"Жабық тақырып жөніндегі ашық әңгіме"

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

24.11.2020, 11:00

2078

Бүгінде есімі елге танымал Әсия Байғожинамен 1981 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін қатар бітірдік. Ол орыс бөлімінде оқыды. Павлодар облыстық газетінде қызмет істеді. Қазақстан комсомолының қаламы қарымды жас журналистерге берілетін Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығына ие болды. Алайда Әсияны кино өнері қатты қызықтырған екен. Мәскеудегі жоғарғы екіжылдық режиссерлік курсқа оқуға түсіп, Леонид Буревичтің шеберханасында тағылым алып, деректі киноның маманы болып шыңдалып шығады. Талай фильмді елге ұсынады. Солардың ішінде Желтоқсан көтерілісіне байланысты түсірілімдері айрықша орын алады. Біздің сұхбатымыз осы тұрғыда өрбіген еді.

Содан бері арада отыз төрт жыл уақыт өтті. Алайда Желтоқсан жұмбағы шешілген жоқ. «Неге?», «Қалай болды?» деген сауалдардың соңында жүргендердің бірі өзіңсің, Әсия. Жасаған деректі фильмдерің арқылы ақиқатын ашуға ұмтылып жүрсің. Әрине, бұл ниетіңе көтеріліс қасіретін көргендер ғана емес, осы мәселе сөз бола қалса, ойы – онға, санасы санға бөлінетін қандастарымыздың бәрі риза.

 – Риза көңіл танытып қана қоймай, қолға алған жұмысымның оңынан үйлесуіне септескен, көзбен көрген, бастан кешкен оқиғалары туралы естелік әңгіме айтқан, ішкі ойларын ірікпей білдірген кім-кімге де айтар алғысым шексіз. Бірақ әлі күнге дейін айтуға жасқанатын, көкейдегісін шығара алмай, ашық әңгімеден қашатындар аз емес. Әу баста сондай еді. «Әсия-ау, көсіліп айтатын кез әлі келген жоқ, тағы да бірер жыл күте тұршы» дейтін. Мен күтермін, бірақ мына өтпелі өмір күте ме? Сол күндерде үлкен мемлекеттік қызмет тізгінін ұстағандардың біразы о дүниелік болып кетті. Айтар әңгімелерін құпия күйінде өздерімен бірге жер қойнына әкетті. Алаңда арпалысып, ұран салған қаһарман қыз-жігіттерден де күн сайын көз жазып жатырмыз. Мені өкіндіретіні – солардың тәуелсіз елімізді басқарушы билік тарапынан ешбір мейірім, шапағат көре алмай арманда кеткені.

 – Олар көп еді. Бір ауыз еді. Алматыдағы алып алаңда сіресіп, озбыр билік саясатымен бетпе-бет келіп, теке-тіресіп тұрған нағыз батырлар еді. Ұлт мүддесі сын сағатқа тап келгенде тығылып отыра алмай, жұлқынып шықты. Біз соған куәміз. Саналы, сауатты, өктем ұлтқа деген өкпесіз ұранмен қолдау күтіп әсем қаламыздың көшелерін аралады. Бұл жағдай Мәскеудегі билік тұтқасын ұстағандардың көпе-көрінеу  қазақ халқын кемсіткені, бізді ұлт ретінде көзге ілмей, табанға таптағаны деп білді.

 – Егер сол уақытта Алматыда болсам, сөз  жоқ, мен де алаңдағы қандас бауырларымыздың ортасында болар едім. Мәскеуде екіжылдық жоғарғы сценарлық-режиссерлық курста, деректі фильм мамандығы бойынша оқып жүрдім. Күллі әлем назарын айрықша аударған қазақ жастарының оқиғасының себеп-сырын алыпқашпа әңгімелерден еміс-еміс естіп, теле-радио мен газеттердегі бұрмаланып берілген материалдар арқылы ғана білдім. Әрине, арғы жағында бұғып, тұмшаланып тұрған ащы шындық басқаша  екенін ішіміз сезді. Соны тереңірек білсем деген ой санама сол кезде ұялады.

