Ұрыс (Орыс) хан туралы не білеміз?

Талас ОМАРБЕКОВ

14.10.2021, 09:28

1494

Кезінде Жошының үлкен ұлы – Еженге мұрагерлік үлес ретінде берілген Жошы ұлысының сол қанатының Ақ Орда аталғанын бүгінгі күні зерттеушілердің басым бөлігі мойындады. Бұл ұлыстың орналасқан аймағы бүгінгі Орталық және Шығыс Қазақстан аймағымен толық сәйкес келетіндіктен, тарихи әдебиетте соңғы жылдары қазақ мемлекеттігін осы Ақ Орда тарихынан бастау туралы ұсыныстар жиі айтылуда. Мұның өзі негізсіз емес екендігін Ақ Орда тарихына қысқаша шолулар жасағанда аңғаруға толық болады.

Алдын ала айтарымыз: Жошы ұлысын біртұтас мемлекет ретінде ұзақ жылдар билеген Өзбек хан 1342 жылға дейін Ақ Орданың тәуелсіз ұлыс болуына мүмкіндік бере қойған жоқ. Ол бұл тұста шын мәнінде автономиялық құрылым ретінде өмір сүрді.

         Алайда Өзбек қайтыс болған соң Алтын Орданы (Жошы ұлысын) билеген Бату тұқымы өзара таққа таласып-қырқысып, ақырында олардан билікті Жошының Еженнен тараған тұқымы тартып алды. Империяның шығысындағы Ақ Ордадан келген олар Бату тұқымын қырып салды. Олардың арасында Шымтайұлы Ұрыс хан аса беделді тарихи тұлға ретінде көзге түсті. Әкесі Шымтайға қарағанда ол әлдеқайда орнықты да батыл шешім қабылдайтын билеуші еді. Ол 1361 жылы Ақ Орданың тағына отырды. Батыстағы Алтын Ордада осы тұста Бердібек ханның қайтыс болуы оның саяси жағдайын күшейте түсті. Тарихта оның билікті қолға алған бетте сегіз жылға жуық уақыт Сыр бойындағы мемлекет үшін маңызы бар қалаларды және кезінде Ақ Ордаға астана болған Сығанақ қаласын өзіне қайта бағындырғаны белгілі.

1372 жылға дейін оған Арал теңізі аймағындағы және Маңғыстау өңіріндегі рулар мен тайпалар да бас иді. Бұл аймақта байырғы қаратүргештер одағынан бөлінген қаралардың (қаракесектердің, қарасақалдардың, төртқаралардың) және кезінде Қытайға қарсы күресте үлкен бенсенділік танытып, қанды қырғынға ұшыраған Түргеш қағанаты құрамында өмір сүрген жауынгер тайпа шөмекендердің (шөмекейлердің) бас июі – Орда Еженнің тікелей ұрпағы Ұрыс ханды күшейте түсті. Енді алда кейінгі қаратабындар мен тамаларды, сондай-ақ, Маңғыстау өңіріндегі ежелгі дайлардың және кейініректе, VІІІ-ІХ ғасырларда, шығыстан келіп, Арал маңын жайлаған оғыздардың басты тайпалары: қынықтардың, кайилардың және баяттардың біріккен этникалық одақтастығы негізінде қалыптасқан қаһарман адай руларын бағындыру мәселесі – Ұрыс ханның негізгі жоспарына айналды.

