Түнгі жол (Әңгіме)

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

08.06.2021, 12:00

1943

          Етегіне сүрінердей екпіндеп, жылдам жүріп келе жатқан ұзын бойлы ақсары әйелдің дауыстап айқайлағанын ауыл шетіндегі айтақыр алаңда теңбіл доп қуған балалар елең қылар емес; қызық көруге жиналған қарадомалақтар  футболшы ұлдардың делебелерін қоздыра ысқырып-ысқырып қояды ара-тұра.     

  • Әжімұрат!.. Әжімұрат деймін!.. Бармысың, балам? Мына шуылдақтардың арасынан қалай тапсам екен сені, ә?

          Ала доп аяғына тиген  дөңгелек көз қараторы бала  жолын кес-кестеген екі-үш қарсыласын шұғыл бұрылыс жасап алдап өтті де, қақпашы тұрған орта тұсты дәлдей бір-ақ тепті.                                                                                 

– Гол!

– Ура-а!

– Алақай!

– Жарадың, Әжімұрат!

  • Жеңіс бізде!

«Барыс» командасының ұлдары Әжімұратты кезек-кезек құшақтап, енді бірі қолын қыса құттықтап жатыр. Балалар дабырласып у-ду, ойын аяқталды. Қаумалаған достарының арасынан әзер сытылып шыққан Әжімұрат анадай жерде келе жатқан анасын жаңа байқады. «Үйде бір нәрсе болды ма екен?!.. Апырым-ай, ә?!.»

– Айқайлай-айқайлай ел-жұрттан ұят болды, өзі, – деді шешесі ентігін басып.

– Не болды, анашым?

– Әкең екеуміз қалаға жүрейік деп жатырмыз.

– Қайда асықтыңыздар?

– Әпкең қатты ауырып, ауруханаға түсіпті. Қалаға баруға тура келіп тұр, мал мен құстарға  ие бол, қойларды өзің бақпасаң болмас. Көзіңнен таса қылма! Саған сенгеннен кетіп барамыз.

  • Алаңдамаңыздар.

                                                     ***

Бұрынғыдай керіліп-созылып жатпай, ерте тұрып, сиырлар мен тайыншаларды табынға қосады, тауық-қаздарға жем шашады, шәйін ішкен соң, қойларды далаға шығарып,  алыстау  ұзатып жаяды.

Қой бағу кісіні жалықтыратын шаруа екен. «Қой баққан адам ой бағады» демекші, ананы-мынаны ойлап, жан-жағына көз жіберіп отырады. Батыс жақтағы Горный селосына қарай  созылып  кең дала жатыр.  «Горный» деп неге атаған? Бір таңданатыны, бұл өңірде орысша атаулардан аяқ алып жүре алмайсыз: Дорофеевка, Викторовка, Заградовка, Николаевка, Корнеевка, Явленка, Антоновка, Ивангород деген елді мекендер  көп-ақ.

          Осы «Горныйдың»  іргесіндегі «Жалғыз тауды» ел «Жаман сопка» атайды. Жалғыз тау деген аттың несі ерсі, несі жаман?!

          Ахау, жігіт ері,

          Дерсің мені,

          Деп салған,

          Маңмаңгерге,

          Ақан сері, – деп әуелете ән шырқаған, таңдайына бұлбұл ұя салған әнші, сауықшыл іні-достарын ертіп сан мәрте өткен шығар осы арадан.

Әжімұраттар Корнеевка селосына жазғытұрым қоныс аударған. Ана жылдары «қой қоздап, қорада шу» болып жататын елді мекенде қазір отыз шақты отбасы.  Алдыңғы жылы тоғызжылдық мектеп қысқарып, бастауыш сыныптар қалған. Жоғары сыныпқа өткен он шақты бала көрші ауылға қатынап оқып жүр.

Бір қызығы,   бұл жерде ұсақ мал ұстамайды екен.

                                                        ***                                                                                                                                            

Түске дейін ауылдан недәуір ұзап жайылған қойларды күн ысыған соң айдап әкеліп, шөлдері қанғанша суғарып, шарбақ қораға қамады да, түс ауа  далаға шығарып, анда-санда алыстан қарап қойып жүрген. «Футболға барайық» деп қылқылдап тұрып алған Жеңіске еріп стадионға келген Әжімұрат ойынға қызу кірісіп, қойларына қарауды есінен шығарды.  Біраздан   соң есіне түсіп, санын соқты. Үкідей ұшып қойлар жайылған жерге жетсе ұшты-күйлі жоқ. Жүгіре-жүгіре  әбден шаршады, ауылдың маңын тегіс шарлады, жота-жоталардың басына шығып, көзі жеткенше қарады, жер жұтқандай жым-жылас.

