Ұлықтау

Кенесары ханның туғанына 220 жыл

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

20.09.2022, 15:54

1084

… Кенесары еңсере алмайтын күш, орыс самодержавасы мен оның жүйелі басқыншылық экспансиясы болатын. Ақыры уақыт ілгерілеген сайын ол өзінің талабының орындалмайтынын да іштей мойындады. Тым құрмағанда патшалық биліктің ықпалына өте қоймаған Есіл, Нұрадан тартып, Ұлытау, Торғай, Ырғыз бойынан Ақжайыққа дейінгі өңірді қамтитын аймақта қазақ хандығын қайта құрып, дербес ел ретінде сақтап қалуды көздеді. Ойының дұрыстығын келеге салып пісіру үшін өз ордасының абызына айналған әз-Бөгенбай биді, Иман батырды, Сайдақ қожаны, Таймас пен Әбілғазыны «ереуіл кеңес-үйіне» шақырды.

– Уәли хан өлгеннен кейін ұстап күшіне еніп, атам Абылайдың басқарған елі ыдырады. «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп, хан тұқымы сұлтандар мен төрелер еншісіне тиген елді өктеп, біртұтас жұрттың бағы үстем, болашағы бекем болатынын ескермеді. Әрқайсысы өзін бір дуанның әміріндей сезінді. Байтақ қазақтың даласын ұлтарақтай ұсақтап тастау, басқыншы орыстың әуелден көздегені. Тырым-тырым жұртты бодандыққа салу оңай болады. Әкем Қасым сұлтанның, ағаларым Саржан мен Есенкелдінің мұрат еткені, ел іргесінің ту-талақайға түспей бүтін болуы еді. Түпкі армандарына жете алмады. Әкемнің бетін топырақпен жасырып, Қаратаудан Қарақойынға қарай аттанғанда мен де серт етіп, қазақтың басын бір хандықтың астында құрауға бекініп едім. Содан бері ереуіл жасап, елдің кеткен есесін, несібесін түгендеуге ұмтылдық. Шүкір, соңымыздан ерген бұқара жұрт бар. Ал осы бұқара жұрттың қорғанына айналар хандық құратын күн туды. Бұған қалай қарайсыздар?

Алдында отырған ең сенімді әрі қамқор жандарға сұраулы кепте назар аударды. Тамағын бір-екі кенеп ап, атығай-қарауылдың әз-Бөгенбай биі сөз бастады.

– Кенесары, айналайын, кезінде атаң Абылаймен үзеңгілес болып едім, бүгін оның немересі сенің алдыңда отырмын. Жас па, кәрі ме кімнің алдында отырсаң да елдің қамын жеген азамат болса, берекенің ыдырамағаны. Қазақ хандығын құрамын, елдің басын біріктіріп, қамқор боламын дегенің – білгендік. Хандық тұрмақ «бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген негізде шаңырақ көтеріп, отау құрмайтын ба еді. Біздің бұл ереуілімізді көптеген дұшпандарымыз «не тірлік, жел айдаған ебелектей тұрлауы жоқ» деп, келемеждейді. Тіпті қайсыбірі «аннан-мыннан қашқан жалшы мен жақыбайлар, олар не тындырар дейсің? «Құл жиылып, бас болмас» деген де сыңайлы қыжыртпа сөзді айтады. Сондықтан Алаштың ақордасы осы Сарыарқа төсінде, кезінде Жошы бабаң Қап тауына дейінгі жалпақ жұртқа үстемдігін жүргізген Ұлытауда қайта көтерілуі керек. Алла ниетіңе жеткізсін, ақсарбас айтамын! – Бетін сипап барып бөгелді.

– Ақсарбас!

– Ақсарбас! – деді отырғандар.

– Жан-жағымыздан анталаған дұшпан көздер қалыңда, үстін-үстін зорлық-зомбылық көрген жұртта басшы болмаса, бордай тозады. «Халқым үшін басымды бәйгеге тігемін» деген өзің сияқты ел көсемі барда ежелгі хандық дәстүрдегі мемлекетті қайта құрып, іргесін бекемдеген әбден орынды.

– Бә-әрекелді! – Қожаның сөзіне сүйінген Иман батыр гүр етті.

