өз аяғына өзі сүрінген  жігітке Әлиевтің кезек ұсынуы да кісі түсініп болмайтын  жағдай. Сол қанатта Ескендір Қыбырай жасындай жарқылдар деп ойлап едік.  Оның да «шикілігі» байқалып тұрды. Үш бірдей ойыншыдан қателескен бас бапкердің команда тағдырын қандай қатерге тіккенін мамандар түсінген шығар. «Астана» ойыншылары миығынан күлді. Иығынан келетін қарсыластарының қателігін пайдаланған Жарко Томашевич есеп ашқанда финалға кімнің өтетіні белгілі болғаны да сондықтан. Қысқасы, бірінші таймда «Шахтердің» «аяқ-қолын» матаған елордалықтар есеп ашып, кімнің жеңетіні жайындағы мәселеде мән қалмағанын паш етті.

      «Астана» соншалықты жақсы ойнады ма? Шынын айту керек, «Шахтер» емес, өзге қарсылас жолыққанда Андрей Тихонов щәкірттері де титықтап қалар еді. Қақпадағы Дмитрий Непогодовтан бастап, қорғаушылар Сергей Малый мен Вараздат Ароянға соншалықты салмақ түспеді. Рас, екінші тайм бел ортасынан асқан тұста Ароян өз қақпасына гол соғып ала жаздады. Армения құрамасының белді қорғаушысы «Астанаға» әлі сіңіп кете алмаған секілді. Жақында ғана ауысып еді ғой. Оның отандасы Тигран Барсегянда да баяғы қарқын қалмапты. Бір-екі рет онсыз да қалт-құлт еткен кеншілер қорғанысын бұзып-жарып өтті демесеңіз, соншалықты еңбегі сіңе қойған жоқ. Оған қарағанда Мартин Томасов белсенді көрінді. Бірақ Мартиннің де кемел шағы кешенің есесінде қалып қойған секілді. Былтыр да біртоға көрінген Томасов биыл қайтер екен? Жейдесінде нөмірі ауысқалы оның ойыны да сұйылып кеткендей.

       Иә, маусым енді басталып жатыр. Бәлкім, ұлттық біріншілік кезінде барын салатын шығар. Тек қана Томасов емес. Тихонов сенім артқан футболшылардың көбі жанкүйер күткен биіктен табылатын шамада емес. Әзірше деп айтайық. Қара күштің есебінен доп тебетін Абзал Бейсебеков пен ойынды үйлестіруі тиіс Макс Эбонгты да мақтау үшін біраз ойлану керек. Олар өнімді не іс атқарды деген сауал айналасында. Ойын тәртібін жиі бұзғаннан басқа тірлігі еске түспей отыр. Шабуылшы Семир Смайлагичтің де шеберлігі аса байқалмады. Жалпы, осы матчта жарқ етіп көрінген ешкім жоқ.

       Рас, қос команданың қорғаушыларына сын айта алмайсыз. Өз міндеттеріне адал қарады. Қызметтерін де біршама сауатты атқарды. Айтпақшы, «Шахтер» сапынан Вук Митошевич пен Соломон Удоны атауға болатын шығар. Кем дегенде келесі матчтарда мінез көрсетуі мүмкін екенін байқадық. Матчта соғылған екінші голды өз есебіне Тигран Барсегян жазғанын да ескертейік. Қорытынды есеп – 2:0, «Астана» финалға жолдама алды.

      Матчтан кейін сөз алған Андрей Тихонов командада сенім артатын ойыншы аз екенін тілге тиек етіпті. Реті келсе әрбір шепке тағы бір-бірден футболшы алу қажет екенін айта келе, клуб қожайындары осы мәселені шешуге атсалысса деген тілегін жеткізді. Ал Әли Әлиев өз шәкірттерін ақтап алуға тырысты. Келесі матчта келісті ойын көрсететінін айтып, кеншілердің келешегіне зор сеніммен қарау керектігін айтты.

       Жалпы, биылғы маусымның серкесі Алматының «Қайраты» секілді. Алексей Шпилевский шәкірттері былтырғы қарқынын жоғалтпапты. Оны оқу-жаттығу жиыны кезінде көрдік. Кез келген ойыншысы кезек тисе қарсыласын жапырып жіберуге дайын. Мысалы, Волгоградтың «Роторымен» өткен матчта негізінен жастар қайрат көрсетті. Оң қанатта Сұлтанбек Астанов өте сауатты ойнады. Допты жетекке алуы, әріптестеріне дер кезінде пас беруі, қорғанысты да ешкімге дес бермеуі ұнады. Сол қапталдағы Гүлжігіт Алықұловтың өнері де көңілден шықты. Орта тұстағы Данияр Үсенов пен Андрей Ульшиннің шеберлігі тәнтті етті. Қысқасы, «Қайраттың» кез келген ойыншысы сынға төтеп бере алады. Штерли Мамба секілді маңғаз ойыншы да тегін келмеген болар. Оның үстіне былтырғы серкелер түгелдей дерлік команда сапында жүр.  Рас, Яцек Гурльскийдің ауыр жарақат алғаны команда жанкүйерлерінің қабағына кірбің ұялатқаны анық. Дегенмен ол айыққанша орнын жоқтатпайтын жігіттер бар. Қорғаныс шебіндегі футболшылар да өз кәсібіне әбден бейімделген. Оң қанаттағы Дино Миканович, орталық қорғаушы Радо Дугалич немесе оның қасындағы Нұрәлі Әліптің кез келгені тасқамал ойыншылар. Қазір Гафуржан Сүйімбаев та емделіп жүр. Оны Камо Огонесян мен Сергей Кейлер алмастыра алады. Алмас қылыш секілді Вагнер Лав пен жас талант Артур Шушеначевтен де жүк артылмайды. Демек, «Қайраттың» ұпайы түгел.