Оқуым бітісімен, 1987 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына  келіп, деректі фильмдер студиясына бас редактор болып қызметке кірістім. Жұмысты бастаған бойда Желтоқсан оқиғасы (ол кезде солай бағаланды, енді қазір ғой, көтеріліс деп жүргеніміз – Т.А.) туралы кино түсіруді мақсат етіп қолға алдым. Отты оқиғаның қызуы қайта қоймаған кез. Тіпті көтеріліске белсене қатысушыларды жазалап, соттап жатқан ауыр уақыт. Дәл осындай жағдай Кеңес Одағының кезінде әр жерде болған. Мысалы, Новочеркасскідегі 1962 жылғы көтерілісті алайық. Мұндай оқиғалар халыққа айтылмай, өте құпия ұсталатын. Солар қаншама жылдардан кейін, онда да Кеңес өкіметі ыдыраған соң ғана ашық айтыла бастады. Көзбен көріп, қасіретін шеккендер аз, өте аз. Тірі куә ретінде айтып беретін адамды табудың өзі қиын. Желтоқсан ондай емес, қатысушылары – мың сан. Басы-қасында болғандарды былай қойып, соның себепкері, сойыл соғарлары болғандардың бәрі дерлік мізбақпай қызметтерінде отырды. Бір кемшін тұсым – мұндай фильм түсіретін тәжірибем жоқ болса да, бірақ айналамда ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар жасайтын әріптестерім баршылық еді. Нар тәуекел деп кірісіп кетейін десем, жұмыс талабы деген нәрсе көлденеңдеді. Түсірген әлденеше фильмім болу керек еді.

Енді тығырықтан шығудың жолын іздеп, киностудияда бұрыннан қызмет істеп, талай деректі фильмдер түсірген режиссерлермен сөйлестім. Мен сценарийін жазайын, көмекшің болайын, бірге түсірейік дедім. Бәріне пейіл едім. Алайда ешқайсысын иліктіре алмадым. Бәрі «жоқ» деді, бас тартты. Осындай жағдай қайталана берген сайын менің фильмді түсіруге, қазақ жастарын жаппай нашақор, ішкіш, бұзақы етіп көрсеткен тарихи оқиғаны деректі, керекті дүние етіп қалдыруға деген қызығушылығым арта түсті. Өзім пікірлескен, бірлесіп жұмыс істеуге шақырған кісілердің бойындағы қорқыныш сезім менде атымен болған жоқ. Бұл біздің кәсіби жұмысымыз ғой,   неге қашады деген ой тыншытпады. Бірақ бойларындағы үрейді түсіндім. Олар алаңдағы қанды оқиғаны көзбен көрді. Бейбіт мақсатта ойларын ашық білдіруге шыққандардың бәрін ұрып-соғып, итке талатып, түрмеге қамағанын, одан соң аямай жазалағанын және көрді. Қыз-жігіттердің көбі ештеңені өртеп, қиратып, бүлдірмеді, нөпір елдің арасында жүріп суретке түсіп қалды. Сол бойынша ұсталғандары жұмыстан қуылды, партиялық, комсомолдық жаза алды. Әке-шешелері мен аға-әпкелері де қудалауға ұшырады. Нақақтан-нақақ қысастық көрген кісілерге ешкімнің батылы барып ара түсе алмады. Бірдеңе десем, өзім де бір бәлеге ілігіп кетермін деген үрейге берілді. Үндемей қалуды жөн көрген менің әріптестерім де сөзімді үрке тыңдап, жаныма жоламауға тырысты.

