Ұлттық киноны қолдау орталығын тергеу немен тынды?

Әділ АҚЫЛБАЙ

07.01.2021, 12:47

3297

Өткен жылы отандық кинематограф өмірінде үлкен шыжық болды. «Бұл туралы, негізі, айтқым келмеген. Бірақ айтпай қалсам тағы болмайды»  деп толғанады режиссер Ермек Тұрсынов.

       2020 жылдың 25 қарашасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі Р.Аймұқанов «Қылмыстық істі тоқтату туралы» қаулыға қол қойыпты. Бұл қаулы Алматы қаласының прокуроры С.Ермекбаевтың қолымен бекітілген екен.

                                              Киноға бергісіз сюжет

       Не болған десеңіз, былтыр жазда президент Тоқаев «еліміздің кино қауымдастығы дау-дамайдан арылмай отыр» деген. Дауға себеп – «Евразия фильм продакшн» ЖШС директоры және жалғыз құрылтайшысы Г.Сәрсенова. Ол 2018 жылдан бері режиссер және продюсер ретінде «Нартай» фильмін түсіріп келеді.

       2019 жылдың жазында мәдениет министрінің бұйрығымен Сәрсенова Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрайымы міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бір ай өтпей, қызметтік лауазымын пайдаланған Сәрсенова кино орталығы өндірістік бөлімінің басшысы Әділбаевқа «Нартай» фильмін мемлекеттік қаржыландыру есебінен 380 миллион теңге бөлінуі тиіс фильм етіп қоюды тапсырады. Өзі басқарма төрайымы болып тағайындалған соң, Сәрсенова «Евразия фильм продакшн» ЖШС-індегі өзінің үлесін туған бауыры Ахметгалиев Н.Б. дегеннің басқаруына сеніп тапсырады.

       Хош, өзі фильмнің режиссері және продюсері, сосын, ұлттық орталықтың басшысы бола тұра, Сәрсенова комиссия мүшелерінің алдында «Нартай» фильміне қалайда 380 млн теңге мемлекеттік қаражат бөлінуі тиіс деген жобасын қорғап шығады. Комиссия да күшті екен, мәдениет және спорт министрлігіне «Нартайға» мемлекеттік қаржыландыру беру керек деген ұсынысын жолдайды. Ал енді іс жүзінде «Нартай» фильмі бойынша түсіру кезеңі әлдеқашан аяқталып қойғаны, соншама мол мемлекеттік қаражаттың бұл фильмге енді қажет емес екенін комиссия білмесе керек.

     Әлгі ақшаны өз уысына түсіру үшін басқарма басшысы Сәрсенова «Евразия фильм продакшн» ЖШС-імен 380 млн теңгеге «Нартай» фильмін өндіруге мемлекеттік сатып алу туралы №69 келісімшарт жасасады. Ол «Евразия фильм продакшннан» 336 759 765 теңгеге орындалған жұмыстар актін қабылдап, ЖШС-ке 241 500 000 теңгені аударып жіберген. Ақыр соңында, 2019 жылдың 9 желтоқсанында аталған ақшаны Гребенникова деген кісі «Евразия фильм продакшн» ЖШС шотынан атып, Сәрсенованың жеке шотына аударып тынды. Осылайша бюджеттің 336 759 765 теңгесін Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрайымы Сәрсенова иеленіп қалған. Бірақ 2020 жылдың 23 мамырында Сәрсенова тергеу басталғанын біліп, 380 млн теңгені Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қайтарып берген.

      Сотта Қарағанды облысының тумасы Сәрсенова өз кінәсін толық мойындап, «келтірген залалымды қайтардым» деді.

                                         Маған ұрылар ұнамайды

      «Жанымда жақын достарым да қалмады. Даукес атандым», – дейді Ермек Тұрсынов.

     «Енді басқа не істейін?! Кино түсіруге көмектесудің орнына мемлекеттің ақшасы ұрланып жатқаны маған ұнамайды. Күні кеше Сәрсенова үшін соңына дейін шайқасқан министр Райымқұлова қалай әлі министр креслосында отыр? Жоғарыдағы билік қалайша мұны байқамағандай болып отыр? Айтпақшы, министрдің өзі «Нартай» фильмінің композиторы ретінде тіркеліп, сметасына қарағанда қомақты қаламақы алған. Міне, бізде тапсырыспен музыка жазатын министр де бар.

        Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

      Осындай өте жауапты мемлекеттік лауазымды иеленіп отырған Райымқұлованы қайтеміз?! Оны қызметінен босатуыңызды сұраймын. Сіз менің айтқанымды естисіз деп сенемін», – дейді сөзін тамамдаған Ермек Тұрсынов.  

Тегтер: кино орталық тексеру төрайым фильм қаржы қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 09:21
Коронавируспен ауруханаға түскен Мейрамбек Беспаевтың жағдайы туралы айтылды
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН 14.01.2021, 16:30
Марио Варгас ЛЛОСА: Олар мәдениет саласындағы жұмысты әуестік деп түсінеді
Амангелді СЕЙІТХАН 14.01.2021, 13:01
Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ 09.01.2021, 18:46
Жолдасбек жайлы жылы сөз
Мариям МАҚСАТ 08.01.2021, 13:53
Жақсы істерге жарымаған Абай жылы
Жеңісхан КЕНЕСАРИН 07.01.2021, 10:31
Қақбас

Аңдатпа


  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01