Сөйтіп, осы бәтуаға тоқтап, әз-Бөгенбай бидің ақылымен елге сауын айтылды. Хан сайлау шартының жөн-жобасы анықталды. Әуелі Қаракеңгірдің бойындағы Алаша ханның басына ақсарбас шалып, Жошы ханның алдына келіп медет сұрап, Ұлытаудың күнгейіндегі, дәл Едіге батырдың зиратына тұспа-тұс Хан ордасында хан сайлап, ақ киізге көтеру шарттары мақұлданды.

Осы бір қарбалас шақта сұлтанның ереуіл кеңес-үйіне жаушылар келіп түсті.

– Алдияр сұлтан, алыстан ат терлетіп, өзіңізге бұйымтаймен келдік. –Көзі қаршығаның көзіндей жалт ойнаған мұртты қара жігіт Кенеге бір қарап ап, сөзін бастап кетті. – Бізді Созақтағы қоқан бектеріне қарсы бас көтеріп жатқан шөмекей, төртқара, табын рубасылары сізге арнайы аттандырды. Қалаулары – азаттықты іздеген көтеріліске басшылық етуіңізді сұрайды. Дәл осындай жаушылар Сыр бойына да барып қайтты. Ол жақта Жанқожа батыр жұртын бастап, майданға шығуға әзір отыр.

Қоқан дегенде ескі кегі қозатын Кене іштей елеңдеп қалды, бірақ сыртқа онысын аңғартпады. Байыпты қалпынан танбай, басқа нәрсені ойлады. Ол – «тыныштық сақтаймын» деген Перовскийге берген уәдесі. «Бұл жорық орысқа қарсы сайланып жатқан жоқ, патшалық империя суқаны сүйе қоймайтын қоқанға қарай бет алмақ. Сондықтан орыспен екі арадағы уәде бұзылмайды. Әрі, халқымның мүддесін түгендеймін деген мақсатта хан көтеріле отырып, қазақтың басына түскен қатерге қабырғасы қайысып, көңілі алаң болмаса, онда мұндай хандықтың, ханның қаншалықты қадір-қасиеті бар?»

– Қоқанның зорлығы бүгін ғана емес, ондаған жылдар бойы езгіге салып келе жатқанда қың демеген шалғай жұрт, биыл неге ат жалын тартып мініп, жауға шаппақ?

– Алдияр сұлтан! – Жігіттің көзі жасаурап кетті. – Қоқан жұрты езгісіндегі қазақ руларына салықты аямай салып, терісін іреп алып келді. Көнтері жұрт оған да шыдаған. Бірақ жылда жаңа нәрсе ойлап табады. Биыл «қыз салығы» деген бәлені енгізіп, әр түтіннен он үшке толған бір қыздан әкетіп жатыр екен. Оған Сыр бойындағы күллі қазақ рулары ілігіп отыр. Ол мына алдағы қыркүйек айының соңына дейін іске асатын көрінеді.

Кенесарының қыран көзі қаншегірленіп, әп-сәтте қызарып шыға келді. Сол жақ жанары да жап-жасыл болып, жасын атты.

– Аттанамыз! Екі жұманың төңірегінде Ұлытаудан атқа қонамыз, жол бастайтын жігіттерді әзірлеп қойыңдар, – деді.

«Тәңір жарылқасынын» айтып, жаушылар ордадан сыртқа беттеді.

Ұлытаудың етегіндегі Жошы ұлысынан бергі Хан ордасы атанатын жазық адамға лықа толы – құмырсқаның илеуі сияқты құжынап жүр. Баяғы Абылайдан кейін ұмытылып кеткен үлкен тілектің аясында – торқалы тойда бастары тоғысқан. Дені жүрісті доғарып, дөңестеу тұсқа ығы-жығы тізе бүгіп, ынтымақтың үстінде ұйыған. Аулақта керменің басы сан қилы ер-тұрманды, алуан түрлі жылқыдан көз тұнады. Кермеге сыймай қалмақша байланған аттар үйездеген малдай үйіріліп, әр шоғыр үй орнындай ауқымда иінтіреседі. Олардың арасы адам жүре алатындай ғана алшақ.

Хан көтеру рәсіміне жиналған жұрт қара-құрым, үш жүздің ұрпағы түгел бар. Ат аяғы жететін жерге сауын айтылған. Қаптай тігілген киіз үйлер жақсы мен жайсаңға лықа толы. Оқшау тұсқа бой көтерген салтанатты ақ орданың белдеуіне Абылайдың ақ туы қадалған. Өкпек желдің жетегімен бұлғаң-бұлғаң етеді.