Егер осылар және кезінде шығыстағы манчжұртілдес қидандардың қысымымен Орхон бойындағы Байшы (Байси) тайпалық бірлестігінен бөліне көшіп, Жайық өңіріне қоныстанған Алшын одағының бай рулары және Қытайдың іргесінде тұрғанда-ақ ынтымақтары мен жауынгерлігі басқаларды таңырқатқан Беріш тайпалық бірлестігіне кіретін рулар қолдар болса, Ұрыс ханның түпкі мақсаты – Алтын Орда тағын иемдену әбден мүмкін нәрсеге айналатын еді. Сұңғыла стратег Ұрыс хан мұны жақсы түсінді. Алайда оның мұндай үлкен амбициясына Маңғыстау билеушісі, адайлар мен табындардың көсеміне айналған, Жошының тоқалынан туған Тоқай темірдің ұрпағы – Тойқожа оғлан (болашақ Алтын Орда ханы Тоқтамыс ханның әкесі) ашықтан-ашық қарсы шықты. Үлкен мақсатты орындауда ымыраға келе қоймайтын Ұрыс хан оны көп ойланбастан өлім жазасына кесті және осы қатал шешім оның батысқа бағытталған жорығына да жол ашты. 1374 жылға дейін Жайық өңірін түгелдей өзіне бағындырған Ұрыс хан алғаш Сарайшықты, онан соң көп кешікпей Сарайдың өзін басып алып, Алтын Орда тағына отырды. Сарай бұл тұста Батый тұқымдарының таққа таласқан өзара ішкі қырқыстарынан әбден діңкәлап отыр еді. Сондықтан да мұндағылар Ұрыс ханға тегеурінді қарсылық көрсете алмады. Осында жаңа хан көп кешікпей-ақ өзінің атынан теңге соқтырды.

Билік үшін тартыс, бүліншілік Ақ Орда тағына Ұрыс хан келгеннен кейін біршама саябырлап, тыныш ахуал қалыптасты. Ұрыс ханның таққа келуіне байланысты Ақ Орда нығайып, күшейе түсті. Мемлекеттің саяси өмірінде бірқатар өзгерістер орын алды. Мұндай жағдай шығыс мұсылман шежірелерінен көрініс тауып, оларда Ұрыс хан батыл мінезді, қажыр-қайратты билеуші ретінде сипатталып, бейнеленді.

Ақ Орда мен Алтын Орданы қосып, біртұтас мемлекет құрып, өзінің билігін күшейту мақсатында Ұрұс хан 1367 жылы Орданың бек, тархан, т.б. басын қосып, құрылтай шақырып, Алтын Ордаға жорық жасау мәселелерін шешті. Құрылтайдың шешімі мен билеушілердің қолдауына сүйенген Ұрұс хан 1368 жылы Еділ жорығына аттанған. Бастапқы жорығы сәтсіз аяқталған хан, екінші рет әскери сапарға шығуға мәжбүр болған. Сол заманның ереже-талаптарына сәйкес құрылған жасағының арқасында Астрахан және Сарай қалаларын басып алған. 1377-1378 жылдары Сарайда Алтын және Ақ Орданың ханы ретінде ақша соқтырған. Ханның жорықтары мұнымен шектеліп қалмады. Бір жағынан Алтын Ордадан түбегейлі дербес мемлекет құруға, екінші жағынан оның аумағын кеңейту мақсатында жорықтар ұйымдастырды. Үнемі жорық үстінде жүрген хан тарихи деректерде әртүрлі аталады. Ұрысты кейбіреулері «Жорық хан», ал енді біреулері «Ұрұс хан» деп атаған.

Сондай жорықтардың бірі Жетісу жеріне жасалып, ханның беделі мен мәртебесі еселенген. Осы жорық жайында Қадырғали би Қосымұлының «Жылнамалар жинағында» былай деп жазылған: «… Жәнібек хан өлген соң қарауындағылары әрқайсысы әр тарапқа тарқады. Жәнібек ханның уалаятын Фетка Науқрат келіп бұзды. Осы арада Орус хан Алатауға әскерімен кетті. Ол заманда Жәнібек ханнан соң қият Истайұлы Үнрақтлу ұлысты түгел биледі. Үнрақтлуны Орус хан өлтірді. Орус ханды бәрінің ағалары патшалыққа отырғызды. Содан Орус Алатау маңына орын тепті. Ол – өте биік көрінетін тау… Ол таудың қисапсыз (көп) сулары да бар. Талашқыры шаһары сонда. Отрар, Сайрам шаһарлары Хиваға жақын. Чу, Талас, Ыстық көл, Текелік, Алмалық және Қаратал сол елдерде. Четикентте сонда. Адамдары өте биік, қуатты және сәнді, батыр келеді. Бұл мәлім және белгілі (жай). Орус хан неше жылдар осы жерде патшалық құрды».