«Аяқастынан неге елп ете қалдым?!.. Өзіме де сол керек!..  Естияр санап, сеніп еді ата-анам. Сондағы бағып-қаққаным, қарағаным осы  ма?! Қолды болса не қылам?!.. Әзірше полицияға хабарламай тұра тұрайын».

Түнімен дұрыс ұйықтай алмай, таң алдында кірпігі әзер ілінді. Қалта телефон қоңырауын естіп атып тұрған. Сиырларды табынға қосып, тауық-қаздарға жем шашып, шәйін ішкен соң, жоғалған қойларын қайдан табам деп уайымдап отырғанда көрші Ғалымжан кәрия табалдырық аттаған.

– Ассалаумағалейкум, балам!

– Уағалейкумассалам, ата!

– Жаңа Раздольное селосында тұратын күйеубалам телефон шалды. Василий деген орыс отыз шақты  қойды қорасына қамап қойыпты. Дәу де болса сендердің малдарың.

– Рас па, ата? Жақсы болды ғой.

– Кім біледі?!

– Раздольное осы ауылдан қанша шақырым?

– Кемі 10-15  шығар.

– Онда қазір жүрем.

– Немен?

– Велосипедпен.

          – Жол сайрап жатыр. Біреуді ертіп ал қасыңа, біріңе-бірің серік боласыңдар.

          Тал түс. Күн ыстық. Зеңгір ашық аспан шыныдай мөлдірейді. Велосипед мінген екі бала қара жолмен ызғытып келеді. Кенет Қуанышбектің велосипеді  шабандап қалды. Тоқтап қараса, алдыңғы дөңгелегі жарылыпты.

          – Қырсықты көрмейсің бе? – Ашушаң Қуанышбек   дөңгелекті бір тепті.

          – Темірдің еш жазығы жоқ, мұның не? – деді Әжімұрат.

          – Насос алуды ұмытып кетіппіз.

          – Дөңгелек жарылады деп кім ойлаған?

          – Не істейміз енді?

          – Бір жөні болар.

          – Бас қатырғаннан бірдеңе өзгере ме?!

          – Менің велосипедіммен керек заттарды үйден алып келейік.

          – Қанша ұзап кеткенімізді білесің бе?

          – Қозы көш жер.

          – Одан да алыс сияқты.

          – Солай ма?         

  • Қашық екен.

          Бағанадан «неге шықтым» деп өкініп келе жатқан Қуанышбек сылтау табылып, үйге қайтудың орайы келгенге қуанды.

          – Мен үйге барайын. Айып етпе... 

          – Өзің біл.

– Жалғыз жүруге қорқасың ба?

  • Неден қорқам? Раздольное – мына тұрған жер.

                                                            ***

  • Сені де дос деп… Қысылтаяң шақта тастап кеттің.

          Қуанышбектің қылығы біртүрлі ерсі көрінді. Екеуі бір велосипедке мінгесіп баруға болар еді.  Сыныптас достығы болмаса, оны  аса жақсы білмейді екен.  Шын дос адал болмаушы ма еді?! Бұлардың үйіне жиі келгіштеп, ананы-мынаны сұрайтын сұғанақтығын ұнатпайтын. Алған заттарын  ұмыттырып кететіні бар еді. Бұл жолғысы тіпті дұрыс емес. 

 «Кімде кемшілік болмайды?!.. Кім қателеспейді?!.. Сәл нәрсеге ренжіп,  ұсақ-түйекті  жіпке тізе бермейін».

          Қатты жүргендіктен, ентігіп терлей бастады. Биіктеу төбе үстіне шыққанда шағын ауыл көрінді. Кезінде үлкен елді мекен болғанға ұқсайды. Көп үйлер бұзылған, кірпіштер мен топырақ үйіндісі ғана жатыр.          

Ауыл шетіндегі үйге бұрылды. Бес-алты сиыр мен жиырма шақты қой  бағып бір адам жүр әріректе. Үй жақтан абалап төбет ит шықты. Тұрқы ірі болғанымен, қабаған емес сияқты. Әупілдеп аз үрді де, «е, бала екен ғой» деп місе тұтпады ма, бұрылып кетті.