Дегенмен осы оқиғаның қызуы алаулап тұрған дер шағында кино жасау туралы ниетімді құп көрген Нона Ченковаға шексіз ризамын. Асханада түскі тамақты бірге ішіп отырған кезімізде «Сен режиссер іздеп жүр екенсің, менімен жұмыс істеуге қалайсың?» деді. Өзі әлденеше фильмді экрандаған режиссер, шығармашылық мәліметтері бүкіл талапқа дөп келеді. Екеуміз бірлескен автор болуға келістік. Содан соң дереу Мәскеуге «Госкиноға» тапсырыс беруге тиісті қағаздарымызды даярлап, жібердік. Ондағылар бұл қандай дүние деп мән бермеді, жоспарлы фильмдердің қатарына ендіріп, бекітті. Қажетті қаржы бөлінді. Сөйтіп, мемлекеттік тапсырыспен фильм түсіруді қолға алдық.

 – Жұрт Желтоқсан деген сөзден жасқанып, ойларын айта алмай іркілетін зар заман еді ғой. Ешқандай қарсылық, тежеу болмады ма?

 –Өз бетімізбен қолға алған жұмыс емес, КСРО мемлекеттік кинокомитеті бекіткен жоспарлы кино ғой бұл. Қай жерге де емін-еркін барып жүрдік. Алайда айтар сөздерін өз ауыздарынан жазып, камераға түсіріп алсақ деген үлкен биліктегілердің көбі бастарын алып қашты. Қайда барсақ та, соңымыздан бір машина қалмай ілесіп жүрді. «Үш әріптің» кісілері еді. Дәл сол кезде ақын, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Мұхтар Шаханов жетекшілік жасаған комиссияның жұмысы жүріп жатты. Жинақтаған көптеген материалдары болды. Арасында архивтік кинопленкалар да бар болатын. «Мынаны ертең мемлекеттік  мұрағатқа қайта өткізуім керек» деп, Мұхтар ағамыз бізге бір күнге ғана берді. Алған бойымызда киностудиядағы қазақ десе жанып түсетін Жанна Мұңайтбасоваға бардық. Ол цехтың бастығы еді. «Маған қалдырыңдар, түнде ешкімге көрсетпей, барлық пленкалардың көшірмесін жасап қоямын» деді. Сол сөзінде тұрды. Келесі күні таңертең Мұхтар ағаға архивтік кинопленкаларды апарып бердік. Сол хроникалық ленталарды біз ғана емес, Қалдыбай Әбенов те «Аллажарды» жасағанда пайдаланды.

Әрине, біз сол материалдармен шектелмей, басқаларын да іздедік. Желтоқсан кезінде киностудиямыздан екі оператор жігіт түсірген екен. Ол бүгінгідей видеопленка емес, кинопленкалар ғой. Сол азаматтардың бірі қазір Германияда тұрады, ал екіншісі Алматыда. Өкініштісі, берсек бірдеңеге ілігіп кетеміз бе деп қорыққан шығар, бізге ол жөнінде тіс жарғылары да келмеді. Біз республиканың бас прокуроры Ғ.Елемесовпен де, юстиция министрі Д.Досполовпен де, жоғарғы соттың төрағасы Т.Айтмұхамедовпен де сөйлестік. Бірақ солардың қай-қайсысы да бастапқыда ашық әңгіме айтуға келіспеді. Бірақ біз қазір қайта құру уақыты, жариялылық кезі деп тықақтап, айтпасына қоймадық. Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев пен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы З.Камалиденовке де арнайы хат жаздық, ауызба-ауыз тілдестік. Ойымызда Г.В.Колбин тұрды. Бұл Геннадий Васильевичтің КСРО халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып кетіп қалған кезі болатын.

 – 1986 жылғы қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасымен айрықша байланыстырған бір адам Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев емес пе еді?