                                          ЖАРАЛЫ «БАРЫС»

     Гагарин кубогы жолындағы жарыстың плей-офф бәсекесін елордалық хоккейшілер сәтсіз бастады

      Юрий Михайлис шәкірттері Магнитогорскінің «Металлургын» ұтуы тиіс еді. Тіпті сырт жерде ойнаса да. Себебі 3:1 есебімен алда тұрған.  Ал мұндай ойында екі шайба ұзап шыққан команда кем дегенде тең түседі. Біздің «Барыс» басқа сценарийге бағынған секілді. Рас, небары 37-минутта гол жібердік. Егор Коробкин Карлссон қорғаған қақпадан саңылау тапты. Артынша Кирилл Панюков таразы басын теңестірді. Ол – ол ма, әлгі Панюков ұсынған пасты Роман Старченко ұтымды пайдаланды. Он бесінші минутта Кирилл енді Даррен Дицтің гол соғуына мүмкіндік жасады. Екі гол ұзап шыққан жерлестеріміз үзілістен кейін қателікке бой алдырды. Егор Яковлев пен Сергей Мозяйкин таразы басын теңестірді. Ал Николай Голдобин екі гол соғып, өз командасының мықтылығын паш етті.

       Осы кезде қонақтардың ойыншылары дөрекі ойнай бастады. Төреші бір хоккейшіні айдыннан қуды. Қақпашы Карлссон берген шайбаны Диц Варонеге шығарып, Филип өз мергендігін паш еткен еді. Барлық мәселе үшінші кезеңде шешілетін болып, қос команда тынығуға кетті. Матч қайта жалғасқанда Егор Яковлев гол соғып, сәлден кейін Николай Прохоркин де белсенді. Қорытынды есеп – 7:4. Айтпақшы, 57-минутта «Барыс» гол соқты. Бірақ төрешілер оны есепке алмады. Шевченко қақпаны жылжытып жіберді дегенді желеу етіп.    Матчтан кейін сөз алған қорғаушы Валерий Орехов: «Гол соғудай соқтық. Төрт рет қарсыластар қақпасын дәл көздедік. Жеті шайба жіберетіндей не күн туғанын түсінбедім. Тізгінді беріп қойдық. Сосын, олар дегеніне жетті», – деп күйініпті. Ойын кезінде айдын иелері осалдау көрінген еді. Кейбір деректер біздің сөзімізге дәлел бола алады. Мысалы, қонақтар қарсыластар қақпасына 40 соққы бағыттады. Олар 33-тен асырған жоқ. Он екі минуттан артық шабуылдаппыз. «Металлург»  шабуылға 9 минут 54 секунд жұмсапты.

      Рас, тәртіп бұзу жағынан да қонақтар басым болды. 24 минут бойы біздің бір ойыншымыз артық еді десе де жарасады. Алайда жеңіс қарсыластар қанжығасында кетті. Алда әлі кем дегенде үш ойын бар. Өйткені төрт рет жеңіске жеткен команда жарысты жалғастырады. Бас бапкер Юрий Михайлис: «Соғыс әлі алда. Бүгінгі майданда ұтылдық. Дегенмен әлі де есе қайтаруға болады. Бірінші кезеңде тамаша ойнадық қой. Үзілістен кейін сұйылдық. Шәкірттеріме сенемін. Келесі жолы қателікке бой алдырмауы тиіс», – депті. Екінші матч ертеңге белгіленген.

 

Тегтер: спорт тарих тағылым өсиет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:21
Актриса Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 11:41
Қазақтың аса көрнекті ақыны Есенғали Раушанов өмірден өтті
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 16.04.2021, 09:47
Луиз ГЛЮК: Біз ешкім де емеспіз
Қоранбай ШӘКІРҰЛЫ 16.04.2021, 03:27
Бейқамдық па, бейшаралық па?
Еркежан Арын 14.04.2021, 20:32
«30 еңбек елшісі» – жастар саясатын жетілдіру бастамасы
Айт-МАН 13.04.2021, 15:24
Хан Кененің басы отанына оралмақ

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24