          Есік алдында отырған кәрияға дауыстап сәлем берді.

          – Сәлемші болсаң кел. – Үстіне тон, аяғына етік киген қара бұжыр үлкен кісі басынан аяғына   дейін тінте қарады. 

          – Жол болсын, балам!

          – Раздольноеға бара жатырмын.

          – Үйге кіріп сусын іш.

          – Рақмет!

  • Алғысыңды  артынан  айтарсың.

          Таяққа сүйенген кәрия үш ұмтылып орнынан әзер тұрды:        

  • Аяғым ұйып қалыпты, өстіп бастырмай қалатыны бар.

          Әжімұрат кесе толы бидай көжені басына бір-ақ төңкерді.

          – Тағы іш, – деді кәрия.

          – Болдым, ата!.    

          – Қандай шаруамен жүрсің?

          – Қойларым жоғалып… Раздольное селосында бір кісі тауып алған сияқты.

          – Жоғалттым дейсің бе? Е-ей, балам-ай, қойың табылар.  Табылады… Жоғалттым дейсің, ә? Жоғалтқаны көп қой қазақтың...

          – Балаларыңыз қайда?!

  • Екі қызым тұрмыста, ұлым да үйлі-баранды. Балам әр келген сайын көшіріп әкетем дейді. Бәрі қалалық. Ал немере-шөберелеріміз көгеннен босаған қозыдай жамырап, жаз шыға осында ағылады. Ол кезде біздің үйде күнде той, күнде мереке. Ай-хой, кемпір екеуміз бір жырғаймыз. Көшіп кетсек қайда барады олар? Туған жердің ауасын жұтсын, топырағына аунасын жаман немелер.

Ауыл – алтын бесік. Ауыл – қазақтың жүрегі.  Өз басым ешқайда көшпеймін. Еи-й, балам-ай! Біз не көрмедік?! Жоқшылықты да, тоқшылықты да бастан өткердік. Бейнеті көп болғанымен, адал ғұмыр кештік. Аллаға шүкір. Жасың нешеде, балам?

– Он бестемін.

– О-о, ат жалын тартар азамат екенсің! Жөн-жөн!

Данышпан қазақ атамыз «Адал адамның аты арып, тоны тозбайды» деген. Тыңдасаң, бір әңгіме айтайын.

– Айтыңыз.

          – Бұл ертеректе,  мұсылман жамағатының қасиетті шаһары – Меккеде болған оқиға, – деп бастады кәрия  хикаясын. 

          Бір үйдің үш қызы мен кәрі анасы болады.  Олар тақыр   кедей тұрса да, сол тіршіліктеріне  мойынсынған екен.

          Жылдағыдай қасиетті рамазан айының келуін меккеліктер қуана қарсы алады. Кешкі ауыз ашар кезінде мәре-сәре  бас қосып, қарындары тойып, Аллаға мадақ айтып жатады.

          Қара су мен қара нанды талғажау еткен кедей отбасы жұпыны тірліктеріне ылажсыз көнген момын жандар еді.

          Бір күні  әйелі отағасына:

          – Сен қандай адамсың? Еш әрекетсіз жата бересің бе?! Қалаға шығып, бірдеңе тауып келсеңші. Біз ғой, мейлі,   шыдармыз. Ана кейуана анамызға обал, ыстық ас ішпесе өліп қалады ғой жазған, – дейді кейіп.

          Отағасы көшеге шығады. Бойында күш-қайраты бар жастық шағында таппаған байлықты қартайғанда қайдан тапсын? Пешенеге жазылған тайқы тағдырын мойындаған  еркектің көңілі босап, Аллаға мұңын шағады:

          – Ей, Раббым! Бүгін-ақ жанымды алшы, саған ризамын! Жоқшылықтан көресінді  көрдім. Сынағың зор екен, осы өмірімде  тойып тамақ ішкен жоқпын. Бала-шағама, әйеліме, кәрі шешеме қай бетіммен көрінем? Қандай уәж айтам?

           Кең даңғылдан қаға берісте, қасиетті Қағбаға қарап тізерлеп отырған, Аллаға қолын жая жалбарынған кедей өзін-өзі ұстай алмай жан жүрегі езіле, жер тоқпақтай ағыл-тегіл жылады.

          Бір кезде  оң қолының  қатты затқа тигенін сезіп, таңырқап отырып қалды.

