Ұлы дала ақыны

Қуаныш ЕРМЕКОВА

23.11.2021, 16:00

535

         Тараз қаласында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті. Атап өтер жайт, жыл басынан бері мерейтойға орай, Жамбыл облысында 784 іс-шара ұйымдастырылған екен. Ұлы ақынды ұлықтаған кезекті халықаралық шара ақын  ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым ету рәсімінен басталды. Халықаралық конференцияға ҚР президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, елімізден және Қырғыз Республикасынан белгілі жазушылар мен ғалымдар, жамбылтанушылар, депутаттар және ақын ұрпақтары – барлығы 150-ге жуық адам қатысты.

Дәурен Абаев аталмыш шараның маңыздылығын атап өтіп, «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы – жұртының дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгі тілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті. Біз бүгін абыздарымызға арман болған азаттықтың айшықты белесіне шығып, бабалар мирасын дәріптеп отырмыз. Байыптап қарағанға бұл – тарихи сәт. Сондықтан бүгінгідей берекелі басқосудың жырау бабамыздың есімін иеленген облыста өтуі заңды деп ойлаймын», – деді.

Сондай-ақ «Жамбылдың өнегелі өмірі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қызмет қылудың озық үлгісін айшықтайды. «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым», – деп жырлаған жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімі қазақпен бірге мәңгі жасай береді. Ұлы ақын әрдайым жұртының жанынан табылып, қамын жеді. Ел басына күн туған сәтте жалынды сөзімен көпшіліктің рухын көтеріп, жігерін жаныды. Қос ғасырда ғұмыр кешіп, талай аумалы-төкпелі заманның куәсі болған абыз бабамыз ешқашан адамдықтың асқақ биігінен төмендемеген. Қоқан бектерінің де, патшалық Ресейдің де, Кеңес өкіметінің де екпінінен ықпай, әрдайым қалың қазақтың сөзін сөйлеуі Жамбылдың тек ақын емес, азамат ретіндегі тау тұлғасын аңғартады. Дала данагөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әрбір адамға үлгі-өнеге», – деген ҚР президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Жамбылдай тұлғаның ұлт үшін орны бөлек екенін атап өтті.

Конференция барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұлғаның 175 жылдық мерейтойына орай атқарылып жатқан ауқымды шараларға жан-жақты тоқталып, «Елімізде ақын атымен аталатын бір ғана облыс бар. Ол – Жамбыл облысы. Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімін еншілеген өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, рухани-мәдени саласында да оң өзгерістер, атқарылып жатқан ауқымды шаруалар аз емес. Солардың бірқатары ұлы жыраудың 175 жылдық мерейтойына арналды. Жамбыл облысында ақын есімі берілген бір аудан, үш ауылдық округ, үш  елді мекен, бір даңғыл мен 83 көше, 10 мектеп және бір кітапхана бар. Сондай-ақ, өңірде тұлғаның құрметіне барлығы сегіз ескерткіш орнатылған. Жыл бойы мерейтойға арналып 784 іс-шара өтті. Мұның бәрі ақын есімін кейінгі ұрпаққа лайықты түрде танытып, оның рухани өміршең мұрасын кеңінен насихаттау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана», – деді.

Жиын соңында  Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен кітапханасының архивтерінен табылған, бұған дейін баспа бетін көрмеген, ғылыми айналымға түспеген тың, Жамбылдың қырғыз ақындарымен айтыстары, арнау өлеңдері, көрші ел ғалымдарының тұлға жайындағы зерттеулері топтастырылған «Жамбыл жырау» атты ақын кітабының тұсауы кесілді.

Тегтер: шара форум жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ 01.12.2021, 09:10
Қазақ философиясындағы дара тұлға
Индира БІРЖАНСАЛ 30.11.2021, 18:08
Жастармен бірге тыныстайтын басылым

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00