Ұрыс ханның жорықтарының сәтті әрі нәтижелі, олжалы болатын себебі – оның айбынды жасағының мықтылығында. Хан Ақ Ордада оң және сол қанаттан тұратын пәрменді қарулы күш – Алаш мыңын жасақтады. Өйткені Орда шаңырағының астында алты арыс елдің басын біріктірді. Бұл тарихта алты алаштың басын қосқан алғашқы әскери-саяси құрылым ретінде танылады. Қадырғали би Қосымұлы Жалайыр қарулы жасақ – Алаш мыңына мимана және мисара деп айдар таққан. Осының дәйектілігіне көз жеткізу үшін дерекке назар аударайық. Жалайырдан шыққан жылнамашының «Шежірелер жинағында»: «Хазрет Нух Али – Ассаламдан Оғузға дейін, Оғуздан Хижратқа дейін, Хижраттан Чингизге дейін, Чингиздан бұ заманға дейін неше қилы патшалар, хандар өтіп еді, барлығы баяндалды.

Қадыр Али-бек, Хошум-бек ұлы, Тамджек-баһадур ұлы, Иранджи-баһадур ұлы, Адамшакмырза ағасы Қарач-бек ұлы, Құбайұлы, Қанбар-мырза ұлы, Айтула бек ұлы, Итбаға ұлы, Шыңғыс хан заманында Сартақ ноян болған. Оның ұлы Жалайыр Сба болады. Оның ұрпағы Жалайыр Тебре бек. Оның ұрпағы Шайх-Сыры-бек болады. Оның ұрпағы Айтулы бек болады. (Ол) мәлім-мәшһүр болған. Урус-ханның ұрпағында ұлы әмір болған. Урус-ханның оңы мен солы мынадай. Бұл жерде еске алынғаны, яғни мимана-оң қол, мисара-сол қол», – деп жазылған. Осыдан көріп отырғанымыздай: Ұрыс хан қос қанатты әскери сапты пайдаланған. Түркілер мұндай әскерді бұрынғар және жуанғар деп атаған. Ал өзіміз дерегін талдап отырған Қадырғали бидің айтуынша: сол қанат – мисара, оң қанат – мимана.

Келтірілген мағлұматтар біз тарихын қарастырып отырған жалайырлар жайында құнды дерек болып табылады. Жылнама авторы өз әулетінің шежіресін тарқатып қана қоймай, олардың билеушілер арасынан орын алғанын көрсеткен. Жалайыр тайпасынын шыққан Сартақ ноян – Шыңғыс ханның замандасы ғана емес, оның сенімді серігі, дарынды қолбасшысы болған. Оның ұлы Сба да қаражаяу адам болмаса керек. Сбаның ұрпақтары бек дәрежесіне дейін көтерілген билеушілер, Алтын Орданың әлеуметтік-саяси өмірінде айтарлықтай рөл атқарып, мемлекетті басқаруға араласқан. Жалайырлардың Ұрыс ханның билігі кезінде ұлы әмір мәртебесіне көтерілгендігі жылнама беттерінен айқын көрінеді. Ұрыс ханның оң, сол қолдарына айналғандар да осы жалайырлар. Оны Қадырғали Жалайыр былай жеткізген: «Қатағин қауымы болады екі сан. Алач мыңы болады үш сан. Қатағин қауымы өз араларында бұл заманға дейін үлкендерін біледі. Ал Алач мыңы арасында үлкені тарақ тамғалы Жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мәртебеден (үлкендік) Тебребекке (13-би) тиді, одан Итбаға-бекке тиді, одан Карач-бекке тиді, одан Тоңқа-бекке тиді. Алач мыңының ағасы болып келген осылар. (Бұл) Өзбекия арасында мағлұм-мәшһүр».

Деректен көріп отырғанымыздай, жоғарыда аталған қарулы күш – Ұрыс ханның жасағы. Яғни Алаш мыңы 3 мың әскери сарбаздан тұрған. Осы үш мың әскерилердің ішінде ең үлкені жалайырлар болған. Жалайырларға үлкендік құрметті Шыңғыс ханның билік еткен кезеңінен басталуы жоғарыда айтқан Сартақ нояннан бастау алатыны күмәнсіз. Бұл мәртебе ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғасып отырған. Қадырғали би жазғандай қарулы күштің негізін қалағандар да осы аталған бектер. Мұндай үлкендік бүкіл Дешті Қыпшаққа тарап, мәлім болған. Алаш мыңының құрамына жалайырлардан өзге қыпшақ, найман, қоңырат, алшын, т.б. тайпалар енген.

