Түбіміз түрік болғанмен, ала-құламыз

Жарас КЕМЕЛЖАН

25.11.2021, 14:00

930

«Кімнен таяқ жегендей

Біздің түрікбаласы,

Алдырыпжүргендұшпанға

Аузының аласы».

Кім айтса да, түбі бір түрік баласына қаратылған осы бір шумақ өлең бұрынғы, тіпті, бүгінгі түрік елдерінің шынайы бет-бейнесі сияқты.

Кезінде ұлы Тұран империясын құруды көздеп, Түркістанды оның кіндік астанасы еткісі келген Мұстафа Шоқай осы арман жолында басын бәйгеге тіккен.

Шоқай атамыздан бізге жеткен өзінің аудио жазбасында: «Еуропаның әр тарапында жүрген, бүгінгі Түркияда тұрған Түркістан жастары, бірігіңдер! Сендердің бірліктерің, күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етсін. Мұны ұмытпаңдар. Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір махаббат уазифа болмақ. Мұны ұмытпау керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтін жауымыз болмайды. Мақсатымызға жетеміз. Онсыз біздің күніміз жоқ. Құрып кетеміз. Түрік баласы, ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің үкіметін шығарып тастауға, аударып тастауға тырысыңдар!» – деп келетін рухты, жіберлі үндеуі бар.

Мұстафа Шоқай арманы әлі орындалған жоқ. Тіпті, жуық арада орындалуы да екіталай әңгіме. Бірақ соның алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Осымен VIII рет түбі бір түрік елдерінің үлкен басқосуы өтті. Бұл бұған дейін өткен басқосулардан өзгерек екенін саясаттанушылар айтып жатыр. Жиынның Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Демократия және бостандық аралында аталып өтуінің өзінде айрықша мән бар.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің баяндамасында: «Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол – өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын!» – деді. Мемлекет басшысының осы сөзінің өзі бауырлас түрік елдерінің қиын-қыстау күндерде бір-біріне шынайы жанашыр бола алатынын көрсетеді.

Басқосуды бастан аяқ-баяндамаймыз. Дегенмен, осы жолғы кездесуде түбі бір түрік елдерінің болашағына алғышарттар жасалғанын айта кеткен жөн. Өйткені бұған дейін «Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» болып аталып келген кеңес «Түркі мемлекеттері ұйымы» болып өзгерді. Кеңестің ұйымға ауысқаны сияқты ұйымның одаққа айналуы да бек мүмкін. «Түрік мемлекеттері ұйымы» дегеніңіз түркі интеграциясының жаңа кезеңі басталды дегенді білдіреді. Жасыратыны жоқ, «кеңес» атауының консультативтік сипаты бар. Ал «ұйым» қалыптасқан жүйесі бар құрылым деген мағынаға жақын. Алғашқысы – меморандум, екіншісі – келісімшарт тәрізді дүниелер.

Ұйым отырысында айтылған тағы бір ақжолтай жаңалық – түркі инвестициялық қорын құру. Бұл да түбегейлі шешіліп, қор алдағы жылдан бастап өз жұмысына кірісетін болды. Қор қорлана келе түркі елдеріне ортақ банк болуы мүмкін. Түріктің тұтастығы үшін қызмет ететін банк құрылса, ол түрік елдерінің экономикалық әлеуетін арттырмаса, кемдік көрмеспіз. Одан кейінгі тағы бір әңгіме – түрік елдерінің 2040 жылға дейінгі даму бағдарламасы. Бұл енді білген адамға, түсінген жанға түрік баласының болашағы үшін жасалған бағдарлама болары анық.

Кейбір саясаттанушылар «Түрік мемлекеттерінің ұйымын» рухани қарым-қатынаспен ғана шектеліп қалмайтынын айтуда. Иә, қазір не көп, ұйым, одақ көп. Қазақстанның өзі бірнеше ұйымның, бірнеше одақтың құрамында. БҰҰ, Шаңхай ынтымақтастық ұйымы, НАТО, Еуразия экономикалық одағы. Ал «Түрік мемлекеттерінің ұйымы» басқа одақ, басқа кеңестер сияқты нақты бір салаға ғана жауап бермеуі керек. Өйткені, бұл – түбі бір бауырлас елдердің ұйымы. Бұл рухани қарым-қатынасты негіз еткен, бірте-бірте экономикалық, тіпті, әскери одақты негіз ететін одақ болуы тиіс.