Халықтың бәрі күн салып шығыс бетке қарай береді. Өйткені алдынғы күні Алаша ханға ақсарбас айтып, кешегі күні Жошы ханнан медет сұрап, басына түнеген Кенесары міне, міне, Хан ордасына келіп қалуы тиіс.

Хан ордасы – Жошы ұлысының ең алғаш байрағын көтерген кең алқап. Дәл осы жерде оның он екі қанат зәулім ордасы тігіліп, дешті даласына пәрменін жүргізе бастаған. Кейін ұлан-байтақ елге әкімшілік-әмірлік ететін қыштан қорғандар қаланып, сарайлар тұрғызылды. Әрі, бұдан былайғы уақытта сұлтандар ел тізгінін ұстарда ұлттық ұлықтау рәсімімен ақ киізге көтеріліп, хан атанған. Содан бері қазақ даласындағы хандықтың тағына отыратын адам Хан ордасында көпшіліктің қалауымен, аузы дуалы абыздың батасымен ақ киізге көтеріліп келген. Бұл бұлжымас бұрын-сонғының жолы. Осы ежелгі дәстүрмен Кенесарыны да елі хан етіп төбелеріне әуелетіп, біртұтас жұртқа айналғысы бар.

Бір кезде шығыс тараптан қалың шоғырдың алды көрінді. Сол-ақ екен ақсақалды, жасыл қалпақты, жасыл шапан киген ел ағасы жасындағы адам:

– Иә, тәңірім! О-о, аруақ, өзің жар бола гөр! Алдияр хан иеміз келе жатыр! – деп айқайлай дауыстады. Бұл – Шақшақ Жәнібектің шөбересі, Торғайдың төбе биі атанған Шеген шешен еді. – Отырар тағы мен қолына ұстар асасы құтты болсын! Ақсарбас!

Сол-ақ екен қалың нөпір дүрліге жөнелді.

– Ақсарбас, ақсарбас!

– Абылай, Абылай!

– Ер қазақ! Ер, қазақ! – деген дауыстар Ұлытаудың етегін дүрліктірді.

Ақбозатқа мінген Кенесары соңына ілескен топтан бөлініп, қалың нөпірге жақындағанда, тіпті ұранның үні зорайып, тау қозғалғандай болды. Алдынан ақ текеметті жайып қарсы алған қазақ қолының Баубек, Қараменді, Байтабын сияқты жас батырлары сұлтанды ер үстінен ақ киізге «біссіміллә-рахмони-рахим» деп түсіріп, жабыла текеметті көтерген қалпы халықтың ортасына қарай ала жөнелді. «Халқымның жолында қара басым садаға» –деген хан антын білдіріп, күллі жиылған елді жеті айналдырмақ.

– Иә, Алла, өзің жар бола гөр! Құтты болсын!

– Қазақ хандығының іргесін берік ете гөр!

– Алла жар! Алла жар! Сайладық, ханымыз – Кенесары!

– Сайладық! Сайладық!

– Соңынан ер, қазақ! Ер, қазақ!

– Алдияр! Алдияр!

Дүйім жұрттың дүркіреген дауысы аспан астын ұзақ уақыт теңселтіп тұрды.