Осылайша алты Алаштың басын біріктіріп, Алаш мыңын құрып, ұлан-байтақ жерлерді өзіне қосқан Ұрыс ханның мемлекеті, яғни Ақ Орда жұрты «Алаш елі» деп атанды. Осылай атануына оның бір жағынан көптеген түркі және түркіленген тайпалардан құралғандығы мұрындық болса, екінші жағынан мемлекет аумағының үлкендігі әсерін тигізді, үшінші жағынан Орда халқының саны да ел деп айтуға жететін дәрежеде еді. Ұрыс хан 1374 жылы Сарайда Алтын Орданың тағына отырып, өз мемлекетінің аумағын ұлғайтуға мүмкіндік алды. Жошы ұлысы батысында Дон өзенінен, шығысында Алтай тауларына, оңтүстігінде Сырдариядан, солтүстігінде Сібір далаларына дейінгі жерлерді алып жатты. Ел іргесі кеңейіп қана қоймай Ордада қолайлы ахуал қалыптасып, тыныштық орнады. Мемлекеттің қауіпсіздігін Алаш мыңдығы қорғап, жасақтың даңқы бүкіл Ордаға тарады. Жасақта Жалайырдан шыққан Қараш батыр бас болып, ақ қарабас ту ұстау мәртебесіне ие болған. Себебі Алаш мыңында үлкендік құрметі жалайырларға берілгендіктен олардың қарулы күште бас батыры ту ұстау мәртебесіне кенелген. Қараш батырдың, яғни бектің атасы Итбаға бек те, баласы Тоңқа бек те – Алаш мыңының ағалары саналып, қолбасшылар ретінде Ордада белгілі болған.

Ұрыс ханның билігі кезінде Ақ Орданың астанасы Сығанақ қаласы да өсіп, өркендеді. Ол сауда, мәдениет, әкімшілік орталығына айналып, теңге сарайларында ханның атынан ақша соғылды.

Державаның тіректері мен сарай шонжарларының қолдауына сүйенген Ұрыс хан 1374-1375 жылдары Сарайды алып, Астрахан, Кама өзені бойындағы бұлғарларды бағындырды. Осы батысқа жасаған жорығы сәтті басталып, деректерде Еділ, Кама жерлері «Ұрыс хан жұрты» деп аталды. Алайда Ұрыс ханның табысы ұзаққа бармады, жаулап алудан кейін бір жыл өткен соң Еділ бойынан кетуге мәжбүр болды. Ханның кері қайтуына екі түрлі жағдай әсер етті. Оның біріншісі – Алтын Орданың батыс бөлігінде айтарлықтай билікке қол жеткізген Орданың бұрынғы билеушісі Мамай ханның бет алған әрекеттерін іске асыруға кедергі келтіруі. Екіншісі – Ақ Орданың оңтүстік шегінде Орта Азияның билеушісі Әмір Темір өзінің жаулап алу жорықтарын қарқынды түрде жүргізіп жатқан болатын. Осыларға орай Ұрыс хан Сығанаққа қайтып оралуға мәжбүр болды. Оның үстіне Тоқтамыстың Әмір Темірге қашып баруы Ұрыс ханды мазалады. Себебі Тоқтамыстың әкесі Тайқожаның өлтірілуі оны Ұрыс ханның қас жауына айналуына тікелей ықпал етті. Алайда Ұрыс ханның Алтын Орда мен Ақ Орданы біріктіруді көздеген әрекеті Мәуереннахрда билікті қолға алып, күшейген Әмір Темірге ұнай қоймады. Моғолстан өңірін өзіне қосып, байырғы Шағатай ұлысын емін-еркін билеп-төстеу – Әмір Темірдің басты мақсаттарының бірі еді. Көршілер әлсіз болғанда ғана өзі құрған мемлекеттің қуатты да берік болатынын ол жақсы түсінді. Сондықтан да ол Ақ Орданы күйрету жолын іздестіре бастады.