Түрік елдері өзара әскери одақ құрмаса, дәл қазіргідей алмағайып заманда жан сақтау қиын. Оны алысқа бармай, кешегі Қарабақ үшін болған ұрыстан-ақ білуге болады. Қазір әлемді ұстаған алып империялар тоқымдай жер үшін оқ атып, әлділер әлсіздерге күш көрсетіп, көршілер бір-бірінің тынышын алып жатқан тұрлаусыз заман. Терістігімізде аюдай ақырған Ресей, шығысымызда экономикасымен әлемді жаулаған алып Қытай жатыр. Қазақстанның географиялық орналасуының өзі сын-қатерге толы. Екі жақтағы екі көршінің көңілін табу үшін бірде айлаға ауысып, бірде мінез көрсетіп жан бағу керек. Алайда қашанғы көршінің көңіліне қарап, жалтақтап өмір сүруге болады? Сол үшін бауырлас елдермен бірігіп, түбі бір түрік елдерінің одағын құрып, көршілермен тең тұрып сөйлесетін уақыт әлдеқашан жетті.

Егер Түрік мемлекеттерінің ұйымы бес-он жылда өзара экономикалық одақ құрса, Алтайдан Анадолыға дейінгі түрік баласы бір-бірімен алыс-беріс жасап, сауда-саттық орнатып, экономикалық әлеуеті мығым елге айналар еді. Оған негіз жоқ емес. Мысалы, Түркияның шағын және орта бизнестегі, ірі өндірістегі әлеуеті Орталық Азиядағы елдерге көмек болар еді.

Егер түрік елдері әскери одақ құрса, анау алып АҚШ-та, мына тұрған Қытай мен Ресей де ұлы Тұран топырағына көз аларта алмас еді. Жириновскийлер Қазақстан туралы ойланып сөйлер еді. Мейлі саяси-экономикалық одақ болсын, мейлі әскери одақ болсын, бұл түрік елдерінің болашаққа жасаған ең сәтті қадамы болар еді. Қазірше, мұның екеуіне де ерте сияқты. Дегенмен, қазақта «көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, 2040 жылға жасалған түрік мемлекеттері ұйымының ұзақ жылғы бағдарламасында осының бәрі болуы мүмкін.

Біз «Түрік мемлекеттері ұйымының» болашағы, оның саяси-экономикалық одаққа айналуы немесе әскери одақ құру-құрмауы туралы, жалпы, бауырлас елдердің болашаққа жасаған бастамасы хақында саясаттанушы Амангелді Құрметұлын сөзге тарттық.

Тақырыпқа орай – вырезка.

Амангелді Құрметұлы:

Түрік мемлекеттерінің одақ құру мәселесіне келер болсақ, «Түрік мемлекеттері ұйымы» алдағы 10-15 жылда одаққа айнала қоюы екіталай. Өйткені одақ құру деген күрделі процесс. Қазақстан мен Қырғызстан мүше болып отырған кейбір одақтардың жұмысы тұралап тұр. Жалпы, қандай да бір саяси-экономикалық, әскери одақ құру үшін іргетас мықты болуы керек. Ондай одақ құруға халықтың өзі дайын болуы керек. Өкінішке қарай, Орталық Азия елдерінде, оның ішінде, Түркия мен Әзірбайжанның өзінде халық одақ құруға әлі дайын емес. Халықтың тең жартысы ондай одақ құруға қажеттілікті сезінген жоқ. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан елдеріндегі халықтың негізгі үлесі Түрік елдерінің саяси-экономикалық, әскери одағын құруға деген қажеттілікті түйсініп отырған жоқ. Қысқаша айтқанда, оған халық дайын емес. Орталық Азиядағы халықтардың өзі бірін-бірі шынайы бауыр деп қарамайды. Қазақстанға келген өзбектерді гастарбайтер деп қараймыз. Қырғыздарға солай. Бауырластықтан гөрі бәсекелестік басым. Мұндай жағдайда қандай да бір одақ құру қиын.

Түрік мемлекеттерінің саяси-экономикалық немесе әскери одағын құру үшін, алдымен, рухани-мәдени, гуманитарлық бағыттарды ақырын-ақырын жүзеге асыру керек. Әскери одақ құруға тіпті ерте. Әлемде НАТО-дан басқа әскери одақ жоқ. Шын мәнінде, қандай да бір жағдайға келгенде, бірлесіп әрекет ету жоқ. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бар. Бұл ұйым – өзгеге доңайбат көрсетуге ғана жарайтын құрылым. НАТО-ға мүше елдердің арасында да келіспеушіліктер көп. Мәселен, Түркия мен АҚШ-тың, Түркия мен Францияның арасында да келіспеушіліктер болып тұрады. Македония мен британдықтардың арасында да алауыздық бар. Біртекті емес.

Әскери одақ құрылмағанымен, түрік елдері бір-біріне әскери техника беру, қару-жарақпен көмектесу, соңғы үлгідегі соғыс қаруларын алмасу сияқты интеграцияны жоққа шығармаймын. Ондай қарым-қатынас болып тұрады. Бұған дейінгі басқосуларда да әскери одақ құру мәселесі сөз болған емес. Тіпті, бұл алдағы 20-25 жылда да талқыланбауы мүмкін.

Жаһандану дәуірінде түрік елдерінің бір-біріне сүйеніп, бір-біріне арқа сүйеп өмір сүргені абзал болар еді.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14