 – Дәл солай болған. Сондықтан Димаш ағаның үйіне бірнеше рет бардым. Тұратын жеріміз жақын еді. Күнде кешкілік әңгімелесіп жүрдім. Бірге отырып шай ішеміз. Айналып келіп сөзімді Желтоқсанға тіреймін. Ол кісі «қызым, бұл әңгіменің уақыты келген жоқ» деген сөзін қайталаудан бір танбайды. Тіпті бір күні «аға, ешкім мәңгілік емес қой» деген сөз де аузымнан шығып кетті. Бәрібір иліктіре алмадым. «Билікке қазір ешқандай қатысым жоқ кісімін. Ана отырғандар жауап берсін», – деді. Меңзеген екі кісісін көндіру қолымыздан келмеді. Ал ең жауаптысы Колбин еді, оның атына да хат жаздым, жауап бермеді. Тікелей сөйлесетін телефонын алып сөйлестім, ештеңе шықпады. Содан соң КПСС-тің органы – «Правда» газетіне «жас маманмын, қазір жариялылық кезі, ашық әңгімеден жалтаратын уақыт емес, соған қарамай Г.В.Колбин жолдас менімен мүлде сөйлескісі келмейді» деп хат жаздым. Бір апта өтті ме, өтпеді ме, киностудиядағы телефоныма Колбиннің көмекшісі «ертең келе қалыңыз» деп хабарласып тұр. Талабы өте шұғыл: «ертең үлгеріп түсірсеңіз түсірдіңіз, әйтпесе ол кісінің уақыты жоқ» дейді кесіп-пішіп. Тіпті «сағат бесте кездесесіздер» деп, уақытын да шегелеп қойыпты.

Қараңызшы қулығын, біз бір топ кісіміз – оператор, дыбыс режиссері, жарықтандырушы және мен өзім, бәрімізге аяқастынан билет қайдан табыла қойсын? Не істеу керек? Қой, бұның бір амалын қарастырайын деп, Мәскеудегі орталық деректі фильмдер студиясындағы әріптестеріме хабарластым. «Маған ертеңге бір оператор қажет, ақшасын өз қалтамнан беремін» дедім. Сөйтіп, Епифанцев деген өте тәжірибелі оператормен Колбиннің алдына белгіленген уақытында жетіп бардық. Бір сағаттың ішінде отырған кабинетінде сөйлетіп, камераға жазып алдық. Алматыға келісімен Дінмұхамед Ахметұлының үйіне бардым. Тағы да баяғы өтініш қой айтпағым. Ол кісі үйреншікті сөзін қайталады. «Жарайды, ақыры сөйлемейді екенсіз,  Дінмұхамед Ахметұлы, ел сізді кінәлайтын болады» деп едім, «Неге?» деді ол кісі жүзін бұрып. «Бұл – менің ойым емес, Колбиннің айтқаны. Не дегенін өз құлағыңызбен естігіңіз келсе, осы қазір тыңдатайын», – деп, видеодан көшірген аудиожазбаны қостым. Геннадий Васильевичтің көзі күліп, аярлана айтқан әңгімесін естіген кезде шыдай алмай орнынан ұшып тұрып: «Қане, камераңды алып кел!» – деді. Менің де күткенім осы болатын. Колбиннің аузы-аузына жұқпай айтқан өтірігі әбден ашындырған екен, «Ложь!» деді күйініп. Одан кейінгі сөзіне «очередная неправда» деп, оның әрбір сөзін жоққа шығарып, шамырқана сөйледі. Айтар ойларының бәрін бір демде айтып тастады. Бұл біз бітірген үлкен шаруа болды. Тіпті тарихи мәні зор жазба жасадық десем де жарасады.

Осылайша 1990 жылы «Жарияланбаған демонстрацияның хроникасы» деген жарты сағаттық фильмімді бітіріп, Кино үйінде көрермендер назарына ұсындым. Олжас ағамыз бастаған бір топ ақын-жазушылар, Әзербайжан ағамызға ілескен әртістер, Желтоқсан тақырыбында қалам тартып жүрген журналистер, көтеріліс қаһармандары келді. Бұл осы мәселені барынша ашып көрсеткен фильм болғандықтан, ешқайсысын бейжай қалдырмады. Кім-кім де ағынан ақтарылып пікір білдірді. «Экранға шығару керек, теледидардан көрсету қажет» деді. Табаны күректей 30 жыл өтті, бірақ біз көгілдір экраннан бір рет те көрсете алмай қор болдық.