          – Апырым-ау,  бұл қалай?! Тас па, әлде не? – Әлгі жерді әлсіз қолдарымен қаза берді, қаза берді.  Мына ғажапты қараңыз! Былғары әмиян. Өз көзіне сенер емес. Ары отырды, бері отырды. Не де болса көрейін деп ашып еді, іші толы алтын. Аң-таң күйде жан-жағына қарайды, аспанға қарайды. Маңайда ешкім көрінбейді. Қайғы-мұңнан сәл  болса да арылып: «Е-е, Жаратушы ием! Соншама жыл сабыр сақтап,   кедей  болғаным үшін берген сыйлығың ба? – деп терең ойға батты. – Мынаны алсам, тұрмыс-тіршілігімді түзеп аларым хақ...»         

  • Тоқта! – деді кенет қатуланып. – Бос қиялға беріліп, нәпсінің жетегіне еріп барамын.  Бұлай етуге болмайды!

          Еркек бойындағы нәпсімен кешке дейін айқасты. Нәпсі-шайтан: «Ешкім көрген  жоқ, ұрлаған жоқсың, олай болса,  қойныңа әмиянды тық та, үйіңе зыт!..» десе, ар-ұяты Һарам жолға  бастырар емес. Біреудің ала жібін аттамаған, ғайбат сөз айтпаған, тілімен де, ісімен де жан адамға жамандық жасамаған кедейдің зәресі ұшып, жүрегі  дүрсілдей соқты. Қылмыс жасаған кісіден бетер бойын қорқыныш биледі. Әрекетсіз отыруға болмайды. Қой, орнымнан тұрайын… Үй ішімен кеңескені ләзім. Тақуа жан Алланың қырағы көзін жан-жүрегімен сезіп,  қорқа-қорқа үйге бағыт түзеді.

          Әйел адам сезімтал ғой, отағасының  көңілсіз түрін көріп сыр тартты:

          – Олжамен оралған жанға ұқсайсың.

          – Мына бір затты тауып алдым, – деді  былғары әмиянды көрсеткен ері.

          – Құдай берді ғой!.. Жаратушы жарылқады!.. Біздің ашқұрсақ жүргенімізді, кедей тіршілігімізді көріп нәсіп еткен ғой, – деді әйелі жүрегі жарылардай шаттанып.

          – Бұл алтын толы әмиян. Бірақ біздікі емес.         

          – Тауып алдың ба?

          – Иә.

          – Ендеше не тұрыс? Аш әмиянды.

          – Біз қасиетті Меккенің тұрғынымыз. Бұл шаһарда тауып алған затты пайдалану – күнә.

          – Мұндай дәулетті Алла әркімге бермейді.  Басқа біреу емес, сенің тауып алғаныңды қарашы. Саған бұйырып тұр. Солай деп қабылдайық. Қыздарымыз да бойжетті, оларды ұзатамыз,  жасау-жабдығын береміз, үйімізді жөндейміз.

          – Берген ақылың  осы ма?

          – Енді қайтейін… Қартайғанда қол жеткен олжамыз болған соң...

          – Мен бұл затты иесіне апарып берем.

          – Тым болмаса алтыннан біраз алайық. Иесіне қайтарсаң, сүйінші орнына тиесілі нәпақаңды берер.

          – Болмайды, – деді отағасы.

          Ертеңіне еркек қалаға шықса, орталық алаңда мінбер үстінде тұрған  ер адам:             

          – Оу, халайық! Құлақ түріңдер! Алтын толы әмияным жоғалды. Іздеп-іздеп таба алмадым.  Ал Мекке халқына жоғалған затты алу – қылмыспен пара-пар. Былайша айтқанда, харам. Бәрін Алла көріп тұр. Әмиян тапқан болсаңдар, қайтарыңдар!

          Кедей еркек тыңдап-тыңдап тұрды да, іздеушіге:

          – Алтыныңды тапқан адам қайтарып берсе, сүйінші бересің бе? – деді.

          – Жоқ, ештеңе бермеймін. Ол – менің ақшам.

          Кедей айран-асыр.

             – Табылған алтыннан бір тиын да бермейсің бе?                                                       

           – Бермеймін. Өйткені ол – сендерге харам.             

             Кедей үнсіз қалды. «Алтын иесі сараң кісі екен. Бірақ оның айтқаны жөн шығар» деп үйіне келді.