– Уа, халайық! – деді Шеген би теңіздей толқыған үн саябырси бергенде оң қолын алдыға созып, – бас құрасақ, іргемізді бүтіндесек, ел болсақ деген бір ғана тілекпен Ұлытаудың етегін ұлыжіңгір жиын жасадық. Заманның аумалы-төкпелілігінен алты арыстың баласы бой көрсете алмай қалтарыстың түбінде, аңтарыстың інінде тұр. Баяғы ақырып айбат танытқан, өзге жұрттан үстем мерей ішкі іріңге жіктіктен, алауыздықтан қалыбынан түсіп, пәсейді. Халықтың рухын жыққан дұшпанның мықтылығы емес, біздің мықтылардың осалдығы болды. Көкірегін мұң шалған жасың бар, көзін торта, көңілін кіреуке басқан кәрің бар, бәрінің уайымы – келешек күннің келбеті. Ата-бабаларымыз дәл біздей алды-арты тұман заманға тап келді ме екен, келмеді ме екен, әй білмеймін. Асау басыңды бұлғаңдатып қоймай қақпайлы кезден, қыспақты тезден өткізіп, иінге салмаққа алпауыттар аласұрып келеді. Қолына түссең темір ноқтаны кигізіп, шалқақ кеудеңді игізіп, құл етуге құлшынып отыр. Ел басқарар төре мен сұлтанның пейілі солардың ыңғайына ауып, ұстараның жүзіндей төңкеріледі. Халық бассыз қалды, әркім кеп бөліп ап үстемдік етіп, тұтастықты ту-талақай жасады. Құл болар елдің тағдыры ыдыраудан басталады. Ыдыраған жұрт көрінгеннің қолжаулығына айналып, жуындысы мен сарқытын ішіп, тегі мен кегін жоғалтады. Атасы мен бабасын танымайтын болады. Ондай өрен мен ұрпақ керек пе? Жоқ! Ендеше, міне, болашағымызды бүтіндейтін, есе мен теңдігімізді ешкімге жібермейтін күн туды, Алаш жұрты! Арғы бабаларымыз Керей мен Жәнібектің көтерген бүтіндік байрағы Абылай ханнан кейін сиырқұймышақтанып, бүгін сорабы ғана қалып еді. Қазақ хандығының ордасын қайта көтеріп, байрағын әуелетіп, хан сайлайтын шаққа жеттік, ағайын! Тәуба! Халқы үшін қара басын бәйгеге тігетін Кенесарыдай ұлдарыңды ел жақсылары осы хан тағына лайық көріп отыр! Ел боламыз десек екі тізгін, бір шылбырды ұстатайық Кененің қолына! Асылдың сынығы, көшпелі алтынның сарқыны! Баршамыз осы ақ тілеуге жиналдық! Көнеден жаңаға, бабадан балаға мирас салт-дәстүрімізбен Кенені хан сайлайық!

– Хан сайладық Кенені!

– Ер, қазақ, соңынан!

– Қазақ халқының туын биік ете гөр!

– Абылай! Абылай!

– Ер қазақ! Ер, қазақ!

Ұрандаған ел теңіздей толқып кетті.

Бір қауым арнайы алдын ала алдырылған боз айғыр мен боз биені сонадайдан нөпірдің алдына қарай жетеледі. Шу асау жануарлар шыңғыра шапшығанда қыл арқанға жармасқан он шақты жігітті қаңғалақ қақтырады. Төрт тағандаған айғыр алқымы буына, тынысы тарыла кісінеді. Әйткенмен, жақсы ниетке жиылған қаумалаған ел арыға ұзатпады. Екі боз көпшіліктің көз алдында бұғауға жығылып, басы құбылаға бұрылды. Жаңа ханның кемел келешегі үшін, қазақ халқының амандығына құрбандыққа шалынып, батагөй абыздардың бет сипауымен бауыздалды.

– Боз қасқа, боз қасқа!

– О-о, рабым, жаратқан!..

– Ақ тілеу, ақ тілеу!

– Ер қазақ! Ер, қазақ!

Ұрандаған дүйім теңіздей толқып, Ұлытаудың етегін ұлыжіңгір құрылтайға айналдырды.

Хан орданың төңірегіне жиылған иінтірескен халық сол жақ тізелерін бүгіп, түстікке бет бұрған қалпы алақандарын жая ұзақ уақыт мінәжат қылды. Бұл уақта бөлек бір топ Кенені ақ киізге салып, халықты айналдырып жүр еді. Олар араның құжынасындай бықыған қалпы ханды төбелеріне көтеріп, дүбіне дүрліккен дүйім елді жеті айналдырды. «Айналайын» деген сөздің шын көрінісі осы еді. «Халқымның жолында қара басым – құрбан» деген ұғым бар еді мұнда. Осы сертті ежелгі дәстүрмен бекіткен Кене, енді, елі үшін ең бірінші ажалға мойнын ұсынуы тиіс. Осыған пейілін салып, ықтиярын бұқара алдында білдірген сұлтанды арнайы тігілген он екі қанат ақордаға қарай алып жүрді.

Оның соңын ала жамағат арасындағы ұлық кісілер шұбыра ілесті. Күллі жақсы мен жайсаң арнайы тігілген салтанатты ақ ордаға таянғанда бас киімдерін шешіп, кіселерін ағытып, мойындарына асынды. Арасында Иман да, Жоламан да, Ағыбай да және сол сияқты сұлтан айналасындағы ығай мен сығайлар тұтас кетіп барады. Табалдырықтан «Ассалаумағалейкүм» деп аттап, тәжім еткен қалпы жөн-жосығына қарай реттеліп, бір тізерлеп жүгініп отырды. Бұл – болашақ әміршінің дәргейіне бас қойып, «құқымды құзырыңа ұстаттым, сенің жолыңда жанымыз пида, от пен суға айдасаң да тайынбаймыз» деген пиғылдарын танытып, серт беруі еді.