 – Бұл фильмнің біздің республикамыздағы тағдыры солай болған екен дейік, ал елімізден тыс жерлерге апарып көрсетудің реті келмеді ме?      

    – Ресейде өткен бір кинофестивальға алып бардым. Шағын кинозалда ғана емес, теледидар арқылы да көпшілік көрермендерге ұсынды. Екатеринбургта ұйымдастырылған осы фестивальдың қорытындысы бойынша диплом алдым.

Мен бұл жұмысқа мақтау естиін, марапат алайын деген оймен кіріскен жоқпын. 86-ның ызғарлы оқиғасының қас батырлары мен куәгерлерін сөйлетіп қалуды ойладым. Алаңға бұйрық бойынша жазалаушы жасақтарды алып шыққан офицерлер де болды. Солар камерадан тыс сөйледі. «Өзіңді де көрсетейік, оның мәні сонда» дегеніме «Олай ете алмаймын, – деп азарда-безер болды, – өйткені отбасы, бала-шағам, әке-шешем бар, мен өзім үшін емес, солар үшін қорқамын, егер бәрінің аман-сау болатынына кепілдік бере алсаң, айтқаныңды жасайын», – деді. Енді бір офицер қай жерде қандай қасірет орын алғанын, «КамАЗ»-дарға тиелген қыз-жігіттерді қала сыртындағы қай жыраға апарып, қоқыс төккендей етіп төбеден төмен қарай домалатқанын көрсетіп, қанды алаңды қайтіп жуғандарын айтып берді. Осындай әңгіменің ұшығын шығарған шенділердің бәрінің ығына жығылып, жалынып-жалпайып, қайткенде де сөйлетіп алуға барымды салдым. Тіпті «сөз ақың» деп, ақша да ұсындым, несін жасырайын...

   Желтоқсан қазір қазақ тарихындағы ең соңғы көтеріліс ретінде ауызға алынып  жүр. Оған елу мың адам қатысты ма, жоқ әлде жүз мың кісіні қамтыды ма, ол жағын ешкім дәл айта алмайды. Демек, қазақ жастары жасаған көтерілістің айтылар әңгімесі ұлан-ғайыр, оны тімтініп ашатын тамырлы тарихымыздың құпиясы мол беттері десек те болады-ау…

Оған сөз бар ма?! Мысалы, өз басым қал-қадерімше кірісіп, қолымнан келген шаруамды жасадым. Жер басып жүргенде Г.В.Колбинді де, Д.А.Қонаевты да сөйлетіп алдым. Олардан бөлек, көтерілісті басып-жаншу, жазықсыз қазақ жастарын қудалап, жазалау науқанында шешуші рөл атқарған адамдар да аз болмады, олардың біразы әлі де арамызда жүр. Мен осы жағдайды пайдаланып, өзімнен басқа да әріптестерім осы тақырыпты әр қырынан қозғайды деп күтіп едім. Әйткенмен мен ойлағандай болмады. Желтоқсанның – 15, одан кейін – 20, 25, тіпті 30 жылдығы да киногерлердің қозғауынсыз өте шықты. Осыдан соң бірінші фильмім биліктің қырын қарауымен көрсетілмей шаң басып жатыр демей, уақытпен шектелмейтін және бір фильм жасайын дедім. Оған түрткі болған – немістердің Фридрих Эберт қоры мен Гете институты Алматы бөлімшесінің директоры Барбара Фрэнкель-Тонет ханым. Сол кісі әлгі фильмімді көргеннен кейін «Мына жұмысыңызды одан ары жалғастырмайсыз ба?» деді. «Жалғастырамын-ау, бірақ кім қаржыландырады?» дедім әңгіменің ашығын айтып. Ол да мүдірмей, «бастаңыз, біздің қор шама-шарқы келгенше қаржылай көмек береді» деді. Осыдан соң бұрынғы кеңестік мемлекеттік аппаратта үлкен басшылық қызметте болған біраз адамдармен тілдестім. Арасында бір генерал да болды. Ол ішкі істер саласының генералы еді. Бір әскери қызмет полковнигінің тамырын басып көрдім. Екеуі де зейнет жасындағы кісілер. Қаншама уақыт өтсе де, бойларын буған үрейден арылмағаны қайран қалдырды. Құдды бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, айтатындары сол баяғы: «Әсия, өзің де білесің ғой, әлі кезі келген жоқ...» Апырмай, не деген үрей, ойдан да, бойдан да кетпейтін қорқыныш.