          – Не болды? – деді есік көзінде күйеуін қарсы алған әйелі.

          – «Сүйіншіге бір тиын да бермеймін» деді.

            – Ашу үстінде айтқан сөзі ғой. Ертең қайыра барсаң, сабасына түседі.

         Ертеңіне еркек алаңға келсе, әмиян иесі кеңірдегін жырта қатты-қатты айқайға басып тұр.

       – Сен қызық адам екенсің, – деді кедей дауыстап. – Сүйіншіге ештеңе бермесең, әмияныңды ешкім қайтармайды ғой.

  •  Айтқаным – айтқан! Бір тиын да бермеймін!

            Көпшілік тараған соң, кедей алтын  иесін  ертіп үйіне келді. Жоқ іздеуші әмиянын көріп, қуанғаннан тарпа бас салды.                                                                                                     

          – О-о, бұл менің жоғалтқан әмияным, – деп,  бір ауыз алғыс айтпастан үйден шығып жүре берді.

          Ерлі-зайыптылар аң-таң күйде қала берді.

            Арада екі-үш сағат өткен соң, сыртқы есік қағылды. Барып ашса, манағы кісі.

          – Алтын иесі келіп тұр, – деді  жұбайы күйеуіне.

          – Солай ма? Бұл – хикмет. Соңында қайыр бар, қазір көресің, – деді еркек байсалды қалпын өзгертпей.

          Әмиян иесі рұқсат сұрап, үйге енді.

          – Түгел ме екен? – деді кедей.

          – Бәрі орнында, – деді ол. – Менің әкем дәулетті адам еді. Қайтыс боларының алдында  жиған мұрасын балаларына тепе-тең бөлді де, бір бөлігін қолына алып: «Мына алтынды Меккедегі ең адал, ең тақуа адамға апарып беріңдер», – деп бізге аманат етті. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды.

          Мен Меккеге келіп,  адал әрі тақуа кісіні сұрастыра бастадым. Жұрт сенің есіміңді айтты. Сендей тақуа, сендей жан әлемі таза адам жоқ екен бұл шаһарда. Сондықтан мына алтын саған тиесілі.

          Отағасы мен әйелінің естері шықты.

          Көп ұзамай Меккенің әкімі  әлгі кедейдің үш қызына құда түсті. Оның да үш ұлы  ержетіп отыр екен. Сол үш қыздан тараған ұрпақ өсіп-өнген бір қауым жұрт болған деседі.

Міне, көрдің бе,  адалдық – Алланың разылығына апарар төте жол. Екі дүниенің бақыты екен.

Ой-бу, балам-ай,  әңгіме айтып, жолыңнан қалдырдым ба? «Кетпек болсаң зымыра» деген. Жолың болсын!

                                                                       ***                                                                                                          

          Әжімұрат Раздольное селосына жеткен соң, Ғалымжан атаның күйеубаласының үйін сұрастыра жүріп жылдам тапты.

          – Қойларыңды түстеп танитын шығарсың?  – Ғалымжан атаның  күйеубаласы  Әжімұратты баласынбай,  іш тарта сөйлеп келеді.

          – Бәрін болмаса да, он шақтысын түрінен білем.

          – Қаланың тікбақайындай емес, ауыл балалары малсақ қой. Жалғыз өзің сонау жерден келгеніңнің өзі ерлік емес пе?!

          Көк көз орыс әйел есік алдында жолықты. Бұлардың бұйымтайына:

          – Отыз үш бас қой келгені рас. Шалым «иесі табылар, іздеп келер»  деп қамап қойған, – деді шынын айтып.

          – Отағасы қайда?

  • Көршіге кетіп еді. Өзі де көрінді, әне, келе жатыр.

          Василий мән-жайға қаныққан соң, қойлар тұрған қораға ертіп келді.

          – Отыз бір бас, – деді қораға тақағанда.

          – Отыз үш болатын.

          – Кім айтты саған?  Артық-кемі жоқ отыз бір бас. Ау, өздерің алғыс айтудың орнына дауласа кеткендерің қалай, ә?!

  • Айып етпеңіз...

Айтуын айтып қалса да, Әжімұрат ұялды. «Түсінбедім, – деп ойлады ол. – Әйелі отыз үш бас дейді, күйеуі отыз бір бас дейді. Сонда кімдікі дұрыс?  Қызық екен?! Жә, табылғанына тәубе!»