Небір бөрік пен қалпақ домалап, текеметтің үстінде жатыр. Жуан мойындарда салбыраған кісе белдіктердің ұшы тізеге қарай барып, ілмекті күміс алақаны кеуде тұстарда жалтырайды.

Қақ төрде алтынмен апталған, өрнекті арқалығы биік, қос балдағы бар қызылкүрең түсті хан тағы сұсымен де, әсемдігімен де көзге тап тастайды. Оң жағында ұшы туырылыққа тірелген үш шашақты жасыл байрақ тігінен тік тұр. Әлгінде ғана ақ киізге сап көтеріп келген хан тақтан екі адым тұста жерде отыр. Жұртты жеті айналдырған әлеңкедей жалаңған жігіттер шетке ығысып, енді ханның ең жақындары ернеуі бүктеле қайырылған киізге қолдарын апара берді.

– Иә, раббым Алла, өзің жар бола гөр!..

Кенені игі жақсылардың арасынан шыққан төрт-бес кісі жерден бір көтерді.

– Аллаһу-акбар! – деді сол жақ тізелерін бүккен айнала тұрған қауым.

– Астапыралла, астапыралла! Бирахматика әстағису!..

Киіз үстінде малдас құрып отырған хан қайта көтеріліп, жерге түсірілді.

 – Аллаһу-акбар! – Күңіренген көпшілік үні он екі қанат орданы тітірентті.

Сөйтіп, бұқараның бітімімен хан тағына лайық деп тапқан, ақ киізде отырған Кенесарыны үш мәрте жерден көтеріп, қайта қойды. Сол-ақ екен әз-Бөгенбай Кененің оң қолынан ұстап, Таймас сол қолынан алып, ал Ағыбай ханның ту сыртынан қолтығынан қармап, жерден тік көтеріп, қошаметтеп әкеп таққа отырғызды.

– Иә, жаратқан иеміз, өзің жар бола гөр! Жаңа құрылған қазақ хандығын, қазақ ханын жарылқай гөр!

– Аллаһу-акбар!

Топтың арасынан үстіне кіреуке киген Иман батыр шығып, ханның қолына алтын қылыш ұстатты. Тақтан көтерілген Кене алмасты қынынан суырып ап, сұп-суық жүзіне ернін тигізді.

– Қазақ халқының азаттығы үшін дұшпаныма қылыш боп сілтенем! Әшейін жан тапсырмай, уа жаратқан, өлсем – елім үшін күресте ажал құшайын!

– Алла жар, Алла жар!

Хан қайта тағына отырды. Осы кезде Таймас қымыз толтырылған зерен ұсынды. Сусынға «біссіміллә, – деп ернін тигізіп, – елімнің су ішкілігі ешқашан таусылмасын, у ішсек те ұлысымызбен болайық! Бүтіндігіміз бұзылмасын! – деп қайта қайырды. Таймас өзі бір ұрттап, шүпілдеген зеренді қалыңға қарай аралатып жіберді.

– Уа, әлеумет! – Әппақ қудай сақалы кіндігіне түскен көмекей Бөгенбай оң қолын алға созып, жұртқа айнала қарады. – Жөн-ақ! Ел болып, Кенесарыдай қайсар ұлт перзентін хан көтергендерің әбден дұрыс. Мына төре мен би халқынан айныған, жаумен ымыраласып кеткен қалаймақан уақытта қазақ жұртының қайта өзінше ұлыс құруы – әбден орынды. Енді жұртым, нақан балықтай жолындағысын жалмап келе жатқан басқыншылыққа қарсы берік ұйысыңдар! Елдікке бастаған асыл мұрат соқпағында ынтымақ-бірлік бұзылмасын. Ел ішінен жік шығаратын жексұрындарға бұра тартуға жол қалмасын! Хандық мәртебенің жығасы қисайып, өжеленген өкіреш ниеттен жаға жыртылмасын! Халқымыз аман, ханымыз жалпақ жұртқа құт болсын!

– Әмин, әмин!

Күркіреген үн басыла бергенде Сайдақ қожа «Ла илаһә иллә әнтә, субханә-әкә-ә… – деп, үнін соза әуендете дұға оқыды. Дұға біткенде бәрі «аллаху акбар!» деп бет сипап, ақ орданың ішіндегі иінтірескен жұрт тізелерін бүгіп, хан құзырына құлдық жасады.