«Сізді біреуді кінәлап, көзге шұқысын деп тұрған жоқпын ғой, не болғанын ғана айтып беріңіз. Ұрпақ ауысып жатыр. Желтоқсанның азабын көріп, айықпас ауруға шалдығып, мына әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың еңсені езген ауыртпалығына шыдамай, өмірден мезгілсіз озып жатқандары қаншама. Соларды сөйлетіп қалайын, сіз де мәңгілік жүре бермейсіз, бір ауыз сөзбен азаматтық үніңізді білдірсеңіз деген ұсыныс қой менікі. Ұлт алдындағы, оның өшпес тарихы тұрғысындағы – өзін қазақпын деп мақтанатын әр адамның өзіндік ойы айтылмай қалмауы қажет қой», – дедім. Әңгіменің ашығы, мен осындай мақсатпен кәсіби жұмысымды араға отыз жылға жуық уақыт салып қайта жалғастырдым. Оператор Ринат Қосайұлымен бірге күнде қызмет істейтін ғимаратымыздың астыңғы жертөле қабатында желтоқсаншы қыз-жігіттерді шақырып, түсірумен болдық.

Бір кездері республикамыздың мемлекеттік қауіпсіздік комитетін басқарған, көтеріліс кезінде Қазақстан КП орталық комитетінде идеология жөніндегі хатшысы болған, Желтоқсанның қатпарлы құпияларын көп білетін Зақаш Камалиденовтің алдына тағы да бардым. «Аға, асарыңызды асап, жасарыңызды жасадыңыз ғой, енді нені күтесіз?» дедім. Бәрібір болмады, баз-баяғы жауабын жаңылыспай қайталады. Жарайды деп, мақсатты жұмысымды тоқтатпай жалғастырып, «1986. Желтоқсан хроникалары. Шындықтың үзігі», орысшасы – «1986. Декабрьские хроники. Краешек правды» деген фильмді бітірдім. Бір сағат қырық минуттай уақытқа созылатын фильмімнің тұсаукесерін Ф.Эберт қоры орналасқан ғимараттың залында өткіздім. Елу төрт кісі келіп көрді. Көргендердің бәрін толқытқан, ой салған фильм болды. Сол күні бұл жөнінде бір азамат әлеуметтік желіге жүктеп жіберген екен, оны жоғарыда отырғандар да оқыпты. Артынша Барбараны елшіліктің адамдары шақырып, сөйлесіпті. Ол маған хабарласты. Содан, амал жоқ, желіге салып жүргендерге хабарласып, алдырып тастауға мәжбүр болдым. Әсте Барбараға қысым қаттырақ жасалды ма, қайдам, ол жағын айтпады, алайда сол фильмнен кейін көп ұзамай еліне кетті. Кетер кезінде қабылдауында болдым. «Мен осылай болғанына өкінбеймін, Әсия. Сен үлкен іс бітірдің» деп, қимастық сөзін айтып құшақтады.

Мен фильмге демеуші іздеп көптеген атақтары жер жарған кәсіпкерлердің алдына бардым. Бірақ солардың арасынан бірде-біреуі құлшыныс танытпады. Бәрі қандастарымыз. Солардың бәрінің жабылып бір Барбараға татымағаны әлі күнге дейін жанымды жабырқатады.