                                                         ***

Кешеден бері қамауда тұрған қойлар бастарын жерден көтермей қадала жабысып, жүрер емес. Жайылсыншы деп ақырын айдап келе жатқан баланың ашуы келді.  Тездете жүрмесе  таң ата зорға жетер, тамақ іздеп дала кезген түз тағыларына жолығар. Не деп болады?!.

Қамшысын сілтей тықсыра айдап ауылға маңдай түзеді. Біраз жер артта қалды. Көз байланды. Малдың пысқырғаны, сырт-сырт еткен тұяқ дыбысы ғана естіледі. Түн салқындады. Тау бөктеріндегі селдірлеу өскен, шоқ-шоқ талдар  қараңдап үрей шақырады. Бейне салт атты кісілер келе жатқандай.  Кенет сол қапталдан қараң-құраң көлеңкелер көлбеңдеді.

  • Бұл кім, әй?! – деді дауыстап. – Бұл кім, әй?!

          Жүрегі зу етті. Белгісіз сұлбалар тақай түсті. Қойлар дүр-р ете үркіп, іле оқтаудай жұмырланып алды. Баланың одан сайын үрейі ұшты. Қасқыр болса, әй-шәйға қарамай бірден шабуылға көшер  ме еді?!  Мына мақұлықтар не, сонда?!

  • Ә-әйт!.. Әйт-т!.. – Даусы қарлыққанша айқайлап, қолындағы қамшыны оңды-солды сілтейді.

Әлдеқайдан қырғауыл шақырғандай, жақын маңнан шәуілдеп ит  үргендей...

  • Мәссаған! Қайдан жүр бұл иттер?

 Жоқ, итке ұқсамайды. Өздері бірнешеу. Еңкейе үңілді. Шұбалған құйрығынан ажыратты,  түлкілер ғой!.. Апырым-ай, малға шабушы ма еді бұлар да... 

  • Ә-әйт! Әйт-т! Кері қайт! Ақтөс, қайдасың? Кә-кә!

Аузына көрші үйдің иті – Ақтөс түсе кеткені. «Суға кеткен тал қармайды», иттің атын атап қыр көрсеткені ме?!  Жаны мұрын ұшына келді.

Қойлар аса үрікпей, жұптары жазылмай тартып барады. Әжімұрат еңкейіп жерден тас іздеді. Қолына түскенін лақтырып жатыр. Біреуінің тұмсығына тиді ме, шәу-шәу еткен үн естілді. Аздан соң түлкілер ештеңе өнбесін біліп, қалып қойды.

Дөңгеленіп Ай туды. Айнала-төңірек айқындала бастады. Бала

шаршағанын сезді. Жобалауынша, шамалы жер қалған сияқты. «Шыдау  керек!»

Түн көбесі сөгілген кезде  ауыл шамдары көрінді. Жем жеп дағдыланған қойлар  жүрістерін ширатты. Үйге жақындағандарын сезіп,  шапқылай жөнелді.

Майда қоңыр жел есіп, шығыс жақ бозамық тартты. Әр жер, әр жерден ауыл иттерінің марғау, еріне үрген үндері естіледі. Әр дыбысқа елеңдеп, құс ұйқылы жатса керек, әке-шешесі тыстан тысыр естілгенде үйден атып шықты.

  • Амансың ба, ботам? – деді қуанып. Үшеулеп жүріп қойларды қораға қамады.

Әжімұрат тамақ ішті де, шешініп жатып қалды. Анасы түске таман  қараса,  қалың ұйқыда екен.

Құлыным сол! – деді жүрегі елжіреп. –   Адам болған деген – осы. Сілесі қата әбден шаршапты. Сіңірі созылып, сонау ит өлген  жерден қой айдап келу оңай ма?!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сұхбаттасқан Сейсен ҰЛЫҚБЕК 11.06.2021, 15:15
Ширек ғасырлық әзіл-оспақ отауы
Сайт әкімшілігі,Айдар ЖОРАНОВ 11.06.2021, 14:15
Би падишахы
Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП 09.06.2021, 16:06
«Жасымды сүрткен «Жас Алаш» еді...»
Амангелді СЕЙІТХАН 08.06.2021, 10:30
Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
Амангелді СЕЙІТХАН 05.06.2021, 08:46
Қызың – алтын, ұлың – күміс
Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ 04.06.2021, 08:52
Ататегімізді дұрыс жазу – қазақтану үрдісі

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02