Ұлт құндылығының ұлағаты

Қуанышбек ТОҚТАСЫНҰЛЫ

14.09.2021, 12:30

1017

Әлі есімде, арада 48 жыл өтсе де, сол бір кез кино лентасындай миымда таспаланып қалыпты. Жоғары сыныпта оқитын аға-әпкелеріме «Лениншіл  жас» газеті келетін. Өйткені олар Лениннің жас достары – комсомолдар ғой. Комсомол болған соң, осы басылымға жазылып, оқу жастар үшін міндетті. Ол кезде біз «Қазақстан пионерінің» (бүгінгі «Ұлан») белсенді оқырманы едік. Бір күні қызығушылығым артып, «Лениншіл жасты» оқысам, қызықты екен. Содан кейін әр нөмірін жібермей оқитын болдым. Өзім де жоғары сыныпқа көтеріліп, комсомолға  өткенімде айттырмай-ақ «Лениншіл жасқа» жазылдым. Содан бастап (күні бүгінге дейін) рухани өмірлік серігім болып келеді. Кешегі «Лениншіл жас» – бүгінгі «Жас Алаштан» қол үзген емеспін. Журналистика мамандығын таңдауыма да себеп болған осы басылым.

         1978-80 жылдары Ресей жерінде әскерде болдым. Кеңес Одағының 15 республикасынан жиылған сарбаздар өз ана тіліндегі басылымдарға жазылып, оқи алатын еді. Мен де өзіміздің республикалық жастар басылымы – «Лениншіл жас» пен «Жалын» журналына жазылатынмын. Оны бірге қызметтес болған қазақ сарбаздар түгел оқимыз. Көзіңе ыстық, көңіліңе жақын. Себебі сонау алыс Отанымыздан келген басылымды көргенде туған ауылың көшіп келгендей әсер ететін. Сағынышымызды басатын. Бір күні ойлана келіп, өз қызметіміздің барысы, ұлттар достығы, елге деген сағынышым жайында мақала жаздым да, осы газетке жібердім. Ол кезде әскери борышымыздың бір жарым жылын өтеп, алты айы ғана қалған болатын. Жазғаным бір күні газетке басылып, алдыма келгендегі қуанышымды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.  Мен ғана емес, қасымдағы 15 қазақ та өздерінің жазғандары шыққандай төбелері көкке жете қуанды. Сол кезден бастап журналистикаға көңілім біржолата ауды. Бұл мамандыққа келуімнің жолбасшысы болған осы газет еді.

         1980-90 жылдар арасында осы басылымға жиі жаздым. Суреттеме, репортаж, ел, жер, өнер адамдары, ауыл еңбеккерлерінің өмірінен жазған талай мақала, сыни, проблемалық мақалаларым шықты. Бірде бір нөмірге екі мақалам шыққан кез болған. Бұл дегеніңіз сол кездегі сирек құбылыс. Сол кездегі баспасөз төресінің бірі, бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың қолынан алған «Лениншіл жастың» штаттан тыс тілшісі» деген менің атыма берілген куәлігін әлі күнге дейін бойтұмардай сақтап жүрмін.

         1990 жылдардың басында аудандық «Қазақ тілі» қоғамында басшылықта жүргенімде (ол кезде Алматы облысының Ұйғыр ауданы Шонжы кентінде тұратынмын) қазақ тіліне қарсы, жер-су, ауыл атауларының тарихи атауларын қайтаруға қарсы болған, ұйғыр автономиясын құрамыз дегендерге, салт-дәстүріміздің жүргізілуіне қарсы болып, кедергі келтіргендер туралы «Үй ішінен үй тіккендер» «Солжиницынның сарбаздары», «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл», «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Қазақ тіліне қарсылық – мемлекетке қарсылық» деген сияқты тағы басқа проблемалық мақалаларымды тайсалмай басып, маған, қазақ ұлтына қолдау білдірген осы «Жас Алаш» газеті еді.

         Осы газеттің арқасында Уәлихан Қалижан (мені қалжындап «әй, сартым» дейтін), Жарылқап Бейсенбайұлы, Қамбар Керейқұлов, Өтеген Оралбайұлы, Ертай Айғалиұлы, Қасым Әзімхан, Қуаныш Жиенбай, Әділғазы Қайырбек, Несіп Жүнісбай, Дүрәлі Дүйсебай, Қонысбек Ботбай секілді т.б. ағаларыммен, Бауыржан Омарұлы, Сейітхан Зеберхан, Әділбек Қаба, Жүсіпбек Қорғасбек, Қайрат Әлімбек, Бекен Нұрахметов сынды т.б. құрбы-құрдастарыммен таныс, сыйлас болдым.

         Бұл «Лениншіл жас» – «Жас Алаш» менің үлкен өмір мектебім болды. Рухымды жанып, ұлтты сүюді үйретті. Тілімді байытты. Мәдениетімізді, әдебиетімізді, өнерімізді сыйлауға тәрбиеледі. Ата-баба салт-дәстүрін жадыма жазды. Дінімізді қастерлеуге бейімдеді.

         Осы мақала ауқымын пайдалана отырып өз ұсынысымды айта кеткенді жөн көрдім. Бұл газет алғаш рет Ғани Мұратбаевтың жетекшілігімен (сол кездегі саясатқа орай) жастар оқылымы, жастар тәрбиешісі ретінде жастарға арналған басылым болса, қазір үлкен-кішінің, күллі қазақ оқылымына айналды. «Жас» деген атауы ескірді. Сондықтан алдағы уақытта «Алаш Жаршысы» деп өзгертсек қайтеді? «Жаршы» атауы қай дәуір болса да, ескірмейтін есім.

         «Жас Алаш» – өмір ағымымен қатар, қоғамның көлеңкелі тұстарын да батыл жазып жүрген қайсар да сирек басылымның бірі әрі бірегейі. Қазақ басылымдарының төресі. Сонау 1921 жылдан бастап қазақ жастарының «әліппесіне» айналып, сауатын ашып, бүгінгі егемен еліміздің сүйіп оқитын ұлттық басылымына айналған 100 жылдық ғұмырың құтты болсын!

         Алдағы ғасырларда да қазақ ұлтымен жасаса бер!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39