Осындайда «іздегенге сұраған» дегендей, әкесі өлген соң Ұрыс ханның Ордасында амалсыз тұрып жатқан Тойқожа оғланның баласы Тоқтамыс Әмір Темірге қашып келді. Низам-ад-дин Шамидің айтуынша: Әмір Темір оны Жошы ханның тұқымы ретінде аса қошеметтеп, үлкен сый-сияпатпен қарсы алды. Ақ Орда мен Алтын Орданы өзінің келешек бас қарсыласы санап, олардың өзара қақтығысуына себеп-салдар іздеп отырған Темір үшін Тоқтамыстың келуі – оған таптырмайтын мүмкіндік еді. Темір Тоқтамысты құшақ жая қарсы алып оған хан дәрежесінде сый-сияпат көрсеткен. Темір онымен де тоқтамай Сауран мен Отырарды Тоқтамысқа тарту еткен. Тіптен Шереф ад-Дин Иездидің хабарлауынша, тіптен Ақ Орданың астанасы Сығанақты да Тоқтамысқа ұсынған

Құйтұрқы саясатта көреген Темір Тоқтамысты Ұрыс ханға қарсы қоюға бірден бір лайық және таптырмас тұлға ретінде тани білді. Сондықтан да Тоқтамысты өзімен бірге Самарқанға ертіп барған ол оны көтермелеп, той жасап, басқа тартулармен бірге оған Отырар және Сауран аймақтарын бөліп беріп, көп әскермен жарақтандырып, ақыры Ақ Ордаға қарсы аттандырды. Тоқтамысқа сыйға тартылған аймақтар шын мәнінде Ақ Ордаға қарайтын еді. Сондықтан да Ақ Орданың ұлысбегілері мен тайпа басшылары бұған бей-жай қарап, Ұрыс хан бұл кезде Алтын Орданы бағындыру жорығында жүрсе де әрекетсіз отыра алмады. Сондықтан да олар Ұрыс ханның Ақ Ордадағы орнында қалған баласы Құтлық Бұғаға қалың әскер жинап берді.

Тоқтамысқа қарсы ұрыс 1374 жылы жаз айында болды. Бұған Ақ Орда жағынан негізінен наймандардан, дулаттардан, албандардан, қаракесектер мен шөмекейлерден, қоңыраттардан және түркіленген моңғол руларынан құралған әскерлер аттанды. Қантөгіс кезінде әскерді бастап шыққан Құтлық Бұға садақ оғынан ауыр жараланып, қайтыс болды. Мұның өзі Ақ Орда әскерлерінің жауынгерлік рухын төмендетудің орнына, керісінше көтеріп, олар Тоқтамыспен жанқиярлық шайқасқа барып, ақырында оны қуып шықты.

Сағы сынып, өзін паналап қашып келген Тоқтамысты Әмір Темір қайта көтерді. Оны бұрынғыдан да қошеметтеп, оған тағы да қалың қол жасақтап беріп, жауға қайта аттандырып салды. Бұл жолы Тоқтамысқа қарсы Ұрыс ханның келесі ұлы Тоқтақия қол бастап шықты. Алайда Тоқтамыс тағы да күйрей жеңіліп, оның соңынан ілескен әскерлердің көбісі Ақ Орда жағына шығып кетті. Жалғыз қалған Тоқтамыс ағысы қатты Сырдарияға қойып кетіп, әрең дегенде қашып құтылды. Соңынан қуып келген Қараншы баһадұр садақпен атып, оны қолынан жаралады. Өзіне аса керек тарихи тұлға болғандықтан Әмір Темір Тоқтамысты іздеуге туысы Едіге барласты аттандырды. Ол жараланған Тоқтамысты қопа қамысты жағалаудан тауып әкелді. Ал Ұрыс хан болса жасақ жасақтап, оны ұлы Тоқтақияға басқартып, екінші рет Тоқтамысқа қарсы аттандырды. Дарынды қолбасшылар мен қайтпас жауынгерлерден құралған Ұрыс ханның жасағы Әмір Темірдің әскеріне қарағанда анағұрлым мызғымас, мықты болды. Ақ Орда әскері Тоқтамысқа күйрете соққы беріп, ол ұрыс даласынан әрең дегенде қашып құтылып, үшінші рет Әмір Темірге қайтып оралған. Алайда шиеленіскен шайқаста Ұрыс ханның ұлы Тоқтақия қаза болған. Ұлының қазасына төзе алмаған Ұрыс хан жасақты өзі бастап, кек алу үшін шайқасқа аттанған. Осы оқиғаны тарихшы-ғалым З.Қинаятұлы былай деп баяндайды: «Ұлымды өлтірген Тоқтамыс сенің қолыңда отыр. Жауымды өзіме қайтарып бер немесе тұратын жеріңді айт», – деген датпен Ұрыс хан Темірге маңғыттық Кенек және Тулуджан бастаған құрамында жүз адамы бар елші аттандырады. Темір: «Иә, Тоқтамыс менде тұрғаны рас, бірақ оны қайтарып бере алмаймын. Ал соғыс жайына келсек, біз де оған әзірміз...», – деп өз жауабын қысқа қайырады. Сөйтіп, әскери екі топ 1376 жылдың күз айында Сығанаққа жетіп, Отырардан 24 фарсах қашықтықта келіп жайғасады. Табиғаттың қатқыл қысымына байланысты аңдысу үш айға созылады. Ақыры Орыс хан мұнда ұлы Темір-Мәлік және Қаракесек оғланды қалдырып, өзі ел ордасына қайтуға мәжбүр болады. Орыс ханның аяқасты кетуін Муин ад-дин Натанзи «табиғаттың аязымен» байланыстырса, кейбір авторлар мұны «Мамай қысымы», «Тоқай-Темір ұрпақтарының бас билікке ұмтылуының әсерінен болды», – деп пайымдайды. Қалай дегенмен алдағы шайқасқа Орыс хан қатыспаған».