 – Фильміңдегі сөйлеушілердің бірімін. Экрандағы бейнелер бір-екі минутта алмасып, бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, айтар әңгімелері мен ойларын аяғына дейін үзбей жалғастырады. Түйіні де жақсы. Бірақ қалың көрерменге көрсетілмей жатуы мені де өкіндіреді.

 – Қайтейін, бүгінгі жағдай солай болып тұр. Қаншама телеарналар хабар таратады, алайда көрсетуге қауқарсыз. «Жабық» тақырыптан жасқанады. Шағын аудиторияларға апару үшін де оны қаржыландырған  шетелдік қорға хабарласып, алдынан өтемін. Өйткені әу баста үшжақты жасасқан келісімшартымыз бар, мен соны сақтауға тиіспін. Ешкімге кесірім тиіп кетпесе екен деймін.

 – Біздегілердің ешқандай көмегінсіз түсірген киноңды бүгін іздемесе де, оны келешекте саф алтындай көріп, бағалайтындар көбейеді. Сөз жоқ, ол – қымбат қазына, өткен қасіретті кезеңнің шыңғырған шындығы. Бұл фильмнің іштен тынып, құпияларын бүгіп отырғандарға да әсер етуі мүмкін-ау…

 – Олар да адам ғой. Ар-намыс деген киелі ұғымды іштей сезінетін шығар. Мәселен, менімен өте жақсы араласатын бір досым З.Камалиденовпен сөйлесіп, жаңадан жасаған осы фильмім жөнінде айтыпты. Ол кісі әуелгі фильмімді көрген. Мүмкін, сол да ой салды ма екен, бір күні телефон шалып едім, «келіңіз» деді. Сол сөзін ести сала жаныма операторды ертіп, үйіне жетіп бардым. Отыз минут сөйлеп берейін деген кісі еді, айтары көп екен, түсірілім бір жарым сағатқа созылды. Біткеннен соң, мен «бұл сөздеріңізді фильмге қосамын» деп едім, «Жоқ, Әсия, әл-әзір асықпағаның жөн шығар. Бір-екі жыл өтсін, онда да мен кеткеннен кейін ғана… Оған дейін бұл видеожазба өзіңде сақталып тұрсын, саған сенуге болады екен», – деді. «Бір данасы сізде де болсын» деп, көшірмесін жасап бердім. Содан кейін жылға жетер-жетпес уақыт өткенде Зақаш Камалиденов сексеннен асып, бақилыққа аттанды. Бүгінде дер кезінде сөйлетіп алғаныма риза боламын. Ол кісі жағдайын білді, өз-өзін жеңді. Сондықтан да айтар сөзімді айтып кетейін деді.

Айтқан әңгімесі кезінде қателескен екенмін демеді ме?

 – Осы сауалды алдына тарттым. «Жоқ, қателескен жоқпын, жағдай солай еді» деді. Енді әркімнің өз шындығы бар ғой. Біз білмейтін көп жайларды тереңнен қозғады. Әңгімесінен аңғарғаным, қатты өзгеріпті. Алдында Ермұрат Бапидың «ДАТ-ы» жатты...

 – Әсия, ашылып айтқан әңгімеңе рақмет. Жаратқан Иеміз келесі киноңды жасауға жол ашсын деп тілеймін.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 21.01.2021, 13:43
Nur Otan мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге ықпал етеді-Байбек
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 21.01.2021, 12:00
Алаш баласы, ойланайық!
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 20.01.2021, 09:36
Қылмыс пен азаматтық
Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ, 20.01.2021, 09:32
Шағаладай шарқ ұрған шақ
Қамысбай БЕСЕНБЕРГЕНҰЛЫ 20.01.2021, 09:29
Шыңғыс ханды неге жатсынамыз?
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 09:21
Коронавируспен ауруханаға түскен Мейрамбек Беспаевтың жағдайы туралы айтылды

Аңдатпа


  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10
  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30