Орданың айналасындағы құмырсқаның илеуіндей құжынаған халық та үш қайтара тізе бүгіп, ұлыстың ұлағатына, биліктің мәртебесіне тәжім етті. Дауысы саңқылдай шыққан әз-Бөгенбай:

– Халықтың пейілімен, бұқараның бітімімен Кенесары сұлтан қазақ елі хандығының тағына отырды. Ол – қазақ халқы мен алты Алаштың ханы! –  деп жариялады.

Осы кезде хан тағының оң жағында туырылыққа тірелген үш шашақты жасыл туды алып, Кенеге ұстатты. Хан байрақты шаңырақтың ауқымында ары-бері бұлғады да бала Баубекке ұсынды. Нық басып, туды алған Баубек далаға алып шықты. Мұны көрген Шеген би:

– Уа, халқым, қадірлеріңе жететін хан құтты болсын! Ханның қадірін халқы да білсін! – деді айқайлай.

– Абылай, Абылай!

– А-а, құдай! А-а, құдай!

– Кене хан, Кене хан!

Әдетте бұйығы жататын Хан ордасы алапат үннен теңселіп кетті. Бала Баубек үш шашақты жасыл туды биікке шарықтата көтеріп, тоқтаусыз ары-бері бұлғады. Барша халық пен барлық ұлық тізе бүгіп, мемлекеттік туға ілтипат пен құрмет көрсетті.

Бұрын ел бастаған Кенеге тиесілі болған, енді мемлекеттік туға айналған жасыл байрақ зеңгір көкте көлбей қалықтады. Оның үш шашағы, басы бір тудың астына біріккен үш жүзді білдіретін еді.

Кенесарыдай алтын ұрықтың хан дәрежесіне көтерілуі – еңсесі түсіп жүрген елдің рухын бір асқақтатты. Бүгінгі шаңырағын қайта көтерген қазақ хандығы Алтын Орданың соңғы сарқыты екенін, алайда ешкім аңғара қоймады. Жұрт іштей «пешенемізге бұйырған хандық дәурен баянды болғай» деп тебіренді. Шыңғыстан бергі жеті ғасырға жуық жалғасқан хандық биліктің ғұмыры тұтамдай қалғанын, әйткенмен, ешкім білмеді. Көңілдерін шаттық кернеген мәре-сәре жұрт «ұзағынан болғай» деп бір-біріне тілеу білдіріп жатты.

Ұлықтаудан кейін ұлан-асыр той басталып, қазақы дүрмек ұлыжіңгір даланы керней, сай-саланы қуалай, тау-шатқалды әуелей есіп жөнелді.

Сөйтіп, үш жүздің баласынан жиналған халық 1841-інші жылы Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады. Және Кененің төңірегіне кіл мықтылар шоғырланды. Ел арасындағы асқан беделін ескеріп, көмекей Бөгенбай биді бас уәзір жасады. Сондай-ақ інілері Әбілғазы мен Наурызбай батыр, Ағыбай, Иман, Жоламан батырлар, өзінің елшілік мәмілегерлігімен атағы шыққан би Бақтыбайдың Шоқпары, Сайдақ қожа және Таймас сияқты білгірлер жанына топтасты.

Хан болып сайланған Кенесары бір күннен кейін Қоқан басқыншылығына қарсы майданға аттанды. Кене әуелден Сыр бойындағы қамалдарды құрамадан арылтып, аршып алуды көздеп жүретін. Міне, елі үшін ұран шақырып, атой салар мезгіл де қолайына жағар ұрымтал тұсқа дөп түсіп тұр. Қоқан мен Бұхар хандықтары өзара қырқысып, шайнасып жатыр.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 30.09.2022, 13:21
Бір жыныстылар мультфильмде
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 29.09.2022, 12:45
Әуезов мұрасы: ғалымдар көзімен
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 29.09.2022, 09:29
Қара қойдың құлағы
Есбол ҮСЕНҰЛЫ 28.09.2022, 17:44
Қазақтың әр шаңырағында музыка бөлмесі болса...
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 28.09.2022, 13:35
«Әлихан Бөкейханның атылған күні ұлт үшін аза тұтып еске алу күні болуы тиіс»
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ 28.09.2022, 09:41
Тағы да Ләззат туралы

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37