          1377 жылы көктемде Әмір Темір Ұрыс ханға қарсы жаңа жорыққа аттанды. Алайда Ұрыс ханның кенеттен қайтыс болуы бұл жорықты тоқтатып тастады. Муин-ад-дин Натанзидің айтуынша, Ұрыс хан табиғи өлімнен қайтыс болған. Ал енді Өтеміс қажының «Чингизнамесінде» Ұрыс хан Тоқтамысты қуғындаған жорық үстінде қайтыс болады. Біздіз пайымдауымызша, алғашқысы шындыққа жақын. Екінші деректе Ұрыс ханның балаларына қатысты мәлімет шатастырылып берілген тәрізді. Ұрыс ханның орнына таққа отырған үлкен ұлы Тоқтақия да көп кешікпей дүниеден өтті. Енді Ақ Орда тағына Мұхаммедханның баласы Темір бек отырды. Ол ішкілікке салынған маскүнем адам болғандықтан, Ақ Орданың басты тайпалары одан безіп, жергілікті арғын, қыпшақ, қоңырат, жалайыр тайпаларының бектері хан тағына Жошы тұқымы Тоқтамысты шақырды.

         1378 жылы Әмір Темірдің арнайы аттандырған бірнеше бектері Тоқтамысты Ақ Орданың астанасы Сығанақта таққа отырғызды. Бұл кезде Қараталда қыстап жатқан Темір-Мәліктің шұғыл түрде әскер жинап, асығыс аттанған жорығы сәтсіздікке ұшырады. Билікке келген Тоқтамыс Ақ Орда тағын иемденумен шектелмей, енді Алтын Орда тағын басып алуды ойластыра бастады. Өйткені бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Алтын Орданы иемденбей, оның шын мәнінде шығыс бөлігі ғана болып есептелетін Ақ Орда тағында орнықты отыру да мүмкін емес еді. Осылайша Жошы ұлысы тарихында жаңа кезең – мемлекеттің дербестене бастаған екі қанатын қайта біріктіру және осы негізде біртұтас мемлекетті қалпына келтіру әрекеті басталды. Мұндай саясаттың бастауында енді қуатты Әмір Темір мен жергілікті бектердің қолдауына сүйенген Тоқтамыс хан тұрды.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады
Бағдат МОМЫНОВА 20.10.2021, 00:00
Қазақ баспа нұсқалары тілін алғашқы зерттеуші ғалымның бірі – профессор Б.Әбілқасымұлы
Сайт әкімшілігі 19.10.2021, 10:30
«Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
Жарас КЕМЕЛЖАН 19.10.2021, 08:39
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ: Тақымы таққа жабысқан шенеуніктерден театрға қаржы бөлдіру – ерлік

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31